Бүгін ҚР Үкіметінің отырысы барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев министрліктер мен өңірлерге ел экономикасының өсімін одан әрі қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдауды тапсырды.

2018 ж. І жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары туралы баяндамалармен танысқаннан кейін, Бақытжан Сағынтаев 6 айдың қорытындысы бойынша статистикалық деректер 4,1% өсім көрсететінін атап өтті. Кейбір салаларда белгілі бір өсім байқалса да, кейбір секторларда өткен жылмен салыстырғанда артта қалушылық бар. Мәселен, түсті металл кендерін өндіруде, металл емес минералды өнімдерді, тоқыма бұйымдарын, былғары өнімдерін, сусындарды шығару, сондай-ақ мұнай өңдеу саласында өсім тиісті деңгейде емес.

Осыған байланысты барлық орталық және жергілікті атқарушы органдар аталған міндетті шешу үшін жүйелі шараларды күшейтуі керек. Өндіріс, құрылыс секілді салаларды дамытуға ерекше көңіл бөлу тапсырылды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысына 513,4 млрд теңге инвестиция салынды, бұл өткен жылғы деңгейден 28,4% жоғары. Сонымен қатар, Премьер-Министр көрсеткіштердің өсіміне қарамастан, экономиканың жекелеген бағыттары бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

«Жатақханалар салу мәселесі Мемлекет басшысының "Бес әлеуметтік бастамасында" тапсырылған, ол бүгінде еліміздің сегіз өңірінде ғана жүзеге асырылып жатыр. Бұл – Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Қарағанды облыстары, Алматы және Астана қалалары», — деді Премьер-Министр.

Бірқатар өңірлердің әкімдері Президенттің тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев өңірде сегіз жатақхана салу керектігін айтты, қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өз кезегінде, Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов бір жатақхана құрылысы бойынша сметалар тапсырылғанын жеткізді. Тағы екі жатақхана бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов айтып өткендей, биылғы жылдың соңына дейін 850 студент жатақханалардан орын алады. Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов жатақханалармен қамту мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді. Қалада қазір 30 жатақхана бар, 8 мың студент жатақханалардағы орынмен қамтылған.

Мәселені қарастыру қорытындылары бойынша ҚР Премьер-Министрі ұлттық экономика, қаржы, инвестициялар және даму, энергетика, ауыл шаруашылығы министрліктеріне және өңірлерге ел экономикасының өсімін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

«Бүгін мен Мемлекет басшысына І жарты жылдықтың қорытындылары туралы баяндадым. Біздің алдымызда жыл соңына дейін экономика өсімін 4%-дан кем емес қамтамасыз ету және қарқынын төмендетпеу міндеті тұр», — деді Б. Сағынтаев.

Бөлінетін қаражаттың тиімділігін арттыру бойынша Қаржы министрлігінің бюджеттік бағдарламаларды қысқарту механизмін енгізу туралы ұсынысына қолдау білдірілді.

«Біз бюджеттік бағдарламалардың қабылданбаған міндеттемелеріне талдау жүргіздік. Нәтижесінде қолданыстағы бюджеттік заңнама нормаларына сәйкес конкурстар жүргізілмеген бюджеттік бағдарламалардың жылдық сомасынан 10% дейін қысқарту механизмін қолдануды ұсынамыз. Жалпы, 16 млрд теңге қысқартылуы тиіс», — деді Б. Сұлтанов.

Премьер-Министр сонымен қатар осы жылдың тоғыз айы бойынша осындай жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

Еске салайық, бұған дейін 2018 ж. бес айындағы республикалық бюджеттің атқарылу қорытындыларын қарастыру барысында Қаржы министрлігіне осы жылдың алты айының қорытындылары бойынша белгіленген индикаторларды орындамаған жағдайда бөлінген қаражатты алып, Мемлекет басшысы қойған басқа міндеттерді іске асыруға қайта бөлу тапсырылған болатын.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 ж. алты айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2018 жылдың бірінші жартысында отын-энергетика саласының негізгі көрсеткіштері бойынша оң қарқын байқалатынын жеткізді.

Энергетика министрлігінің деректері бойынша, мұнай және конденсат өндіру көлемі 45,2 млн тоннаны құрады, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 6,2% құрады.

«Үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 27,2 млн тоннаны құрады, оның ішінде Қашаған кен орнында – 6,2 млн т (177,1%), Теңізде – 14,7 млн т (100,7%), ал Қарашығанақта – 6,3 млн т өндірілді (100%), — деп мәлімдеді энергетика министрі Қ. Бозымбаев.

Мұнай экспортының көлемі 36,5 млн тоннаны немесе өткен жылмен салыстырғанда 105,8% құрады. Мұнай өңдеу көлемі 7,7 млн тоннаны құрады, өсім 5% көрсетті. Осылайша, үш МӨЗ 5,4 млн тонна көлемінде мұнай өнімдерін шығарды, көрсеткіштер 1,5%-ға жақсарды.

«Жалпы алғанда, мұнай өнімдерінің нарығы тұрақты жағдайда және жанар-жағармай тапшылығы байқалмайды. Ішкі нарыққа қажетті жанар-жағармай қалдықтарының шамамен бір айлық қорының көлемі – 351 мың тонна бензин және 255 мың тонна дизель отынын құрады. Бұл бір айға жеткілікті мөлшер», — деді Қ. Бозымбаев.

Көктемгі егіс жұмыстары үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 375 мың тонна жеткізілді (АМӨЗ арқылы — 92,3 мың тонна, ПМХЗ арқылы — 195,6 мың тонна және ПКОП арқылы — 87,1 мың тонна).

Газ өндіру көлемі 28,1 млрд м3 құрады, бірінші жарты жылдықтағы өсім — 6,4%.

«Газдың экспорттық көлемі 10,7 млрд м3 құрады, бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,4% жоғары. Сұйытылған мұнай газының өндірісі 1,5 млн тоннаны құрады, бұл 4,8% жоғары көрсеткіш», — деді Қ. Бозымбаев.

Мұнай битумының өндірісі 375 мың тоннаны құрады (2018 ж. жоспардың 104 %) және былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 30% өсім көрсетті. 23,8 мың тонна битум экспорталды, бұл 2017 ж. нормадан 19% артық.

2018 жылдың алты айында ішкі нарыққа 37 млн тонна көмір жеткізілді.

Электр энергиясын өндіру көлемі 54,5 млрд кВтсағ құрады, өсім — 7,3%. Көмір өндіру көлемі 52 млн тоннаны құрады (көмір концентратын есепке алмағанда), яғни өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1% болды.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың І жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындысы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,1%-ды құрағанын мәлімдеді.

Жалпы экономиканың өсімі инфляциялық процестердің жалғасып келе жатқан бәсеңдеуі және жоғары инвестициялық белсенділік нәтижесінде болып отыр.

«Инфляция біртіндеп төмендеуде және соңғы үш жылдағы ең төменгі мәнге жетті. Жыл басынан бері ол 2,6% құрады. Инфляцияның барлық компоненттері бойынша баға өсуінің бәсеңдеуі байқалады», — деді Т. Сүлейменов.

Негізгі капиталға салынатын инвестицияларда жоғары өсім үрдісі — 25,8% сақталған.

Өнеркәсіп өндірісі 5,2% артып, өсу қарқынын сақтаған. Тау-кен өндірісі өнеркәсібі 5,5% артты. Өңдеу өнеркәсібі серпінінің тұрақты өсімі байқалады. Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша өсім қарқыны 5,2% құрады.

Өңдеу саласында екі мәндік өсу қағаз өнімдерін өндіруде (12%), химия өнеркәсібінде (11%) және машина жасауда (17,2%) сақталып отыр. Металлургия (3,4%), мұнай өңдеу (4,4%) және азық-түлік өнімдерін өндіру (5,2%) секілді өңдеудің басқа да ірі салалары бойынша оң өсім сақталған.

Ауыл шаруашылығы өнімі 4% артып, біртіндеп ұлғаюда. Өсудің нығаюы мал шаруашылығының (4,2%) озық қарқынымен өсуіне байланысты.

Алты айдың қорытындысы бойынша құрылыс саласының өсу үрдісі 3,8% дейін күрт артқан. Өсім тұрғын үй ғимараттарының, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандардың, магистральдік газ құбырлары мен құбыр жолдарының, газ компрессорлық стансаларының құрылысы, Семей қаласындағы автокөлік жолдарын, ұшу-қону жолағын реконструкциялау, Шымкенттегі мұнай-химия зауытын жаңғырту жұмыстарының артуына байланысты болды.

Ұлттық экономика министрі тұтынушылық сұраныстың күшеюі мен экономиканың нақты секторындағы тұрақты іскерлік белсенділік ұсынылатын қызметтер саласының өсу драйверлері болғанын айтып өтті. Оның өсімі 3,8% құрады. Сауда мен көлік саласында дамудың қолайлы серпінінің 5,9% және 4,9% жеделдеуі тіркелді. Байланыстың өсу қарқыны 5,9% құрады.

Сондай-ақ, Тимур Сүлейменовтың айтуынша, өңірлік бөліністе экономиканың барлық дерлік салаларында оң өсім қарқыны байқалады. Бұдан өзге, ұлттық экономика министрі енді өңірлердің даму серпіні бойынша 16 өңірдің орнына 17 өңірде бақылау жүргізілетінін мәлімдеді.

Сыртқы сауда айналымы тұрақты түрде жоғары өсу траекториясында тұр. Ол І тоқсанда 24,3% немесе $21 млрд ұлғайды. Экспорт 27% өсті.

«Жоғары өндірістік белсенділік еңбек нарығының көрсеткіштеріне оң әсер етті. Осы жылдың басынан бері 178,7 мың адам жұмысқа орналастырылды (1 маусымдағы жағдай бойынша). Еңбекақы қалыпты қарқынмен өсуде. Қаңтар-мамыр айларында орташа айлық еңбекақы 152,8 мың теңгені құрады және нақты мәнінде 0,8% өсті. Қаңтар-сәуір айларында нақты ақшалай кірістер 1,2% өсті», — деді Т. Сүлейменов.

Сөз соңында ұлттық экономика министрі І жартыжылдықтағы тұрақтылық пен сапалылықты ескерумен ЖІӨ «4+» өсімін қамтамасыз ету үшін әлеует жеткілікті екенін атап өтті. Ол үшін экономиканың дамуын ІІІ тоқсанда 3,9% және IV тоқсанда 4% деңгейінде сақтап тұру керек.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жыл басынан бері инфляция (2,6%) өткен жылдың осындай кезеңінің көрсеткіштерімен салыстырғанда 3,5% төмен екенін мәлім етті. Жылдық мәнінде инфляция 2017 ж. 7,1% қарағанда, 5,9% құрады. Осылайша, инфляция деңгейі 2018 ж. мақсатты дәлізге — 5-7% сәйкес келеді.

«Инфляциялық процестердің баяулауы және орташа мерзімді перспективада аталған беталысты сақтау базалық ставканы төмендетудің негізгі факторларының бірі. Биылғы жылдың басынан бастап ол төрт есе төмендеді: 25%-дан 9%-ға дейін», — деді Данияр Ақышев.

Сонымен қатар Д. Ақышев теңгені айырбастау бағамы үшін қолайлы фактор мұнай бағасын $70 белгісінен жоғары сақтау болып табылатынын айтты. Ұлттық банктің алтын-валюта қоры мамыр айының соңында $30,7 млрд құрады. Жалпы халықаралық қоры жыл басынан $826 млн артып, $89,9 млрд құрады.

Мамыр айының соңында депозиттер нарығы 16,9 трлн теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы депозиттер қаңтар-мамыр аралығында 2,6% — 9,4 трлн теңгеге дейін өсті. Шетел валютасындағы депозиттер 10,2% — 7,5 трлн теңгеге дейін төмендеді. Мамыр соңында банктердің несиелері 12,7 трлн теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы несиелер қаңтар-мамыр аралығында 2,2% — 9,6 трлн теңгеге дейін артты, шетел валютасында 5,8% — 3,1 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Сонымен қатар Д. Ақышев шілде айының басында іске қосылған «7–20–25» ипотекалық бағдарламасының іске асырылу барысы туралы хабарлады. Мәселен, Ұлттық банк жұмысының қорытындысы қажетті заңнамалық түзетулерді қабылдау және «Баспана» арнайы ұйымын құру болды.

«Бағдарлама ұлттық валютамен 7% мөлшерлемесі бойынша бастапқы жарнасы баспана құнынан 20% болатын, 25 жылға дейін ипотекалық займдарды беруді қарастырады. Бұл орайда, бағдарлама мақсатты мемлекеттік қаржыландыруды қажет етпейді және қор нарығындағы ұзақмерзімді ресурстарды тарту есебінен жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында алғашқы займдар берілді», — деді Ұлттық банк төрағасы.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өз баяндамасында бюджет деңгейіндегі кірістер өсімін атап өтті. Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда мемлекеттік бюджет кірістерінің өсу қарқыны (трансферттерді ескермегенде) 112% құрады немесе 407 млрд теңгеге артық түсті. Республикалық бюджет кірістерінің өсімі 114% (329 млрд тг), жергілікті бюджеттерде — 107,3% (77 млрд тг) құрады.

Шығындар жоғары пайызбен игерілді және келесі көрсеткіштермен сипатталады: мемлекеттік — 99%, республикалық — 99%, жергілікті — 99,6%. Шығындардың жартысынан көбі әлеуметтік салаға бағытталған.

Қаржы министрлігі бюджетке жүктемені азайтуға ықпалын тигізетін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті пайдалануды арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Мәселен, 1 қаңтарда МЖӘ жобаларын іске асыру аясында 133 келісімшарт бойынша 90,4 млрд теңге сомасына міндеттемелер тіркелген. 1 шілдеде олардың саны 213 дейін артып, 772 млрд теңге сомасын құрады.

www.primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғанның салтанатты ұлықтау рәсіміне қатысты.

Түркия Президентінің лауазымына Режеп Тайип Ердоғанның кірісу рәсіміне 22 мемлекеттің басшылары, 28 премьер-министр мен парламент спикерлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың 6 хатшысы қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, 24 маусымда Түркияда президенттік және парламенттік сайлау өтті. Елдің қазіргі мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоған президенттік сайлауда 100% бюллетеньдерді санау қорытындысы бойынша ең көп дауыс жинады — 26,3 млн-нан астам дауыс 52,59%. Парламенттік сайлауда Ердоған басқаратын Әділдік және даму партиясы ең көп дауыс жинады. Жалпыұлттық дауыс беру елдегі мемлекеттік басқару формасын өзгертті, Түркия парламенттіктен президенттік республикаға айналды.

2017 ж. Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 28% өсіп, $1,876 млрд құрады, ал экспорт — $1,146 млрд тең болды. Осы жылдың қаңтар-наурыз аралығында тауар айналымы $412,9 млн құрады.

www.primeminister.kz

Сейсенбі күні, 10 шілдеде, сағат 15:00-де Үкімет үйінде ҚР Үкіметінің отырысы өтеді.

Отырыстың күн тәртібінде:

Әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындысы;

2018 жылдың І жарты жылдығындағы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылу барысы.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н. Әлтаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтеді.

Тікелей таратылымдарды PrimeMinister.kz сайтынан, Фейсбук, «Вконтакте», Твиттер, Перископ әлеуметтік желілерінен, Ютуб ресми арнасынан, сондай-ақ Андроид пен Айфонның мобильдік қосымшаларынан көре аласыздар.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Директорлар кеңесінің отырысы өтті.

Отырыс барысында «Самұрық-Қазына» АҚ трансформация бағдарламасын іске асыру барысы, жекешелендіру мәселелері талқыланып, сондай-ақ 2017 жылы атқарылған жұмыстар қорытындысы шығарылып, компанияның 2018–2022 жылдарға арналған даму жоспарлары қаралды.

Отырыс қатысушылары 2014 жылдан бастап 2018 жылдың 1 тоқсаны аралығындағы пайда мен инвестициялар туралы мәліметтерден тұратын Қордың Трансформация бағдарламасын іске асыру туралы есебін тыңдады. Қордың Директорлар кеңесінде Есепті жүйелі түрде қарау болашақта Бағдарламаның бастамаларын енгізу тиімділігін арттыруға жол ашатын басқару шешімдерін уақытылы қабылдау және әрекет жасау үшін қажет.

ҚР Президентінің Жарлығымен 2008 жылы «Самұрық-Қазына» қорының негізі қаланды. Инвестициялық холдингтің міндеті — ҚР ұлттық әл-ауқатын арттыру және ұлттық экономиканы жаңғыртуды қолдау. Қор қоржындық компанияларды олардың ұзақмерзімді құнын және тұрақты дамуын арттыру үшін, сондай-ақ ұлттық экономиканың басым секторларын дамытуға инвестицияларды өткізу арқылы басқарумен айналысады.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Сингапурдың Қазақстандағы резидент емес елшісі Зулкифли Бахарудинмен кездесті.

Кездесу барысында жасыл экономиканы, бизнесті, логистиканы және қаржы жүйесін дамыту салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Сингапур арасында 25 жыл ішінде барлық бағыттар бойынша сындарлы диалог орнаған, екіжақты қарым-қатынасты дамытуда және халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимыл жасауда оң үрдіс қалыптасқан.

Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар сот жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу және Smart City жобаларын іске асырудағы табыстылық туралы тәжірибе алмасты.

Б. Сағынтаев Қазақстан Сингапурды Оңтүстік-Шығыс Азия мен АСЕАН аймағындағы негізгі серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Сингапурдың сауда және қаржы, көлік–логистикалық хаб ретіндегі жалпыға танылған беделін ескере отырып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту екіжақты қарым-қатынастың басым саласы болып қала бермек.

Премьер-Министр өткен жылы $123,7 млн құраған екіжақты тауар айналымының динамикасындағы оң өзгерістерді атап өтті. Соңғы уақытта екіжақты қарым-қатынас айтарлықтай жандана түсті. Бұдан өзге, қазақстандық нарықта сингапурлық инвесторлар үшін Еуразиялық экономикалық одақ жаңа мүмкіндіктер ашуда. Қазақстан Сингапурдың ЕАЭО-мен еркін сауда туралы келісім жасасу жөніндегі бастамасын қолдайды.

Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстанның біржақты тәртіпте Сингапур азаматтарына визалық режимді 30 күнге дейін алып тастауына байланысты іскерлік байланыстар кеңейіп жатқаны байқалуда.

2016 жылы өзара сауда-саттық $91,4 млн құрады. Екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы $123,7 млн құрады, соның ішінде экспорт — $86,5 млн. 2018 жылдың І тоқсанындағы тауар айналымы $28,1 млн болды.

www.primeminister.kz

Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылуы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Oppenheimer қорының басқарушы директоры Джон Тонеллимен және Ислам Даму Банкінің президенті доктор Бандар Мохаммед Хамза Хаджармен кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында Қазақстандағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру тұрғысынан одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды, сондай-ақ халықаралық бизнес үшін кеңейтіліп жатқан мүмкіндіктер қаралды.

Ислам Даму Банкінің Президенті доктор Бандар Мохаммед Хамза Хаджармен кездесуде экономиканың басым секторларында, оның ішінде ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ ғылым мен технологияларды дамыту салаларында өзара іс-қимылды нығайту келешегі қаралды.

1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымына қосылғаннан кейін Қазақстан Ислам даму банкінің мүшесі болды. 2012–2015 жылдары ҚР аумағында ИДБ өзінің ТМД аумағындағы алғашқы Елдік стратегиясын жүзеге асырды, бұл ел экономикасына, атап айтқанда, сауданы қаржыландыру, жекеменшік секторды дамыту және сақтандыру салаларына шамамен $650 млн тартуға жол ашты. Бүгінгі таңда Банк жалпы сомасы $1,874 млрд құрайтын 67 жобаны мақұлдады. ИДБ қолдаудың негізгі бағыттары: көлік инфрақұрылымын дамыту (жалпы операциялар сомасының 55,8%), ауыл шаруашылығын дамыту (23,3%), шағын және орта бизнесті және қаржы секторын дамыту (19%), білім беру (1%), денсаулық сақтау (0,8%), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, санитарлық бақылау және қала қызметтері.

Кездесуге қатысушылар Қазақстанның ИДБ-мен ынтымақтастығының кеңеюіне Астанада АХҚО базасында Халықаралық ислам сауда–қаржы корпорациясы (ITFC) өкілдігінің ашылуы ықпал ететінін атап өтті.

Доктор Бандар Мохаммед Хамза Хаджар ҚР-ның ITFC-ке қосылуы ұлттық экспортты және өзара сауданы жетілдіруге ықпал ететінін, сондай-ақ Қазақстанға ИЫҰ-ға мүше елдер ретіндегі жаңа құралдар мен тұрақты қаржы көздерін, нарықтарды қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Бұдан өзге, бұл ҚР-ға ИЫҰ елдерімен өзара сауда-саттықта құнды тәжірибе алуға, сонымен қатар ITFC технологиялары мен жинақталған тәжірибені дайын өнім экспортын дамытуға бағыттауға жол ашады.

Oppenheimer қорының директоры Д. Тонеллимен кездесуде компанияның «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ жекешелендіру бағдарламасына қатысуы, инфрақұрылымдық қор құру, сондай-ақ қазақстандық компанияларды шетелдік капитал нарықтарына шығару мәселелері қарады.

Oppenheimer — инвесторларға, жеке тұлғаларға, кәсіпорындарға және мекемелерге қаржы қызметтері мен кеңестер беретін жетекші инвестициялық банктердің бірі және көп бейінді инвестициялық компания. ҚР Президентінің 2018 жылдың қаңтар айында АҚШ-қа ресми сапары аясында Oppenheimer қоры мен «Kazakh Invest» ҰК арасында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру және ұзақ мерзімді несиелендіру үшін инфрақұрылымдық қор құру туралы меморандумға қол қойылды.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының таныстырылымына және Қазақстан елордасының 20 жылдығын мерекелуге қатысу үшін екі күндік жұмыс сапарымен келген Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесті.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және инвестициялық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту жоспарлары, сондай-ақ транзиттік-көлік саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру келешегі талқыланды.

Бұдан өзге, кездесу қатысушылары білім беру және өнеркәсіп салаларындағы өзара іс-қимыл бағыттарын қарады. Б. Сағынтаев Қазақстанға Татарстанның цифрлық сервистік қызметтерді енгізу мен ақпараттық технологияларды дамытудағы тәжірибесі қызығушылық тудыратынын мәлімдеді.

Өз кезегінде, Татарстан Президенті Рустам Минниханов Қазақстан мен Татарстанның экономиканың түрлі салаларындағы тиімді ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Astana Finance Days халықаралық форумының жұмысына қатысты. Пленарлық сессия барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту, қаржы технологияларын реттеу және инвестицияларды қорғау мәселелері талқыланды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев панельдік сессияны аша отырып, ертең ерекше шара — болашақтың қаржы нарықтарында серпіліс жасауға бағытталған, тәуелсіздіктің барлық жылдарындағы аса ауқымды ұлттық мега жоба — Астана халықаралық қаржы орталығының ресми таныстырылымы өтетінін мәлімдеді.

АХҚО жаңа буынның қаржы хабы ретінде құрылады. Ол әлемдік қаржы орталықтарының классикалық функцияларын ғана атқарып қоймай, сондай-ақ әлемдік қаржыларды дамытудың ең перспективалы бағыттарында қызметтер ұсынатын болады.

«Қазақстан Үкіметі барлығыңызды АХҚО қатысушысы болуға шақырады! Қазақстан өзінің жаһандық ашықтығын және сіздермен диалог орнатуға әзірлігін растайды», — деп форум қатысушыларына арнаған сөзін аяқтады Б. Сағынтаев.

Өз кезегінде Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар өздеріне көрсеткен қонақжайлылығы үшін Қазақстанға алғыс білдірді.

«Қазақстан исламдық қаржыландыру көшбасшысы болғанына қуаныштымын. Бұл елде өзін аймақтық хаб ретінде ұсынуға барлық мүмкіндік бар. Исламдық қаржыландырудың өсу шамасына қарай, мен ҚР-да исламдық қаржыландыру өседі деген үміттемін. Сукук құралының көмегімен өз үлесімізді қоса аламыз. Біз Қазақстанның саясатын қолдаймыз. Қазақстан үшін жалпы қаржыландыру $2,4 млрд асады. Қаржыландыру ауыл шаруашылығы, көлік және қаржы секторларына бағытталған», — деді Б. Хаджар.

ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисян өз сөзінде АХҚО жобасын іске қосу тарихы тамсандыратынын атап өтті.

«ЕЭК орталық жұмысына үлкен үміт артады. Орталықты құру технологияларды жетілдіру, адами капиталды дамыту тәсілдерін жақсартатыны өте маңызды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қаржы орталығы басқа да орталықтарды тарту орталығына айналуда. 2025 жылы біз ортақ қаржы нарығын іске қосуымыз керек. Уағдаластықтарға сәйкес, реттеуші де Қазақстанда орналасады», — деді Т. Саркисян, ЕЭК алқасының төрағасы.

АХҚО құру іргелі сипатқа ие екенін Сбербанк басқарма төрағасы Герман Греф айтып өтті.

«АХҚО – өте өршіл жоба. Барлық алғышарттар жасалған. Жобаға ҚР Президенті, Премьер-Министрі жан-жақты қолдау көрсетуде. Бұл инвесторлар үшін аса маңызды тиісті шешімдермен сүйемелденген. Біздің киберқауіпсіздікпен айналысатын «Бизон» атты еншілес компаниямыз қазақстандық «Қазақтелеком» компаниясымен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істейді. Компания АХҚО-да қыркүйек айында өз офисін ашу туралы шешім қабылдады», — деді Г. Греф.

Бұдан өзге, панельдік пікірталас барысында Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов сөз сөйледі.

«Біз Қазақстанмен белсенді жұмыстар атқарып жатырмыз. Қазақстан көптеген бағыттарда көшбасшы. Сіздің елден өзімізге көптеген тәжірибе алып жатырмыз. Татарстан белсенді серіктес болады. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Барлық қабылданып жатқан шешімдер – революциялық шешімдер деуге болады», — деді Р. Минниханов.

Дүниежүзілік банк тобының аға вице-президенті Сандра Нгози Окоро Хопкинс «АХҚО ашылуы елеулі оқиға екенін және қаржы орталығын сөзсіз табыс күтіп тұрғанын» айтты және ҚР Үкіметін аймақтық хабтың құрылуымен құттықтады.

Сондай-ақ, АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің Директорлар кеңесінің төрағасы Барбара Джадж бен АХҚО Халықаралық арбитраж орталығының төрағасы Барбара Доманн құттықтау сөз сөйледі.

Люксембург Қаржы орталығының төрағасы Николас Макель форум тақырыбы ретінде жасыл қаржы мен басқа нарықтармен өзара әрекеттестіктің артуын таңдай отырып, ұйымдастырушылар басымдықтарды дұрыс айқындағанын айтты.

«Сіздердің басқа қаржы хабтарына осындай «көпір» ұйымдастырып отырғандарыңыз өте маңызды. Біз сіздермен ынтымақтастық орнатуды асыға күтеміз. Мен Үкімет пен АХҚО жұмысын атап өткім келеді», — деді Н. Макель.

Өз кезегінде Баку халықаралық теңіз сауда портының директоры Талех Зиядов Қазақстан өз аумағында қаржы орталығын ашқан елдердің қатарына енгенін және олардың АХҚО-мен белсене ынтымақтастық орнататынын мәлім етті.

АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов панельдік сессия қорытындысын шығарды.

«2015 жылдың ортасында Қазақстан Президенті АХҚО құру туралы бастама көтерді. Әрине, бұл өте ауқымды бастама. «100 нақты қадам — бес институттық реформа» атты керемет бағдарлама қабылданды, бұл реформалардың ішіндегі заңның үстемдігі мен экономиканы әртараптандыру АХҚО тікелей қатысты. Үкімет осы жылдар бойы аталған реформаларды іске асыру үшін көп жұмыстар атқарып жатыр.

Жаңа технологияларға қатысты саналы реттеудің болуы тиістігі өте маңызды. АХҚО-да осындай орталық болғымыз келеді. Қандай аймақтарды қамтимыз? Біздің ауқымды үш аумағымыз бар. Бұл – кең мағынасындағы Орталық Азия. Біз Күнгей Кавказ, Грузия, Әзербайжан, Моңғолия аймақтарына қызмет көрсеткіміз келеді. Аса маңызды бағыт – Еуразиялық экономикалық одақ. Бұл тұста біздің ел басшысымен нақты келісімдеріміз бар. Үшінші бағыт – Жібек жолын қайта қалпына келтіру бастамасы. Қытайлық қаржы институттары тарапынан өте зор қызығушылық байқалады. Біз өз жұмысымызды жаһандық қаржы орталықтарымен стратегиялық серіктестік орнатудан бастадық. Дубай, Әбу-Даби, Лондон, Гонконгпен тығыз жұмыс істеудеміз», — деді Қ. Келімбетов.

AIFC Digital Exhibition көрме аймағы қаржы технологиялары саласындағы басты бастамаларды таныстыруға және көрсетуге арналған. Көрме аймағын қаржы технологияларының стартап-экожүйесін дамыту үшін қолайлы орта мен жағдайлар жасауға, қаржы технологиялары саласында инновациялық шешімдерді дамыту мен енгізуге жауапты AIFC FinTech Hub ұйымдастырады.

Көрмеге АХҚО басты серіктестері мен Mastercard, NASDAQ, SAP, Bittrex, R3, Accenture, Crymsonlogic, Masterchain, Waves және басқалары тәрізді ірі технологиялық компаниялар қатысады. Көрме тұжырымдамасы төрт блоктан құралады: АХҚО қатысушылары үшін цифрлық қызметтер, халыққа арналған цифрлық қаржы қызметтері, қаржы қызметтері саласындағы инновациялар, АХҚО серіктестері мен резиденттері.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Шілде
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту