Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №106

2024 жылғы 22-28 қаңтар аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 23 қаңтар, сейсенбіде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты жағдай қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов шұғыл түрде республикалық жедел штаб құрылғанын баяндады. Дәл осындай штабтар аумақтық деңгейде ашылып, психологтардың қатысуымен «жедел желі» байланыс телефондары ұйымдастырылды.
  • Үкімет басшысы әкімдіктерге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе, төтенше жағдайларды жою бойынша іс-шаралар жоспарын пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ ол зардап шеккендердің еміне қажет барлық шараларды қабылдау керектігін атап өтті. ТЖМ-ге жағдайды тұрақты бақылауда ұстауын тапсырды. 
  • Үкімет отырысында кәсіпорындарда экологиялық талаптарды сақтау мәселелері қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев атап өткендей, өткен жылдың қорытындысына сәйкес шығарындылар бойынша норматив 3,3%-ға, төгінділер бойынша 8%-ға дейін төмендеуіне қол жеткізілді. 
  • Үкімет басшысы кәсіпорындардың экологиялық міндеттемелерін сақтауын қамтамасыз етуді, оның ішінде су ресурстарының ластануының алдын алуды талап етті. Сондай-ақ ол бекітілген өңірлік жол карталары мен табиғатты қорғау іс-шаралар жоспарларын іске асыруды жалғастыру керектігін және өнеркәсіптік кәсіпорындарда ESG стандарттарын енгізу бойынша нақты шараларды әзірлеу қажеттігін атап өтті.
  • Үкімет отырысында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру шаралары талқыланды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2023-2025 жылдарға арналған ғылымның жалпы бюджеті алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есе 643 млрд-қа дейін өскенін баяндады. Бұл ретте 2024-2026 жылдарға көзделген бюджет тағы 13%-ға өсіп, шамамен 730 млрд теңгені құрайды. 
  • Әлихан Смайылов 1 наурызға дейін жобаларды коммерцияландыру барысында күтілетін нәтижелерді нақтылау үшін Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларын өзектендіруді тапсырды. Оған қоса Үкімет басшыс жыл соңына дейін әкімшілік процестерге реинжиниринг жүргізіп, кедергілерді азайтып, ғылыми жобаларды іріктеудің барлық кезеңін автоматтандыруды, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді сатып алуды бір орталықтан жүргізуді талап етті.
  • 24 қаңтар, сәрсенбіде Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанаға делегациямен келген Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан өңірлері мен Башқұртстан арасындағы өнеркәсіп кооперациясын нығайту жөніндегі шаралар, сондай-ақ Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі тереңдету мақсатында ауыл шаруашылығы, логистика, білім беру және туризм салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
  • 25 қаңтар, бейсенбіде Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Негізгі түйткілді мәселелер және агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша ұсынылып отырған шаралар туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндама жасады. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз ету жоспарлары туралы айтты. Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа шараларын талқылауға Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Жамбыл және басқа облыстардың әкімдері қатысты.
  • 26 қаңтар, жұма күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында импортты алмастыруды дамыту және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері қаралды. Биыл жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 180 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, Павлодар облысында ферроқорытпа зауыты, Қостанай облысында жүк көліктеріне арналған темір бөлшектер шығаратын зауыт, Павлодар облысында ұсталық-бандаж кешені, Алматы облысында тұрмыстық техника шығаратын зауыт және Қарағанды облысында жел энергетикасы қондырғыларына арналған құрамдас бөліктер шығаратын зауыт.
  • Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Отырыс барысында тексеру шаралары басталатын жаңа тұлғаларды тиісті реестрге енгізу мәселелері талқыланды. Бұған дейін реестрге енгізілген кейбір тұлғалар бойынша кінәсін мойындау және заңсыз алынған мүлікті өз еркімен қайтару туралы процессуалдық келісім жасау жоспарлануда. Бұдан бөлек, реестрдегі жекелеген субъектілердің және оларға үлестес тұлғалардың шығу тегі түсініксіз мүлкін мемлекет кірісіне аударуды мәжбүрлеу туралы талаптар қойылады. Премьер-Министр талқылау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.
  • Бұдан бөлек, жұма күні Қостанай облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов машина жасау саласының бірқатар өндіріс орындарын аралады. Үкімет басшысы жылына 70 мыңға дейін көлік шығаратын Kіа автомобиль зауытының құрылысымен танысты. Әрі қарай Премьер-Министр Allur зауытында Chevrolet Оnix автокөлігінің өндірістік жоспарымен танысып, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын, компоненттер мен қосалқы бөлшектер шығаратын «АгромашХолдинг KZ» локализация орталығына барды.
  • Премьер-Министрі Қостанай облысындағы «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасының іске асырылу барысымен танысып, дәнді-бұршақты дақылдарды өңдейтін жаңа кәсіпорында болды. Сонымен қатар А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті базасындағы Qostanai ІТ Hub-қа барды және шығармашыл жастар өкілдерімен кездесті. Аймаққа жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өткен кеңесте Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды.
  • 27 қаңтар, сенбі күні, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Harmony Capital Strategy AMC, Citius Capital AG, Torkam Holding және Marsel Group компанияларының басшыларымен кездесу өткізді. Орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен тұрғын үй және медициналық мекемелер құрылысы, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, көлік инфрақұрылымын жақсарту және т.б. салалардағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу