Арнайы экономикалық аймақтарда 1,2 трлн теңгеге 315-ке жуық жоба іске асырылды

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Арнайы экономикалық аймақтар қызметінің ағымдағы жай-күйі және аймақтарды дамыту шаралары бойынша брифинг өтті. Оған ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов, «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Бопазов, «Ақтау Теніз порты» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасы Асхат Қабашев, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Сариев, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Қайыркенов қатысты. 

Елімізде 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Отандық АЭА-лардың инвестициялық портфелі құны 1,2 трлн теңгені құрайтын 315-ке жуық іске асырылған жобаны қамтиды. Өндіріс ошақтарында 21 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Қазіргі кезде 4,3 трлн теңгеге 256 жоба іске асырылып жатыр. Жаңа кәсіпорындарда 24 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Жобалар экономиканың барлық базалық салаларында ұсынылған, сондай-ақ қосылған құны жоғары және өнімдік күрделілігі бар тауарларды өндіруге бағытталған.

Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жақсарту үшін АЭА қызмет түрлерінің тізбесі нақты инвестициялық жобаларға арналған 74 позицияға кеңейтілді. АЭА қатысушылары сатып алатын ҚҚС салынбайтын тауарлардың тізбесі 100 мыңға дейін кеңейтілді.

2021 жылы Қазақстанда темірбетон бұйымдары-модульдер, геосинтетикалық мембраналар, ұнтақты полипропилен және ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру зауыттары іске қосылды.

«Отандық АЭА мерзімін ұзарту құқығымен 25 жылға құрылады. Бұл ел аумағында жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістер құру мақсатында отандық және шетелдік инвестицияларды, технологияларды, құзыреттерді тарту үшін дайын өндірістік алаң болып табылады. Арнайы экономикалық аймақтар барлық дерлік өңірлерде бар және экономиканың перспективалы салаларына шоғырланған», —  ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің төрағасы.

Ілияс Оспановтың айтуынша, арнайы экономикалық аймақтар жұмысының тиімділігі инфрақұрылымның дайындығына байланысты. Бүгінде аталған аймақтарға инфрақұрылым тарту үшін 393,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Осы қаражат есебінен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның базалық түрлері жүргізіліп, дайын өндірістік алаңдар салынды. Инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің төмен деңгейі «Turkistan», «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймақтарында ғана тіркелген. Ал қалған АЭА-лар қатысушылардың жер учаскесіне дейін базалық инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етілген. Инфрақұрылымдық жұмыстардың аяқталуының орташа көрсеткіші 70%-ды құрайды, оның ішінде «Оңтүстік», «Инновациялық технологиялар паркі» және «Қорғас – Шығыс қақпасы» аймақтарында толығымен аяқталды.

Ілияс Оспанов бұл түйткілді мәселені шешу үшін АЭА құрамынан инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген аумақты алып тастау ұсынылып отырғанын атап өтті. Бұл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға бөлінген қаржыны үнемдеуге және салынып жатқан нысандарға баса назар аударуға септігін тигізеді. 

АЭА қатысушылары үшін арнайы құқықтық режим қолданылады:

  • салықтық міндеттемелерден босату (КТС, мүлік салығы, әлеуметтік салық, жер салығы және төлем, АЭА аумағында тауарды өткізуге ҚҚС);
  • кедендік баждардан босату;
  • инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар дайын өндірістік алаң ұсыну;
  • квоталар мен шектеулерден тыс шетелдік жұмыс күшін тарту мүмкіндіктері.

ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов соңғы іске қосылған жобалар туралы айтып берді.

Өткен жылы 28 жоба іске асырылды. Атап айтқанда:

- «Павлодар» АЭА аумағында алюмосиликатты микросфера өндірісі («KazCenospheres» ЖШС). Бірінші кезеңі 2021 жылдың 20 сәуірінде іске қосылды. Өндіріске қажетті шикізат – ценосфера, ЖЭО мен МАЭС күлінің жеңіл фракциялары. Бұл көмір энергиясының қалдықтары болып табылатын гидротазарту күл-қож қоспаларының құрамдас бөлігі.

- «Оңтүстік» АЭА аумағында этил/метил трет-бутил эфир және ұнтақ полипропилен («Shymkent Chemical Company» ЖШС) өндірісі. Жоба 2021 жылдың желтоқсанында іске қосылды. Бүгінгі таңда фабрикада 130 жұмыс орны ашылды. Жобаның құны өндірістік қуаттылығымен 11 млрд теңгені құрайды. Жылына 80 мың тонна өнім шығарылады. Компания өнімінің 90%-ы ішкі нарықта сатылады. Компания 2022 жылдың І жартыжылдығында 1,2 млрд теңгенің өнімін өндірді, оның 502 млн теңгесі экспортталды.

- «Астана – жаңа қала» АЭА аумағындағы көлемді-блоктық үй құрылысы зауыты («ModeX Astana» ЖШС). Өндіріс – бұл темірбетон бұйымдар-модульдер шығарудың автоматтандырылған процесі. Жобаны іске асыру құрылыс процесін оңтайландыруға, оны уақыт, ресурстар мен шикізат пайдалану бойынша тиімдірек етуге мүмкіндік береді.

- 2021 жылдың басында Түркістан қаласының әуежайы («Turkistan International Airport» ЖШС) пайдалануға берілді. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 450 жолаушыны құрайды.

- «Сарыарқа» АЭА аумағында геомембран және геосинтетикалық өнімдер өндірісі («Altynarna Geosynthetics» ЖШС). Өнімдер тек бастапқы шикізат пен ең озық технологияларды қолдана отырып, заманауи автоматтандырылған өндіріс желілерінде шығарылады. Өндірістік қуаты жылына 6000 тонна, тәулігіне 15 тоннадан астам геомембрананы құрайды.

- «QYZYLJAR» АЭА аумағындағы CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру зауыты («СТ Эссембли» ЖШС). Өндірістің технологиялық процесі Tucano комбайндарын, Xerion тракторларын және CERIO дестелегіштерін құрастыруды көздейді. Өндірістің жылдық қуаты 420 бірлік техниканы құрайды. «СТ Эссембли» ЖШС мен Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жол картасына қол қойды, оған сәйкес CLAAS әлемдік брендінің жаһандық тізбегіне одан әрі кіру мақсатында құрамдас бөлшектерді өндіру бойынша отандық кәсіпорындардың техникалық аудиті жүзеге асырылады.

Жыл соңына дейін іске асырылатын негізгі жобалар:

- алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы («Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС). Зауыттың өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайды. Жоба өнеркәсіптік салаларды әртараптандыру үшін полимерлер өндірісіне бағытталған.

– «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында сорғы штангалары мен муфталарын өндіру зауыты («EVEREST TECHNO» ЖШС). Жобаның құны 14,2 млрд теңге, 50 жұмыс орны ашылады. Зауыт 300 мың сорғы штангасын және оларға 350 мың муфта шығаратын болады.

– «Астана – жаңа қала» АЭА аумағында медициналық маскалар мен респираторлар өндірісі («MFA International» ЖШС). Бірінші кезеңде өндіріс қуаты жылына FFP2 және FFP3 класты респираторлардың 2,5 млн бірлігін құрайды. Екінші кезеңде газтұтқыштар мен фильтрлер, сондай-ақ эвакуациялауға арналған өздігінен тотықтырылатын маскалар өндірісін қоса алғанда, жылына 10 млн бірлік болады. Өнімнің 50%-ын Ресей мен Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарланған.

ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың айтуынша, бүгінгі таңда отандық АЭА әлеуетін іске асыруға мүмкіндік бермейтін бірқатар проблемалық мәселелер бар. 

1. АЭА инфрақұрылымы құрылысының аяқталмауы. Бұл проблеманы шешу үшін АЭА құрамынан инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген аумақтарды алып тастау ұсынылады. Бұл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға және басталған объектілердің құрылысын аяқтауға қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ инвестициялық преференцияларды қолданбай қызметтің басым түрлеріне жатпайтын инвесторларға жер учаскесін беруді көздейтін аралас режим енгізу ұсынылады. 

2. Нақты салалық АЭА-ның болмауы. «Ақтау теңіз порты» АЭА-да IT, «Астана-Технополис» АЭА-да денсаулық сақтау, «Астана – жаңа қала» АЭА-да құрылыс сияқты кейбір АЭА-да салалық емес қызмет түрлерін алып тастау ұсынылады. Бұл арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін әлеуметтік-экономикалық тиімділігі зор өнеркәсіптік жобаларға шоғырландыруға мүмкіндік береді.

3. Қызметтің басым түрлерін кеңейтудің ұзақ мерзімді рәсімдері. Кейбір әлеуетті инвесторлар Арнайы экономикалық аймақтардың қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес келмеуіне байланысты АЭА-ға орналаса алмайды. Елдің заңнамасында белгілі бір жоба үшін қызмет түрлерін кеңейту мүмкіндігі қарастырылған, бұл процедуралық түрде бір жылға дейін созылуы мүмкін. Мұндай жағдайда бюрократиялық кідірістерге байланысты инвесторды жоғалту қаупі жоғары. Ол үшін келісудің кейбір элементтерін алып тастау арқылы мерзімдерді қысқарту ұсынылып отыр.

4. Жер учаскесін сатып алудың қиындығы. Заңнамаға сәйкес Арнайы экономикалық аймақтардың жер учаскелерін қатысушылар АЭА-ның қолданылу мерзімі өткеннен кейін ғана сатып ала алады. Бұл жағдай инвесторда ертеңгі күнге деген сенімсіздік тудырады және өз өндірісінің әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан индустриялық аймақтардың қатысушыларымен ұқсастық бойынша барлық объектілер пайдалануға берілгеннен кейін жер учаскесін сатып алу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

«Жоғарыда аталған ұсыныстардың барлығы Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасына енгізілген. Өз кезегінде Жол картасы жаңа тәсілдерді іске асыру үшін басты стратегиялық құжатқа айналады», — деді ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов. 

Сонымен қатар Арнайы экономикалық аймақтар қызметін жетілдіру үшін бірқатар жұмыстар атқарылды: 

- АЭА қызмет түрлерінің тізбесі нақты инвестициялық жобаларға арналған 74 позицияға кеңейтілді.

- АЭА қатысушылары сатып алатын ҚҚС салынбайтын тауарлардың тізбесі 100 мыңға дейін кеңейтілді. 

Бұдан бөлек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және оның тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысты жандандырады. Сондай-ақ инвестициялар тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалады.

«Ақтау теңіз порты» АЭА

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 26 сәуірдегі Жарлығына сәйкес құрылған. АЭА аумағы 2140 га құрайды және 9 жеке орналасқан субаймақтан тұрады. Қазіргі уақытта АЭА аумағында 46 қатысушы тіркелген, оның ішінде 18 жоба іске асырылған, 28 жоба іске асырылу сатысында.

«Ақтау Теніз порты» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасы Асхат Қабашевтің мәліметінше, АЭА аумағына салынған инвестициялардың жалпы көлемі 263,5 млрд теңгені құрайды, оның ішінде шетелдік инвестициялар көлемі 168,1 млрд теңге, өнім өндіру көлемі 402,6 млрд теңге, 1767 жұмыс орны құрылды, салық төлемдерінің сомасы 53,7 млрд теңге, экспорт көлемі 2,63 млрд теңге (экспорттың негізгі арналары Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Германия, Франция).

Сонымен қатар АЭА инфрақұрылымының құрылысына 7,8 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсалды, бюджеттік инвестицияның 1 теңгесіне 33,4 теңге жеке инвестиция тартылды, 6,8 теңге салық аударымдары төленді. АЭА аумағындағы жобаларға әлемнің 6 елінің, соның ішінде Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан, Сингапур, Түркия, Германия инвесторлары қаржы құйды. 

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының қатысушылары қызметтің 25 басым түрі шеңберінде қызмет етеді. Негізгі бағыттар – өңдеу өнеркәсібі (мұнай, мұнай-химия, құрылыс салаларына арналған материалдар, машиналар мен жабдықтар өндірісі), қойма шаруашылығы және логистика, туризмді дамыту.

Сондай-ақ экономикалық аймақта бірқатар маңызды стратегиялық жобалар жүзеге асырылып, жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, диаметрі үлкен болат құбырлар шығаратын «Arcellor Mittal Tubular Products Aktau» АҚ (жобаның құны – 6,9 млрд теңге), «премиум» санатындағы газ герметикалық жалғаумен құбырларды кесетін «Kazakhstan Pipe Threaders» ЖШС (жобаның құны – 16,1 млрд теңге), Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту жөніндегі жоба – «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС (жобаның құны – 44,3 млрд теңге). 2016 жылы «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» ЖШС ірі логистикалық орталығы пайдалануға берілді (жобаның құны – 4,6 млрд теңге), 2020 жылдан бастап орталық базасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сақтау үшін тұрақтандыру қоры құрылды.

Туризм саласы да белсенді дамып келеді. «Ақтау Теніз порты» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасы Асхат Қабашевтің айтуынша, қазіргі уақытта АЭА қатысушылары ретінде туризм саласында жалпы құны 261,8 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны іске асыратын 4 компания тіркелген. Нәтижесінде 1000 жұмыс орны құрылады. Ірі жобалардың бірі – АЭА қатысушысы «Sembol Constructon and Engineering» ЖШС 2020 жылы пайдалануға берген құны 66,5 млрд теңгені құрайтын Rixos Water World Aktau көпфункционалды қонақ үй кешені.

«Арнайы экономикалық аймақты одан әрі дамыту шеңберінде өңірдің көліктік-логистикалық әлеуетін арттыру бойынша іс-шараларды іске асыру жоспарланған. Осы мақсатта Ақтау теңіз сауда порты мен Құрық портын АЭА қатысушылары ретінде тіркеу туралы мәселе қарастырылып жатыр», — деді Асхат Қабашев. 

«Ақтау Теніз порты» арнайы экономикалық аймағының өңірде жұмыс істеуі елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділік әкеледі және өңірге инвестициялар тарту үшін қолайлы алаң болып табылады.

«Оңтүстік» АЭА 

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы тоқыма өнеркәсібін дамыту мақсатында 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 шілдедегі Жарлығымен құрылды. Аталған АЭА инфрақұрылымы нысандарының құрылысына 8,2 млрд теңге бюджеттік қаражат бөлінді. АЭА аумағының жалпы ауданы 225 га құрайды, оның ішінде 25 га - субаймақтар.

АЭА басқарма төрағасы Ерболат Сариевтің айтуынша, АЭА қызметінің басым түрлері жеңіл, химия, мұнай-химия өнеркәсібі және ішінара машина жасау болып табылады. Бүгінгі таңда жобалар пулы жалпы құны 130,4 млрд теңгені құрайтын 53 жобадан тұрады. Бұл жобалардың аясында 6285 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. 

«АЭА аумағында жалпы инвестиция құны 55,2 млрд теңгені құрайтын 32 жоба іске асырылып, 2446 жұмыс орны құрылды. 2010 жылдан бастап 2022 жылдың І жартыжылдығы аралығында өндірілген өнім көлемі 126,3 млрд теңгені, экспорт көлемі 62,8 млрд теңгені, салық және әлеуметтік аударымдар 7,1 млрд теңгені құрады», — деді Ерболат Сариев.

АЭА құруға жұмсалған бюджет қаражаты толық дерлік салық түрінде қайтарылды. Салынған бюджет қаражатының 1 теңгесіне 14,25 теңге жеке инвестиция тартылды, оның ішінде нақты 6,7 теңге салынған. 2010 жылдан бастап салық және әлеуметтік төлемдер есебінен бюджетке 7,16 млрд теңге қайтарылды. 

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2021 жылы өндірілген өнім көлемі 30,3 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылға қарағанда 94,2%-ға артық. Былтыр өндірілген өнім экспортының көлемі 13,5 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылдың көрсеткішінен 45,1%-ға ұлғайды. Сондай-ақ, өткен жылы салық және әлеуметтік аударымдар 1,7 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылға қарағанда 54,5%-ға көп, яғни 1,1 млрд теңгені құрады. 

Сонымен қатар «Оңтүстік» АЭА аумағындағы жұмыс орындарының саны 2021 жылы 2390 құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 41,4%-ға артық, ол 1690 құраған болатын. 2022 жылдың I жартыжылдығында өндірілген өнім көлемі 18,1 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 61,9%-ға артық, ол 10,5 млрд теңгені құрады. 2022 жылдың I жартыжылдығында өндірілген өнім экспортының көлемі 6,7 млрд теңге болды. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 23,2%-ға аз, ол 8,2 млрд теңгені құрады. Ал салық және әлеуметтік аударымдар 2022 жылдың I жартыжылдығында 0,84 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға артық, ол 0,75 млрд теңгені құрады. АЭА аумағында 2022 жылдың I жартыжылдығында жұмыс орындарының саны 2446 құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12,8%-ға артық, ол 2168 құрады.

АЭА басқарма төрағасы Ерболат Сариевтің айтуынша, АЭА-ның жұмыс істеген барлық кезеңінде кәсіпорындар жалпы өндіріс көлемінен 62,8 млрд теңге (49,8%) көлемінде өнім экспорттады. АЭА резиденттері өндіретін тауарлар әлемнің 23 еліне экспортталып, тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие.

«Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік алаңдарының кеңейтуін ескере отырып, 2022-2024 жылдары жалпы инвестициялар құны 75,6 млрд теңгені құрайтын 23 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалардың аясында 3944 жұмыс орны ашылады. Оның ішінде жыл басынан бері жалпы инвестиция құны 0,35 млрд теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылып, 110 жұмыс орны ашылды», — деді «Оңтүстік» АЭА басқарма төрағасы. 

Анықтама:

2022 жылы – 7 жоба – 6,8 млрд теңге, 581 жұмыс орны; 

2023 жылы – 9 жоба – 7,91 млрд теңге, 621 жұмыс орны;

2024 жылы – 7 жоба – 60,89 млрд теңге, 2747 жұмыс орны.

Бүгінгі таңда «Оңтүстік» АЭА аумағының жалпы ауданы 225 га: іскен асырылған жобалар – 74,02 га (37,01%), іске асырылатын жобалар – 39,39 га (19,7%), инфрақұрылым нысандары – 55,9 га (27,95%), бос жер телімдері– 30,69 га (15,34%) алып отыр.

Ерболат Сариев басқарушы компанияның тұрақты негізде жобаларға мониторинг жүргізетінін атап өтті. 2010 жылдан бастап арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру бойынша келсімшарт міндеттемлерін орындамаған 30 компаниямен келісімшарттар бұзылып, жалпы аумағы 83,19 га құрайтын жер телімдері қайтарылды. 

Қазақстан Республикасының жеңіл өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі $311,7 млн құраса, оның 20,5%-ы «Оңтүстік» АЭА үлесінде. 2020 жылғы желтоқсаннан бастап АЭА аумағында «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі» базасында құрылған жеңіл өнеркәсіптің құзыреттілік орталығы жұмыс істеп келеді. Онда орталығы АЭА кәсіпорындары үшін кадрлар даярланады. Құзыреттілік орталығының студенттері мен түлектері «Оңтүстік» АЭА кәсіпорындары персоналының 30-40%-ын қамтиды.

«Оңтүстік» АЭА негізгі ерекшеліктері:

  • өзін-өзі қамтамасыз ететін;
  • өз білім беру орталығы бар;
  • салалық кластер құру міндетін орындаған;
  • тоқыма саласындағы елеулі үлесі бар;
  • бірегей өндіріс ошақтарының алаңы болып табылатын Қазақстандағы жалғыз арнайы экономикалық аймақ. 

«QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ

Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңға сәйкес «QazIndustry» АҚ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту жөніндегі бірыңғай үйлестіру орталығы болып табылады. Ол мемлекеттік органдар мен басқарушы компанияларды және АЭА қатысушылармен тіркеу мәселелері бойынша және жалпы арнайы экономикалық аймақты дамыту бойынша өзара іс-қимыл жасау функцияларын жүзеге асырады. 

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Бопазовтың айтуынша, Арнайы экономикалық аймақтар аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын 818 қатысушы тіркелген. АЭА инвестициялық портфелін іске асыру есебінен отандық өнеркәсіпті дамытуға қосымша серпін беріледі. 

«Жобаларды іске асыру есебінен барлық уақытта 5,5 трлн теңге инвестиция, оның ішінде өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға 2,2 трлн теңге салынды. Жалпы, 2018 жылдан бастап инвестиция тартудың оң динамикасы байқалады. АЭА аумағында өндірілген тауар өндірісінің көлемі бүгінде 5,5 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді және 2020 жылдан бастап жалпы көрсеткіш 1 трлн теңгеден асады», — деді Марат Бопазов.

Сонымен қатар, АЭА тауар номенклатурасы өндірістің барлық салаларында орта және жоғары технологиялық тауарлармен ұсынылған. Металлургия өнеркәсібінде алюминий қорытпалары, жезден жасалған бұйымдар, машина жасауда трансформаторлар, электронды жабдықтар, жарықтандыру құрылғылары шығарылады. Көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникаларын, локомотивтер мен электровоздарды өнеркәсіптік құрастыру жүзеге асырылады. Құрылыс индустриясында құрғақ құрылыс қоспалары, қабырға блоктары, отқа төзімді материалдар мен т.б. өндіріледі. Химия өнеркәсібінде каустикалық сода, минералды тыңайтқыштар, лак бояу өнімдері өндіріледі. Жеңіл өнеркәсіпте синтетикалық және мақта, мата, иірім жіп, кілем бұйымдары, маталар, арнайы киімдер, тоқыма және тоқылған бұйымдар жасалады.

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, арнайы экономикалық аймақтар табиғатынан бірегей. АЭА қатысушылары жолға қойылған өндірістік өзара іс-қимылдарымен ерекшеленеді. Олардың есебінен АЭА-да кластерлік тәсілдерді жоғары дамыту әлеуеті бар. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ базасында соңғы буын, логистикалық кластер құрылды. «Астана – жаңа қала» АЭА бұрын Қазақстанда болмаған теміржол жасау, машина кластері құрылды. «Оңтүстік» АЭА – тоқыма өнеркәсібі жандандырылды. Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркімен және «Павлодар» АЭА мұнай-химия кластерінің негіздері қаланды. Жалпы, АЭА аумағында 300-ге жуық өнім түрі бар. 

Отандық арнайы экономикалық аймақтар шетелдік инвесторлар үшін де тартымды. Елімізде олардың қатысуымен 70 жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында 17 мың жұмыс орны құрылды. 

«Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 386,9 млрд теңгеге жетті. АЭА-да белгілі трансұлттық корпорациялар жұмыс істейді - «Alstom», «Трансмашхолдинг», «Eurocopter», «Paramount Group» және т.б. шетелдік компаниялар. АЭА өндірілген тауарлардың экспорт көлемі 378,8 млрд теңгені құрайды. Экспорт географиясы ТМД мемлекеттерін де, Еуродақ пен Қытай елдерін де қамтиды», — деді Марат Бопазов.

Мысалы, «Павлодар» АЭА аумағында өндірілетін қыздырылған мұнай коксы РФ мен Қытай нарықтарына, «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында өндірілетін болат құбырлар Францияға экспортталады. «Оңтүстік» АЭА аумағында өндірілетін тоқыма өнеркәсібі өнімдері Канадаға, Түркияға, Ресейге және Орталық Азия елдеріне жеткізіледі. Төленген салық міндеттемелерінің көлемі шамамен 300 млрд теңгеге жетеді.

Сонымен қатар АЭА инфрақұрылымын жүргізуге жұмсалған мемлекеттік қаражатты толық қайтару қамтамасыз етілді. АЭА қатысушыларымен жұмсалған 1 теңгеге мемлекетке инвестициялық салықтар мен қаражат есебінен 6,2 теңге қайтарылды. АЭА аумағында 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Жоспарланған жобаларды іске асыру есебінен қосымша 22 мың жұмыс орны ашылады.

Тұтастай алғанда, АЭА экономикалық тиімділігі байқалады. Басқарушы компаниялар мен АЭА қатысушыларының шарттық міндеттемелерін орындауды мониторингтеу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу