Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №127

2021 жылғы 30 тамыз – 5 қыркүйек аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 3 қыркүйекте Шығыс экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен СБЕР компаниялар тобының басшысы Герман Греф Қазақстан Республикасының цифрлық трансформациясы, цифрландырудың платформалық моделіне және «Data-Driven Government» тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путиннің қатысуымен бейнеконференция байланысы форматында өтті. Құжат Қазақстанда GovTech цифрлық платформасын енгізу, деректерді талдау және жасанды зерде бойынша практикаларды қолдана отырып, мемлекеттік басқарудың реинжинирингі және цифрлық трансформациялау бойынша ынтымақтастықты дамытудың негізгі тәсілдерін көздейді. Цифрлық архитектураның платформалық моделі халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға жол ашады.

  • Бейсенбі күні, 2 қыркүйекте, ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Қазақстан халқына арнаған жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Үкімет басшысы Жолдаудың негізгі басымдықтарының бірі азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйін жақсартып, әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.

  • 31 тамызда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласында BINOM және Quantum STEM School инновациялық мектептерінің ашылуына қатысты. BINOM-да оқыту отандық модель мен Финляндия, Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяның алдыңғы қатарлы халықаралық жүйелері негізінде ұйымдастырылған. Жобаны BI Group холдингі Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша жүзеге асырып жатыр. Елордада ашылған Quantum STEM School жекеменшік желісінің алғашқы инновациялық мектебі математика, ғылым және инженерия пәндерін тереңдетіп оқытатын Сингапур мен АҚШ-тың үздік оқу әдістемелерінің озық тәжірибесіне негізделген. Мұнда оқушылар жалпы білім беру пәндерімен қатар, интеграцияланған инженерлік бағдарлама, спорттық бағдарламалау, авиамодельдеу және т. б. курстарын меңгереді. Алдағы жылдары бүкіл ел бойынша 20 Quantum STEM School салу жоспарда бар.

  • Сол күні Асқар Мамин Airbus концернінің вице-президенті Альберто Гутьерреспен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстанда концерн шығаратын әскери және азаматтық әуе кемелеріне қызмет көрсететін және жөндейтін сертификатталған орталық құру жобасын іске асыру мәселесін талқылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу