Қазақстанда жүйелі шаралардың арқасында азық дақылдарын өсіру алқабы 2 есе ұлғаяды — Е. Қарашөкеев

Ауа райы факторларының ауыл шаруашылығы өндірісіне теріс әсерін болдырмау, сондай-ақ мал шаруашылығының азықтық базасын дамыту мақсатында егіншілікте нақты әртараптандыру ісі жүзеге асырылады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады. 

«Бұл үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жер пайдаланушылардың қазіргі заманғы цифрлық технологияларды, ғарыштық мониторинг пен Жерді қашықтықтан зондтауды, әртараптандыру процесін мемлекеттік реттеу шараларын пайдалана отырып, жалдау шарты шеңберінде өздеріне қабылдаған міндеттемелерді орындауын бақылау тетіктері әзірленетін болады. Нәтижесінде азықтық дақылдарды өсіру алаңының ауыспалы егістегі үлесі ғылыми негізделген нормаларға дейін жеткізіліп, кемінде 2 есе ұлғаяды», — деді ауыл шаруашылығы саласының басшысы.

Бұдан басқа, жайылымдарды тиімді пайдалану мақсатында оларды бақылаудың жаңа әдістері, тиісті мемлекеттік қолдау шаралары барынша пайдаланылатын болады.

Сондай-ақ жайылымдарды түбегейлі және жеңіл-желпі жақсарту, сонымен қатар суландырудың барынша тиімді модельдерін қолдана отырып, жаңа жайылымдық жерлерді айналымға тарту арқылы жайылымдардың өнімділігін арттырудың жаңа тәсілдемелері әзірленіп, енгізіледі.

Бүгінгі таңда елімізде шамамен 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық бар, олар 2020 жылдың қорытындысы бойынша 2,6 трлн теңгеге өнім немесе бүкіл ауыл шаруашылығы өнімдерінің 41,5%-ын өндірді. Қолда бар әлеуетті ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» Заң жобасы әзірленетін болады.

Аталған заң жобасын қабылдау жеке қосалқы шаруашылықтарды жүргізу кезінде туындайтын қатынастарды реттеуге, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ұтымды пайдаланылуына, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтардың мемлекеттік қолдау шараларына кеңінен қол жеткізуіне мүмкіндік береді

«Тұтастай алғанда, жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы іске қосу жоспарлануда, ол жеке қосалқы шаруашылықтар мен шағын бытыраңқы фермерлерді азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қажеттіліктерімен тік және көлденең кооперация тізбектері арқылы байланыстыруға мүмкіндік береді. Кооперацияның «бірге – күштіміз» қағидаты ауылдағы ұсақ тауарлы өндірістің бәсекелік артықшылықтарын арттыруға мүмкіндік береді», — деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, бұған Жамбыл облысы халқының табысын кооперация арқылы ауқымды және тиімді арттыру жөніндегі пилоттық жобаның оң нәтижесі дәлел. Қазіргі уақытта министрлік әзірленіп жатқан Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаға Жамбылдың пилоттық жобасын Қазақстанның барлық өңірлерінде қолдануды енгізіп отыр. Оны іске асыру үшін Ұлттық жобада 2023-2025 жылдарға 90 млрд теңге көзделген.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ветеринария жүйесі түбегейлі реформаланатын болады. 

Біріншіден, мемлекеттік монополия функцияларының бір бөлігін бәсекелі ортаға беру жоспарланып отыр, бұл осы салаға жеке капиталдың келуін қамтамасыз етеді.

Екіншіден, ветеринариялық қызмет жұмысы цифрлық форматқа көшіріледі, сол арқылы бір жағынан эпизоотиялық ахуалдың қадағалануы мен мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ал екінші жағынан, цифрландыру ветеринар мамандарды қағазбастылықтан босатып, негізгі функцияларын орындауларына мүмкіндік береді.

Үшіншіден, орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасында өкілеттіктер нақты бөлінетін болады. Сонымен қатар, ветеринар мамандардың жалақысын көтеру мәселесін шешу жоспарлануда.

Бұл бастамаларды іске асыру үшін ветеринария саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар әзірленеді. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы мемлекеттік қолдау жүйесіне де елеулі түзетулер енгізу жоспарлануда, олар:

  • мемлекеттік қолдау бағыттарын оңтайландыруға;
  • өндіріс көлемдеріне қарамастан, барлық субъектілерге мемлекеттік қолдау бағыттарын қолжетімді етуге бағытталады;
  • мемлекеттік қолдау түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге, саланы техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруға арналатын болады. 

Бұл жұмыс мал шаруашылығын субсидиялаудан бастап, кезең-кезеңімен жүргізіледі.

«Бұдан басқа, бизнес үшін егіс алқаптарын әртараптандыру, ауыл шаруашылығының жалпы өнімін ұлғайту, еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ жерді ұтымды пайдалану талаптарын орындау сияқты қарсы міндеттемелерді кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр», — деді ол.

Субсидияның тиімділігіне жүйелі түрде мониторинг жүргізу мақсатында Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тиімділігі әдістемесі қабылданатын болады. 


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу