Үкімет отырысының қорытындысы бойынша брифинг: ЭГТРМ мен ИИДМ басшылары журналистердің сұрақтарына жауап берді

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Министрлер кабинетінің кезекті отырысының қорытындысы бойынша брифинг өтті. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Серікқали Брекешев журналистің осыдан үш-төрт ай бұрын Каспий жағалауында итбалықтардың өлуіне қатысты сұрағына жауап берді.

Биыл 26 сәуірде Каспий жағалауынан 100-ге жуық итбалық денесі табылды.

«Қазір итбалықтардың неден өлгені әлі анықталған жоқ. Бұған кем дегенде бір ай уақыт кетеді деп ойлаймын. Себебі денелері қатты бүлінген. Жануарлардың тінінен сынама алу мүмкін болмады. Олардың тістері мен тырнақтарынан сынамалар алынды. Тағы да қайталаймын, бұл жануарлардың неден өлгенін анықтау үшін шамамен бір ай уақыт қажет», — деді Серікқали Брекешев.

Министр итбалықтардың өлімі мен Атырау облысының солтүстік жағалауындағы NСОС компаниясы жүргізген тереңдету жұмыстарының байланысы бар ма деген сұраққа жауап берді.

«Қазір мамандар бұл жануарлардың өлімі үш-төрт ай бұрын орын алған болуы мүмкін екенін айтып жатыр. Қыс мезгілі, мұз қатып жатқаны түсінікті. Қалайша олардың денелері үш-төрт ай бойы бұзылмай жатқан? Себебі олар мұздың үстінде жатты. Мұз ерігеннен кейін жануарлардың тері асты майының арқасында қалғып, жағалауға келген. Итбалық денелерінің Қашаған кен орнынан 150 км қашықтықта табылғанын атап өту қажет», — деді министр.

«Жануарлар шамамен үш-төрт ай бұрын өлген. NСОС компаниясының тереңдету жұмыстары іс-шаралар жоспарына сәйкес 15 сәуірде басталды. Екі оқиғаның бір-бірімен байланысы жоқ», — деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Министр жұмыс басталмас бұрын компанияның бірнеше іс-шара өткізгенін және ғылыми негіздемелердің нәтижесінде жұмыстардың Солтүстік Каспийдің флорасы мен фаунасына әсер етпейтіні туралы шешім қабылданғанын атап өтті.

Сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы киікке қатысты жағдайға түсініктеме беріп өтті. Қазіргі таңда Қазақстанда киіктердің санын анықтау жұмыстары мен мониторинг жүргізіліп жатыр.

«Шынында да киіктердің саны артып келеді. Егер Орал популяциясы туралы айтатын болсақ, онда ол 500 мыңнан астамға артты. Бүгінде бас санын анықтау және мониторинг жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы күндері жұмыс аяқталып, 10 мамырға дейін киіктердің нақты санын білетін боламыз», — деді Серікқали Брекешев.

«Болжам бойынша тек Орал популяциясының саны 1 млн-ға дейін артуы мүмкін. Бұл деректерді 10 мамырдан кейін жариялаймыз», — деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы.

Бұған дейін бірқатар өңірде киіктерді қорғау акциялары өткізілгені туралы хабарланған болатын. Киіктердің популяциясын сақтау және браконьерлік фактілерінің жолын кесу мақсатында 15 сәуірден бастап Ақмола және Маңғыстау облыстарында кең ауқымды «Киік» республикалық акциясы өтті.

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі журналистердің Атырау облысында балықтың жаппай қырылуына қатысты қойған сұрақтарына да жауап берді. Ведомство басшысы су деңгейі көтеріліп, өзен кей жерлерде арнасынан таситынын атап өтті. Соның нәтижесінде жайылмалы су қоймалары толысып, балық уылдырық шашатын жерлерге ағынмен бірге барады.

«Бүгінгі таңда шамамен 900 кг жиналды. Бұл балықтар жойылуда. Ешқандай антропогендік әсер болған жоқ. Болуы мүмкін емес. Өзен тасыған кезде балық уылдырық шашуға кіретін жайылма жерлер пайда болады. Балық уылдырық шашуға барғанда, ағын оны таяз суға апарады. Осыған орай су жиналғаннан кейін балық сонда қалып қояды», — деді Серікқали Брекешев.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі осындай оқиғаның өткен жылы да болғанын еске салды. Ол кезде 4 тонна өлі балық тіркелген.

«Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін біз уылдырық шашатын балықтар өтетін жерлерді тереңдету жұмыстарын жүргіземіз. Балықтың негізгі бөлігі уылдырық шашатын жерге өтті. Алайда, өкінішке орай, мұндай жағдайлар болып тұрады», — деді Серікқали Брекешев.

Бұған дейін Атырау облыстық әкімдігінде қала маңындағы каналдардың бірінде частик тұқымдас балықтардың қырылу себептері аталған болатын. Атырау қаласы Қайыршақты ауылдық округінің «Безымянный» су қоймасында балықтар қырылған еді.

Сондай-ақ бұл факті бойынша дереу арнайы комиссия құрылып, оның балықтардың қырылу себебін зерттеу бойынша тергеуді бастағаны хабарланған болатын.

Өз кезегінде ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қазақстандықтарға жеңілдікпен авто несие беру бағдарламасын іске қосу жұмыстары неге ұзаққа созылғанын түсіндірді.

«Автонесиелеуді бастау үшін қаражат керек, олар қазір өнеркәсіпті дамыту қорына тапсыру үшін “Жасыл дамуда” жатыр. 6 мамырға дейін корпоративтік процедураларды аяқтап, ақша беруді бастаймыз», — деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.

ИИДМ басшысының айтуынша, жеңілдетілген автонесиелеуге ақша аудару үшін уақыт қажет.

«6 мамырда қаражат өнеркәсіпті дамыту қорына аударылады, содан кейін олар бұл ақшаны ЕДБ-ге аударуы тиіс. Бұл – белгілі бір уақытты қажет ететін техникалық рәсімдер. Келесі аптадан бастап бұл рәсімдер қолға алынады деп ойлаймын», — деді Қайырбек Өскенбаев.

Министр өткен жылы Қазақстанда автокөліктер бойынша 118 мың мәміле жасалғанын, оның 65%-ы немесе 80 мыңға жуығы отандық өндірушілер екенін еске салды.

ИИДМ мәліметтеріне сәйкес, былтыр жыл басынан бері төрт айда 22 мың машина дайындалса, биыл осы кезеңде 30 мың машина шығарылған.

«Биыл 8 мың көлікке көбірек шығарылды. Алайда, автокредит беру бағдарламасына байланысты сұраныс артып келеді. Сондықтан біз өткен жылғы 80 мың машинаның орнына 110 мың машина шығаруды жоспарлап отырмыз. Бірақ жоспарларды түзету керек, қазір өндірушілермен бірге автокөлік өндірісінің көлемін барынша арттыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Аталған бағдарламаны ескере отырып, бізге өндірісті ұлғайту қажет, менің ойымша, бизнеске көлікті көбірек шығаруға тапсырма беру керек», — деді Қайырбек Өскенбаев.

Бұған дейін Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде сәуір айының соңына дейін жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына қатысты барлық рәсімді аяқтау жоспарланғаны нақтыланған болатын.

Сондай-ақ индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі автомобиль өндірісі саласына мемлекеттен бөлініп жатқан субсидияларға қарамастан, Қазақстанда автомобильдердің бағасы қандай себеппен тұрақты түрде өсіп жатқанын айтып берді.

«Біз еліміздің аумағында отандық өндіріс болуы үшін республикадағы барлық өндірушінің мүддесін қолдаймыз. Қазақстандықтардың қызығушылықтары отандық өндірістің мүдделерімен сәйкес келген кезде, азаматтарымыздың мүдделері қорғалған деп айта аламыз. Бұл өнеркәсіптік, азық-түлік және басқа да салаларға қатысты. Егер біздің өз өндірісіміз болмаса, онда біз қорғалмаймыз және сырттан бізге жеткізілетін тауарлардың құнына тәуелді боламыз», — деп түсіндірді министр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу