«Білімді ұлт» сапалы білім беру» — А. Аймағамбетов ұлттық жобаның негізгі бағыттары туралы айтып берді

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылды. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы туралы айтқанда, біз бұл құжатты білім беруді дамыту тұжырымдамасымен бірге қарастыруымыз керек. Бұл құжатты жыл соңына дейін бекіту жоспарланып отыр», — деді А. Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, ұлттық жобаға сәйкес елімізде толық жинақталған ауыл мектептерінде жан басына қаржыландыру біртіндеп енгізілетін болады, педагогтердің еңбекақысын арттыру мәселесі қаралады.

Ұлттық жоба 4 негізгі бағыттан, 5 міндеттен, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады.

«Оның ерекшелігі – ол нақты және ең маңызды міндеттерге бағытталған. Егер 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламамен салыстыратын болсақ, онда бұл жерде іс-шаралар 10 есе аз. Бірақ бұл проблемалар аз шешіледі дегенді білдірмейді. Дәл осы жерде мемлекет негізгі қол жеткізуге болатын және ең қажетті міндеттерге баса назар аударады», — деді А. Аймағамбетов.

Атап айтқанда, ұлттық жобада балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектептер салу, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру және т. б. мәселелер өз жалғасын тапты.

Ұлттық жобада ҚР 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын және Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған жаңа бастамаларды қамтиды. Ұлттық жоба сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Әзірлеу барысында ұлттық жоба жұртшылық өкілдерімен, білім беру саласындағы сарапшылармен талқыланды және барлық мүдделі мемлекеттік органдармен пысықталды.

Бірінші міндет — мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау үшін «қаражат балаға» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95%-ға, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100%-ға жетеді.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымдарда бала дамуының жаңа моделі енгізілетін болады. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілетін болады.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының екінші міндеті – орта білім беру сапасын арттыру. Атап айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер  арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту (PISA). Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Ұлттық жоба аясында 12 жылдық оқытуға көшу жоспарлануда. Биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру көзделуде. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді.

Үшінші міндет — мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептерді жою және апатты мектептер үлесін 0,1%-ға дейін қысқарту күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп жаңғыртылып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалатын болады.

Төртінші міндет – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетін болады. Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі күтілуде.

Бесінші міндет — қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ұлттық жоба шеңберінде Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық ЖОО) және 2 жетекші ЖОО құрылатын болады. Сонымен қатар, 2025 жылдың соңына дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жоспарлануда, бұл жастардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік береді.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, білім және ғылым министрі балаларды ересек өмірге дайындау туралы өз пікірімен бөлісті.

«Мектеп бағдарламасы аясында жас ерекшелігіне сәйкес нақты ақпарат қамтылған. Жалпы, біз осы тақырып туралы сөйлескенде, біз тек мектеп туралы ғана айтпауымыз керек, өйткені әрбір ата-ана өз балаларын тәрбиелеп, өсіруі тиіс. Бұл өте нәзік мәселе. Бұл ата-ананың өз баласымен қарым-қатынас орнату мәселесі», — деді А. Аймағамбетов.

Министр сондай-ақ, отбасы мүшелерінің қайсысы баламен осындай тақырыпта сөйлесуі керек дегенге қатысты пікірін білдірді.

«Бұл туралы әкесі айтады ма немесе анасы айтады ма – бұл белгілі бір отбасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Кейбір отбасыларда бала әкесімен, ал кейбірінде анасымен тығыз қарым-қатынаста болады, осыған сәйкес рөлдер бөлінеді. Жалпы, осы тақырыптағы әңгімелер мен тәрбие жұмысы ата-аналарға жүктелуі керек, бұл тәрбие жұмысының маңызды құрамдас бөлігі», — деді білім министрі.

А. Аймағамбетов сондай-ақ балаларды оқудан алшақтатуға ешкімнің құқығы жоқ екенін, барлық мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар «Педагог мәртебесі туралы» Заңның нормаларын сақтауға және мұғалімдерді бірінші кезектегі функциясынан – балаларды оқыту мен тәрбиелеуден алшақтатпауға тиіс екенін айтты.

Министр бір жарым жыл ішінде педагогтердің құқықтарын бұзғаны үшін 200-ден астам түрлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылғанын айтты. Онңы айтуныша, олардың бір бөлігі жұмыстан босатылған, бір бөлігі әкімшілік жауапкершілікке тартылған, айыппұл салынған, сондай-ақ тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

«Педагог мәртебесі» туралы Заңның педагог мәртебесін орындау бойынша осы ымырасыз ұстанымды біз алдағы уақытта да ұстанатын боламыз. Егер біз Семей қаласындағы жағдай туралы айтатын болсақ, өз ұстанымымызды айқын білдірдік, біз бұл ақпарат пайда болғаннан кейін алдымен бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келетініне көз жеткізуге тырыстық. Осындай өрескел істің орын алғанын білгенде, біз өз ұстанымымызды білдірдік. Отырыс өткіздік, мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға тартқан қызметкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарттық», — деді білім министрлігінің басшысы.

Ол педагогтердің құқығын бұзатындарды алдағы уақытта да қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту қажет екенін айтты.

«Біз сондай-ақ өңірлерге әріптестерімізге алдағы уақытта мұндай фактілер орын алмауы үшін хат жолдадық. Біз "Педагог мәртебесі туралы" заңның бар екенін, қабылданған нақты сипатталған норманың бар екенін түсінуге тиіспіз, бұл Қазақстан Республикасының Заңы және Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік қызметшілері мен азаматтары осы заңнаманы сақтауға міндетті. Мұғалім тек оқу-тәрбие процесімен айналысуы керек. Оны өзіне тән емес функцияға тарту қатаң түрде тоқтатылуы керек. Біз алдағы уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартамыз, тәртіптік жауапкершілік, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», — деді министр.

Сондай-ақ, ведомство басшысы жалақысы әлдеқайда төмен мектеп директорларын  миллион теңгеге жазалау орын алып жататынын айтты.

«Мектеп директорларын жазалау туралы сөз болғанда, мен келесі ұстанымды ұстанамын. Біздің мектеп директорларын өте жиі және ірі мөлшердегі сомаға жазалайды. Бір айда бір директорды миллион теңгеге жазалауы мүмкін. Бұл ретте, директордың жалақысы әлдеқайда төмен екенін айтқым келеді», — деді А. Аймағамбетов.

Оның айтуынша, қазір мынадай мәселе көтеріліп отыр: егер бұл мектеп директоры болған жағдайға әсер ете алмайтындай болса, онда оны жазаламайды.

Ол мынадай мысал келтірді: мектепте бейнекамера жанып кеткен, директор өтініш берген, барлық талаптарды орындаған, бірақ ақша әлі бөлінбеген.

«Қаражат бөлу оның құзыретіне жатпайды. Бұл жерде мектеп директорын емес, құзыретті тұлғаны жазалау керек деп санаймыз. Бұл әділ болар еді. Бірақ, егер ақша бөлінген болса, директор бұл жұмысты уақтылы өткізбеді немесе ұйымдастырмады, осылайша бұйрықты орындамады, бұл – мектеп директорларының тікелей жауапкершілігі. Тек бейнебақылау камералары арқылы бізде 57-ден астам мектеп директорлары жазаланды», — деді БҒМ басшысы.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу