Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №4

2024 жылдың 26 ақпан мен 3 наурыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Жұма, 1 наурызда, Мемлекет басшысы Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдады. Президент қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуал және ел экономикасының өсуін қамтамасыз ету жөніндегі жоспарлар туралы баяндаманы тыңдады. Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысына отандық тауар өндірушілерді қолдауды күшейту үшін қабылданып жатқан шаралар жайында мәлімет берді. Қазақстандық өнімдердің үлесін арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың, жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алу рәсімдерін жетілдіру жұмыстары басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өнеркәсіптің перспективті салаларын қарқынды түрде дамытуға ерекше назар аударылып жатыр.

  • Сонымен қатар Президентке Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысы туралы айтылды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

  • Сейсенбі, 27 ақпанда, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Ұлттық жоба 655 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанын салуды, 32 көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғыртуды, сондай-ақ ауылдағы денсаулық сақтау нысандары үшін 1 100 медицина қызметкерін даярлауды көздейді. Бүгінгі таңда 92 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің құрылысы аяқталған, 7 медициналық мекеме бойынша жұмыстар жалғасуда, жыл соңына дейін тағы 556 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

  • Үкімет басшысы Ұлттық жоба бойынша жағдайды жақсарту үшін жұмыс қарқынын барынша күшейту қажеттігін айтты. Атап айтқанда, әрбір объектінің құрылысын құжаттарды дайындау, қаржыландыру кезеңінен бастап, уақытылы тапсырғанға дейін күнделікті бақылауға алу қажет. Оған қоса Олжас Бектенов ұлттық жоба үшін жиһаз және құрылыс материалдарын жеткізуге отандық өндірушілерді тарту қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдары отандық тауарлар мен қызметтерді кеңінен сатып алып, өзіміздің қазақстандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге тиіс. 

  • Сол күні Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Онда 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шараны іске асыру көзделген. Аталған жоспар қала құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, экологиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

  • Олжас Бектенов қалаға жақын маңдағы елді мекендерде халық санының күрт өсуі мен елордаға күнделікті келіп-кететін адамдардың легі агломерацияның негізгі проблемасы екенін атап өтті. Бұл Астана қаласының инфрақұрылымы мен экологиясына және қауіпсіздігіне түсетін жүктемені едәуір арттырады. Адамдар елордаға жақын маңда тұрғысы келеді. Оны түсінуге болады. Алайда, мұндай көші-қон еңбек нарығына әсерін тигізеді, облыста жұмыссыздықтың өсуіне ықпал етеді. Сондықтан, аталған мәселелерді шешу үшін ауқымды жұмыс істеуге тура келеді. Ұсынылып отырған Кешенді жоспар осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. 

  • Үкімет басшысы Кешенді жоспарды іске асыру кезінде инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау керек екенін айтты. Бұл көлік-коммуникация, сауда-логистика, инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымның біртұтас кешенін құруға көмектеседі. Осылайша агломерацияның тірек қаңқасы қалыптасады.

  • Сәрсенбі, 28 ақпанда, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Астананың бірқатар инфрақұрылымдық, әлеуметтік және спорт нысанына барды. Үкімет басшысы «Интернациональный» тұрғын алабындағы қуаты тәулігіне 105 мың м3 болатын №3 жаңа сорғы-сүзгі станциясының жұмысымен танысты. Оның іске қосылуы елорданың ауызсу қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік берді. Олжас Бектенов инженерлік инфрақұрылым ұдайы озық қарқынмен дамуға тиіс екенін айтты. Проблемаларға жол берілмеуі керек. Сонымен қатар Премьер-Министрге Астананың басқа да тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің дамуы туралы баяндалды. Үкіметтің қолдауымен бірқатар жаңа нысан құрылысы аяқталды. Бүгінгі таңда 3-ші ЖЭО-ның бірінші кезегі, сондай-ақ қуаты сағатына 1 100 Гкал болатын «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» екі газ жылу станциясы іске қосылып, қаланың жылу беру қуаты 30%-ға ұлғайды.

  • Олжас Бектенов Төле би көшесіндегі 2 мың орынға арналған жайлы мектеп құрылысының барысымен танысты. Аталған нысанның ашылуы осы жылдың тамыз айына жоспарланған. Олжас Бектенов бұл жұмыстарда отандық өндірістің құрылыс материалдары мен жиһаздарын белсенді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Премьер-Министр ШЫҰ желісі бойынша және Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өтетін іс-шаралар кезінде пайдаланылатын Тәуелсіздік сарайы мен «Қазанат» ипподромының аумағындағы жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

  • Бейсенбі, 29 ақпанда, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің отырысы өтті. Отырыста 2023 жылға арналған Инвестициялық саясат талаптарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынылды. Холдингтің еншілес ұйымдары экономиканың шикізаттық емес салаларының кәсіпорындарына жалпы сомасы 2,8 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетті, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 45%-ға артық. 

  • Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жатпайтын 71 мыңнан астам компания мен ұйымға 2,5 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетілді. 2023 жылы АӨК саласын қаржыландырудың жалпы көлемі 665,2 млрд теңгені құрады. Холдингтің қолдау шараларының арқасында 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 3,8 трлн теңгенің өнімі шығарылды және қызметтер көрсетілді. Есептерді тыңдаған Үкімет басшысы «Бәйтерек» сатыпалым ережелерін отандық тауарлардың үлесін түбегейлі арттыру жағына қарай қысқа мерзімде қайта қарау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар елішілік құндылықты үнемі арттырып отыруы керек.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу