Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қазақстандық екінші деңгейлі банктердің басшыларымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру тұрғысынан ел экономикасының нақты секторын несиелендіру мәселелері талқыланды.

ҚР Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев, Қазақстан Қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы Е. Бахутова, «Қазақстанның халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Ү. Шаяхметова, «Сбербанк» АҚ ЕБ басқарма төрағасы А. Камалов, «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы Г. Андроникашвили және т.б. басым жобаларды несиелендіруді ынталандыру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Сондай-ақ, кездесу барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Досаев, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қаржы министрі Ә. Смайылов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев сөз сөйледі.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бейнеконференция байланысы режимінде Қазақстанның Үшінші жаңғыруын жобалық басқару аясында атқарылған жұмыстардың жай-күйі жөнінде кеңес өткізді.

Кеңес барысында денсаулық сақтау, білім беру салаларын, еңбек нарығын дамыту және өнімді жұмыспен қамту бағыты бойынша экономиканың жаңа моделі аясында білікті мамандарды даярлау мәселелері бойынша тоғыз айдағы алдын ала есептер және 2018 жылдың соңына дейінгі жоспарлар талқыланды.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстары әкімдіктерінің жобалық басқару бағыттары тұрғысынан іс-шараларды орындау және индикаторларға қол жеткізу бойынша осы жылдың соңына дейінгі жоспарлар және есепті кезеңдегі алдын-ала қорытындылары қаралды.

Бейнеконференция режимінде ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменовтың, денсаулық сақтау министрі Е. Біртановтың, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымованың, білім және ғылым министрі Е. Сағадиевтің, Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгіновтың және Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетовтың баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаев түсініктеме беріп өтті. 

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы министрі Ә. Смайылов пен ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов жекешелендіруді жүргізу барысы туралы баяндады.

Қаржы министрі Әлихан Смайылов Жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау барысы, жекешелендіру процесін жылдамдату бойынша қабылданған шаралар мен оның қазіргі жағдайы туралы баяндады. Қазіргі уақытта Жекешелендірудің кешенді жоспарының 887 нысанының 524-і сауда-саттыққа шығарылып, олардың 444-і сатылды. 287 нысан қайта ұйымдастырылу және таратылу сатысында. 12 нысанды жекешелендіру тізбесінен алып тастау туралы ҚР Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі қабылданды.

«Қайта ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды қоса есептегенде, Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы бүгінде 83,7% құрайды», — деді Ә. Смайылов.

Биыл 257 нысанды сауда-саттыққа шығару жоспарланған. Іс жүзінде 137-сі шығарылды және 47 нысан бойынша қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылданды. Бұдан өзге, автокөлік жолдары саласындағы 14 жауапкершілігі шектеулі серіктестік (Қазақавтожол) бойынша бірыңғай лотпен жекешелендіру туралы ұсыныс енгізіліп, оларды бір серіктестікке қайта құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Сауда-саттыққа шығарылған нысандардың ішінен осы жылы 63-і сатылды. Сату бағасы 74 млрд теңгені құрады.

Өз кезегінде, жалпы жекешелендіруге жататын 63 топ нысанның бүгінгі күнге дейін 17-сі сатылды. Сату бағасы 125 млрд теңгені құрады. Биыл 39 топ нысан сатуға жоспарланып отыр. Олардың 16-сы сауда-саттыққа шығарылды және екеуі Мемлекеттік комиссия шешімінің негізінде тізімнен алынып тастауға жатады. Сауда-саттыққа шығарылған топ нысандардың осы жылы төртеуі сатылды. Қалған нысандар бойынша сату алдындағы дайындық және әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізілуде.

Жекешелендіру процесін жеделдету бойынша қабылданған іс-шаралар туралы баяндай отырып, қаржы министрі ҚР Үкіметінің 17 шілдедегі отырысының қорытындысы бойынша бір ай мерзімде сату мерзімдерін ағымдағы жылдың соңынан қыркүйек–қазан айларына ауыстыра отырып, жекешелендірудің жол карталарын қайта қарауға, сондай-ақ жоспарланған нысандарды осы жылдың соңына дейін толық сатуды қамтамасыз етуге тапсырма берілді.

Мониторинг деректеріне сәйкес тамыз айының басында сауда-саттыққа шығару мерзімдері 2018 жылдың соңына жоспарланған коммуналдық меншіктегі, ұлттық холдингтер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 33 нысаны болды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде сатушылар 31 нысан бойынша сауда-саттыққа шығару мерзімдерін түзетіп (осы жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей), таратылуға жататын нысандар бойынша іс-шараларды жеделдетті.

«ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Кешенді жоспарға жүргізген түгендеулерінің нәтижесінде оны тағы да 48 жекешелендіру нысанымен толықтыру көзделген. Бұл республикалық, коммуналдық және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың меншігіндегі нысандар», — деп Ә. Смайылов, қабылданған жағдайда нысандар жылдың аяғына қарай сатуға шығарылып, 2019 жылдың қаңтар–ақпан айларында сатылуы болжамдалғанын айтты.

Қорытындылай келе, қаржы министрі жекешелендіру процесінің жалпы тұрақты қарқынмен жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осы жылдың соңына дейін сауда-саттыққа шығарылатын 54 нысан қалды, оның ішінде республикалық меншіктегі 12 нысан, коммуналдық меншіктегі 12 нысан және ұлттық холдингтер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 30 активі.

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, өз кезегінде, үш сауда-саттықтың нәтижелері бойынша сатылмаған нысандар таратылуға жататынын атап өтті. Алайда, бүгінгі таңда тарату туралы шешімі жоқ нысандар бар. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар биыл жекешелендіруді аяқтау не тарату жөніндегі жұмысты жандандыруы керек.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, квазимемлекеттік сектор нысандарын түгендеу толық жүргізілді, оған сәйкес 621 ұйымды қысқарту ұсынылған.

Жекешелендіруге ұсынылған 172 нысанның 48-і Жекешелендірудің кешенді жоспарына енгізіледі. Аталған нысандарды 2019 жылғы І жарты жылдықтың соңына дейін сатуды ұсынылады. Қалған 124 нысан бәсекелес ортаға ішкі корпоративтік рәсімдер шеңберінде шығарылатын болады.

Бұдан өзге, Т. Сүлейменов жекешелендіру тұрғысынан заңнаманы жетілдіруге қатысты шаралар жайында айтып берді. Мәселен, Мемлекет басшысының мемлекеттік нысандарды нарықтық құннан төмендетпей сатуға қатысты тапсырмасын орындау аясында Азаматтық кодекске және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға түзетулер әзірленді, онда алғашқы сауда-саттықтың бастапқы қатысушысына жекешелендіру нысандарын бастапқы бағасынан төмендетпей сатуға құқығы қарастырылған.

Бұдан өзге, үш сауда-саттық нәтижесі бойынша сатылмаған әлеуметтік маңы бар нысандарды сақтап қалу мүмкіндігін белгілеу мақсатында мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға немесе жергілікті атқарушы органға (активтердің тиесілілігіне байланысты) монополияға қарсы органмен келісе отырып, өткізілген үш аукционның қорытындысы бойынша сатылмаған мемлекеттік ұйымды сақтау қажеттілігі туралы шешім қабылдау құзыретін беру ұсынылады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша, Премьер-Министр Б. Сағынтаев жалпы нысандардың сатылымы кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Дегенмен, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен холдингтер кейбір нысандарды жекешелендіру мерзімдеріне назар аударып, олардың сатылымға шығарылуын жетелдетуі керек. Сондай-ақ, Президент тапсырмасына сәйкес, жекешелендіру мемлекет үшін барынша тиімді болуы тиіс.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру барысын қарастыру қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысының әрбір бастамасы қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Халықтың тұрмыс сапасы мен деңгейін арттыру – жалпыұлттық басымдық.

Бірінші бастама бойынша Премьер-Министр «7-20-25» бағдарламасын іске асырудың және оны жүзеге асырудағы жергілікті атқарушы органдардың жұмысының маңыздылығын атап өтті.

Б. Сағынтаев Үкімет мүшелерінің назарын жұмысты жандандыру қажеттігіне аударды. «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй салу үшін барлық мүмкіндіктер бар, қаржыландыру мәселесі шешілген. Кейбір өңірлерде бұл бастама жоғары деңгейде іске асырылып жатыр, алайда, жұмыстардың төмен қарқынмен жүргізіліп жатқаны да байқалып отыр. Бұл құрылыс қарқынының сұранысқа байланысты екендігімен түсіндіріледі. Осыған байланысты, облыс әкімдіктеріне құрылыс компанияларымен және банктермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Екінші бастама бойынша барлық дайындық жұмыстары жүргізілгені атап өтілді. Төмен жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақысын арттыру үшін салық жүктемесін төмендету бойынша қолданыстағы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілді. Бұл жұмыстар 2019 ж. 1 қаңтарынан басталады.

Үшінші бастаманы іске асыру аясында, Б. Сағынтаев Білім және ғылым министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп студент жастарды жатақханалармен қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Қаржы министрлігі жатақханалар құрылысын қаржыландыруды біртіндеп арттыруы тиіс.

Төртінші бастаманы іске асыру бойынша Премьер-Министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыс әкімдіктерімен және «Атамекен» ҰКП бірлесіп бір ай ішінде кәсіпкерлердің шағын несие алулары үшін туындап отырған барлық мәселелерді шешуді тапсырды.

Ел халқы газдың жүргізілуін күтіп отыр. Осыған орай, бесінші бастаманы іске асыру аясында “Сарыарқа” газ құбырының ққрылысы белгіленген мерзімде басталып, уақытылы аяқталуы керек.

«Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу барысына әр апта сайын мониторинг жүргізілетін болады.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысы қаралды.

Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру

Бірінші бастама – биылғы жылдың шілде айында басталған «7–20–25» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев есеп берді. Қазақстандықтар бұл бағдарлама арқылы жыл сайынғы мөлшерлемесі 7%, бастапқы жарнасы 20% және 25 жылдық мерзімде теңгемен несие есебінен тұрғын үй сатып ала алады.

«Ең алдымен, бағдарлама талаптарына сәйкес келетін тұрғын үй таңдалу керек. Екіншіден, бағдарламаға қатысатын банкке барвп несие алу туралы өтініш жазылуы тиіс. Үшіншіден, табыс ресми түрде расталып, жеке меншікте тұрғын үй болмауы тиіс. Қазіргі уақытта жеті банк өтініш қабылдап жатыр», — деді Д. Ақышев.

Бүгінгі таңда 28 млрд теңгеге 2352 өтінім мақұлданды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын сәтті жүзеге асыруда жылдам бастама маңызды. Қысқа уақыт ішінде қажетті инфрақұрылым құрылып, банктер мен жұртшылық арасында ақпараттық жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін қыркүйек айында бірқатар өзгерістер енгізілді», — деді Ұлттық банк басшысы.

Осылайша, Шымкент қаласы және Астана мен Алматы қалаларының маңындағы аймақтар тұрғын үйдің максималды құны 25 млн теңге тұратын өңірлер ретінде саналды. Бастапқы тұрғын үй түсінігі әкімдіктер мен құрылыс инвесторлары жүзеге асыратын тұрғын үй жылжымайтын мүлік нысандары есебінен кеңейтілді. Тұрғын үйді ұсынуды ынталандыру шаралары қарастырылған. «Баспана» ипотекалық ұйымында жергілікті атқарушы органдардың теңгедегі облигацияларын тұрғын үй құрылысы үшін нарықтық мөлшермелемен сатып алу тетігі қарастырылған.

«Бағдарлама төмен пайыздық мөлшерлеме мен ұзақ мерзімді несие беру түрінде әлеуметтік бағдарға ие, бірақ ол ипотека болып қала бермек. Яғни, несиені өтеу үшін ресми расталған кіріс болу керектігін білдіреді. Мәселен, 10 млн тг тұратын пәтерді сатып алу үшін 2 млн тг көлемінде бастапқы жарна болуы керек. Ай сайынғы төлем 57 мың тг құрайтын болады. Сәйкесінше, банк несиені мақұлдауы үшін азаматтың айына 120 мың тг жуық табысы болуы керек. Себебі, несиені өтеу мөлшері айлық жалақының жартысынан аспауы тиіс деген ереже бар», — деді Д. Ақышев. 

Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменовтың айтуынша, жалақысы 25 айлық есептік көрсеткішке дейінгі жұмыскерлерге 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық жүктемесін 10 есе төмендету көзделгенін еске салды.

«Әзірленген нормалар 2019–2021 жылдары жергілікті бюджеттердің 93,7 млрд теңге көлеміндегі шығынына алып келеді. 2019 жылғы шығындар (29,1 млрд теңге) 2017–2019 жылдардағы үш жылдық трансфеттердің қолданысы кезеңінде республикалық бюджет қаражаты есебінен өтелетін болады», — деді ол.

Оның айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеу Парламенттің қарауындағы «2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының шеңберінде көзделген.

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту

Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев Елбасының тапсырмасын орындау үшін биыл қосымша 20 мың грант бөлінгенін айтты. Осылайша, гранттардың жалпы саны екі жылдың ішінде 39 мыңнан екі есеге өсіп 69 мыңға жетіп отыр. Оның ішінде биыл 20 мың қосымша грант бөлінген.

«Қазіргі уақытта олардың барлығы бөлінді. Грантқа ие болған балалар оқуға кірісті. 51 мыңнан астам студент – бакалавриатта, 13 мыңы – магистратурада, 2 мыңнан астамы PhD бойынша білім алуда. Грантқа ие болғандардың жартысы, яғни 34 мыңнан астам студент техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Олардың көпшілігі – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік, радиотехника және электроника бағытында оқиды. 5 мыңнан астам грант «Серпін» бағдарламасы бойынша ауыл жастары үшін қарастырылған», — деді білім және ғылым министрі.

Гранттардың 20%-ға жуығы мұғалімдерді, оның ішінде күшейтілген тілдік бағыттар бойынша, даярлауға арналған. Техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жоғары білімді бір маманды даярлауға бөлінген шығындар 346,6 мың теңгеден 635,8 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша гранттар құны барлық ЖОО-да 346,6 мың теңгеден ұлттық ЖОО деңгейіне дейін өсіп, 635,8 мың тг құрады.

«Президенттің гранттар санын ұлғайту жөніндегі тапсырмасы орындалды. Гранттар санын көбейтумен қатар, жоғары білім алуға қол жеткізу үшін бірқатар шаралар қабылдануда: бір жыл ішінде ҰБТ бірнеше рет ұйымтастырып, өткізу, мектеп түлектеріне шартты түрде ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік беріледі, жоғары оқу орындарына шетел азаматтарын оқу жылы кезінде оқуға қабылдау мүмкіндігі қарастырылған, шетел азаматтары үшін стипендиалды бағдарламаларды енгізу және магистратураға қабылдаудың жаңа моделі енгізілуде», — деп Е. Сағадиев, атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелерімен бөлісті. Мәселен, жыл сайын шетелге оқуға кететін балалардың саны 1800-ден 630-ге дейін үш есе азайып отыр.

Бұдан өзге, білім және ғылым министрінің баяндауынша, студенттерді жатақхана орындарымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалар орындалуда. Ол үшін барлық қажетті нормативтік актілер қабылданды, қаржыландыру сұрақтары шешілді. Жатақханалар салу жұмыстары 2018 жылғы қыркүйекте басталды.

«Республика бюджетінің жобасында алдағы үш жылдық кезеңге мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін жалпы 15 млрд теңге бөлінген. Жалпы он жылдың ішінде 153 млрд теңге 75 мың орынға қарастырылған. Осы қажеттілікті шешу үшін барлық тиісті шаралар қабылданды. Алдағы бес жылда іске асатын барлық бірінші кезектегі жобалар жер телімдерімен қамтамасыз етілді. Жалпы 166 жер телімі қарастырылған, олардың 116-сы білім беру ұйымдарына берілген, 50 жер телімін әкімдіктер бөлді», — деді Е. Сағадиев.

24 жер телімінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. 47 жер телімінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Шағын несие беруді көбейту

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова Мемлекет басшысының Төртінші әлеуметтік бастамасы аясында шағын несие беруді қаржыландыру 20 млрд теңгеге, оның ішінде қалаларда — 6 млрд, ауылдарда — 14 млрд теңгеге ұлғайды. Қосымша бөлінген қаражатты ескере отырып, шағын несие берудің жалпы сомасы 62 млрд теңге, оның ішінде 45 млрд ауылдық жерлерге және 17 млрд қалалық жерлерге көзделген. Осы жылы 14 мың адамға шағын несие беріледі деп көзделген.

«Жыл басынан бері шағын несие беру бойынша барлығы – 38,4 млрд теңге, оның ішінде қалаларда – 10,5 млрд, ауылдарда – 27,9 млрд теңге игерілді. Өңірлер бөлінісінде қаражатты игеру бойынша жақсы көрсеткіштер Алматы қаласында, Алматы облысында, Батыс Қазақстан облысында, Жамбыл облысында байқалады», — деді М. Әбілқасымова.

Жыл басынан бері барлығы 8 893 шағын несие берілді, оның ішінде ауылдарда — 7901 немесе жоспардың 72% және қалаларда — 992 немесе жоспардың 33%. Ауылдарда шағын несие берудің орташа мөлшері 3,5 млн теңгені, ал қалаларда — 10,6 млн теңгені құрайды.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, шағын несие беру өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықтың табысын өсіруде аса маңызды. Шағын несие беру шеңберінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарынан 7914 адам және 979 жұмыссыз кәсіпкерлікпен айналысуға, өз қызметін заңдастыруға мүмкіндік алды. Жалпы алғанда, шағын несие алған адамдар қосымша 8256 жұмыс орнын ашты», — деп хабарлады М. Әбілқасымова.

Сонымен қатар, Бағдарлама аясында кәсіпкерлер санын арттырудың пәрменді шараларының бірі «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бизнес негіздеріне оқыту болып табылады. Биыл тоғыз айдың ішінде оқытумен 24,1 мың адам немесе жылдық жоспардың 80,3% қамтылды, оның ішінде 13,4 мың адам өздерінің бизнес жобаларын қорғады, соның ішінде 4,1 мың адам шағын несие алды.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниевтің айтуынша, «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында АШМ «ҚазАгроның» еншілес құрылымдары арқылы ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда бизнес жобаларды іске асыруға шағын несие ұсыну бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл мақсаттарға 2018 ж. 44,7 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінген, оның ішінде Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының төртінші бастамасын іске асыру аясында бөлінген 13,9 млрд теңге көлеміндегі қосымша қаражат та бар.

«Займдар жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, өзі ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылық кооперативтеріне, зәкірлі кооперация қатысушыларына беріледі. Шағын несиенің ең көп сомасы: зәкірлі кооперацияны дамыту үшін – 12 млн тг, басқа бағыттар бойынша – 6 млн тг. Берілетін шағын несиелерді кепілдік қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін оларды жартылай кепілдендіру шаралары қарастырылған. Кепіл ретінде «ҚазАгроКепіл» АҚ болады. Кепіл көлемі шағын несие көлемінің 85%-на дейін. Несие алушылар үшін кепіл тегін ұсынылады», — деді А. Евниев.

АШМ желісі бойынша «Бастау Бизнес» жобасы аясында 2018 ж. бөлінген қаражат есебінен 11 000 шағын несие беру жоспарланып отыр, оның ішінде 2200 шағын несие стартап жобаларға беріледі. Өз ісін жаңа бастаған 30 мың кәсіпкерді оқыту көзделген, бұл орайда оның кемінде 6 мыңына кәсіпкерлік бастамаларын іске асыру үшін шағын несие берілетін болады.

Биылғы 12 қазандағы жағдай бойынша республика бойынша игеру 28,6 млрд теңгені құрайды, 8113 шағын несие берілген. 6154 стартап жобаны іске асыру үшін 20 млрд теңге сомасына несие ұсынылған. 19 382 адам оқытылған. Оның ішінде 4149-ы 14 млрд теңге сомасына шағын несие алған.

Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру

Энергетика бірінші вице-министрі М. Досмұхамбетов Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу жобасы бойынша қазіргі жағдай туралы баяндады. Биыл 28 тамызда «Мемсараптама» РМК «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысы» І кезең (Қызылорда – Астана учаскесі) жобасының жобалық-сметалық құжаттамасына оң қорытынды берген.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, «ҚазТрансГаз» АҚ Жол картасына сәйкес, «Сарыарқа» магистралды газ құбыры бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын шамамен 2018 ж. қараша-желтоқсан айларында, бас мердігерді анықтаған соң бастап, келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

«Сарыарқа» газ құбыры Қызылорда облысындағы қолданыстағы «Бейнеу — Бозой — Шымкент» магистралды газ құбырына қосылатын болады. Технологиялық параметрлері нақтыланған. 2030 ж. дейін Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облысы газдандырылған жағдайда Астананың және «Сарыарқа» МГ бойындағы елді мекендердің қажеттіліктерін шамамен 1,5 млрд м3/жыл көлемінде, 2040 ж. қарай 3,6 млрд м3/жыл көлемінде қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Магистралды газ құбырын толымдылығы мақсатында және газды жеткізуді қамтамасыз ету үшін Қарағанды, Ақмола облыстарының және Астана қ. әкімдіктері газ бөлу желілерін салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр, олар магистралды газ құбырына оның аяқталуына қарай 2019–2021 жж. қосылуға әзір болуы тиіс. Энергетика министрлігінің алдын ала деректері бойынша, құрылыс кезінде 800-ге жуық жұмыс орны құрылады.

Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының өңірлерде іске асырылуы туралы Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Астана қаласының әкімі Б. Сұлтанов, сонымен қатар Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары О. Смағұлов баяндады.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың тоғыз айдындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.

ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р. Скляр 2018 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі 104,8% құрағанын, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі — 104,9%, өңдеу өнеркәсібі — 105,1% екенін айтты. Еліміздің 14 өңірінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі өскен.

Өңдеу өнеркәсібінде жылдық жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілді және бірқатар салаларда өсім байқалуда. Атап айтқанда, машина жасау саласында 14,5%, химия өнеркәсібінде 8,2%-ға, жиһаз өндіруде 5,1%, қағаз шығаруда 9,2 %-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде 2,3%-ға өсім байқалған. Сонымен қатар, көлік кешені бойынша тоғыз айдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 104,6% құрады. Тұрғын үй құрылысы бойынша 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Жалпы республика бойынша 77 099 бірлік баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 30 383 – жеке тұрғын үйлер. Тұрғын үйдің пайдалануға беру көлемінің ұлғайуы өткен жылмен салыстырғанда республиканың 15 өңірінде жалғасуда», — деді бірінші вице-министр.

Өз кезегінде, энергетика бірінші вице-министрі М. Досмұхамбетов осы жылдың тоғыз айында отын-энергетика саласы оң қарқын көрсеткенін жеткізді. Мәселен, жыл басынан бері 67,3 млн тоннаға мұнай және конденсат өндірілді, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3% жоғары өсім көрсетті. Үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 40,2 млн тоннаны құрады, осның ішінде Қашағанда — 9,5 млн т, Теңізде — 21,5 млн т, Қарашығанақта — 9,2 млн тонна.

«Мұнай экспортының көлемі 54,2 млн тоннаға жетті, бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6% артты. Ал, мұнай өңдеу көлемі 12,06 млн тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6% жоғары. 8,4 млн тонна көлемінде мұнай өнімдері шығарылды. Ішкі мұнай өнімдерінің нарығы тұрақты. Жанар-жағар май тапшылығы орын алған жоқ», — деді М. Досмұхамбетов.

Энергетика бірінші вице-министрінің айтуынша, 12 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда Аи-92 маркалы бензиннің орташа бағасы литріне 155,1 теңге, дизель отынының бағасы литріне 191,56 теңгені құрайды.

«12 қазандағы жағдай бойынша, жанар-жағар майдың қалдық қоры ішкі нарықтың қажеттілігіне жеткілікті көлемде: Аи-92 бензинінің қоры – 330,1 мың тонна (27 күнге) және дизель отынының қоры – 196,4 мың тонна (16 күнге). Ауыл шаруашылығының күзгі-егіс жұмыстарына дизель отынын жөнелту жоспарланған 394,4 мың тоннадан 348 мың тоннаны немесе жоспардың 88,2% құрады. Орындалмау себептері төлемдердің кешіктірілуі, сонымен қатар жолда жеткізу немесе жүктеу сатысындағы көлемге байланысты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысына сәйкес дизель отынының қажеттілігі толық көлемде орындалды», — деді ол.

Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, тоғыз айда 41,4 млрд текше метр газ өндірілген, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6% артқан, ал жоспардан 6,1% артық. Ал, газ экспортының көлемі 15,5 млрд текше метрді құрады, бұл былтырғы сәйкес кезеңінен 25,4% жоғары. Сұйытылған мұнай газының өндірісі 2,3 млн тоннаны құрады, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,3% артты. Мұнай битумы өндірісі 695 мың тонна көлемінде, бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 16,4% жоғары. Электр қуатын өндіру көлемі 78,8 млрд кВтсағ құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға жоғары. Көмір өндіру көлемі 81 млн тоннаны құрады және былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,8% өсім көрсетіп отыр.

Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі тоғыз айда 102%-ды құрағанын, оның ішінде өсімдік шаруашылығында — 100,5%, мал шаруашылығында — 104,0% айтты. Ал жылдық жоспар 103,6% болатын.

«Мал шаруашылығы өнімінің өндірісі 4%-ға ұлғайды. Жануарлардың негізгі түрлерінің мал басы орта есеппен 5,3%-ға және ет өндірісі – 4,3%-ға, сүт – 3,3%-ға өсті. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі аталған кезеңде 3,3%-ға артты», — деді А. Евниев.

Сонымен бірге, осы жылдың қазан айының бірінші жартысында жаңа түсімнің қант қызылшасын қайта өңдеуді жүзеге асыру үшін Меркі қант зауыты іске қосылды. Бұл ретте жылдың соңына дейін шамамен 17 мың тонна қант өндіруді жоспарлауда. Тараз қант зауыты ағымдағы жылғы қараша айында шикізат жеткізушілерден келісімшарт негізінде төлеу мерзімін ұзарту арқылы шикі құрақ қантын баж салығынсыз жеткізуді жоспарлауда.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменовтың айтуынша, 2018 жылғы қаңтар–қыркүйек аралығында Қазақстан экономикасы өсімнің оң қарқынын сақтап тұр.

«Есепті кезеңде ЖІӨ өсімі 4,1%-ға дейін артты. Бұл осы жылдың сегіз айындағы көрсеткіштен 0,3 пайыздық тармаққа жоғары. Базалық салалардың ішінде сауда саласы мен құрылыс саласындағы серпіннің қалпына келуі өсімнің үдеуіне негізгі үлес қосты. Сондай-ақ, инфляциялық қысымның жеңілдеуі және инвестициялық сұраныстың артуы экономикалық белсенділіктің импульсі болып отыр», — деді Т. Сүлейменов.

Инфляция деңгейі 5–7% дәлізі шегінде сақталып отыр. Қыркүйекте инфляция 0,4%, ал жыл басынан бері 3,3% құрады. Бұл ретте жылдық инфляция — 6,1% құрады.

ҚР ҰЭМ деректері бойынша, кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігінің жоғары көрсеткіші сақталуда. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 21,6% өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінде 12 өңір өсім көрсетті.

Биылғы тоғыз айда өнеркәсіп өндірісінің өсімі 4,8% құрап, өткен айдың деңгейінен 0,1 пайыздық тармаққа асып түсті. Бұл ретте жыл бойынша мақсатты индикатор — 3,3%. Өңдеу өнеркәсібі бойынша өсім 5,1% құрады, бұл мақсатты көрсеткішке сәйкес келеді. Бұған қол жеткізу түсті металдар өндірісінің 4,5%-ға , мұнай өңдеу өнімдері өндірісінің — 7,5%-ға, химия өнеркәсібі өндірісінің — 8,2%-ға, қағаз және қағаздан жасалған өнімдер өндірісінің — 9,2%-ға, жиһаз өндірісінің — 5,1%-ға, сондай-ақ машина жасаудағы өнім шығарудың — 14,5%-ға артуына негізделген.

«Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өсім қарқыны 4,9% құрады. Осы жылдың өткен айымен салыстырғанда көмір, лигнит және мұнай өндіру көлемінің өскені байқалады.

«Құрылыс саласында 4,4% өсім белгіленген. Өсімнің жылдамдауы тұрғын ғимараттарды, өнеркәсіптік нысандарды, нөсерлік кәріз жүйесінің магистральді коллекторларын салу, автокөлік жолдарын реконструкциялау, МӨЗ жаңғырту жұмыстарының ұлғаюымен байланысты», — деді Т. Сүлейменов.

Бұдан өзге, қызметтер көрсетуде 3,9%-ға қалыпты өсу байқалады. Негізгі үлесті қосқан сауда саласы. Саудадағы белсенді өсім іскерлік белсенділікті ынталандырады. Бүгінгі күні белгіленген кестелерге сәйкес мұнай мен металл жөнелту, астық, жабдықтар, фармацевтика және басқа да өнімдерді сату қарастырылған.

Сыртқы сауда айналымы тұрақты өсім қарқынын сақтап тұр: сегіз айда өсім 21,6% құрады. Сонымен қатар, экспорт 28,2%-ға, импорт 10,8%-ға артты.

Еңбек нарығында тұрақтылық сақталған. Жыл басынан бері 414,5 мың адам жұмыспен қамтылған (1 қазандағы жағдай бойынша). Еңбек ақысы қалыпты қарқынмен өсуде. Осы жылдың қаңтар–қыркүйек айларында орташа айлық еңбек ақы 158,2 мың теңгені құрап, нақты мәнінде 1,9%-ға өсті. Нақты еңбекақының өсуі мен инфляциялық процестердің бәсеңдеуі жағдайында нақты ақшалақ кірістер қаңтар–тамыз аралығында 3,5% артты.

«Қыркүйекте экономиканың 6%-ға өсуінің арқасында, жыл қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімін 4+ деңгейінде сақтауға жол ашылды. Бұл үшін IV тоқсанда экономика дамуын кем дегенде 3,9% қамтамасыз ету қажет», — деді Т. Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев жыл басынан бері инфляция деңгейі 3,3%-ға жеткенін хабарлады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Инфляция жылдық көрсеткіште 6,1%-ды құрады, 2017 жылғы қыркүйекте бұл көрсеткіш 7,1% болған. Ұлттық банктің болжамы бойынша, биыл инфляция 5–7% дәлізінде сақталады.

Ұлттық банк төрағасының пікірінше, инфляцияны басқарудың тиімділігін арттыру үшін оны 2019 жылдың мақсатты дәлізінде сақтау үшін қазірден бастап шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ, Д. Ақышев Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 9%-дан 9,25%-ға дейін арттыру туралы шешімін хабарлады.

«Ұлттық банк кеше базалық мөлшерлемені 9%-дан 9,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Жаңа базалық мөлшерлеме деңгейі теңгелік активтерге деген сұранысты арттырады және қолайлы ақшалық–несиелік шарттарды сақтайды», — деді Д. Ақышев.

Сонымен қатар, қыркүйек айының соңында ұлттық валютадағы депозиттердің өсімі 4,1% немесе 380 млрд теңгені құрады. Шетел валютасындағы депозиттер 2,5%-ға немесе 210 млрд теңгеге төмендеді. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру 46%-ға дейін азайды.

Қаржы министрі Әлихан Смайылов биылғы тоғыз айда мемлекеттік бюджет кірістерінің (трансферттерсіз) өсімі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе артқанын жеткізді. Шығыстар былтырғы жылмен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа артық болған.

«Республикалық бюджеттің кірісіне 4066 млрд теңге түсті. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 131 млрд теңгеге немесе 103,3%-ға артық. Өсу қарқыны өткен жылдың 1 қазанымен салыстырғанда 119,5% немесе 662 млрд теңгені көрсетті. Оның ішінде шикізаттық емес кірістер 501,4 млрд теңгеге артты», — деді Ә. Смайылов.

Республикалық бюджеттің шығыстары 7,092 трлн теңгені немесе 99,2%-ды құрады. 1 қыркүйекпен салыстырғанда игеру көлемі жақсарды. Жергілікті бюджеттер шығыстары 3,496 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны — 32 млрд теңге. Бұл көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда екі есеге кем. Есепті кезеңде өңірлерге сомасы 523 млрд теңге мақсаттыы трансферттер аударылды. Жергілікті деңгейде олар 96,6%-ға немесе 506 млрд теңге игерілді. Атқарылмағаны 16,3 млрд теңге, оның ішінде 1,5 млрд теңге — бюджет қаражатын үнемдеу. Игерілмегені — 14,8 млрд теңге. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі игерілмеу сомасына қарағанда 2,7 есеге аз.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2018 жылға арналған республикалық бюджетте 476,3 млрд теңге көзделген. 294,9 млрд теңге немесе есепті кезең жоспарының 99,6% игерілді. Жылдық жоспар бойынша игеру 61,9%-ті құрады. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлерге бөлінген қаражаттың игерілуі республика бойынша қарағанда біршама төмен. Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 85,9 млрд теңге аударылды. 84,9 млрд теңге игерілді. 831,8 млн теңге игерілген жоқ.

Ә. Смайылов Қаржы министрлігінің жыл соңына дейінгі міндеттері туралы баяндай отырып, бірінші кезекте, Мемлекет басшысы Жолдауының іс-шараларын белгіленген мерзімде орындау қажеттігін атап өтті. Екіншіден, 2018 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін нақтылау және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен бірлесіп оны іске асыру үшін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау қажет. Үшіншіден, кірістер және шығыстар бойынша қаржы жылын сапалы аяқтау міндеттелген.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің орындалу қорытындыларын қарау нәтижесі бойынша, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ЖІӨ өсімі тоғыз айдың қорытындысы бойынша 4,1% құрағанын атап өтті. Осы жылдың сегіз айының қорытындысымен салыстырғанда үлкен өзгерістер болды. Бұл — бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесі. Сонымен қатар, Үкімет мүшелерінің назары қолда бар қорларға аударылды.

Үкіметтің жобалық басқару жүйесі Мемлекет басшысының жақында жариялаған Жолдауын орындау үшін барлық мүмкіндіктердің бар екенін көрсетті. Осыған орай, қалған екі айды жыл соңына дейін Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға арнау керек. Өңдеу өнеркәсібі саласының, соның ішінде фармацевтика, тоқыма (киім, былғары өндірісі) және т.б. салалардың мүмкіндіктеріне көңіл бөлінді.

Қаражаттарды игеру мәселесі бойынша, бүгінгі күні Парламентке 2018 жылғы республикалық бюджетті нақтылау нәтижесі жіберілді, оған сәйкес тоғыз айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаражаттар қайта бөлінді. Сегіз айда бюджетті игеру қорытындыларын қарау кезінде қаражат көп игерілмеген орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан қаржы қайтарылып, басқа мемлекеттік органдардың міндеттерін іске асыруға қайта бағытталады. Премьер-Министр игерілмеген қаражаттар осы жылдың әр айының қорытындысы бойынша қайта бөлінетінін айтып өтті.

www.primeminister.kz

Сейсенбі күні, 16 қазанда, сағат 10:00-де Үкімет үйінде ҚР Үкіметінің отырысы өтеді.

Отырыстың күн тәртібінде:

- 2018 жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің орындалу қорытындысы;

- «Бес әлеуметтік бастаманы» орындау барысы;

- Жекешелендіруді жүргізу барысы.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметтің баспасөз орталығында ҚР қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың, сондай-ақ, ҚР ҚМ мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының м.а. Ғалымжан Ибраимовтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтеді.

Тікелей таратылымдарды PrimeMinister.kz сайтынан, Фейсбук, «Вконтакте», Твиттер, Перископ әлеуметтік желілерінен, Ютуб ресми арнасынан, сондай-ақ Андроид пен Айфонның мобильдік қосымшаларынан көре аласыздар.

www.primeminister.kz

Бүгін Душанбеде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің Үкімет басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы XVII отырысына қатысты. Сондай-ақ, отырыс алаңында ШЫҰ мүше елдер мен бақылаушы мемлекеттердің үкіметтік делегацияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өтті. 

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон ШЫҰ ҮБК отырысының төрағасы ретінде өз елінде үкіметтік делегациялардың басшыларын қабылдады. Ұжымдық кездесу барысында Ұйым кеңістігіндегі тұрақты экономикалық даму, гуманитарлық байланыстарды нығайту, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік қауіптерімен бірлесіп күресу мәселелері талқыланды.

Кеңес отырысына ШЫҰ мүше мемлекеттердің үкіметтік делегацияларының басшылары: Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцян, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведев, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиев, Тәжікстан Республикасының Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Үндістан Республикасының сыртқы істер министрі Сушма Сварадж және Пәкістан Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Хина Кхар қатысты. Отырыс шағын және кеңейтілген құрамда өтті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылған. Ұйымның басты міндеттері — қатысушы мемлекеттерді біріктіретін ауқымды кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, терроризммен, жікшілдікпен, экстремизммен, есірткі тасымалымен күрес, экономикалық ынтымақтастықты, энергетикалық серіктестікті, ғылыми әрі мәдени өзара іс-қимылды дамыту. Ұйымға алдымен Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан кірді. 2017 жылы ШЫҰ тең құқылы мүшелерінің құрамына Үндістан мен Пәкістан қосылды.

Шағын құрамдағы отырыста әлемдік экономиканы заманауи дамыту және Ұйым аясында сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі жетілдірудің өзекті тақырыптары бойынша байыпты пікір алмастырылды. Ұйымға мүше елдердің шағын және орта бизнесін дамыту келешегіне, ШЫҰ желісі бойынша инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, аймақтық сауданы ынтыландыру және мәдени-гуманитарлық жобаларды ілгерілету мәселелеріне баса көңіл бөлінді. Жалпы отырыстың барлық қатысушылары дерлік Шанхай ынтымақтастық ұйымының рөлі мен беделі артып жатқанын атап өтті. Бұдан өзге, ұйым құрамының кеңейіп, Үндістан мен Пәкістанның қосылуына орай Ұйым ішіндегі көпжақты кооперация әлеуеті елеулі түрде ұлғайғаны айтылды. 

Кеңейтілген құрамда өткен отырысқа ШЫҰ бақылаушы мемлекеттердің үкіметтік делегацияларының басшылары: Ауғанстан Премьер-Министрі Абдулла Абдулла және Беларусь Премьер-Министрі Сергей Румас, Моңғолия Премьер-Министрінің орынбасары Улзийсайхан Энхтувшин және Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Хуссейн Ансори, сондай-ақ, бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Шараға қатысушылар ШЫҰ мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы Бағдарламасының іске асырылу барысын қарап, ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігінің жұмысы туралы есептерді тыңдады. Сауда-саттықты, соның ішінде электронды сауданы дамытуға, инвестициялар, инфрақұрылым, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Бұдан өзге, отырыс қатысушылары киберқауіпсіздікпен қамтамасыз ету, аймақта терроризммен, экстремизммен және есірткі тасымалымен күресті күшейту мәселелерін қозғады.

Қазақстан Үкіметі ШЫҰ аясында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде бірқатар бастама білдірді.

Цифрландыру және жаңа технологиялар саласында тәжірибе алмасу алаңын құру, инвестициялар, электронды сауда-саттық, заманауи ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері көтерілді. Бұдан өзге, мультимодальды тасымалдарды бірлесіп ұйымдастыру және көлік инфрақұрылымының тармақты желісін құру қажеттігі аталып өтті. Бұл аймақтық сауда-саттықты дамытуға және ШЫҰ елдерінің ұлттық өнімдерін әлемдік нарықтарға шығаруды кеңейтуге серпін береді.  

Сонымен қатар, Премьер-Министр Б. Сағынтаев ШЫҰ мүше мемлекеттердің қаржы институттарын АХҚО жұмысына белсенді түрде қатысуға шақырды. Сонымен қатар, Астанада «Жасыл» технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың, сондай-ақ, «Astana Hub» АТ-стартаптардың халықаралық технопаркінің іске қосылуы, өз кезегінде, цифрлық және көлік-логистикалық инфрақұрылым, «Индустрии 4.0» технологиялары мен құзыреттері, сондай-ақ, DATA-орталықтарды дамыту саласындағы бірлескен бастамалардың бірлесуіне жол ашатыны аталып өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Ұйымға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының деңгейінде ШЫҰ ҮБК-нің Көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық Бағдарламасының жаңа редакциясын әзірлеу туралы, Аймақаралық ынтымақтастықты дамыту бағдарламасын дайындау туралы, ШЫҰ мүше мемлекеттердің ғылыми-зерттеу мекемелерінің ынтымақтастығы жөніндегі практикалық шаралардың («Жол картасы») 2018–2019 жылдарға арналған жоспары туралы, ШЫҰ мүше мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасын іске асыру туралы шешімдері қабылданды. Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Шанхай ынтымақтастық ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына, Трансшекаралық эпизоотиялық аурулардың бірлесіп алдын алу және бақылау саласындағы техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұған қоса, ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар мәселе шешімін тапты. ШЫҰ Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы Өзбекстанда өтеді.

Үкіметтік делегациялардың басшылары бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар ШЫҰ мүше мемлекеттер арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

ШЫҰ ҮБК отырысы алаңында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ШЫҰ мүше елдердің және бақылаушы мемлекеттердің үкіметтік делегацияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізгенін айта кеткен жөн.

Қытай Халық Республикасының Мемлекеттің кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, қытай нарығында қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру келешегі, энергетика және өнеркәсіп саласында өзара іс-қимылды күшейту, логистикалық инфрақұрылымға инвестициялар тарту көлемін арттыру, сонымен қатар бірлескен индустриялық жобаларды іске асыру қарастырылды.

Тараптар ҚР Президенті Н. Назарбаевтың биыл маусым айында Қытайға мемлекеттік сапары кезінде жоғары деңгейде жасалған келісімдердің іске асырылу барысын талқылады. Еске салайық, бұл сапар нәтижесінде жалпы сомасы $13 млрд болатын 50-ге жуық ірі келісімшарт жасалған еді.

Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасын және «Бір жол, бір белдеу» стратегиясын тоғыстыру аясында елдер арасындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелері талқыланды. Бұдан өзге, логистикалық және өнеркәсіптік бизнесті одан әрі дамыту үшін «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнай экономикалық аймағының жұмысының маңыздылығы айтылды. Бүгінгі таңда АЭА аумағында жеке инвесторлар $1,7 млрд жуық сомаға жобаларды іске асырып жатыр.

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың қаңтар–шілде айларында $6,1 млрд құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7% артық ($5,8 млрд). Қаңтар–шілде айларында ҚР-дан ҚХР-ға экспорт $3,1 млрд құрады.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Ауғанстан Ислам Республикасының атқарушы билігінің Басшысы Абдулла Абдулланың кездесуінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне көңіл бөлінді.

А. Абдулла Қазақстанға көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғысы мен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға деген үмітін білдірді. Атап айтқанда, ҚР-ның ауған жастары өкілдері үшін білім бағдарламасын іске асыру арқылы адам әлеуетін дамытуға қосқан үлесі атап өтілді. Сонымен қатар Астанада «Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру» тақырыбындағы халықаралық конференцияның табысты өткені айтылды.

Премьер-Министрлер жақында болған VI Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының маңыздылығын атап өтті, оның алаңында бітімгершілік, серіктестік, толеранттылық, жаһандық деңгейдегі жасампаздық идеяларын ілгерілетуге баса назар аударылды.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бастамасы бойынша 1000 ауған студентін тегін оқытуға арналған 2010–2021 жж. арналған ҚР–АИР мемлекеттік білім бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оқыту ҚР-да денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, оның ішінде ветеринария салаларындағы мамандықтар бойынша, сонымен қатар инженерлік және педагогикалық бағыттарда іске асырылады. ТжКБ ұйымдарында: ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тазарту құрылымдары; электр және электромеханикалық жабдықтарды техникалық пайдалану, қызмет көрсету және жөндеу; есептеу техникасы және бағдарламалық қамту; қалалық қатынас жолдарын салу және пайдалану мамандықтары бойынша. Қазақстандық университеттерді тәмамдаған ауған студенттері АИР-ға оралып, ауған халқының игілігіне жұмыс істейді.

Моңғолия Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Улзийсайхан Энхтувшинмен екіжақты кездесу аясында экономиканың түрлі салаларында, тау-кен өнеркәсібінде, азаматтық авиацияда, денсаулық сақтауда, мәдениет пен білім беруде сауда-экономикалық өзара тиімді әрекеттестікті тереңдету және арттыру, сонымен қатар екі елдің транзит-көлік әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды. Бұдан өзге, аймақтық және халықаралық ұйымдар аясында ынтымақтастық орнату мәселелері қаралды. Атап айтқанда, моңғолдық тарап ҚР-ға Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастық орнату ниетінде қолдау көрсетуді өтінді.

Жалпы, тараптар соңғы жылдары тауар айналымының тұрақты көлемін атап өтіп, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі арттыру арқылы ынтымақтастықты кеңейтуге әзірліктерін білдірді.

2018 жылғы қаңтар–шілде айларындағы екіжақты тауар айналымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,6%-ға артып, $41,3 млн құрады. Қазақстаннан Моңғолияға экспорт биылғы қаңтар–шілде аралығында 20,8%-ға артып, $40,2 млн құрады.

Душанбеде Қазақстан Премьер-Министрі Б. Сағынтаев және Тәжікстан Премьер-Министрі К. Расулзода «Манеж» көрме орталығының аумағына барып, Тәжікстанға экспортталатын қазақстандық өндірісте құрастырылған автомашиналардың үлгілерін көрді.

Мұнда Қостанайдағы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» зауытында құрастырылатын қазақстандық автомобильдер мен Алматы облысында құрастырылған қазақстандық Hyundai County маркалы автобустар ұсынылған.

«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ қолдауымен AllurGroup компаниясы (құрамына «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» пен «АгромашХолдинг» өндірістік алаңдары кіреді) Тәжікстанға шамамен 150 автокөлік жіберген. Кроссоверлер Душанбе муниципалды таксопаркін толықтыру үшін жіберілді. Кроссоверлерден кейін жалпы сомасы $19 млн асатын, Алматы облысындағы «Hyundai Trans Auto» ЖШС-ның өндірістік алаңында шығарылған 300 автобустан құралған партияның экспорты жүзеге асырылады. Жалпы құны $10,5 млн болатын 1000 JAC автомобилін жеткізу бойынша келісімшартты «Аллюр» КТ мен «Азия Групп Тәжікстан» холдингі 2017 жылдың көктемінде жасасқан болатын. Тәжік тарапының өкілдері қостанайлық кроссоверлердің жоғары өтімділігі мен бағасының қолжетімділігін атап өтті.

www.primeminister.kz

Қазақстан Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Вашингтонға жұмыс сапары барысында америкалық әріптестермен ынтымақтастық жәйі, бұдан бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру және Штаттың санкциялық саясаты сынды бірқатар мәселелерді талқылады.

Келіссөздер барысында ү.ж. қаңтардағы Қазақстан мен АҚШ президенттерінің арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға баса назар аударылды. Сонымен бірге, АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялар енгізу жағдайындағы Қазақстанның экономикалық мүддесінің сақталуы мен Қазақстанның ЭЫДҰ-ға ықтимал мүшелігін ілгері жылжыту жәйі сөз болды.

Америкалық тарап бірқатар елдерге қарсы экономикалық санкциялардың АҚШ-тың маңызды әріптесі – Қазақстан Республикасына қатысы жоқтығына сендірді. Сонымен қатар, санкциялардың Қазақстан экономикасына ықтимал экономикалық әсерін азайтуға бағытталған белсенді диалогты қолдау туралы нақты уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстанның ЭЫДҰ-ға ықтимал мүшелігін ілгері жылжыту және еліміздің Ұйымның бірқатар комитеттеріндегі мәртебесін көтеруді талқылау барысында америкалық тарап аталған бағытта жәрдем көрсетуге дайын екендігін білдірді.

ҚР ҰЭМ басшысының АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілдерімен кездесуі барысында АҚШ санкцияларының ықтимал әсері талқыланып, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу мен өндіру саласындағы жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірілді. Екі ведомство тарапынан да бұл мәселелер бойынша тұрақты және белсенді пікір алмасуды қолдайтын жауапты тұлғалар белгіленді.

АҚШ Коммерциялық министрі У.Росспен кездесу барысында сауда-экономикалық өзара әрекеттестікке қатысты ауқымды мәселелер талқыланды.

АҚШ Коммерция министрі америкалық сауда миссиясының басқаруымен 24-25 қазандағы Астана және Алматы қалаларына өзінің алдағы сапары барысында екі елдің іскерлік тобының арасындағы нақты келісімшарттарға қол қойылып, екіжақты келісімдерге қол жеткізудің сәті түсетініне сенім білдірді. У. Росс сондай-ақ Қазақстандағы зияткерлік меншік құқығын нақты іске қосуға қатысты прогрессті оң бағалады.

Бұдан басқа, 2020 жылы Қазақстан Республикасында ДСҰ Министрлік конференциясын (ДСҰ басқармасының жоғарғы органы) өткізуді есепке алғанда, жаһандық сауда шарттарын жақсарту, халықаралық сауда жүйесі тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша сарапшылық деңгейде пікір алмасу және тұрақты диалог орнату туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

АҚШ Сауда өкілдігінің орынбасары Д. Геришпен кездесу барысындағы маңызды мәселенің бірі Қазақстанның АҚШ бас преференция жүйесіне қатысуы болды.

Әңгімелесу кезінде фармацевтика, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым саласындағы бірлескен жобаларды іске асырудың мүмкіндігі талқыланды.

Сондай-ақ, сенаторлар М. Крэйпомен (республикашы, банк комитетінің басшысы), К. Ван Холленмен және Р. Менендезбен (демократтар) қазіргі жағдай, Қазақстандағы жүргізіліп жатқан реформалар және АҚШ-пен ел аралық қарым-қатынастар туралы ақпарат алуға бағытталған кездесулер өткізілді.  

Сонымен қатар, Сенаттағы түрлі санкциялық заң жобаларын қарау кезінде Қазақстанның ұлттық экономикалық мүддесін, сондай-ақ Қазақстандағы америкалық инвесторлардың мүдделерін ескеру қажеттігі атап көрсетілді.

Сенаторлар да өз кезегінде, Қазақстанның аймақтағы басты әріптес ретіндегі маңыздылығын растап, Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстанның экономикасына қатыссыздығын атап көрсетті. Сарапшылық деңгейдегі тұрақты диалогты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.  

ҚР ҰЭМ баспасөз қызметі

Мұрағат

Қазан
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту