«Нұрлы жол» бағдарламасы Қазақстанды қалай өзгертіп жатыр: заманауи автомагистральдар және жаңа бағыттардың ашылуы

Қазақстанда «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы белсенді түрде іске асырылып жатыр. Мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжылдығын аяқтау қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автожолдардың үлесі 88%-ға және жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 71%-ға дейін жеткізілді. Республиканың жол инфрақұрылымы қалай өзгергенін, автожолдарды салу және қайта жаңарту қай кезеңде тұрғанын шолу материалынан оқыңыздар.

 

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру 

2020 жылы 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңін іске асыру басталды. Жалпы пайдаланымдағы автожолдардың 9,8 мың шақырымы (оның ішінде: республикалық желінің құрылысы мен реконструкциясы – 4 мың шақырым және жөндеу – 1,8 мың шақырым, жергілікті желінің жөнделуі – 4 мың шақырым) құрылыс, реконструкция және жөндеу жұмыстарымен қамтылды.

Республикалық желінің жолдарында құрылыс жұмыстарымен 4 мың шақырым қамтылды. Орындалған жұмыстардың қорытындысы бойынша 2,6 мың км қозғалыс қамтамасыз етілді, күрделі және орташа жөндеу шеңберінде 1,8 мың км қамтылды, оның 1,1 мың км пайдалануға берілді (0,7 мың км өтпелі жобалар).

Жергілікті желі жолдарында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамту 4 мың км құрады, оның ішінде 2,7 мың км аяқталды. Осы жобаларды іске асыру республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда нормативтік жай-күйдегі жолдар үлесін тиісінше 89 және 75 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Биыл жол-құрылыс жұмыстарымен 8,4 мың км қамтылды, оның ішінде республикалық желі бойынша 5 мың км, оның ішінде 3,6 мың км қайта жаңарту және 1,4 мың км жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті желінің жолдары мен көшелерінде 3,4 мың км жол-құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

9 айдың қорытындысы бойынша келесі жұмыстар аяқталды:

  • Республикалық желіні салу және қайта құру шеңберінде 1,4 мың км жолда жұмыстар аяқталды.
  • Жыл соңына дейін 2,2 мың шақырым жол аяқталады.
  • Бүгінгі күні күрделі және орташа жөндеу жұмыстары 452 км (күрделі жөндеу – 74 км, орташа жөндеу – 378 км) аяқталды.

Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жергілікті желі жолдарында құрылыс және жөндеу бойынша орындалған жұмыстар есебінен 1,4 мың км жолда жұмыстар аяқталды. Жыл қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 90%-ы, жергілікті маңызы бар жолдардың 80%-ы нормативтік жағдайға келтіріледі (2020 жылдың қорытындысы бойынша 89%).

Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 2025 жылға қарай 95%-ға дейін арттыру қажет.

Осы жұмыстар аясында 2020 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті желінің жағдайы 75%-ға дейін жақсарды.

2021 жылы жергілікті желіні дамытуға республикалық бюджеттен қаржыландырудың жалпы көлемі және жергілікті бюджетті ескере отырып, қаржыландыру паритеті бойынша 301 млрд теңгені құрайды:

  • Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға 163 млрд теңге;
  • Республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына 138 млрд теңге.

Бөлінген қаражат есебінен биылғы жылдың соңына дейін жол жөндеу жұмыстарының барлық түрлерімен шамамен 3,4 мың км автожол қамтылатын болады. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша 2021 жылдың соңына қарай нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесін республика бойынша жалпы алғанда 80%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс әкімдіктері өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарларын әзірлеп жатыр. Онда облыстық және аудандық жолдар мен елді мекендердің көшелерін жақсарту бойынша жұмыстар көзделеді. Бүгінгі таңда республикалық желінің құрылыс, қайта жаңарту, күрделі және орташа жөндеу объектілерінде бес сатылы сапа бақылауы (тапсырыс беруші, мердігердің сапа қызметі, техникалық қадағалау, авторлық қадағалау және ұлттық сапа орталығы) іске асырылды. Сапаны бақылауды тексеру үшін тиісті аттестатталған зертханаларда пайдаланылатын материал сыналады. Бұл тәжірибені жергілікті және көше-жол желісінің автожол жобаларында толық көлемде пайдалану қажет.


Пандемия мен қабылданған карантиндік шаралар жол құрылысының қарқынына қалай әсер етті

Пандемияның басталуы және карантиннің енгізілуі 2020 жылдың наурыз-сәуір айларында болды және құрылыс маусымының басталуымен сәйкес келді.

Осылайша, автожол жобаларын уақытылы іске асыру мақсатында пандемия кезеңінде өңіраралық қозғалысқа шектеулер енгізілуіне байланысты құрылыс материалдарына кедергісіз қол жеткізу үшін «жасыл дәліз», сондай-ақ құрылыс объектілеріне, оның ішінде карантиндегі қалалар мен өзге де елді мекендерде орналасқан құрылыс объектілеріне 1 325 бірлік арнайы техника мен 2 577 адам персонал қамтамасыз етілді.

Осылайша, пандемия жағдайына қарамастан, барлық жұмыс орындары сақталды, олардың саны 200 мың адамды құрайды (құрылыс объектілерінде 100 мың адам, шектес салада 100 мың адам).

Жалпы, 2020 жылы жол-құрылыс жұмыстары өндіріс кестесіне сәйкес жүргізіліп, жоспарланған міндеттерге қол жеткізілді.

Нұр-Сұлтан қаласын өңірлермен шұғыла қағидаты бойынша байланыстыратын 4 жолақты жүрдек автомагистраль құрылысы жалғасуда.

Орталық-Шығыс дәлізі бойынша Павлодар қаласына дейінгі жолды І техникалық санатқа қайта жаңарту жұмыстары аяқталды.

Солтүстік бағытта Петропавл қаласына дейін қайта жаңарту жұмыстары аяқталды, келесі жылы Петропавл – РФ шекарасынан Қорғанға дейінгі учаскені аяқтау жоспарлануда.

Орталық-Оңтүстік дәліздерін, «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күрті – Қапшағай» учаскелерін реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін Балқашқа дейінгі (363 км) учаскенің негізгі жұмыстарын аяқтау және 2023 жылдың соңына дейін Орталық-Оңтүстік дәлізін қайта жаңартуды аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» батыс аймағында жалпы ұзындығы 800 км-ден астам жұмыстар жүргізілуде, онда биылғы жылы «Қандыағаш – Мақат» учаскесінде жұмыстар аяқталады.

 

ШҚО, Алматы және Қарағанды облыстарындағы автожолдарды қайта жаңарту

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстарының аумағында мемлекеттік емес қарыз қаражаты есебінен жалпы ұзындығы 1 714 км «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күрті – Қапшағай» автомобиль жолдары қайта жаңғыртылуда.

Ұзындығы 768 шақырым болатын «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары 2019 жылы басталған. Бүгінгі күні жұмыстар учаскенің барлық ұзындығында жүргізілуде, жер төсемін төгу, негіз қабаттарын орнату және жол төсемін төсеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жасанды құрылыстарды орнату бойынша жұмыстар қолға алынған. Биылғы жылы жұмыстарды 2022 жылы аяқтай отырып, дәліз бойынша қозғалыс қамтамасыз етіледі.

Ұзындығы 946 км «Қарағанды – Алматы» учаскесі «Қарағанды – Балқаш», «Балқаш – Бурылбайтал», «Бурылбайтал – Күрті» және «Күрті – Қапшағай» қайта жаңартудың төрт негізгі учаскесін қамтиды. Жобада 4 жолақты қозғалысы бар I-б техникалық санатқа ауыстырумен және қарама-қарсы қозғалыс ағындарын бөлетін тосқауыл қоршауы бар жолды реконструкциялау көзделген.

Қазіргі уақытта учаскелерде толық ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлік ұйымдар жер төсемін орнату, айналма жолдарды салу, жол төсемінің конструктивті қабаттарын салу, сондай-ақ жасанды құрылыстарды орнату бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр.

«Қарағанды – Алматы» учаскесі бойынша жұмыстарды 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Концессия шартына сәйкес ҮАААЖ құрылыс-монтаждау жұмыстарының мерзімі 50 ай ішінде орындалуы тиіс.

Құрылыс кестесіне сәйкес 2023 жылдың соңына дейін жол жабынын орнату жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Бұл ретте, Министрлік құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың соңына дейін аяқтау және жобаны толық іске асыру мерзімін 1 жылға қысқарту үшін бар күшін салады.

Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жолдың барлық ұзындығында жүзеге асырылып жатыр. Электрмен жабдықтау және газбен жабдықтау желілерін шығару, су өткізу құбырларын орнату, жер қазу және көпір жұмыстары жүзеге асырылады.

Шарттардың талаптарына сәйкес осы жобалар бойынша жұмыстарды 2022 жылы аяқтау көзделген. Биылғы жылы дәліз бойында қозғалысты ашу бойынша үлкен жұмыс көлемін орындау жоспарланып отыр, бұл осы автожолдарды пайдаланушылар үшін қолайлы қозғалысты қамтамасыз етеді. Жобалардағы жұмыстарды жеделдету мақсатында мердігерлік ұйымдар жұмыстарды екі ауысымды жұмыс режиміне көшірді. Көктемгі кезеңде жол-құрылыс материалдарын дайындауға ерекше көңіл бөлінді.

 

Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс Қазақстан облысының автомобиль жолдарының желісі 11 924 км құрайды, оның ішінде 3 414 км – республикалық, 3 186 км – облыстық және 5 324 км – аудандық маңызы бар жолдар. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 2021 жылдың қорытындысы бойынша 89%-ға жеткізу жоспарда бар.

Жалпы, жергілікті маңызы бар жолдарды және елді мекендердің көшелерін жөндеуге және күтіп-ұстауға 2021 жылы 24,2 млрд теңге, оның ішінде 50/50 тепе-тең қаржыландыру шеңберінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеуге 3,7 млрд теңге бөлінді.

Жалпы пайдаланудағы жолдардың 180 км жөндеумен қамтылған, оның ішінде 86 км – облыстық маңызы бар жолдар, 94 км – аудандық маңызы бар жолдар. Жөндеу жұмыстарымен «Большенарым – Күршім" жолының 11 шақырымы, «Мақаншы – Жалаңашкөл» жолының 20 шақырымы, «Аягөз – Қарауыл – Семей-Қайнар" жолының 11 шақырымы, «Омбы – Майқапшағай – Шілікті – Ақжар» жолының 20 шақырымы, «Күршім – Қалжыр» жолының 15 шақырымы, «Таврия – Каменка – Тройницкое» жолының 10 шақырымы, «Сөгір – Барлық – Ақсу» жолының 14 шақырымы, «Күршім – Ақсуат –Жолнұсқау» жолының 27 шақырымы, «Семей – Курчатов» жолының 9 шақырымы қамтылды. Сондай-ақ Құйған-Жалаңаш аудандық жолдары, Тассай ауылына кіреберіс, Үлкен Бөкен-Көкжайық-Үлгілімалшы жолы қамтылды.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ШҚО аумағында мемлекеттік емес қарыз қаражаты есебінен жалпы ұзындығы 869 км болатын 615-1073 км «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және 906-1321 км «Қалбатау-Майқапшағай» автомобиль жолдары қайта жаңғыртылып жатыр. Қалалар мен аудандардың көше-жол желісіне 213 км көшелерді жөндеуге 13 млрд теңге қарастырылған.

Бүгінгі таңда перспективалы тірек ауылдық елді мекендерді, әсіресе шекара маңындағы және бұрынғы аудан орталықтарындағы ауылдарды дамыту өзекті мәселе болып табылады. Ауылдарға апаратын жолдарды, сондай-ақ кентішілік жолдарды жөндеуге биылғы жылы 32 елді мекендегі 145 км көшелерді жөндеуге 3,5 млрд теңге бөлінді.

Ұзындығы 454 шақырым болатын «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» жобасы бойынша «CITIC Construction Co., LTD», «К-Дорстрой» АҚ, сондай-ақ «Todini Central Asia» ЖШС мердігер компаниялары тартылған. Жобаның жалпы құны 161,6 млрд теңгені құрайды. Жолдың 304 км учаскесінде қозғалыс ашылды.

Қайта құру учаскелерінде 1 131 адам жұмылдырылып, 740 бірлік техника пайдаланылды. 7 қосалқы мердігерлік ұйым тартылды.

Бүгінгі таңда 9,8 млн м3 жер төсемі, 346 км негізі, 304 км асфальт, сондай-ақ 292 дана су өткізу құбырлары мен мал өтпелері, 16 дана көпір мен жол өтпелері бар.

Ұзындығы 415 км «Қалбатау – Майқапшағай» жобасы бойынша «ҚазГерСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымдары және «Синьсин» құрылысы бойынша қытайлық компания тартылды.

Жұмыс басталғаннан бері жобаның жалпы құны 157 млрд теңгені құрады.

Қазіргі уақытта жолдың 127 шақырымында қозғалыс ашылды. Қазіргі уақытта 1185 адам тартылып, 532 бірлік жол-құрылыс техникасы жұмылдырылды.

Құрылыс жұмыстарына 10 қосалқы мердігерлік ұйым тартылды, 7 асфальтбетон зауыты және 7 ұсақтау-сұрыптау қондырғылары жұмыс істейді. 1 125 мың м3 қиыршық тас, 9,7 мың м3 ТБИ, 17,1 мың т битум жол-құрылыс материалдары дайындалды.

7,4 млн м3 жер төсемі, 209 км негізі, 127 км асфальт салынды, сондай-ақ 254 дана су өткізу құбырлары мен мал өткелдері, 8 дана көпір мен жол өтпелері салынды.

«Өскемен – Алтай – Үлкен Нарым – Қатон-Қарағай – Рахман қайнарлары» республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскесін реконструкциялау" жобасы бойынша тұрақты жер пайдалану құқығына актілер алынды және әділет органдарында тіркелді. Қайта құру жобасы 2015-2017 жылдары әзірленгендіктен, содан бері жол-құрылыс материалдары мен ЖЖМ қымбаттады, жобаның сметалық бөлігін түзету қажеттілігі туындады. Биылғы жылы ҚР Қаржы министрлігіне жобаны түзетуге жататын жобалар тізбесіне енгізу туралы өтінім жолданды. ЖСҚ түзету рәсімінен өткеннен кейін және мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алғаннан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланады.

«Семей – Қайнар» автожолы бойынша биылғы жылы орташа жөндеумен жалпы ұзындығы 62 км 132-182 км және 208-220 км учаскелері қамтылды. 132-182 км учаскесінде ресайклерлеу әдісімен орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер – «Автодорсервис" фирмасы» ЖШС барлық ұзындықта ресайклерлеу жұмыстарын жүргізді, 11 км-де жабын салынды.

208-220 км учаскесінде ресайклерлеу әдісімен орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер – «Гордорстрой» ЖШС 9 км жолды ресайклерлеумен айналысты, 8 км жабын салынды.

2021 жылы Үржар ауданында 0-20 км «Таскескен – Бақты» автожолын қайта жаңарту учаскесі пайдалануға берілді.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қысқа мерзім ішінде «Тереза» ЖШС мердігерлік ұйымы Өскемен қаласының халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды аяқтады.

Жүргізілген жұмыс есебінен ұшу-қону жолағы 2 800 метрге дейін ұзартылды, ені 60 метрге дейін ұлғайтылды. Ескі асфальтбетон жабынын толық ауыстыру жұмысы жүргізілді, жарық-сигналдық жабдықтың жаңартылған жүйесі орнатылды.

Қайта жаңарту жұмыстары Қазақстан Республикасының Азаматтық авиация әуеайлақтарының пайдалануға жарамдылық нормаларының талаптарына және Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес жүргізілді. Әуежайдың жүк әлеуетін арттыру үшін биылғы жылы тәулігіне 30 тонна жүк терминалы мен 100 тонна жүкті уақытша сақтау қоймасының құрылысын аяқтау жоспарланған.

Соңғы рет әуежай инфрақұрылымын қалпына келтіру бойынша ұқсас жұмыс 1996 жылы жүргізілді, сондықтан жаңарту жұмыстары уақыт талабы болды

Қыркүйек айында «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ уәкілетті органы әуеайлақты сертификаттық тексеру қорытындысы бойынша жаңа ұшу-қону жолағын пайдалануға рұқсат беретін тиісті құжат берді.

Осы жылдың 1 қазанынан бастап облыс орталығының әуе айлағы өз жұмысын қайта бастады және қазіргі уақытта өңір тұрғындары мен қонақтары үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларына Скат және Қазақ Эйр әуекомпанияларының тұрақты әуе қатынасы ұйымдастырылды.

Қосымша Өскемен қаласының әуежайынан тұрақты ұшуларды ұйымдастыруға «Эйр Астана» әуекомпаниясы қызығушылық танытты, алайда бүгінгі күні әуе компаниясының өзінің өндірістік мәселелеріне байланысты жоспарланған бірқатар әуе рейстері уақытша тоқтатылды. Бұл ретте, «Скат» және «Қазақ Эйр» авиакомпаниялары қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер жиілігін арттырды.

Жақын арада Өскемен қаласының әуежайынан әуе компаниялары мен қолжетімді бағыттардың тізімі ұлғаятын болады, осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.

 

Алматы облысы

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы облысында жергілікті маңызы бар 191,9 км автомобиль жолдарын реконструкциялау және орташа, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жыл соңына дейін 19 нысан аяқталады.

«Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес (Алматы облысы) келесі жұмыстар орындалады:

1. Жергілікті маңызы бар 188,7 км автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау.

2. 120,2 км жол мен 16 көпірді күрделі жөндеу. 

3. Ұзындығы 1 480 км ( 46 ауылға) облыстық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу.

Биыл облыстың туристік кластерін дамыту үшін ғана емес, сонымен қатар өңірмен шектес Алматы қаласы мен Қытай Халық Республикасының логистикасы үшін маңызды бірқатар ірі жоба іске асырылуда.

Жұмыс түрлері бойынша 27,7 млрд теңге 419,2 км бойынша бөлінді:

1. 8,5 млрд теңге – 12,3 км салу мен реконструкциялауға;

2. 7,2 млрд теңге – 228,6 км орташа жөндеуге;

3. 4 млрд теңге – 23,5 км автомобиль жолдары мен 6 көпірді күрделі жөндеуге;

4. 8 млрд теңге – 154,8 км ағымдағы жөндеуге, қамтуға және маршруттық тәсілмен жөндеуге бөлінді.

Жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар автожолдардың үлесі 5%-ға – 84%-дан 89%-ға дейін өседі. Бүгінде жоспарланған жұмыстарды орындау және қаражатты игеру 60%-дан астамды құрайды — 18 млрд теңгеге 289 км жөнделді.

 

Ақылы жолдарды енгізу

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2025 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар ақылы өзін-өзі ақтайтын автожолдардың үлесі жалпы ұзындықтың 45%-ын немесе 11 мың км құрауы тиіс. Бірінші кезеңде ұзындығы 5,8 мың км автожол учаскелерінде жүріп өту үшін ақы алу жүйесін енгізу жоспарланған. Бірінші кезекте ақылы жол ұзындығы 1,8 мың км бірінші санаттағы автожол учаскелерінде енгізілетін болады.

Осы учаскелердегі төлемақы мөлшерлемелері 1 км үшін 5-тен 25 теңгеге дейінгі мөлшерде бұрынғы деңгейде қалады. Алымның жоспарланған сомасы 17,3 млрд теңгені құрайды, қаражат оларды күтіп ұстауға бағытталатын болады.

Бұдан әрі ұзындығы 4 мың км екінші және үшінші санаттағы қалған учаскелерде ақылы жүйені енгізу жоспарланған. Төлем тек жүк көлік құралдарынан жайлылық деңгейіне байланысты төмендету коэффициентін қолдана отырып алынатын болады.

Анықтама: «Ақтөбе – РФ шекарасы (Орынборға)», «Орал – РФ шекарасы (Саратов)», «Орал – РФ шекарасы (Самараға)». «Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы», «Қостанай – РФ шекарасы (Троицк)», «Павлодар – РФ шекарасы (Омбыға)», «Нұр-Сұлтан – Қостанай», «Павлодар – Семей», «Орал – Ақтөбе», «Қарабұтақ – Қызылорда».

Екінші кезеңде ұзындығы 5,2 мың км қалған учаскелерді қайта жаңарту бойынша жұмыстардың аяқталуына қарай ақылылықты енгізу жоспарлануда.

10 жылға арналған болжамды алымдар шамамен 532 млрд теңгені құрайды, олар ақылы автожолдарды күтіп ұстауға, төлемақы алу жүйесін ұстауға бағытталатын болады, осылайша республикалық бюджеттен шығындар болмайды.

 

Жол бойындағы сервисті дамыту

Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар жолдардың бойында жол бойы сервисінің 1738 объектісі орналасқан, оның ішінде 1093 ұлттық стандартқа сәйкес келеді. Республикалық маңызы бар автожолдарды жол бойындағы сервис объектілерімен қамтамасыз ету мақсатында жол бойындағы сервистің жаңа объектілерін салу және қолданыстағыларын ұлттық стандартқа сәйкес келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық қызмет көрсету объектілерін түгендеу жұмыстары жүргізіледі. Инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін барлық облыстық әкімдіктермен ЖБС дамыту жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспарларына қол қойылды.

Жол бойындағы сервис объектілерін цифрландыру шеңберінде «Here Kazakhstan» навигациялық жүйесіне арналған жол бойындағы сервистің барлық объектілері туралы ақпарат түсірілді және цифрландырылды. Бұған дейін ЯндексКарта, Google Maps, Transpark-қа ЖБС туралы ақпарат жүктелді.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ жол бойындағы сервис объектілерін ұлттық стандартқа сәйкес келтіру мақсатында абаттандырылған санитариялық-гигиеналық тораптарды орнату (СГТ) бойынша бағдарлама іске асырылып жатыр.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен зәкірлік инвесторлар арасында қол қойылған Келісім шеңберінде ЖМҚС құрылысы бойынша жұмыс жандандырылды, кездесулер өткізіледі, проблемалық мәселелерді шешу үшін салынып жатқан және жұмыс істеп тұрған ЖМҚС-ға бару жоспарланған. Жалпы, 2025 жылға дейін зәкірлік инвесторлар есебінен абаттандырылған СГТ бар 134 ЖМҚС салынатын болады. 

Бұдан басқа, биылғы жылдың соңына дейін 71 бірлік жаңа сервис объектісі орнатылады. 2025 жылдың соңына дейін 400 бірліктен астам объектілер орнатылады, сондай-ақ қолда бар барлық сервис объектілері ұлттық стандартқа сәйкестендіріледі.

 

Жаңа технологияларды енгізу

Жол саласында бірқатар жаңа технологиялар мен материалдар енгізілді, олар құрылыс жұмыстарын жүргізуді жеделдете отырып және автомобиль жолдарының сапасын арттыра отырып, табысты қолданылып жатыр.

Жаңа технологиялар мен материалдарды енгізудің негізгі өлшемдері – сапаны жақсарту, құн мен энергия шығынын азайту, сондай-ақ автомобиль жолдарындағы қауіпсіздік пен жайлылықты арттыру және экологиялық әсерді азайту.

Осыған байланысты келесі технологиялар енгізіліп, қарастырылған:

  • қиыршықтасты-мастикалық полимерасфальтобетоннан жасалған жабындар құрылысы;
  • энергия үнемдейтін қоспаларды қолдана отырып, "Жылы асфальтбетондар" технологиясы,
  • кеуекті-мастикалық асфальтбетон;
  • тозудың қорғаныш қабаттары;
  • «Суық ресайклерлеу» технологиясы;
  • жол төсемі негізіндегі топырақты тұрақтандыру технологиясы;
  • геосинтетикалық материалдар;
  • асфальтбетон жабындары үшін сіңіргіш қорғаныш құрамдар қолданылады;
  • өндіріс қалдықтары жол жамылғысының құрылымдық қабаттарын салу кезінде қолданылады.

Су тасқыны кезеңінде автомобиль жолдарының қауіпсіздігін және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету

Республикалық маңызы бар автожолдарды ағымдағы су тасқыны кезеңіне дайындау мақсатында тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді және Автожол комитеті, «ҚазАвтоЖол» АҚ, «Қазақавтожол» ЖШС, сондай-ақ олардың облыстық филиалдары өкілдерінен орталық және өңірлік деңгейлерде су тасқынына қарсы комиссиялар құрылды.

Іс-шаралар жоспарында су тасқынының алдын алуға бағытталған бірқатар алдын алу шаралары көзделген. Өткен жылдардағы су тасқыны кезеңін ескере отырып, 482 қауіпті учаске, 59 көпір және 739 су өткізу құбыры бақылауға алынды, онда қажетті жол-пайдалану техникасы бекітілген. Жалпы, су тасқынына қарсы шараларды орындау кезінде өңірлердің ауа-райы жағдайлары, сондай-ақ өткен жылдардағы су тасқыны кезеңінің нәтижелері ескеріледі.

Реконструкциялау жобаларын іске асыру кезінде көпірлер мен құбырлардың өткізу қабілеті ескеріледі, геологиялық іздестірулер жүргізіледі.

 

Халықаралық дәліздерді дамыту

Ел аумағы арқылы өтетін халықаралық дәліздер реконструкциялаудың басым жобалары болып табылады, елімізде олардың саны 7-еу.

1) Қытайдан және Орталық Азия елдерінен Ресей және одан әрі Еуропаға, сондай-ақ кері бағытта жүк транзитін қамтамасыз ететін негізгі дәліз Қазақстан аумағы бойынша ұзақтығы 2 747 км «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі болып табылады. 2017 жылы Қазақстан Республикасының аумағы бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізін толық қайта жаңарту жұмыстары аяқталды.

Сипаттамалары туралы айтар болсақ, Қорғастан Қызылордаға дейінгі жол учаскелері 4 жолақты (1424 км) І техникалық санатқа сәйкес келеді. Аталған жол учаскелеріндегі қарқындылық тәулігіне шамамен 14 мың АКҚ құрайды.

«Қызылорда – Қарабұтақ – Ақтөбе – Мәртөк» РФ шекарасы учаскелері II техникалық категорияда (1 323 км), 2009 жылы осы учаскелерді қайта құру кезінде аздаған көлік ағыны байқалды, мұнда 2 техникалық категорияға қайта құру жеткілікті болды.

Алайда, соңғы жылдары жүк ағынының өсуіне және оның перспективалы өсуіне байланысты осы учаскелерді 4 жолақты қозғалысы бар І санатқа кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарланған.

Биыл ұзындығы 262 шақырым болатын Ақтөбе-Ұлғайсын учаскесін реконструкциялау бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары басталды.

Қалған учаскелер — «РФ шекарасы – Ақтөбе», «Ұлғайсын – Қызылорда» (1061 км) 2030 жылға дейін жоспарлы түрде қайта жаңғыртылатын болады.

2) елдің шығысында «ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау» учаскесі реконструкцияланып жатыр, оны 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

2017 жылға дейін «Қалбатау – Семей – Павлодар – Омбы» (701 км) учаскесін қайта жаңарту жұмыстары аяқталды.

3) сондай-ақ еліміздің шығыс өңірінде «Талдықорған – Өскемен» және «Үшарал – Достық – ҚХР» автомобиль жолдарының учаскесін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды 2022 жылы аяқтау жоспарланған.

«Өскемен – Шемонаиха – Барнаул» учаскесін 2024-2026 жж. кезеңінде қайта жаңарту көзделген.

Аталған учаскелерді қайта жаңарту елдің оңтүстік өңірлерінен Алтай бағытына жайлы қозғалысты қамтамасыз етеді.

4) «Алматы – Нұр-Сұлтан – Петропавл – Қорған» дәлізі — 1868 км.

«Алматы – Балқаш – Қарағанды – Нұр-Сұлтан» учаскесі 2004 жылы 2 жолақты қозғалыспен қайта құрылды.

Көлік құралдарының қозғалысы мен транзитінің қарқындылығының ұлғаюына байланысты «Нұр-Сұлтан – Қарағанды» учаскесі 4 жолақты қозғалысы бар бірінші техникалық санатқа қайта жаңартылды.

Сондай-ақ 2019 жылдан бастап «Қарағанды – Балқаш – Алматы» учаскесін I техникалық санатқа ауыстыра отырып реконструкциялау жұмыстары басталды, оны 2023 жылы аяқтау жоспарда бар.

5) 2013 жылы «Нұр-Сұлтан – Қостанай – Челябі» учаскесін реконструкциялау (860 км) жұмыстары аяқталды және қарқындылығының артуына қарай 2024 жылы «Атбасар – Қостанай» учаскесін жоғары санатқа ауыстыра отырып, реконструкциялау жұмыстары басталады, оларды 2027 жылға қарай аяқтау жоспарланып отыр.

6) еліміздің батысында 2018 жылдан бастап «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» автожолын қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, оны 2023 жылы толығымен аяқтау көзделген.

7) «Атырау – Орал» учаскесі бойынша жолды II-ден I техникалық санатқа ауыстыра отырып, жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс жұмыстарын 2022 жылы бастап, 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

2030 жылға қарай перспективалы өткізу қабілетін қамтамасыз ете отырып, барлық халықаралық дәліздерді қайта жаңарту жоспарда бар.

 

«Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы (Астраханьға)» автомобиль жолын қайта жаңарту

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Ақтөбе және Атырау облыстарының аумағында мемлекеттік қарыз қаражаты (АДБ), мемлекеттік кепілдік қаражаты (ЕҚДБ) және республикалық бюджет қаражаты есебінен «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы (Астраханьға)» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ақтөбе-Қандыағаш учаскесі бойынша жұмыстарды «СинеМидасСтрой және Тодини Конструкциони» БК (11-52 км) және «Ақжол Құрылыс» ЖШС / «АзВирт» ЖШҚ / «АССАНА ДорСтрой» ЖШС (52-100 км) мердігерлік ұйымдары орындайтын болады. Азия Даму Банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады. Учаскедегі жұмыстар 2021 жылдың сәуір айында басталды. Қайта құру жобасына сәйкес, жаңартылған жол Ақтөбе қаласынан Қандыағаш қаласының кіреберісіне дейін 4 жолақты (77,5 км) І-б санатқа және Қандыағаш қаласын айналып өту үшін 2 жолақты (18,2 км) II санатқа ауыстырылатын болады. Ұзындығы 96 км жолдың жаңа учаскесінде (мемсараптамаға сәйкес ұзындығы) жолшылар 18 дана көпір құрылысын, 66 дана құбыр салады, сондай-ақ осы жол учаскесіне қызмет көрсету үшін ЖПУ және ЖПБ салады.

Қазіргі уақытта жер төсемінің үйіндісін төгу және жасанды құрылыстар (көпірлер, құбырлар) бойынша жұмыстар жүргізілуде. 52-100 км учаскесі бойынша асфальтбетонның негізін салу және төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін жабынның төменгі қабаты бойынша (бір жолақ бойынша) 18 км қозғалысты қамтамасыз ету жоспарлануда. 

Ұзындығы 60 км учаскені республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мердігерлік ұйым «Uniserv» ЖШС жүзеге асырады. Жобаның жалпы құны 14 млрд теңгені құрайды. Жабынның төменгі қабаты бойынша 50 км қозғалыс қамтамасыз етілген. Жөндеу учаскесінде 126 адам және 120 бірлік техника жұмылдырылған. 4 қосалқы мердігерлік ұйым тартылды.

Қазіргі уақытта ҚМА-20 қаптамасының жоғарғы қабатын орнату және жолды жайластыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың соңына дейін ҚМА жабынының жоғарғы қабатын толығымен аяқтап, негізгі жолмен жүруді қамтамасыз ету жоспарланған.

Ұзындығы 304,5 км (160-504 км) «Қандыағаш-Мақат» учаскесіне «Todini Construzioni S. p.A» ЖШС, «Shanghai Construction Group Co.Ltd», «АқжолҚұрылыс» ЖШС", сондай-ақ «Ant Insaat Maden Sa» мердігер ұйымдары тартылған. Жобаны іске асыру мерзімі – 2017-2022 жылдар. Азия Даму Банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Жобаның жалпы құны 74,5 млрд теңгені құрайды, 59 млрд теңге игерілді. Бүгінгі таңда 228 км жоғарғы жабын қабаты, 298 км төменгі жабын қабаты салынды. Қазіргі уақытта асфальтбетон төсеу, жолды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 2021 жылы 168 км жолды пайдалануға беру, бүкіл учаске бойынша қозғалысты ашу жоспарланған. Қайта құру учаскелерінде 712 адам жұмылдырылып, 446 бірлік техника қолданылды.

Ұзындығы 217 км (616-833 км) «Атырау-Астрахань» учаскесіне Lankaran Yol Tikinti Open JSC, Todini Costruzioni Generali S, Ant Insaat Maden Sanayi A, «СМС» ЖШС мердігерлік ұйымдары қызмет көрсетеді. Жобаны іске асыру мерзімі – 2020-2023 жж. ЕҚДБ есебінен қаржыландырылады.

Барлық учаскелердің құны 52,8 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда осы учаскелер бойынша 15,1 млрд теңге игерілді немесе 29%, 5,8 млрд теңгеге жұмыстар орындалды (80%). Бүгінгі күні 616-833 км учаскелері бойынша инертті материалдардың әлсіз дайындалуы және жұмыстардың орындалуы байқалады.

616-833 км учаскелері бойынша барлығы 217 км учаскеге 749 мың тонна асфальтбетон салу талап етіледі. Жұмыстар 2020 жылы басталды және бүгінгі күні жер төсемін төгу, іргетас қабаттары мен жасанды құрылыстарды салу жұмыстары жүргізілуде.

Ұзындығы 20 км (833-853 км) «Атырау – Астрахань» учаскесін «СМС» ЖШС мердігерлік ұйымы 2020 жылы пайдалануға берді.

Ұзындығы 40 км (853-893 км) «Атырау – Астрахань» учаскесіндегі жұмысты «СМС» ЖШС мердігерлік ұйымы орындап жатыр. Құрылыс басталғаннан бері 1,3 млн м3 топырақ төселді, 37,6 км төменгі қабат және 37 км төменгі жабын қабаты, 35 км жоғарғы жабын қабаты салынды.

Биылғы жылдың соңына дейін ҚМА жабынының жоғарғы қабатын толығымен аяқтап, негізгі жолмен жүруді қамтамасыз ету жоспарлануда. 97 бірлік техника жұмылдырылып, 173 адам жұмыс істеді.

 

Жол құрылысына қанша инвестиция тартылды? 

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2015 жылдан бастап республикалық желідегі автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау жөніндегі жобаларды іске асыруға халықаралық қаржы институттарынан жалпы сомасы $3,9 млрд-тан астам қарыз тартылды.

Тартылған қаражат есебінен «Шымкент – Ташкент» учаскесін қоса алғанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін қайта жаңарту жобалары іске асырылды, елдің батысында «Бейнеу – Ақтау» автожолы қайта жаңартылды.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасынан қалған үнемдеуден бүгінгі күні «Балқаш – Бурылбайтал», «Күрті – Бурылбайтал» және «Ұзынағаш – Отар» жобалары іске асырылып жатыр.

Бұдан басқа, Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы арқылы Астраханьға апаратын дәлізді қайта жаңарту аясында Ақтөбе – Мақат учаскесін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының автожол саласының инвестициялық жобаларын қаржыландыруды ұйымдастыру туралы келісімге сәйкес, ҚХР экспорттық-импорттық банкінің жалпы сомасы $2,6 млрд болатын қарызы есебінен мынадай жобалар белсенді іске асырылуда: «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай», «Мерке – Бурылбайтал», «Қарағанды – Балқаш», Нұр-Сұлтан қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы".

Соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында автожол саласына ҮАААЖ құрылысы, «Нұр жолы» ӨБ жаңғырту және ақылы жол жүйесін енгізу сияқты жобаларға $1 млрд инвестиция тартылды.


2022 жылы автомобиль жолдарын салу және күтіп ұстау

2022 жылы 3,8 мың шақырымды құрылыс пен қайта жаңғыртумен қамту жоспарланып отыр.

Жалпы ұзындығы 3 022 км болатын Талдықорған – Өскемен (768 км), Қарағанды – Балқаш (363 км), Бурылбайтал – Күрті (228 км), Күрті – Қапшағай (67 км), Ақтөбе – Қандыағаш (100 км), Атырау – Астрахань (217 км), Үшарал – Достық (124 км), Меркі – Бурылбайтал (120 км), Қостанай – Денисовка (19 км), Шамалған жол өтпесі (6 км), Петропавл – РФ шекарасынан Қорғанға (31 км) апаратын автожолдарының ағымдағы жобаларын іске асыру жұмысы жалғастырылады. Олар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Сонымен қатар Атырау – Орал (519 км), Қызылорда – Жезқазған (427 км), Ақтөбе – Ұлғайсын (262 км), Подстепное–Федоровка (144 км) учаскелерін қайта құру бойынша жаңа жобаларды бастау жоспарда бар.

Қысқы күтіммен барлығы 24,9 мың км қамтылатын болады.

Қазіргі уақытта автожолдарды қысқы кезеңде күтіп-ұстауға дайындық жұмыстары аяқталуда. «Қазақавтожол» ЖШС бойынша қысқы техника саны 772 бірлікті құрайды. Сонымен қатар өндірістік базалар дайындалды.

Кешенді мақсатты бағдарлама аясында жол белгілерін, жарық диодты белгілерді, жол буферлерін орнату, қоршауды жөндеу, жолтабан мен қисық жолдарды жою, жүру бөлігін белгілеу сияқты жұмыстар орындалды.

Бірінші кезекте жолдарды күтіп ұстау жұмыстары автокөліктің тәулік бойы, жыл бойы үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу