Бүгін Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауындағы негізгі міндеттерді талқылау бойынша облыс активімен және жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында халық табысының деңгейін көтеру, білім беру мен денсаулық сақтаудағы сапаның жаңа деңгейі, инфрақұрылымды және индустрияландыруды одан әрі дамыту тәсілдері, бизнес ахуалды жақсарту, АӨК дамыту және тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мәселелері қозғалды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру тұрғысынан өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту, экономиканы одан әрі әртараптандыру, кадрларды дайындау және қайта даярлау, еңбек ресурстарын басқару, сондай-ақ, өңірде бәсекеге қабілетті бизнесті дамыту туралы баяндады.

Президент Жолдауының барлық бағыты бойынша облыста нақты индикаторлары мен орындалу мерзімдері көрсетілген егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспары әзірленген. Бірінші кезекте «Халық табысының өсуі» бағыты бойынша облыстың бюджет саласында жұмыс істейтін 38 мың қызметкерінің ең төменгі жалақысы 1,5 есеге өседі: еңбекақы орта есеппен 35%-ға өседі.

«Біз мониторинг жүргіземіз. Әрбір адамды анықтап, осы бағдарламаны іске асырамыз. Қоғам табысын арттыруда Президент 2025 жылға дейін әрекет ететінін анықтаған "Бизнестің жол картасы–2020" бағдарламасы үлкен рөл атқаратыны сөзсіз», — деді Д. Ахметов. Соңғы үш жылда Бағдарлама аясында 14 млрд теңгеге 788 жобаға қолдау көрсетілді.

Жалпы, әкімнің айтуынша, жыл басынан бері экономиканың түрлі салаларында Үкімет қабылдаған шаралардың арқасында 14 мың жаңа жұмыс орны құрылған, оның ішінде 11 мыңы — тұрақты.

Бұдан өзге, Президенттің экспортқа бағытталған индустрияландыруды дамыту тапсырмасын іске асыру мақсатында ШҚО-да аграрлық секторға баса көңіл бөлінген. Бұл үшін биыл 2018–2022 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағдарламасы әзірленген. Біртіндеп қайта өңдеу кәсіпорындарының орташа жылдық қуаттылығы арттырылуда. Келер жылдан бастап 2021 жылға қарай көлемді 51 мың тоннаға дейін жеткізумен ет өңдеу жобалары іске асырыла бастайды. Көлік-логистика кешенін дамыту бойынша Семей әуежайын реконструкциялау жұмыстары басталды, 2019 жылы Өскемен мен Үржар әуежайлары қайта жаңартылады.

Бұдан әрі Президент Жолдауының жекелеген бағыттарын түсіндіру туралы Үкімет мүшелері баяндама жасады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова Президенттің Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауы — бұл жаһандық жағдайда еліміздің бәсекеге қабілеттілігін және Қазақстан халқының әл-ауқатын әрі қарай арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық реформалардың қуатты пакеті екенін атап өтті.

М. Әбілқасымованың айтуынша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көлемінің 42,5 мың теңгеге дейін 1,5 есеге өсуі — бүкіл экономикаға мультипликативтік әсер етеді. Ең төменгі жалақының өсуі экономиканың барлық секторларында жалақысы төмен лауазымдарда жұмыс істейтін 1,3 млн адамның еңбекақысының өсуіне жол ашады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейтін 275 мың азаматтық қызметкердің жалақысы өседі. Олардың жалақысы орта есеппен 35%-ға өседі.

«Ең алдымен I-IV санаттағы жұмысшылар, орта арнайы білімі бар, еңбек өтілі төмен негізгі, әкімшілік және техникалық жұмысшылардың еңбекақысы өседі. Мәселен, негізгі қызметкерлердің ішінде бұл – тәрбиешілер, әдіскерлер, зертханашылар, медбикелер, фельдшерлер, акушерлер және т.б. Әкімшілік, көмекші, техникалық қызметкерлер – техниктер, аудармашылар, әдіскерлер, іс жүргізушілер, мұрағатшылар, хатшылар, операторлар және т.б. Қазіргі уақытта біз Үкімет қаулысының тиісті жобасын әзірлеп, оны орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бекітуге жібердік», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев Жолдау аясында мұғалімдердің мәртебесі мен еңбекақысын арттыру, білім беру сапасын жақсарту, балалар мен педагогтерге қажетті жағдайлар жасау саласында елеулі жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

«Тәрбиешілер үшін ұлттық тестілеу жүйесі әзірленетін болады. Биыл біз мұғалімдерге арналған ұлттық тестілеуді енгіздік, мұның нәтижесі бойынша мұғалімдер жаңа категорияға ие болады және қосымша ақы алады. Балабақша тәрбиешілеріне де осындай жүйе әзірленіп, талқыланып, жүзеге асырылатын болады», — деді білім және ғылым министрі.

Сондай-ақ, Е. Сағадиев мектептерде психологтардың болуын қоса алғанда, балалар қауіпсіздігі мәселесін атап өтті. Бүгінгі таңда Қазақстанда мектептердің 80%-ы және балабақшалардың 60%-ы бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. Шығыс Қазақстан облысында мектептердің 100% және балабақшалардың 72% қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл көрсеткіш 100% жетуі тиіс.

Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов медициналық қызметтер сапасын жақсарту алғашқы медициналық-санитарлық көмекті (АМСК) басымдықты дамытуды талап ететінін атап өтті. Осыған байланысты, жалпы тәжірибе дәрігерлерінің жүктемесі жаңа учаскелерді құру және АМСК кіші формаларын дамыту есебінен азаяды. Отбасылық дәрігерлік практика одан әрі дамиды: дәрігерлердің үлесі 10%-ға артады.

«Алғашқы көмектің медицина қызметкерлерінің ауруларды басқарудың жаңа технологияларына көшуін ынталандыру мақсатында учаске дәрігері мен медбикелердің жалақысы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 20%-ға кезең-кезеңмен көтеріледі. Жалақыны арттыру жаңа жұмыс әдістеріне оқытылуына қарай 10 мың учаске дәрігері мен 30 мың медбикені қамтиды, оқытылғандардың саны 2019 жылдың соңына қарай 100%-ға дейін жеткізіледі. Оқыту үшін 5 млрд теңге бөлінеді», — деді Е. Біртанов.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, Президенттің Жолдауын іске асыру аясында барлық медициналық ұйымдардың қызметін цифрландыру жалғасатын болады. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қағазсыз құжат айналымына толық көшу медицина персоналының шамадан тыс жүктемесін төмендетеді.

Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек азаматтарды қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы соңғы екі жылда белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанын: тұрғын үй секторында құрылыс жұмыстарының өсімі шамамен 8-10% құрғанын айтты. Осы жылы 13 млн шаршы м2 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Шығыс Қазақстан облысында биыл 410,5 мың м2 пайдалануға беру жоспарда бар. Осы тапсырманы орындаудың негізгі құралы – «7–20–25» жаңа бағдарламасы. Бүгінде біз Ұлттық банкпен аталған бағдарламаны ынталандыру жөніндегі қосымша шараларды пысықтап жатырмыз», — деді Ж. Қасымбек.

Жолдауда Мемлекет басшысы бес жылы ішінде 650 мыңға жуық тұрғын үй салуды тапсырды. Оның ішінде 250 мыңы тікелей «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынады. Сонымен қатар бөлінетін қаржыны 25 млрд теңгеден 35 млрд теңгеге дейін арттыру арқылы жалға берілетін тұрғын үй саны ұлғайтылады. Бұдан өзге, инженерлік коммуникацияны салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр: оны қаржыландыру көлемі 80 млрд теңгеден 95 млрд теңгеге дейін арттырылды.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев Мемлекет басшысы Жолдауда еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортын 2,5 есеге дейін арттыру бойынша қойған міндеттерді шешу үшін өзектілендірілген Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында АӨК саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оны технологиялық қайта жарақтандыру бойынша қажетті шаралар қабылданатын болады.

Мәселен, қаржыландырудың қолжетімділігін көтеру мақсатында АӨК субъектілері үшін қолданыстағы қаржы тетіктерін жетілдіру және жаңа қаржы тетіктерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр (аграрлық қолхат енгізу, агросақтандыруды жетілдіру, несие серіктестері жүйесін дамыту). Оларды іске асыру үшін заңнамалық актілерге өзгерістер пакеті әзірленген, ол қазір Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша заң жобасын жыл соңына дейін қабылдау жоспарланған.

Сонымен қатар аграрлық ғылым мен білімді бизнестің қажеттіліктері мен технологиялар трансфертіне бағыттаумен реформалау басталды. Аграрлық білім сапасын арттыру мақсатында үш аграрлық жоғары оқу орнын саланы қажетті сападағы мамандармен қамту үшін шоғырландыру жүргізіледі. Мұнда «Назарбаев университеті» мысалында жетекші әлемдік ЖОО-лардың стандарттары енгізіліп, шетелдік ЖОО-лардың франшизалары тартылатын болады.

Ұлттық экономика вице-министрі А. Жұмағұлов «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру аясындағы қысқа мерзімді міндеттер туралы баяндады.

Ұлттық экономика вице-министрі атап өткендей, ШОБ дамыту экономика өсімі мен халықтың табысының артуы үшін маңызды фактор болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет аясында «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасын одан әрі іске асыру үшін жыл сайын қосымша 30 млрд теңге қарастырылатын болады. 2019 жылы бағдарлама аясында қаржылық қолдауға 69 млрд теңге бөлінеді.

«Бүгінде 4 мың жобадан тұратын пул жасақталды. Жаңа жобаларды қолдау қосымша 22 мың жұмыс орнын құрып, 3 трлн теңгенің өнімін шығаруға мүмкіндік береді. "БЖК–2020" бағдарламасын ұзарту аясында 2025 жылға дейін кәсіпкерлерді "Даму" КДҚ арқылы тікелей қаржыландыру қарастырылған, ал субсидиялар мен кепілдіктер ұсыну бойынша қызметтер электронды үкімет порталында электронды форматта көрсетілетін болады. Бұл шаралар субсидиялау және кепілдендіру бойынша шешімдерді қабылдау мерзімдерін 25 күннен 5 күнге дейін біршама қысқартуға, құжаттар тізімін оңтайландыруға және шешімдерді қабылдау ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді А. Жұмағұлов.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов кәсіпкерлік субъектілері Мемлекет басшысының жалақыны көтеру бойынша үндеуін қолдайды деген сенімін білдірді.

«Елімізде жүргізіліп жатқан барлық реформалар бірінші кезекте қазақстандықтардың әл-ауқатына ықпалын тигізуі тиіс, бұл осы Жолдаудың басты маңыздылығы. Ең төменгі жалақының көтерілуі бизнес өкілдеріне де қатысты. Мемлекет басшысының осы үндеуін кәсіпкерлік субъектілері де қолдап, өз қызметкерлерінің жалақысын көтереді деген сенімдемін», — деді А. Мырзахметов.

Оның айтуынша, Жолдауда айтылған шағын және орта бизнесті қолдау шаралары отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ экспорт нарықтарын кеңейтеді.

Кездесу барысында облыстық жұртшылық өкілдері де сөз сөйлеп, Президент Жолдауында көрсетілген басымдықтардың маңыздылығын атап өтті.

Шығыс Қазақстан онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Г. Сағидуллина Президент Жолдауы аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты ойын айтты.

«Біз үшін АМСК қызметкерлерін қолдау аса маңызды. Алдағы уақытта жалақының көбеюі және жартылай субсидиялау "7–20–25" бағдарламасына қатысуды қамтуды арттыруға мүмкіндік береді», — деді Г. Сағидуллина.

Дәрігер сонымен қатар жаңа онкологиялық орталықты құру тақырыбында да сөз қозғады. Оның айтуынша, бұл жоба пациенттерге шетелдерге шықпай-ақ жоғары білікті көмек алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қазақстандық онкологтар онкологиялық ауруларды емдеу бойынша тәжірибе мен білім алу мүмкіндігіне ие.

Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Ж. Шаймарданов жоғары білім сапасын арттыру бойынша қойылған міндеттің қажеттігіне қатысты ойын білдірді. «Қазмырыш» ЖШС директоры А. Хмелев өз кезегінде бизнес және инвестициялық ахуалды дамыту туралы бастамаларды қолдауға қатысты, сондай-ақ отандық экспортқа бағытталған кәсіпорындар мен еңбек нарығының жаңа тұжырымдамасы туралы сөз сөйледі.

Кеңесті қорытындылаған Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру мәселелері барлық өңірлердің әкімдерімен бірлесіп Үкіметте екі рет талқыланғанын айтты. Оны іске асыру бойынша шаралар үш бөлікке бөлінген: ұзақ мерзімдік, орташа мерзімдік және жедел шаралар.

Жедел шаралар заңнамада ешқандай өзгерістерді және бюджеттен қосымша қаражатты қажет етпейді, сондықтан олар 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін орындалуы керек. Оған ТКШ сапасын жақсарту, ПИК жұмысын цифрландыру, тариф белгілеуді реттеу және көмірмен уақытылы қамту жатады.

Жедел шаралар 2019 жылдың басына дейін жүзеге асырылады. Премьер-Министр халықтың қабылданып жатқан шаралар туралы біліп, өзгерістерді сезінуі керектігін атап айтты.

Қалған шаралар бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республикалық бюджетте қаражат қарастырылған. Биыл 1 желтоқсанға дейін келесі жылға арналған бюджет қабылданады, 1,75 трлн теңге бар. Заңнамалық өзгерістерді Парламент жыл соңына дейін қабылдайды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл шаралар күшіне енеді. Ол үшін Жолдауды іске асыру бойынша жалпыұлттық іс-шаралар жоспары әзірленген.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 10 қазан 2018

Мұрағат

Қазан
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту