ҚР Үкіметінің отырысы, 23.02.2021

—  Үкімет отырысында ҚР Үкіметі, ҚР Ұлттық банкі және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы макроэкономикалық саясаттың 2021-2023 жылдарға арналған шараларын үйлестіру бойынша келісім, тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері және орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2021 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы қаралды.

— 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев және Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов баяндады. 

— Премьер-Министр Үкімет пен қаржы реттеушілерінің келісілген іс-қимылдарын қазіргі жағдайларда қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтіп, барлық мүдделі мемлекеттік органдарға Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім іс-шараларының белгіленген мерзімде сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

— Тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, «Отбасы банкі» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, «Qazaq stroy» ЖШС атқарушы директоры Нұрлан Артықбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндама жасады.

— ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин осы жылдың 25 наурызына дейін тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдерді іске асыру және биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізу үшін заңнамаға түзетулер енгізу туралы заң жобасын Үкіметке енгізуді тапсырды.

— Су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндады.

— Үкімет басшысы бір ай ішінде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мерзімдерін және су қоймаларын толтырудың қауіпсіз көлемін анықтауды, қар шығару, арықтарды, нөсер кәріздерін тазарту, уақытша жер үйінділері мен бөгеттерді тұрғызу жұмыстарының уақытылы жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу