Соңғы 3 жылда облыс экономикасына 1,4 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталды — Түркістан облысының әкімі

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде, тарих көзімен қарағанда, аз ғана мерзімде жаңашыл мемлекетіміздің негізі қаланды, қоғамдық сана жаңғырды, Отанымыз өркендеді. Сонымен қатар егемен еліміздің мәртебесі әлемдік деңгейге көтерілді, әр өңірде ірі жобалар іске асырылды. Бұл туралы  Орталық Коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

Әкімнің айтуынша, Түркістан облысында ірі экспорттаушыларға және экономикалық өсімнің жарқын көрсеткіші айналған «Кентау трансформатор зауыты», «ҚазақБитум», «Күйдірілген кірпіш өнімдерін шығаратын Бөкей», «Нимекс мақта тазалау зауыты», «Мақта өңдеу зауыты», «Ордабасы құс фабрикасы», «Құрғақ түйе ұнтағын шығаратын Golden Camel», «Балық өнімдерінің өндірісі Хамит и К», «DalaFruit» сияқты компаниялар құрылды. Бұдан басқа 300-ге жуық кәсіпорын ашылып, онда 23 мыңға жуық адам жұмыс атқаруда.

Индустрияландыру картасы аясында (2010-2020 жж.) 140 млрд теңгеден астам қаржыға 122 жоба іске асырылды. 7 340 тұрақты жұмыс орны ашылды. Ең үлкен жетістік – өңірде газ, су, электр энергиясы секілді жүйелі мәселелер өз шешімін тапты. Жекеменшік сектор дамыды, өнеркәсіптің құрылымы өзгерді. 

Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті айтатын болсақ,  30 жылдың ішінде елімізде кәсіпкерліктің саны 1,4 млн-ға жетті. Олардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейін Түркістан өңірінде жұмыс істейді (143 732). 

«Қолдау бағдарламаларының арқасында облыстағы кәсіпкерлер 282 млрд теңгеге жеңілдетілген несие алды. 41,7 млрд теңгеге 310 жоба мақұлданып, жобалар саны бойынша өңірлер арасында Түркістан облысы көш бастады», — деді Ө. Шөкеев.

Ал, әлеуметтік қолдау саласындағы реформалардың арқасында 30 жыл ішінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі тиісінше 60,9%-дан 10%-ға дейін қысқарды. Аз қамтылған отбасылар үшін 1997 жылы тұрғын үй көмегі, 2002 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек, 2006 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға ай сайынғы жәрдемақы енгізілді.

«Біз өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін еңбек белсенділігін ынталандыратын саясатқа көштік деп айтуға болады. Осылайша, жұмыссыздық деңгейі 14,3%-дан 5,1%-ға дейін, ал жастар арасында 16,2%-дан 3,7%-ға төмендеді», — деді облыс басшысы.

Ендігі кезекте облыстағы тұрғындар үшін елеулі және айтулы ірі жобаларға тоқталған ол Сырдария өзенінен ұзындығы 430 м дейін жететін «Тәуелсіздік көпірі» салынғанын атап өтті. Бұл көпірдің маңыздылығы – Өзбекстанмен шекаралас орналасқан Жетісай және Мақтаарал аудандарын республикалық А-15 автожолымен тікелей байланыстыруға мүмкіндік берді. 

«Бұған дейін 3 ауданның 350 мың тұрғындары Өзбекстан Республикасы аумағы арқылы шекарадан өтіп, облыс орталығына жетуге мұқтаж болатын. Бүгінде халық игілігіне қызмет жасап жатқан көпір аталған мәселені түбегейлі шешті. Бұған қоса, Жетісай мен Мақтаарал халқын Шардара су қоймасы арқылы облыс орталығымен байланыстыратын «Арнасай айналма жолы» пайдалануға берілді», — деді Ө. Шөкеев.

Ташкент, Алматы және Қызылорда бағытында Түркістан облысының аумағындағы ұзындығы 448 шақырымға созылатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі салынды. Қазір осы магистральдағы жүк айналымы 2,5 есеге артқан және ол өңір тұрғындары үшін табыс көзіне айналған. Ресми статистика бойынша аталған жол 190 млрд теңге жиынтық нәтиже береді, ол ішінара осы өңірге тиесілі. 

Тәуелсіздік жылдары жалпы облыс аумағында 8 000 шақырымнан аса автомобиль жолдары мен елді мекен көшелері және 71 көпір құрылыс-жөндеу жұмыстарынан өткізіліп, халықтың игілігіне берілді. Нәтижесінде, қанағаттандырарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 87%-ға жетті.

Сырдария бойындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін «Көксарай су реттегіші» іске қосылды. Бұл жоба өзенінің бойындағы ауылдарды су басу қаупі мәселесін шешіп қана қоймай, экологиялық жағдайға да әсер етті. Сонымен қатар, бұл жерде қосымша 38 мың га лимандық жайылым жер пайда болып, аумағындағы аудандарда мал саны 2 есеге көбейді – жылқы саны 24 мың бастан 49 мың басқа яғни 2,2 есе, ірі қара мал 73 мың бастан 155 мың басқа 2 есе, уақ мал 694,5 мың бастан – 1050,7 мың басқа 1,5 есе артты.

Биыл қуаңшылық әсер еткен Арыс қаласы, Сарыағаш, Келес аудандарындағы 3,0 мың бас ІҚМ, 20,0 мың бас қой-ешкі, 2 мың бас жылқы жайылуда. Бұдан бөлек, су қойма маңында балық шаруашылығын дамыту мақсатында а.ж. «First Fish Company» ЖШС-ына жылына 1,2 мың тонна тауарлы балық (сазан, амур, судак, т.б.) өндіру үшін 46,0 мың га жер беріліп, үш айда 230 тонна балық өндірілді.

Оңтүстік өңірді табиғи газбен қамтуға мүмкіндік беретін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры салынды. 

«Бұл магистралдың біздің өңір үшін маңызы өте зор. Себебі халықты табиғи газбен қамтамасыз ету үшін газдың күш қуаты жеткіліксіз болатын. Сондықтан бірінші кезекте осындай магистралды газ құбыры болу керек еді. Міне, жылдар бойы күткен үмітіміз ақталды. Аталған газ құбырынан 239 е.м., 582 304 халық газ тұтына алады. Бүгінгі таңға 56 е.м., 290 808 халық осы газ құбырынан қамтылған. Қалған 183 е.м., 291 496 халық алдағы уақытта қамтамасыз етілетін болады», — деді Ө. Шөкеев.

Сонымен қатар, өңірде 573 мектеп, (215 мың орынға) 84 балабақша, 503 денсаулық сақтау нысаны, 55 мәдениет және 28 спорт нысаны пайдалануға берілді. Халық саны өсті, Түркістан облыс орталығына айналды. Бұл – Тәуелсіздіктің айтарлық бір жемісі.

Түркістан қаласы туристік орталық ретінде жанданды. Орта Азия мен Қазақстандағы теңдессіз тарихи жәдігер киелі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орын тепкен қасиетті мекен бүгінде рухани және мәдени, туризм кластеріне үлкен сұранысқа ие болып отыр. Дамудың жаңа сатысына көтерілген Түркістанның жаңа мәдени-әлеуметтік және әкімшілік орталығында түрлі ғимараттар бой түзеп келеді. Енді Түркістан түркі жұрты ғана емес, дүние жүзі туристері келетін шаһарға айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биыл 1 қыркүйекте «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты кезекті Жолдауын жариялады. Жолдаудың басым бөлігінде пандемиядан кейінгі кезеңдегі елімізді одан әрі дамытуға үлкен назар аударылып отыр.

Бүкіл дүниені дүр сілкіндірген коронавирус індетінің таралуын тоқтату және науқастарды емдеу ісінде өңірде орасан жұмыстар атқарылды. Түркістан облысы коронавирустың таралу қарқыны бойынша жыл бойы «жасыл аймақта» болған елдегі жалғыз аймақ. Бұл ретте бірлескен ұжымдық жұмыс пен дәрігерлердің еңбегі орасан зор.

«Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты, жұқпалы ауруханаларда дүрлікпе жоқ, төсек-орындардың көпшілігі бос. Вируспен одан әрі күресу үшін өңірде бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – жаңа көпсалалы аурухана салу. Сонымен қатар, аймақта жаппай вакциналау науқаны аяқталуға жақын. Бүгінде 1 млн астам тұрғын COVID-19-ға қарсы екпені алды. Облысымыз аурушаңдық көрсеткіші бойынша жасыл аймақта. Ел тұрғындарын қажетті дәрілік заттар мен арнайы қорғаныш құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген», — деді әкім.

Халықтың 1 046 130 адам вакцинаны салдыруға жатады. Вакцинаның 1 031 870 дозасы жеткізілді. Белгіленген 150 егу пункттерінде І-компонентін 1 013 456 адам немесе 98,2%, ІІ компонентін 956 712 адам немесе 92,7% алды.

Сонымен қатар, «ASHYQ» мобильді қосымшасы халық арасында кеңінен қолданылуда. Қазіргі уақытта, 9465 кәсіптік нысан «ASHYQ» жобасымен жұмыс атқаруда. 

Түркістан облоысының әкімі осы жылдың 10 айында облыстың маңызды әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өсімі сақталғанын атап өтті.

Бірінші, инвестиция тарту бойынша, соңғы 3 жылда облыс экономикасына 1,4 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталып, 5 есеге өсті. Жалпы, облыс құрылғалы бері құны 396 млрд теңгеге 6 300 жұмыс орнын ашумен 114 инвестициялық жоба іске қосылды. Биылғы 10 айда инвестиция көлемі 479 млрд теңгені құрады (жоспар 800 млрд теңге). Жыл басынан 166 млрд теңгеге 26 жоба іске қосылып, 1,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 

Екінші, өнеркәсіп саласы бойынша. Түркістан облыс болып қайта құрылған кезде өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың басым бөлігі Шымкент қаласында қалып қойды. Сондықтан басты мақсат облыста өндіріс саласын қайта құру болды. 

Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында жеке инвестиция есебінен ірі жобалар іске атқарылуда. Өңірдегі ең белгілі инвестор – отандық «Саутс Ойл» ЖШС компаниясы 7 инвестициялық жобаларын жүзеге асыруда. Атап айтқанда:

  • «Састөбе» химия кешені – 136,6 млрд теңге (каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, цемент өндіру. Іске асыру мерзімі 2021-2023 жылдар, жұмыс орны – 1 000);
  • Мұнай өңдеу зауыты – 130 млрд теңге (5 класты мотор отынын және мұнай-химия өнімдерін өндіру). Қуаты жылына 2 млн тонна көмірсутек шикізатын өңдеу бойынша мұнай-химия комбинаты (іске асыру мерзімі  2021-2022 жылдар, жұмыс орны – 650);
  • Фосфор кендерін өңдеу зауыты – 129,9 млрд теңге (іске асыру мерзімі 2022-2025 жылдар, жұмыс орны – 1 120);
  • Тұрмыстық техника өндірісі – 36 млрд теңге (іске асыру мерзімі 2021-2023, жылдар, жұмыс орны – 2 163);
  • Натрий цианидін өндіретін зауыт – 25,8 млрд теңге (іске асыру мерзімі 2021-2023 жылдар, жұмыс орны – 300);
  • Мыс барлау және өндіру зауыты – 216,6 млрд теңге (іске асыру мерзімі 2022-2025 жылдар, жұмыс орны - 1000).

Жобалардың 5-уі Түркістан облысында жүзеге асырылуда. Осылардың ішінде ерекше атап өтуге болатыны – құны 1,5 млрд теңге құрайтын көмір-химия комбинаты салынды. Ол қазіргі ең инновациялық технологияны енгізумен көмірден мұнай өнімдерін шығаруға бағытталған.

Бұдан бөлек, қазіргі уақытта өнеркәсіп саласында 61,7 млрд теңге құрайтын, 4000 жұмыс орнымен 50-ден астам кәсіпорын ашылды. Жыл соңына дейін 3 637 жұмыс орнын құрумен 427,8 млрд теңге құрайтын 22 кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда, облыс бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 530 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,2% құрады (2021 ж. жоспар – 565 млрд теңге).

Үшінші, ауыл шаруашылығы саласы бойынша. 805,3 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 129 млрд теңгеге артық (100,1%). Ауыл шаруашылығы дақылдары 842,4 мың га алқапқа егілді.

Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде көкөніс, бақша, картоп өнімдерінің түсімділігі орташа 20 ц өсіп, өткен жылдан 500 мың тоннаға артты. Рекордтық көрсеткіш 3,3 млн тонна өнім жиналды. Жаңадан 105,3 га жылыжай салынып, жалпы көлемі 1440 га құрады. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы аясында 8,9 мың га алқапта 2 878 жоба іске асып, 280 мың тонна көкөніс өнімі жиналды.

«Түркістан облысының республиканың басқа өңірлерімен ерекшелігі – күннің ыстық және жылы күндерінің ұзақ болуында. Біз осы табиғи климаттық ерекшелікті пайдаланып, агроқұрылымдарға бір алқаптан 1 жылда 2-3 өнім алу тәжирибесін енгіздік. Алғашқыда 2019 жылы 107 жобаны іске асырып, барлық агроқұрылымдарды жинап, көзбен көрсетіп, түрлі семинарларда тиімділігін дәлелдедік. Жобаның тиімділігі бұрын шаруалар бір гектардан 2 млн теңге дейін табыс тапса, қазір олардың табысы 7 млн теңгеге ұлғайды. Биылғы жылы жобаға 133 ауылдық округ қатысты», — деді Ө. Шөкеев. 

Республика бойынша суармалы жерлердің 3/1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі (548,2 мың га). Ағын суды тиімді пайдалану мақсатында ылғал үнемдеу технологияларын енгізу жолға қойылды.

Бүгінгі таңда облыста 4 мың га алқапта жаңбырлатып суғару және 25,5 мың га алқапта  тамшылатып суғару технологиялары ендірілді. Бұдан бөлек, соңғы 2 жылда ұзындығы 172 шақырым болатын 23 каналға жөндеу және 241 шақырым болатын 121 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 92 мың га суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.

Мал шаруашылығында мал басы мен өнімділігі 4-5%-ға артып, 291,4 млрд теңгеге өнім өндіріліп, өсім 103,5% құрады. Ет экспорты бойынша облыс республикада 1-орын алады. 24 мың тонна ірі қара мал, 2,3 мың тонна қой еті экспортталды.

«Биыл ауа райының қуаңшылығына байланысты болған мал азығы тапшылығын жою мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде мал азығын дайындау жоспары 108%-ға орындалып, 4 млн тоннадан астам азық жиналды», —  деді облыс басшысы.

Төртінші, кәсіпкерлік саласы бойынша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуы тиіс екендігін атап өтті. Соған орай, облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 144 мыңға жетіп, соңғы 3 жылда 17 мыңға артты. Өндірілген өнім 1,6 есеге ұлғайып, шамамен 400 млрд теңгені құрады (өсім бойынша республикада 1 орынға ие). Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 22%-дан асты (жоспар – 21,9%).

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі 2,8 есеге артып, 11 млрд теңгеге жетті (2020 ж. – 2,9 млрд теңге). Қаржының басым бөлігі жергілікті бюджет есебінен бөлінді.

Бесінші, құрылыс саласы бойынша. Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 209,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,7%-ға артты. «Нұрлы жер» бағдарламасы тұрғын үй құрылысына үлкен қарқын берді. 10 айда 503,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2,2%-ға ұлғайды. 

«Бағдарлама аясында барлық қаржы көздері есебінен 232 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде (12 727 пәтер, 853,4 мың м2). Биыл бюджет есебінен 42 тұрғын үй құрылысын тапсыру жоспарлануда (2 645 пәтер, 161,1 мың м2). Нәтижесінде, 549 көпбалалы және әлеуметтік осал отбасы баспанамен қамтылады. Ал, 2 096 отбасы жеңілдетілген несие арқылы пәтер сатып алу мүмкіндігіне ие болады», — деп нақтылады облыс әкімі.

Жалпы, облыста 1 517 көппәтерлі тұрғын үй бар. Аталған көпқабатты үйлер мүлік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестік құру қажет болатын. Бүгінгі таңға, қажетті 1 329 басқарушы ұйымы құрылып, жоспар толық орындалды (34 – мүлік иелерінің бірлестігі, 1 295 – жай серіктестіктер). 

Алтыншы, білім беру саласы. Облыста 945 мектепте 509,7 мың бала оқиды. Апатты және үш ауысымды мектептің мәселесін шешу мақсатында биыл облыста 78 мектеп құрылысы жүргізілуде.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай 130 жаңа мектеп салу жоспарланған, оның ішінде биыл 47 мектеп салыну күн тәртібіне енгізілген. Бүгінгі таңда 42 мектептің құрылысы аяқталды.Бағдарлама аясында жыл сайын 108 мектеп жаңғыртудан өтетін болады», — деді Түркістан облысының әкімі.

Сонымен қатар, тереңдетілген бағытта білім беру жүйесін дамыту мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігімен 4 Binom School мектебі салынады. Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталды. 700 оқушыға арналған 500 орындық жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде.

Оқушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін 906 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Оның 559 мектебінің бейнекамерасы полицияның жедел басқару орталығына интеграцияланды.

Жетінші, әлеуметтік сала бойынша. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жыл басынан 80 315 адам жұмыспен қамтылып, 14,4 млрд теңге бағытталды (жоспар - 101 000 адам, 20,5 млрд теңге). Бағдарлама аясында мүгедек азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында 2 501 адам жұмысқа орналасты: 1 232 адам – тұрақты жұмыспен, 1 2 25 адам – уақытша жұмыспен, 44 адам – қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтылды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 34,5 млрд теңгеге 58 жоба іске асырылып, 1 872 жұмыс орны құрылды, жоспар – 2 347. 41,6 мың отбасыға (230 мың адам) 11,2 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, оның ішінде еңбекке жарамды 47 мың адам жұмыспен қамтылды. Аз қамтылған отбасылардағы 1-6 жастағы 43,8 мың балаға 1,7 млрд теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік пакет берілді.

Мүгедек азаматтарды оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтермен қамтуға 4,5 млрд теңге қарастырылып, 80%-ға қамту жоспарлануда. Бұл көрсеткіш бүгінде 72%-ға жетті. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта құру үшін 2 868 нысанға бейімдеу жүргізілді. 14 мемлекеттік мекемеде 7 320 мұқтаж азаматтарға қызмет көрсетуде.

«Қосымша 200 орындық оңалту орталығының құрылысына 219 млн.теңге бөлінді. Нысан құрылысы келесі жылы аяқталады деген жоспар бар», — деді әкім.

Сегізінші, таза аузы сумен қамтамасыз ету. Осы мақсатта 60 нысанның құрылысына бюджеттен 12,7 млрд теңге бөлініп, биыл 27 нысан пайдалануға беріледі. Қалған 33 нысан 2022 жылға өтпелі. Нәтижесінде, 20 елді мекен ауыз сумен қамтылса, 11 елді мекеннің су құбырлары қайта жаңартылады.

Жыл қорытындысымен облыстағы 841 елді мекеннің 717 елді мекені (7 қала, 710 ауылдық елді мекен) ауыз сумен қамтамасыз етіліп, қамту деңгейі 1,9 млн тұрғынды құрайды немесе 94,5%-ға жетеді.

Алдағы 5 жылда 144 елді мекенді (121,8 мың адам) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету, 209 елді мекендегі (624,9 мың адам) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартып, 100%-ға жеткізу жоспарлануда.

Тоғызыншы, табиғи газбен қамту бойынша. 2021 жылы 89 нысанның құрылысына 14,4 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 29 нысан пайдалануға беріледі. Жыл қорытындысымен, 448 елді мекен (53,2%) немесе 1 млн 340 мың халық (65,5%) табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Алдағы 5 жылда қосымша 299 елді мекенді табиғи газға қосып, қамту деңгейін 85,6%-ға жеткізіледі.

Оныншы, облыс халқын электрмен жабдықтау бойынша. 2021 жылы 54 нысанның құрылысына 8,5 млрд теңге қаржы бағытталды, биыл 7 нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 13 елді мекен немесе 13,5 мың тұрғын сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтылады. 

«Облыста жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында қуаты 215,1 МВт болатын 19 жоба іске асырылды. Оның ішінде қуаты 13,8 МВт болатын 6 шағын су электр станциясы және қуаты 201,3 МВт болатын 13 күн электр станциясы бар. 10 айда жаңартылатын энергия көздері нысандары 326,3 млн кВт сағат электр энергия өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда 51%-ға артық көрсеткішке жетті», — деді облыс әкімі.

2021-2023 жылдары жалпы қуаты 97 МВт болатын 7 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Түркістан облысын дамыту кешенді жоспарына сәйкес 2022-2025 жылдары Қазығұрт ауданы Өгем өзенінде қуаты 100 МВт болатын каскадты ГЭС құрылысы жүргізілетін болады.

Он бірінші, Түркістан қаласын дамыту бойынша. Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту жұмыстары атқарылуда. Ол үшін қаланы дамытудың арнайы кешенді жоспары әзірленіп, Үкіметпен бекітілді.

«Соңғы 3 жылда атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. Жалпы, соңғы 3 жылда 536 жоба іске асырылып, оның 251 нысанның құрылысы аяқталып пайдалануға тапсырылды. Халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды, оларды өзара байланыстыратын Б. Сәттарханов даңғылы қайта жөндеуден өтті. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды», — деді Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев.

Газ мәселесін айтатын болсақ, бұған дейін табиғи газбен қамту деңгейі 26% болса, бүгінгі таңда қала аумағы көгілдір отынмен 100% қамтамасыз етілген. 

Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында, арнайы жасыл белдеу құрылып, қазіргі таңда 13 мың га жерге 3,5 млн түп ағаш егілді. Бұл жұмыстар өз кезегінде қаланың экологиялық ахуалын жақсартып және жасыл экономика бағдарламасына оң септігін тигізуде.

Түркістан қаласында халық 100% таза ауыз сумен қамтасыз етілмеген және суғармалы су жоқтың қасы болатын. Осы мәселерді шешу мақсатында бірінші кезекте халықты ауыз сумен қамтамасыз ету қолға алынды. Екі ірі жобаны іске асырудың арқасында бүгінгі таңда 2050 жылға дейін халық саны 500 мың адамға жетеді деген болжаммен бұл мәселе түбегейлі шешілді.

Ағын су жағдайы бойынша. Түркістан қаласына 234 млн текше метр ағын су жетіспейтін болатын. Оның себебі – бар суды жинап, толықтай Түркістанға дейін жеткізу мәселесі қолға алынбаған еді. Осы мәселені шешу үшін Түркістан қаласына 248,8 млн текше метр ағын су жеткізуді қолға алынды. Олар:

  1. «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасы арқылы 60 млн м3 су үнемделеді және қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады, жоба құны – 16,5 млрд теңге. Бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, бүгінгі күні 43 шақырым каналды бетондау жұмыстарының нәтижесінде 22 млн м3 су үнемделіп, 1,5 шақырым канал бойы абаттандырылды.
  2. Жаңадан «Кеңсай – Қосқорған-2» су қоймасын салу арқылы 31,0 млн м3 ағын су жеткізіледі, жоба құны – 5,7 млрд теңге. Нәтижесінде қазіргі таңда үлкен дамбы биіктігі 26 метрге дейін көтеріліп, 90% бетонмен қапталды. Көктем мезгіліндегі тасқын сулардың ысырабына жол берілмей, 5 млн м3 су жиналды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы толығымен аяқталады.
  3. «Арыс-Түркістан магистралды арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» арқылы 52,8 млн м3 ағын су жеткізіледі, жоба құны – 30,2 млрд теңге.
  4. Жаңадан «Сарқырама» су қоймасын салу арқылы 65 млн м3 ағын су жеткізіледі, жоба құны 7,4 млрд теңге. 
  5. Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобасы арқылы 40 млн м3 ағын су жеткізіледі, жоба құны – 20 млрд теңге.
  6. «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасының құрылысы жүргізілуде, жоба құны – 2,3 млрд теңге). Бұл жоба алдағы уақытта облыстың экологиялық жағдайын жақсартуға оңды ықпалын тигізетін болады. 34 шақырым ұзындыққа бөгет жасалып, биылдың өзінде 261 млн м3 су көлге тасталды. Бүгінгі күннің өзінде көл аумағының фаунасы өзгеріп, табиғи құстар шоғыры пайда болғанын байқауға болады.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласы айналасында 11 мың га алқапқа азық-түлік белдеуі қалыптастырылуда. Жоба толығымен жаңбырлатып суғару технологиясымен жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңға 163 шағын агроқұрылымдар кооперативтерге бірігіп, 2 мың га алқапқа 47 бірлік жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатты. Бұл технология дақыл түріне қарай ағын су шығынын 2 есе азайтумен қатар, өнімділікті 3 есеге арттырады.

Жалпы азық-түлік белдеуі аясында құны 39,8 млрд теңгені құрайтын 7 серпінді инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Ө. Шөкеевтің айтуынша, Түркістан қаласын одан ары қарай дамуының 2-кезеңі 4 аумақта жүзеге асырылатын болады: 

  • 1-аумақ: әуежай аумағында 12 жоба іске асырылады. Оның ішінде 100 орындық қонақ үй, 3 ұшаққа арналған аңғар, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады;
  • 2-аумақ: әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жобаны салу жоспарлануда. Атап айтқанда, теннис орталығы, мұз сарайы, ат спорты кешені, демалыс орындары және инженерлік инфрақұрылым. Сондай-ақ, 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласында 570 орындық көпбейінді аурухана, жедел медициналық жәрдем станциясы, және Ана мен бала орталығы салынады;
  • 3-аумақ: Б. Сәттарханов даңғылында спорт кешені, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 га универститеттік ботаникалық бақ салынады;
  • 4-аумақ: мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарлануда.

Бұдан бөлек, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджі қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Хилует» мәдени-рухани орталығы салынады.

Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңіне салынатын инвестиция көлемі – 1,3 трлн теңге, оның 1 трлн теңгесі немесе 77%-ы жеке инвестиция болып табылады.

Жаңа Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жеткізіледі.

«Біздің басты мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар ары қарай да өз жалғасын табады», — деп түйіндеді өз баяндамасын Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу