Бүгін Қытайдың «Дяоюйтай» мемлекеттік резиденциясында Шанхай ынтымақтастық ұйымында (ШЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) отырысы ашылды.

Циндаода өтетін саммитке дайындық кезеңдерін қорытындылайтын бұл отырысқа Қытайдан -Ван И, Қазақстаннан - Қайрат Әбдірахманов, Қырғызстаннан - Ерлан Абдылдаев, Өзбекстаннан - Абдулазиз Камилов, Тәжікстаннан - Сироджидин Асылов, Үндістаннан - Сушма Саварадж, Ресейден - Сергей Лавров, Пәкістаннан - Хавадж Мухаммад Асиф және ШЫҰ бас хатшысы Рашид Әлімов қатысты.

Министрлер мемлекет басшыларына ұсынылатын құжаттар мен шешімдерге шолу жасайды.

«Шанхай сегіздігі» дипломатиялық ведомстволарының басшылары Сирия мен Ауғанстандағы ахуал, Корея түбегіндегі жағдай және Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру сияқты мәселелер бойынша ұстанымдарды одан әрі үйлестіру мәселесін талқылайды.

Сонымен қатар, министрлер ШЫҰ-ның халықаралық және аймақтық ЮНЕСКО, АСЕАН сияқты халықаралық және аймақтық бірлестіктермен байланыстарын дамыту мәселелерін талқылайды.

ҚазАқпарат

Бүгін Global Challenges Summit 2018 XI Астана экономикалық форумына дайындық барысы туралы өткен баспасөз брифингінде ҚР ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов биылғы Форум бағдарламасында студент жастарға арналған танымал спикерлердің арнайы дәрістерінің фестивалі өтетінін айтты.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, Астананың жетекші жоғары оқу орындарының базасында арнайы іс-шаралар: форумның әлемдік сарапшыларымен дәрістер, презентациялар және кездесулер өткізіледі.

«Біздің болашақ ғалымдар, өнертапқыштар, бағдарламашылар жетекші ойшылдармен кездесуге мүмкіндік алады. Кім біледі, мүмкін болашақ Нобель сыйлығының лауреаттары қазақстандық ЖОО-ларда оқып жүрген шығар, олар форумның спикерлерімен кездесіп, сұрақтар қойып, оларды өз идеяларымен шабыттандыра алады», — деді Руслан Дәленов.

Форумды өткізудің әр жылында АЭФ спикерлері саясаткерлер, ғалымдар және экономистер, әлемдік деңгейдегі журналистер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары және бизнес-элиталардың өкілдері болған.

Руслан Дәленов баспасөз конференциясы барысында форумның күн тәртібі болашақ сын-тегеуріндерге бағытталғанын атап өтті. Осы орайда сарапшылар нақты тақырыптарға сәйкес таңдалған: криптовалюталар майнингі, ақылды қалалар, жасанды зерде, өнеркәсіпті роботтандыру.

Анықтама: 2018 жылғы 17 – 19 мамырда Global Challenges Summit 2018 ХІ Астана экономикалық форумы өтеді.

Global Challenges Summit 2018 негізгі ғаламшарлық сын-тегеуріндер мәселелерін қамтиды: ресурстар тұрақтылығы және ерекше ұзақ өмір сүруден бастап ғаламдық қауіпсіздік пен болашақ мегаполистер құрылыстарына дейінгі мәселелер. Конгресс қатысушылары, әлемдік сарапшылар қауымдастығы, технологиялық элита, қалалық және мемлекеттік басқару өкілдері, ірі корпорациялардың визионерлері мен көшбасшыларының міндеті — сын-тегеуріндердің жауаптарын табу және жаһандық ауқымдағы тиісті шешімдерді әзірлеу.

Форумға 450 астам спикер қатысады. Олардың жартысы — әлемнің 24 астам елінен келетін халықаралық қонақтар. Бүгінгі таңда қатысатынын растаған халықаралық қонақтар арасында: Францияның экс-президенті Франсуа Олланд; физик, ішектер теориясының тең авторы және ғылым таратушы Митио Каку; Goldman Sachs бұрынғы төрағасы және БРИКС қысқарту авторы Джим О'Нил; Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша бас экономисті Ганс Тиммер; саясаттанушы және қалалар дамуының визионері Параг Ханна; Грузияның вице-премьері, сыртқы істер министрі Михеил Джанелидзе; Эстонияның бұрынғы Президенті Тоомас Ильвес; БҰҰ сегізінші Бас хатшысы және Халықаралық олимпиада комитетінің этика жөніндегі комиссиясының төрағасы Пан Ги Мун; кинорежиссер, «Алтын арыстан» Венеция кинофестивалінің бас жүлдесінің лауреаты Кшиштоф Занусси және т.б.

Жаңартылған Астана экономикалық форумы Еxpo конгресс-орталығында және Hilton Astana-да өтеді.

Қатысушылар форумға конгрестің forum-astana.org сайтында тіркеле алады.

www.primeminister.kz

Сейсенбі күні, 24 сәуірде, 10:00-де Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің кезекті отырысы өтеді.

Отырыстың күн тәртібінде:

• Мал шаруашылығын дамыту.

• Кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мәселелері — «Астана-1» ААЖ жобасын іске асыру.

• Медициналық жабдықтарды сатып алу, бірыңғай номенклатурасын қалыптастыру және сервистік қызмет көрсету.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің, ҚР АШМ мал шаруашылығы департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовтың, сондай-ақ «Қазақстанның ет одағы» ЖКЗТО бас директоры Мақсұт Бақтыбаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтеді.

www.primeminister.kz

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте XI Астана экономикалық форумының жаңа форматы, талқылауға ұсынылатын мәселелер мен тақырыптар туралы айтып берді.

Руслан Дәленовтың айтуынша, жаңа формат үш блокқа бөлінеді: іскерлік бағдарлама, стратегиялық сессия және зерттеу. Форум іс-шараларының тұжырымдамасы интерактивті шаралар арқылы кеңейтілетін болады. Форумның барлық алаңдарында жаңа заманауи мультимедиялық шешімдер қолданылады: TED talks, визионерлердің баяндамалары, инновациялық презентациялар, көпшілік алдындағы сұхбат, арнайы воркшоптар және т.б.

Бұдан өзге, сараптамалық пікірталастың жоғары деңгейі белгіленеді. Форумға әлемдік зияткерлік элита, әлемдік корпорациялардың басшылары, ғаламдық стартапшылар, танымал футурологтар, шетелдік және отандық саясаткерлер, беделді экономистер мен ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары шақырылды.

«Астана экономикалық форумы әлемдік интеллектуалды аренада Қазақстанды халықаралық жайғастырудың жаңа жүйесінің қозғалтқыштарының бірі саналады. Форумның арқасында ел бренді ғаламдық сарапшылар желісі арқылы дамып келеді», — деді Руслан Дәленов.

Сонымен бірге, АЭФ тұжырымдамалық әлемдік идеяларды талқылаудың диалогтық алаңына айналуда. Пікірлермен және соңғы ғылыми-практикалық жетістіктермен алмасу әлем мен Қазақстан үшін тиімді шешімдер мен тәжірибелік ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаһандық инвесторлардың қызығушылығы да арта түспек. Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрінің айтуынша, форум шетелдік инвесторларды тартатын магнит секілді, Қазақстанның және әлемнің жетекші бизнесмендері кездесетін орын.

«АЭФ экономикалық ғылым бойынша әлемнің ең үздік ғалымдары мен сарапшыларының, Нобель сыйлығы лауреаттарының бас қосатын алаңына айналды, мұнда жас қазақстандық экономистер құнды білім мен тәжірибе алады», — деп түйіндеді Р. Дәленов.

Бұдан өзге, ұлттық экономика бірінші вице-министрі форумда мемлекеттер, қалалар мен компаниялар арасында бірқатар маңызды келісімдерге қол қою жоспарланғанын атап өтті.

Анықтама: Global Challenges Summit 2018 XI Астана экономикалық форумы биыл 17–19 мамыр аралығында өтеді. Жаңартылған АЭФ «Экспо» конгресс-орталығында және Хилтон Астанада өтеді. Қатысушылар форумға конгресс сайтында тіркеле алады.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Global Challenges Summit 2018 Астана экономикалық форумын өткізуге дайындық бойынша брифинг өтті.

ҚР ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Мұқан, «Қазақстандық экономикалық бастамалар қоры» корпоративтік қорының директоры Динара Жолдаспаева және GVA Kazakhstan басқарушы серіктесі Филипп Серажетдинов форумның қашан әрі қалай өтетіні, оны ұйымдастырушылар қандай жаңашылдықтар ұсынатыны, АЭФ қатысушыларының өкілеттігі қандай болатыны, сондай-ақ жастарға қандай бағдарламалар қарастырылғаны туралы айтып берді.

XI Астана экономикалық форумы 17–19 мамыр аралығында өтеді. Руслан Дәленовтың айтуынша, оның бұған дейін өткен шаралардан басты айырмашылығы — жаңа формат және жаһандық күн тәртібі.

«Форум 10 жыл қатарынан өткізіліп келеді және де экономикалық ой, идея мен тәжірибені байланыстыратын халықаралық алаңға айналды. Шараға 10 жыл ішінде әлемнің 150 елінен 50 мыңнан астам делегат қатысты. Форумның әсері зор: мұнда халықаралық инвесторларды тартудан бастап елімізде және әлемде экономикалық саясаттың күн тәртібін қалыптастыру жөніндегі жаңа идеялармен алмасуға дейін қарастырылған», — деді Руслан Дәленов.

Сонымен қатар, бірінші вице-министрдің айтуынша, форумды қайта жаңартатын уақыт жетті.

«Әлем өзгеруде, Қазақстанда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, демек форум да жаңа талаптарға сай болуы керек. Жаңартылған форум жаһандық сын-тегеуріндер туралы әлемнің жетекші саммитіне айналуы тиіс, бұл АЭФ-тің мазмұны мен өткізу формасын өзгерту қажеттігін білдіреді», — деді Р. Дәленов.

Форум сұрақтарының ұсынылған тақырыбы терең және жан-жақты сараптамалық көзқарасты, тиісті тереңдікті және талқылаудың жоғары дәрежесін көздейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, АЭФ зияткерлік элита өкілдері әлемдік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайтын және оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлейтін алаңға айналады.

Талқылауға 11 жаһандық тақырып ұсынылады: бірыңғай экономика әлемі, жаһандық стратегия әлемі, ресурстар әлемі, жаңа таза энергия әлемі, ұзақ өмір сүру әлемі, болашақ ақшалары әлемі, жаһандық қауіпсіздік әлемі, жаңа адамзат әлемі, қалалар әлемі, сингулярлық әлемі және цифрлық әлем.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-да тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын цифрландыру жөнінде кеңес өтті.

Кеңеске ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Астана әкімі Әсет Исекешев, инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаев, облыстық әкімдіктердің энергетика және ТКШ бөлімдерінің басшылары, тұрғын үй инспекциясы және табиғи монополиялар субъектілері қатысты.

Асқар Жұмағалиев кеңес инфрақұрылым және тұрғын үй кешенін дамытудың негізгі бағыттарын талқылау мен саланы дамытудың негізгі индикаторларымен өлшеу құралдары және цифрландыру бойынша Жол картасын әзірлеу мақсатында өтіп отырғанын айтты.

«ТКШ ҚазОрталығы» басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаев инфрақұрылым және тұрғын үй кешенін цифрландырудың жоспары мен оны енгізудің артықшылықтары туралы мәлімдеді.

Коммуналдық желілерді цифрландыру есепшоттар жасалған кезде ашықтықты қамтамасыз ететін көрсеткіштерді автоматты түрде жинауға мүмкіндік береді. Үйді басқарудың онлайн-жүйесі басқарушы компаниялардың операциялық қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Тұрғын үй қорын электронды паспорттау елімізде көп пәтерлі тұрғын үйлердің саны мен техникалық жай-күйі туралы дұрыс ақпаратқа көз жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, табиғи монополия субъектілерін жоспарлы цифрландыру олардың қызметін бақылауға және энергияны өндіру мен тұтыну теңгерімін жақсартуға жол ашады.

«Осы деректердің бәрі қазіргі таңда Инвестициялар және даму министрлігінің тапсырмасы бойынша «ТКШ ҚазОрталығы» әзірлеп жатқан бірыңғай интеллектуалдық ақпараттық жүйенің негізін құрайды. Жүйе пайдаланушылары үй тұрғындары, басқарушы компаниялар, әкімдіктер, мемлекеттік органдар, коммуналдық кәсіпорындар болады. Іс жүзінде бұл инфрақұрылым және тұрғын үй кешенінде «бір терезе» болады. Ол сектордың барлық қатысушылары үшін бизнес-процестердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл, ең алдымен, үйлердің тұрғындарына қатысты, олар тұрғын үй мен пәтер туралы ақпаратқа қол жеткізе алады, коммуналдық қызметтерді нақты тұтынуға бақылау жасап, үйді басқаруға қатысып, онлайн режимде шағым беріп әрі ұсыныс жасай алады», — деп атап өтті Нұрсұлтан Жиенбаев.

Бұдан өзге, кездесуде көп пәтерлі тұрғын үйлердің саны мен жай-күйі туралы нақты деректердің жоқтығына, оларды есепке алу құралдарымен жабдықтауға, әртүрлі стандарттар бойынша жұмыс істейтін қондырғыларды орталықтандырылмаған сатып алуға, инфрақұрылым және тұрғын үй кешеніндегі ақпараттық ресурстарға әртүрлі тәсілдеріне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында мобильді қосымшалардың аздығына қатысты және техникалық параметрлерге бірыңғай талаптар болмауы туралы цифрландыру мәселелері қаралды.

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға көп пәтерлі тұрғын үйлерді біріктіру, тұрғын үй қорын түгендеу, қолданыстағы жергілікті ақпараттық жүйелер мен ресурстар, табиғи монополиялар субъектілерін және т.б. өңірлік бағдарламасын әзірлеу жөніндегі мәселелерді пысықтау тапсырылды.

«ТКШ ҚазОрталығы» басшылығы инфрақұрылым және тұрғын үй саласындағы жаңа технологиялар мен жобаларды таныстырды. Мәселен, компания Қазақстандағы шағын және орта бизнеске арналған Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) бағдарламасын іске асыру үшін «Жаһандық экологиялық қормен» ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Бұл жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару және ресурстарды үнемдеу саласындағы инновациялық стартап жобаларды іске асыруға жол ашады. Сондай-ақ, жақын арада инфрақұрылым және тұрғын үй кешені саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлайтын құзыреттілік орталығын ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, ғимараттарды жобалауда заманауи технологияларды дамыту үшін 3D зертхана құру жоспарда бар. Зертханалық кешенге судың физика-химиялық зертханасы, энергия үнемдеу зертханасы және жаңа құрылыс материалдары, мобильді зертханалар кіреді. Сондай-ақ, қонақтар энергетикалық тиімді квартал жобасымен танысып, энергия үнемдейтін технологиялар көрмесіне барды.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жұмыс сапары аясында Батыс Қазақстан облысында болып қайтты. Министр облыстың медицина ұйымдарын қағазсыз жұмыс форматына көшіру үдерісімен танысты.

БҚО қағазсыз құжат айналымы бойынша пилоттық жобаны іске асырудың алғашқы өңірі ретінде таңдалды. Пилоттық жобаға облыстың 40-қа жуық денсаулық сақтау ұйымы қатысады.

Елжан Біртанов Орал қаласындағы №3 қалалық емханада болды, онда «Емделуші кабинеті» мобильді қосымшасы таныстырылды. Аталған мобильді қосымшаның көмегімен пайдаланушылар үйден дәрігер қабылдауына жазылуға және дәрігерге қоңырау шалуға, жазылған рецептілерді, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін көруге мүмкіндік алды. Емхана басшылығы медициналық ақпараттық жүйе мен «Электронды кезек» қалай жұмыс істейтінін көрсетті.

Кезекті бір нысаны — облыстық клиникалық аурухана болды, онда «ҚазМедАқпарат» медициналық ақпараттық жүйесі және тіркеу бөлімінен бастап науқасты шығаруға дейінгі тұтастай қағазсыз процестің қалай жүргізілетіні көрсетілді. Бұл ақпараттық жүйе барлық медициналық ұйымдармен онлайн режимінде байланыс орнатуға мүмкіндік береді. «ҚазМедАқпарат» медициналық қателіктердің санын азайтуға, медициналық көмектің үздіксіздігін қамтамасыз етуге, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға және т.б. жол ашады.

Министр облыстық денсаулық сақтау басқармасында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қағазсыз құжат айналымын енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру алаңдары ретінде таңдалған ҚР сегіз аймағымен селекторлық режимде жиын өткізді. Жиын барысында өңірлер жобаны жүзеге асыру барысы жөнінде баяндап, тәжірибе алмасып, министрге сұрақтар қойды.

Бұдан өзге, Елжан Біртанов Зеленов ауданына барды. Мұнда Дариян ауылында орналасқан Зеленов аудандық ауруханасында, Трекино ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда және Володар ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктінде қағазсыз құжат айналымы жобасының жұмысымен танысты.

Осы күні министр Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтың қатысуымен қалалық көпбейінді аурухана базасында облыстың медицина қауымдастығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мәселелері мен аймақты цифрландыру мәселелері талқыланды.

www.primeminister.kz

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Түркияға сапары барысында ел Президенті Режеп Тайип Ердоғанның қабылдауында болды.

Қазақстанның СІМ басшысы түрік елінің көшбасшысына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемдемесі мен ізгі тілектерін жеткізді. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қ. Әбдірахманов атап өткендей, Қазақстанда қазақ-түрік стратегиялық ынтымақтастығын нығайтудағы Р. Ердоғанның рөлін ерекше көреді. Бірлескен күш-жігердің арқасында Қазақстан мен Түркия көшбасшылары ислам әлемінде келісу үдерістерін жандандыру туралы мәлімдеме жасады. Қ. Әбдірахманов 2017 жылдың қыркүйегінде Астанада Түркия төрағалығының аясында ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті өткенін еске салды.

Түркия Президенті Анкарада қос ел көшбасшыларының төрағалығымен жоспарланған Жоғарғы деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысы екі мемлекет арасындағы әмбебап ынтымақтастыққа үлкен серпін беретініне сенім білдірді. Қазақстан Түркияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі, сондықтан Р. Ердоған екі жақты тауар айналымын $10 млрд дейін ұлғайту туралы жаңа мақсат қоюды ұсынды.

Р. Ердоған Н. Назарбаевтың қолдауымен өтіп жатқан Сирия жөніндегі Астаналық үдерістің маңызын атап өтті. Түркия Президентінің пікірінше, бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырды. Оның айтуынша, кепілдік беруші елдер Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға тырысады. Бұл туралы Түркия, Ресей және Иран көшбасшылары 4 сәуірде Анкарада өткен кездесу барысында келісті. Түркия басшысы, сондай-ақ Қазақстанның рохинджа еліне гуманитарлық көмек көрсетуде қосқан үлесі үшін Н. Назарбаевқа алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Анкарада Қ. Әбдірахманов Түркия Парламентінің Төрағасы Исмаил Кахраманмен кездесу өткізді. Кездесу барысында парламентаралық байланыстар мен екі елдің халықаралық парламенттік ұйымдарда өзара іс-қимыл жасау мәселелері талқыланды.

Қазақстанның СІМ басшысы ірі түрік компанияларының өкілдерімен және Қазақстанның Түркиядағы құрметті консулдарымен дөңгелек үстел өткізді. Министр Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауында және «Бес әлеуметтік бастамасында» бекіткен экономикалық бастамалары туралы айтты. Министрдің айтуынша, Қазақстан Үкіметі заңнаманың тұрақтылығын бекіту, шетел инвесторларының қауіпсіздігін күшейту және елде бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту бағытында жұмыс атқаруда. Қ. Әбдірахманов ЕАЭО қызмет етуіне, «Бір белдеу және бір жол» бастамасын іске асыруға, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығын, «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықты және АT-стартаптар технопаркін іске қосуға байланысты мүмкіндіктерге назар аударуға шақырды.

Қазіргі таңда Түркияның іскерлік топтары Қазақстанның экономикасына $2 млрд аса қаражатты инвестициялады, ал Түркиядағы қазақстандық инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $1 млрд құрайды. Қазақстанның құрметті консулдықтары Түркияның Адана, Бурса, Невшехир, Мерсин провинциялары мен Алания қаласында қызмет жасайды.

Бұдан өзге, Қазақстанның СІМ басшысы сапар барысында алдыңғы қатарлы саяси орталықтардың басшыларымен және түрік бұқаралық ақпарат құралдарының шолушыларымен кездесіп, Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайлар туралы пікір алмасты.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысы өтті.

Отырыс барысында инвестициялық ахуалды жақсарту жəне Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту, көлік, логистика салаларындағы жаңа инновациялық жобаларға шетелдік инвестицияларды тарту мəселелері талқыланды.

Ашық диалог барысында күн тəртібі бойынша ҚР инвестициялар жəне даму министрі Ж. Қасымбек, ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі Р. Дəленов, Қазақстандағы АҚШ, Ұлыбритания, Канада елшілері Д. Крол, М. Гиффорд, Н. Бруссо, Қазақстандағы Еуропалық Одақ елшісі Т. Христеа, Қазақстандағы Америкалық сауда палатасының президенті К. Мак, Globalink Logistics Group компаниясының президенті С. Хан жəне т.б. сөз сөйледі.

www.primeminister.kz

17-19 сәуірде ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіне іссапармен барды.

Дипломат сапар барысында Қытай коммунистік партиясының Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, ШҰАА партия комитетінің хатшысы Чэнь Цюаньго, ШҰАА халықтық үкіметінің басшысы Шохрат Закир, Шыңжаң партиялық комитетінің саяси-құқықтық комиссиясының хатшысы Чжу Хайлун және аймақтың халықтық үкіметі партиялық тобының мүшесі Хуан Саньпинмен келіссөздер жүргізді.

Қазақстандық дипломат Қытай тарапына «Бір белдеу, бір жол» жобасын жүзеге асырудағы Қазақстанның рөліне тоқталып, Қазақстанның облыстары мен ШҰАӨ арасындағы аймақаралық дамудың қажеттілігін айрықша атап өтті.

Қос тарап терроризм, экстремизм және сепаратизмге қарсы күресу, құқық қорғау органдарының ынтымақтастығын нығайту, трансшекаралық өзендер саласындағы қарым-қатынас, экономикалық байланыстар, сонымен қатар транспорттық сала, консулдық қызмет тақырыптарын талқылады.

Қос ел арасындағы «алтын көпір» жағдайы, Қытайдағы қазақ диаспорасы, қос азаматтықты реттеу мәселелері бойынша пікір алмасу болды.

Қытай тарапы Қазақстанмен әрі қарай ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін білдірді, айта кетерлігі Қазақстан ШҰАӨ Орталық Азиядағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық саладағы ірі әріптесі болып табылады.

Қазақстандық делегация сапар барысында қытайлық іскер топтардың өкілімен кездесіп, индустриалдық және инвестициялық ынтымақтастық жайын талқылады.

ҚазАқпарат

Мұрағат

Сәуір
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту