Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №134

2021 жылғы 18-24 қазан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 19 қазанда ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Отырыстың бірінші мәселесі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қатысты болды. Бірінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы коронавирус пен тұмауға қарсы егу науқанын жүргізуді жалғастыруды тапсырды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру барысы туралы екінші мәселені қарау аясында А. Мамин ауылдық аумақтарды дамытудың кешенді және бірыңғай тәсілін қамтамасыз етуді, 2025 жылға қарай нысаналы индикаторларға қол жеткізуді, сондай-ақ ауылдық жерлерде кредит қаражаттарына қажеттіліктің ұлғаюын ескере отырып, АӨК-ті тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

  • Сәрсенбі күні, 20 қазанда Үкімет басшысы ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысын өткізді. Премьер-Министр экономиканы цифрландыру, кадрлар даярлау және АT-саласын дамыту бойынша барлық жобалардың уақытылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

  • 21 қазанда А. Мамин Ақтөбе және Атырау облыстарына жұмыс сапары аясында «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» автожолын реконструкциялау барысын тексерді. Реконструкциялау нәтижесінде жыл соңына дейін 92 км жолда қозғалыс қамтамасыз етіледі. Қалған 185 км-де жер төсемі төселіп, жол төсемінің, көпірлер мен құбырлардың құрылымдық қабаттары салынады. Жұмыстарды 2022 жылы аяқтау көзделген.

  • Жұма күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанның Еуропалық Одақпен инвестициялық ынтымақтастығы бойынша диалогтың 8-отырысын өткізді. Онда экономиканың экологиялық тұрақты дамуы және климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселелері қаралды.

  • 23 қазанда ҚР Премьер-Министрі Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын реттеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,2%-ды құрады. Бұған жұмыртқа бағасының 1,3%-ға, сәбіздің 0,8%-ға және қанттың 0,7%-ға қымбаттауы әсер етті. Жұмыртқа бағасының ең көп өсуі Қарағанды (7,6%), Батыс Қазақстан (7,3%) және Ақмола (4,8%) облыстарында, сәбіз бойынша Алматы қаласында (4,5%), қант бойынша Қарағанды облысында (5,5%) тіркелді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу