Үкіметте қазақстандық спортшылардың Сочидегі XXII Олимпиада ойындарына дайындығы талқыланды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2014 жылы Сочиде өтетін XXII қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрама командасының дайындығы мәселесі талқыланды.

Сочидағы Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылардың дайындығы барысы туралы Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі Агенттіктің төрағасы Тастанбек Есентаев баяндады.

Агенттік басшысының айтуынша, әлемнің 80 елінен 5 мыңнан астам спортшы мен ресми өкілдер қатысып, 15 спорт түрінен 98 медальдар жиынтығы сарапқа салынатын Сочидағы Олимпиада ойындарына дайындық үшін Республикалық жедел штаб құрылған.

Олимпиада құрамасына кандидаттарды дайындаудың қортынды кезеңінің жеке жоспарлары бекітіліп, Олимпиада ойындарындағы спорттық нәтижелер индикаторлары мен межелеген міндеттер анықталды.

Т.Есентаевтың сөзіне қарағанда, ұлттық құрама команда 8 спорт түрі бойынша өнер көрсетеді. Қазақстанның олимпиада құрама командасының әлеуеті - шаңғымен жарысу, биатлон, фристайл-могуле, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, сноуборд сияқты 6 спорт түрінен бәсекелесуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ спортшылардың алдына тау шаңғысы спорты, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, шана спорты бойынша да үздік нәтижелер көрсетіп, лицензиялар иемдену міндеті қойылып отыр.

Агенттік басшысы атап өткендей, бүгінгі күнге 33 спортшы 7 спорт түрлері бойынша Олимпиада ойындарына қатысу құқығын иеленді. Лицензиялық кезең аяқталғанға дейін 10 спорт түрі бойынша 40-тан астам лицензия алу көзделуде.

«Қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құраманың алдына Ванкувердегі Олимпиада ойындарындағы спорт көрсеткіштерін жақсарту, яғни екеуден кем емес әр түрлі құндылықтағы медальдар иемденіп, жалпы командалық есепте 20-23 орындарға шығу міндеті қойылып отыр»,-деді Т.Есентаев.

Агенттік басшысы сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Халықаралық Олимпиада Комитетіне 2022 жылы Алматыда XXIV қысқы Олимпиада ойындарын өткізу туралы өтінім тапсырылғаны туралы хабарлады.

Отырысты қортындылай келе, Үкімет басшысы олимпиадалық ойындардағы спорттық нәтижелердің мемлекеттің беделі мен салиқалы имидждік көрсеткіші ретіндегі маңыздылығына тоқталып, қазақстандық спортшылардың алдағы Сочидағы сайыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету қажеттігін атап көрсетті.

Осыған орай, Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі Агенттікке Олимпиада жарыстарымен қатар, Паралимпиада ойындарына еліміздің құрама командаларын сапалы дайындау жүктелді.

С.Ахметов сондай-ақ баспасөз орталығын ұйымдастыру және ұлттық құраманы қолдап-жігерлендіру үшін бірегей ұйымдасқан топ ретінде жанкүйерлердің қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу