Қарағанды облысында әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты – Жеңіс Қасымбек

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді. 

Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасы бойынша Қарағанды облысын 2 өңірге бөлу жүріп жатыр. Өңір басшысы облыстар бөлінгенге дейін 5 ай бұрынғы нақты көрсеткіштерге тоқталды. 

Облыста экономиканың негізгі салалары тұрақты жұмыс істеп тұр. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша 102,3% деңгейінде қалыптасты.

Анықтама: өнеркәсіпте – 102,1%, ауыл шаруашылығында – 101,8%, құрылыста – 105,8%, көлікте – 101,2%, саудада – 103,8%. 2021 жылы ЖӨӨ 7 695,8 млрд теңгені құрады, НКИ – 102,1%.

Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, 2022 жылдың 5 айында өнеркәсіп өндірісі 2,1%-ға өсіп, 2,1 трлн теңгеге жетті. Жыл соңына дейін өсудің оң қарқынын сақтау жоспарланған. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында экспорт көлемі 13,7% өсіммен $2,3 млрд-ты құрады.

Сонымен қатар Арселор Миттал Теміртау өнімдерінің экспорты бойынша мәселелер бар. Оның шикізаттық емес экспорттың көлеміндегі үлесі бүгінде 35%-дан асады. 

«Осы жылдың көктемінен бастап Ресей Федерациясына өнімдерді жеткізу бойынша қиындықтар туындады. Алайда, кәсіпорын Еуропа елдеріне, соның ішінде Транскавказ дәліздерін пайдалана отырып, жаңа нарықтарды игеру мен өнімдерді жөнелту бағыттарын игеруде. Жыл қорытындысы бойынша экспорттың оң серпіні сақталады», — деді Қарағанды облысының әкімі.

Өңір басшысы жыл басынан бері облыс экономикасына шамамен 202 млрд теңге инвестиция тартылғанын атап өтті. Оның ішінде, 90%-дан астамы жеке жобалар. Жыл соңына дейін құны 221,7 млрд теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асырылады, 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймақ аумағында оныншы жоба – «Алтын Арна Geosynthetics» геомембрана өндірісі іске асырылды. Жобаның жалпы құны – 2,7 млрд теңге, 47 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жыл соңына дейін тағы 2 импорт алмастырушы кәсіпорынды іске қосу көзделген. Жобалардың жалпы құны – 8,8 млрд теңге, 150 жұмыс орны құрылады. Өткен жылы «Saran» индустриялық аймағы құрылды, онда жалпы құны 128,1 млрд теңге болатын 3 жоба іске асырылып жатыр, 1266 жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ биыл «Татнефть» компаниясының қатысуымен өңірде KamaTyresKZ шина зауыты іске қосылады деп күтілуде. Жобада 1000-нан астам жұмыс орнын құру көзделген. Екі жоба бойынша – «Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС ыстықтай мырыштау желісімен металл бұйымдар өндірісі және Kazisolation қоспаланған болаттан өнім өндіру өндірісі бойынша жобалық құжаттар дайындалуда. Бұрынғы РТИ зауытының өнеркәсіптік алаңы аумағында Yutong маркалы автобустарды құрастыру жобасы іске асырылды. 2021 жылы 164 бірлік техника шығарылса, 2022 жылғы жоспар бойынша бұл көрсеткіш 647-ні құрайтын болады. 

«2022 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7,1%-ға артып, 96,9 мыңды құрады. ШОБ өнімінің жылдық шығарылымы 2 трлн теңгеден асты, биыл осы сектордың көлемін тағы 10%-ға ұлғайту міндеті тұр», — деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

ШОБ секторы облыс бойынша жұмыс орындарының 40%-ға жуығын қамтамасыз етеді, яғни, 243,5 мың адам немесе облыстың жұмыспен қамтылған халқының 37,9%. Бұл ретте кәсіпкерлер өңір тұрғындарын жұмыспен қамту бойынша маңызды әлеуметтік міндетті орындады.

Өңір басшысының айтуынша, биыл 9 ұлттық жоба аясында 15,4 мың жұмыс орнын құру жоспарланған, оның ішінде 3,9 мың тұрақты, 11,5 мың уақытша. Бүгінгі күні 5700 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 1800-і тұрақты. Жұмыссыздық 4,6% деңгейінде сақталып отыр, бұл орташа республикалық деңгейден 0,3 пайыздық тармаққа төмен. Қабылданып жатқан шаралар бұл көрсеткішті бұрынғы деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіптік кешен саласында ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару 1,8%-ға өсіп, 90,6 млрд теңгеге жетті. Көктемгі дала жұмыстары оңтайлы агротехникалық мерзімде аяқталды. Биыл жаздық егіс алқабы 1 млн гектардан асты. Дәнді дақылдар, картоп пен көкөніс алқабы ұлғайды, 2021 жылғы деңгейге қарағанда 30,2 мың га артып, 1 млн 84 мың 900 га құрады. Картоп 11,4 мың гектар жерге, көкөніс 1,7 мың га жерге отырғызылды. Жем-шөп дақылдарының егістігі 4,2 мың гектарға ұлғайып, 75,9 мың гектарды құрады. Сонымен қатар ет өндірісі 1,9%-ға, сүт өндірісі 3,6%-ға өсті. Ірі қара мал басы - 3,2%-ға, жылқы – 14,5%-ға, қой мен ешкі – 4,1%-ға, құс – 4,2%-ға ұлғайды.

«Облыста тұрақтандыру қоры құрылып, тиімді жұмыс істеп тұр. Өнімнің жеткілікті қоры бар және үнемі толықтырылып отырады. Мысалы, қазір тұрақтандыру қорында 235 тонна, коммерциялық құрылымдарда 598 тонна қант бар. Сонымен қатар күн сайын осы және басқа да өнімдер қосымша жеткізіледі», — деді Жеңіс Қасымбек. 

Тұрғын үй құрылысы саласында оң динамика байқалады. Жыл соңына дейін 650 мың м2 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға артық. Сондай-ақ мыңнан астам отбасы мемлекеттік жалға берілетін және кредиттік баспана алады. «Отбасы банкімен» бірлесіп, кеншілер мен металлургтер, барлық қызмет саласындағы жас мамандар үшін жеңілдетілген тұрғын үй несиелеудің өңірлік бағдарламалары қабылданды.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, өңірде 1 237 км автомобиль жолдары жөндеу жұмыстарымен қамтылған, оның ішінде 587 км облыстық және жергілікті маңызы бар жолдар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша «Қарағанды-Балқаш» және «Балқаш-Бурылбайтал» автомобиль жолдарын қайта жаңартуды 2023 жылы аяқтау көзделген. 

Тағы бір маңызды мәселе – Мемлекет басшысының сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы. Қарағанды облысында 34 жобаны іске асырудың арқасында 268,3 км су құбыры және кәріз желілері салынады және реконструкцияланады. Жыл қорытындысы бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті қалаларда 98,8%-ға және ауылдарда 92,8%-ға дейін арттыру жоспарланған.

«Өңір тұрғындарының қажеттіліктерін ескере отырып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары жалғасын табады. Күзге қарай облыстық балалар ауруханасының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық корпусының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ауылдық жерлерде 6 модульді фельдшерлік-акушерлік бекет салынады», — деді Қарағанды облысының әкімі. 

Сонымен қатар осы жылы 21 мыңнан астам оқушысы бірінші сыныпқа барады деп күтілуде. 1-4 сынып аралығында балалар тегін ыстық тамақпен қамтылған. 2025 жылға дейін 19 мектеп, соның ішінде апатты мектептердің орнына 2 мектеп салынады. Биыл 4 мектепті іске қосу жоспарланған, 142 білім беру нысаны жөнделеді. Барлық білім беру ұйымдарында дабыл беру түймелері мен ескерту жүйелері орнатылған. Мектептерде мамандандырылған күзет енгізілді және турникеттер орнатылды. Қазіргі кезде бейнебақылау жүйесін сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты екенін атап өтті. Жыл соңына дейін экономика салаларында оң динамиканы қамтамасыз ету міндеті алға қойылды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу