ШОБ-ты қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді — Ә. Смайылов Президент Жолдауын іске асыру туралы

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында а.ж.  қыркүйекте Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру шаралары туралы айтып берді. 

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында экономиканы тұрақтандыруға және жаңа жағдайда елдің орнықты дамуына бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын белгілеп берді.

Президент айтқандай, бүгінгі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу.

Осы міндетті сапалы орындау үшін Үкіметтің қаржы-экономикалық блогының жұмысы келесі негізгі бағыттар бойынша жүргізілетін болады.

 

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша

Ә. Смайылов атап өткендей, «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыты шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнеске қосымша көмек көрсету мақсатында соңғы қарыз алушы үшін жылдық 6%-ға дейін жеткізе отырып, ШОБ-тың қолданыстағы кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жүргізілетін болады. Субсидиялау ТЖ режимі жарияланған сәттен бастап 12 ай кезеңін қамтиды

Ә.Смайылов бүгінде шағын және орта бизнеске берілетін жаңа несиелер жеңілдікті мөлшерлеме бойынша субсидияланатынын атап өтті. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерінде бұрын жоғары мөлшерлеме бойынша алынған көптеген қолданыстағы несиелер бар.

«Бұл бизнеске, әсіресе, олардың қызметіне қатысты шектеу шараларын енгізу жағдайында үлкен жүктеме әкеледі. Бизнеспен кездесу барысында бизнес бұл несие бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендету мәселесін негізгілердің бірі ретінде қойды. Сондықтан Мемлекет басшысы зардап шеккен секторлардағы барлық ШОБ субъектілеріне олардың кредиттері бойынша төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап, яғни  2020 жылғы 16 наурыздан 2021 жылғы 16 наурыз аралығында 12 ай ішінде жылдығы 6%-ға дейін субсидиялаумен қолдаудың қосымша шараларын көрсету туралы шешім қабылдады», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Бизнес-ахуалды одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар кешені қабылданатын болады. Бұл тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыруды, барлық реттеуші талаптарды тексеруді және оларды қысқартуды қамтиды.

Қазіргі уақытта реттеушілік апелляция институтын енгізу, оны Кәсіпкерлік кодексіне бекіту бойынша шаралар әзірленуде.

ШОБ субъектілері ағымдағы жылдың соңына дейін республикалық және коммуналдық меншік объектілері бойынша жалдау төлемдерін төлеуден босатылады. Осындай шаралар квазимемлекеттік сектор объектілері бойынша қабылданатын болады.

Зардап шеккен салалардағы ШОБ субъектілері ағымдағы жылдың соңына дейін зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру қорына және медициналық сақтандыру қорына ЕТҚ-дан аударымдарынан босатылады.

Орта шикізаттық емес кәсіпорындарға бағытталған экспорттық акселерация бағдарламасы іске қосылады.

Кәсіпкерлікті қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді, ол айналым капиталын жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша несиелеу көлемін 800 млрд теңгеге дейін жеткізеді және бұл бағдарламаны 2021 жылдың соңына дейін ұзартады.

«Жоғарыда аталған барлық шаралар ЖІӨ-дегі ШОБ үлесін 35%-ға дейін және 2025 жылға қарай ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санын 4 млн адамға дейін арттыру бойынша міндеттерге қол жеткізуге ықпал етеді», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

 

Инвестицияларды ынталандыру бойынша

Заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық мерзіміне стратегиялық инвестициялық келісімдер енгізілетін болады.

Кәсіпкерлік және Салық кодекстеріне, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтар туралы Заңға түзетулер енгізіледі.

Инвесторлармен стратегиялық келісімдер жасасу мүмкін болатын инвестициялық жобалардың пулы қалыптастырылатын болады. Әрбір ірі инвесторға жеке көзқарас қамтамасыз етіледі.

Инвестициялық жобаларды іске асыру процесінде қазіргі заманғы инфрақұрылымды, ағылшын құқығын және преференциялық салық және көші-қон режимдерін ұсынатын АХҚК әлеуеті белсенді пайдаланылатын болады.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2025 жылға қарай ЖІӨ-ге қатысты 30%-ға дейін жеткізілетін болады.

 

Мемлекеттік басқару жүйесі бойынша

Мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің саны ағымдағы жылдың соңына дейін 10%-ға, келесі жылы тағы 15%-ға қысқаратын болады. Осылайша, келесі жылдың соңына дейін олар 25%-ға дейін қысқартылады.

Экономикадағы жеке сектордың көлемін кеңейту үшін жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі жаңа жоспары қабылданады.


Салық-бюджет саясатын жетілдіру бойынша

Салық міндеттемелерін орындауды оңайлату және салықтар мен төлемдердің санын азайту мақсатында салық заңнамасына толық тексеру жүргізілетін болады. Бұл жұмыс басталып та кетті.

ШОБ үшін неғұрлым зардап шеккен секторларда айналымнан бөлшек салық төлеу құқығы енгізілетін болады.

«Экономиканы әртараптандыру және бюджетті толықтыру үшін салық ставкаларын саралау мүмкіндіктері қарастырылады. Үкімет жаңа бюджет саясатын әзірлеуге ерекше назар аударатын болады», — деді Ә. Смайылов.

Түйінді бюджеттік коэффициенттер мен қағидалар жиынтығы, бюджет саясатының тиімділігі мен орнықтылығын бағалау әзірленетін болады.

«Кеңейтілген бюджетті» енгізумен бюджеттен тыс қорларды шоғырландырылған бюджетке енгізу жолымен мемлекеттік қаржыны кешенді бағалауды енгізу жоспарлануда.

Нәтижесінде, бюджеттік жоспарлаудың жаңа тәсілдері мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі ұлттық басымдықтарды неғұрлым толық іске асыруды қамтамасыз етеді.

 

Көлеңкелі экономика бойынша

Президенттің тапсырмасын орындау үшін көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жоспары өзектендірілетін болады.

Оффшорлық юрисдикцияларға ақша аударымдары бөлігінде заңнама жетілдірілетін болады.

Ағымдағы жылдың соңына дейін ЭЫДҰ елдерінің салық органдары арасында жеке және заңды тұлғалардың қаржылық шоттары туралы алғашқы ақпарат алмасуды жүзеге асыру жоспарлануда. Тиісінше, еліміздің резиденттері бойынша алынған мәліметтерге талдау жүргізіледі.

Сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру жөніндегі жұмыс жандандырылып, жалғастырылатын болады.

Қазірдің өзінде тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі құрылуда.

Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап темекі өнімдерін таңбалау енгізіледі.

Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесі үнемі кеңейтілетін болады, бұл экономикадағы, әсіресе, саудадағы көлеңкелі айналымды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» Заң жобасы әзірленді. Оны қабылдау және барлық рәсімдерді электрондық форматқа көшіру сатып алудың ашықтығы мен айқындығын арттырады (электрондық шарттар, орындау туралы актілер және шағымдану және т.б.).

Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП жанынан түрлі қолданыстағы сатып алу алаңдарының базасында «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталы құрылды.


Өңірлік даму бойынша

Әрбір нақты өңірдің бәсекелестік артықшылықтарын ашу жөніндегі шараларды қамтитын елдің теңгерімді өңірлік дамуына жаңа тәсілдер әзірленетін болады.

Ол үшін 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамудың болжамды схемасына тиісті өзгерістер енгізілетін болады.

Ауылдардағы өзекті инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталған «Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асыру жалғасады.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру және «халықтық қатысу бюджеттерін» дамыту шеңберінде ауылдық округтер бюджеттерінің қаржылық мүмкіндіктері кеңейтілетін болады (салықтар мен төлемдердің 4 түрін беру).

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленетін болады. Осы Тұжырымдама шеңберінде ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу, жергілікті мемлекеттік басқарудың мүліктік құқықтарын және мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады.

«Мемлекет басшысының Жолдауында ел дамуының нақты басымдықтары айқындалған. Қойылған міндеттер толық және уақтылы жүзеге асырылады», — деді Ә.Смайылов.

 

Президент тапсырмасын іске асыру үшін қанша қаражат қажет?

Ә. Смайылов сондай-ақ Мемлекет Басшысының тапсырмаларын қаржыландыру мәселелеріне түсініктеме берді.

«Президенттің Жолдауда айтылған бірқатар тапсырмалары тиісті қаржылық қамтамасыз етуді талап етеді. Ағымдағы жылдың республикалық бюджетінде белгілі бір қаражат қарастырылған. Мысалы, 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасын құруға 30 млрд теңге қарастырылған. Үкімет резервінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға компьютерлік техника сатып алуға 70 млрд теңге бөлінді», — деді Ә. Смайылов.

Қазіргі уақытта 2020 жылғы бюджетті нақтылау шеңберінде ағымдағы жылы шығыстарды қосымша қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, медицина қызметкерлеріне қосымша үстемеақы, дәрі-дәрмек сатып алу және басқа да шығындар бойынша қамтамасыз ету қарастырылған.

«Алдын ала бағалау бойынша, ағымдағы жылы қосымша қажеттілік шамамен 300 млрд теңгені құрайды. Ал 2021 жылдың бюджетінде Президент тапсырмаларын орындауға Жолдаудан 1,6 трлн теңге қарастырылған. Бірінші кезекте бұл медициналық қызметкерлердің, мұғалімдердің жалақысын арттыруға, ШОБ несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға, республикалық маңызы бар жолдарды салу мен қайта жаңартуға, “Ауыл — ел бесігі” бағдарламасына жұмсалатын шығыстар», — деді Ә.Смайылов.

Жекелеген тапсырмалар бойынша қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен бірлесіп шығындар нақтылануда. Осы қосымша шығындар бойынша шығыстардың көзі біздің бюджеттің шығыс бөлігін оңтайландыру, көлеңкелі экономиканы азайту жөніндегі жұмыстан қосымша түсімдер, салық салынатын базаны кеңейту, экономика мен кәсіпкерлікті дамыту есебінен бюджетке түсетін түсімдер, жеке инвестициялар болып табылады.

Брифинг барысында Ә. Смайылов журналистердің көлеңкелі экономикамен күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы сұрағына жауап берді.

«Біз көлеңкелі экономиканы азайту бойынша жоспарлы жұмысты жүзеге асырудамыз. Оның көлемі біртіндеп төмендейді. Бұрын сараптамалық бағалау оның ЖІӨ-нің 40% деңгейінде болатынын болжаған болса, бүгінде көлеңкелі экономика деңгейі ЖІӨ-нің 23,7%-ын құрайды», - деді ол.

Үкімет қабылданған жоспарға сәйкес көлеңкелі экономика деңгейін төмендету жөніндегі кешенді шараларды іске асыруда, ол: салықтық және кедендік әкімшілендіруді автоматтандыруға және цифрландыруға; қолма-қол ақшасыз есеп айырысуларды дамытуға; қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл жасауға; заңнаманы жетілдіруге бағытталған іс-шараларды көздейді.

Мәселен, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру шеңберінде ақпараттық жүйелер кешені болып табылатын тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі құрылды.

Әрбір ақпараттық жүйе қадағалау кезеңдерінде өз рөлін атқарады, біреуі тауарды айналымға құжаттық енгізуге жауап береді (Астана-1), басқалары кейінгі қозғалысты бақылайды («ЭШФ» АЖ, тауарды таңбалау), үшіншісі (онлайн-БКМ) тауарды соңғы тұтынушыға сату кезінде айналымнан шығаруға жауап береді.

«Мұның бәрі бюджет кірістерін ұлғайтуға және экономикадағы көлеңкелі айналымды азайтуға мүмкіндік береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджетке өткен жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге артық кіріс есептелді. Оның 920 млрд теңгесі — тек осы саладағы салықтық-кедендік әкімшілендіруді жақсарту және цифрландыру есебінен», — деді Ә. Смайылов.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә. Смайылов Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі жаңа агенттіктің немен айналысатынын айтты. Оның айтуынша, жаңа ведомствоға Ұлттық экономика министрлігінің функцияларының бір бөлігі беріледі.

 

Жаңа агенттік туралы

«Президент жанынан құрылып жатқан Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік функцияларды қайта бөлу, яғни жекелеген функцияларды Ұлттық экономика министрлігінен беру есебінен құрылады. Атап айтқанда, бұл стратегиялық жоспарлау мәселелері бойынша функциялар, мемлекеттік басқару бойынша жекелеген мәселелер және мемлекеттік статистиканы дамыту мәселелері», — деп хабарлады Ә.Смайылов.

Осы агенттіктің қызметі крсетілген функцияларды орындауға арналған қазіргі бар шығыстарды қайта бөлу есебінен қаржыландырылатын болады. Бөлу балансы жасалады, ол ағымдағы жылдың бюджетін нақтылау және қазір Мәжілісте жатқан заң жобалары шеңберінде келесі үш жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде ескерілетін болады.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу