Республикалық штабта Алматыдағы КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуал қаралды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен КВИ-дің таралуына жол бермеу жөніндегі  штабтың отырысына мегаполис әкімі Б. Сағынтаев және денсаулық  сақтау министрі А. Цой қатысты, онда Алматыдағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және медициналық қызметтің сапасын арттыру шаралары қаралды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров хабарлағандай, қалада коронавирусқа қарсы тұрудың моделі және ковидке қарсы іс-әрекет бойынша жүйелі жұмыс қалыптасты. Жедел жәрдем мен алғашқы медициналық-санитарлық бөлімнің жұмысы қайта форматталды, инфекциялық стационарлар дерт жұқтырғандардың ауырлық жағдайына қарай эшелондарға бөлінді. Телемедицина орталығының мамандары үйдегі пациенттерді бақылайды.

Барлық ковидті госпитальдер медициналық газдар, медициналық қалдықтарды кәдеге жарату және ағындарды залалсыздандыру жүйесімен жабдықталған. Медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 91% құрады, ал Алматыдағы анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінің жабдықталуы 100% құрайды.

Қабылданған шаралар инфекцияның төрт толқынын жеңуге және КВИ бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Бұл ретте жоспарлы медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Аналар өлім-жітімін азайту бойынша индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізу жөнінде шаралар қабылданды, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету бойынша іс-шаралар жоспары жасалды.

Медициналық қызмет көрсету сапасы мен халықтың қанағаттанушылығын, медициналық ұйымдарды корпоративтік басқарудың тиімділігін арттыру шаралары да жүргізілуде. Медициналық кадрлардың жетіспеушілігін азайту үшін жол картасы бекітілді және биыл алғаш рет қала әкімінің гранттарына 120 резидентті қажет  мамандықтар бойынша оқыту үшін қаржы бөлінді.

Кеңес барысында денсаулық сақтау вице-министрі А. Ғиният, Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы А. Есмағамбетова баяндама жасады.

Кеңесті қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжанов бірқатар проблемалық мәселені айтып, оларды шешу үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жұмысын күшейтуі қажет. СЭБД эпидемиологиялық зерттеулердің сапасын жақсарту қажеттілігі  көрсетілді. МӘМС қалалық филиалына мегаполис тұрғындарын медициналық сақтандырумен қамту бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Е. Тоғжанов Алматы қаласының медициналық қауымдастығына КВИ-мен күресуге қосқан үлесі үшін алғысын білдірді, сонымен қатар медициналық қызметтердің сапасын жақсарту, мониторинг топтарының жұмысын күшейту және халықты вакциналау бойынша бірқатар тапсырма берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу