«Ақтөбе-Қандыағаш» жолының құрылысы 2023 жылы аяқталады — О. Оразалин

Ақтөбе облысындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 72%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өңірдегі жол мәселесі туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин айтып берді.

«Біз 2011 жылдан бастап облыс бойынша талдау жасап көрдік. Өңірде 2011-2018 жылдар кезеңінде автожолдарды дамытуға республикалық және жергілікті бюджет қаражатынан 35,9 млрд теңге бөлінді, бұл 8 жыл ішіндегі үлесті 42%-дан 53%-ға немесе 11%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл ретте, 2019-2021 жылдар кезеңінде республикалық және жергілікті бюджет қаражатынан 36,7 млрд теңге бөлінген болатын. Қазіргі таңда жолдардың 66,7%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Енді биыл республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, ортақ мақсатқа жұмсалады. Аталған көрсеткішті 72%-ға дейін жеткізуді көздеп отырмыз», — деді Ақтөбе облысының әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, облыс бойынша жол салу жұмыстары қарқынды жүрсе де, тұрғындар әлі де қанағаттанбай отыр.

«Қала жолдарының шешілмеген мәселелері көп. Шалғайдағы тұрғындар да жол мәселесін шешіп беруді сұрайды. Бұл іске ауқымды қаражат бөлініп жатыр. Ол көзге көрінбеуі мүмкін. Облыстың да, ауылдың да проблемасы бір. Бәрінің сапалы өмір сүргісі келеді. Сол себепті біз аудандағы, аудан ішіндегі елді мекендердегі жағдайды жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қала ішіндегі жолдардың біразын жөндесек те, онда көлік көп шоғырланғандықтан, тұрғындардың талаптары күннен-күнге күшейіп келе жатыр. Менің ойымша, ол – өте дұрыс талаптар», — деп атап өтті О. Оразалин.

Ақтөбе облысы билігі көптен бері қолға алынбаған мәселе – аулаларды асфальттауға кіріскен. Былтыр 200-ден астам көп қабатты үйдің ауласына асфальт төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. 

Сондай-ақ облыс әкімі сынға жиі ұшырайтын тағы бір мәселе – жолдардың сапасына тоқталды. Әкімдік «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен» бірлесе отырып жолдардың сапасын қадағалайды. Соның нәтижесінде өңірде салынып жатқан жолдардың 20%-ы жергілікті билік тарапынан қабылданбаған. 

О. Оразалин жиі сынға ұшырайтын «Ақтөбе-Қандыағаш» жолына да тоқталды. Әкімнің айтуынша, бұл жолға қаражат тек былтырдан бастап бөліне бастаған. 

«Қазір жұмыстар жоспар бойынша жүріп жатыр. Биыл біз сол жолдың екі жолағын іске қосып, пайдаланатындай етеміз. Бірақ аталған жоба жоспар бойынша келесі жылы аяқталады. Биылдың өзінде Ақтөбеден бастап Қандыағашқа дейінгі жолдың жартысында қозғалысты ашуға болады. Нәтижесін күзге қарай көреміз», — деп мәлімдеді Ақтөбе облысы әкімі. 

Айта кетейік, сенбі күні, 14 мамырда Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы» автожолының учаскесін реконструкциялау барысымен танысты. Учаскенің ұзындығы – 96 шақырым, оның 77 шақырымы 1-техникалық санатқа сәйкестендіріледі. Жоба бойынша жұмыстар 2023 жылы толығымен аяқталуы тиіс. Бұл ретте осы жылдың соңына дейін мердігерлер екі жолақты асфальттау жұмыстарын аяқтап, Қандыағаш қ. дейін көлік қатынасын ашуды жоспарлап отыр.

Ақтөбе облысының автомобиль жолдарын салуға және реконструкциялауға биыл 50,3 млрд теңге бағытталды. Жыл қорытындысы бойынша нормативтік талаптарға сәйкес республикалық жолдардың үлесі 87%-ға, ал жергілікті жолдар 72%-ға дейін жеткізілуі тиіс.

Үкімет басшысы әкімдікке жұмыстарды жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыруды уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу