Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №114

2021 жылғы 24-30 мамыр аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 26 мамырда ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың төрағалығымен өткен елдің электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес жұмысына қатысты.

  • 24 мамырда Премьер-Министр А. Мамин жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Риддер қаласында Үкімет басшысы биылғы 10 мамырда өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездесті, сондай-ақ оларға арналған тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Аягөз қаласында Асқар Мамин автомобиль жолдарын реконструкциялау барысын қарап, «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС кеңейту жобасымен танысты. Премьер-Министр Глубокое ауданының Солнечный кентінде «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС тауарлы-сүт фермасын, егіс алаңдарын және ауыл шаруашылығы техникасын қарап шықты. Семейде Асқар Мамин «Qazaq astyq group» ЖШС май экстракциялық зауытының күнбағыс дәнін қайта өңдеу желісінің жұмысын бастап берді. Сондай-ақ Семей қаласында Үкімет басшысы «Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығында» болды.

  • Сейсенбі күні ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Онда елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру барысы қаралды. Бірінші мәселе бойынша Үкімет басшысы халықты вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды, ҚР ДСМ-ге ҚР ЦДИАӨМ-мен бірлесіп, «Ashyq» қосымшасын «Вакцинация» модулімен және «Egov» вакцинация паспортымен интеграциялау бойынша жедел шаралар қабылдау тапсырылды. Екінші мәселені қарау қорытындысы бойынша А. Мамин ЖҚЖК барлық бағыттарын сапалы әрі уақытылы іске асыруды, сондай-ақ инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

  • 27 мамырда Премьер-Министрдің төрағалығымен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша Директорлар кеңесі даму стратегиясына түзетуді және холдинг құрылымын оңтайландыруды мақұлдады.

  • Сол күні Минск қаласында Қазақстан Үкіметінің басшысы Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Роман Головченкомен келіссөз жүргізді. Экономиканың түрлі салаларындағы, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктердің өзара іс-қимылы шеңберіндегі екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру перспективалары талқыланды.

  • 28 мамырда Минск қаласында Асқар Мамин ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Отырыс барысында ТМД аясындағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері және ТМД-ның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Экономикалық даму стратегиясының бірінші кезеңін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қаралды. Отырыс аяқталған соң қорытынды құжаттарға қол қойылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу