Мемлекеттік инспекторлар еңбек заңнамасының бұзылуына еш кедергісіз әрекет етуі тиіс — Б. Нұрымбетов

Қазақстанда мемлекеттік инспектордың функцияларын қайтару жоспарлануда, ең алдымен, аталған ұйым қызметкерлерінің санын ұлғайту көзделген. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Үкіметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

«2013 жылы министрліктен әкімдіктерге берілген мемлекеттік еңбек инспекциясының саны үнемі қысқарып келеді. Бүгінде бүкіл ел бойынша тек 260 еңбек инспекторы жұмыс істейді, сондықтан кәсіпорындарды толық қамтуда шешілуі тиіс проблемалар бар», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Б. Нұрымбетов атап өткендей, егер жылына шамамен 9 мың тексеріс жүргізілсе, оның 90%-ы — қызметкерлердің өтініштері бойынша жүзеге асырылады, жоспарлы тексерулер заңнамаға сәйкес айтарлықтай азайтылған.

«Сонымен қатар, бүгінде мемлекеттік еңбек инспекторлары үшін көптеген шектеулер қойылған, олардың прокуратура органдарынан рұқсат алмай тұрып, еңбек заңнамасының қандай да бір бұзушылықтарына әрекет етуге құқығы жоқ, жұмыс берушіні алдын ала хабардар етеді. Еңбекақының төленбеуі туралы арыз бойынша тексергенде де, ол заң бойынша өтініш берген нақты бір адамның ғана еңбекақысының төленбеуін тексеруге құқылы, ұжым бойынша тексере алмайды», — деп атап өтті ведомство басшысы.

Осыған қатысты Министрлікте ұсыныстар білдірілді.

«Халықаралық тәжірибеде еңбек инспекторы қызметкерлерге қатысты еңбек заңнамасының бұзылуын жою үшін тәуліктің кез келген уақытында кез келген кәсіпорынды еш кедергісіз тексеріп шығуға құқылы. Біз мемлекеттік еңбек инспекторының осы мәртебесін қалпына келтіргіміз келеді. Бүгінгі таңда саны жағынан да бізде 23 мың қызметкерге бір мемлекеттік инспектордан келеді, Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынысы бойынша – 10 мың қызметкерге бір инспектор. Бізге кем дегенде ең алдымен инспекторлардың санын 2,5 есеге көбейту керек. Оларға еш кедергісіз кез-келген уақытта, әрдайым, еңбек заңнамасының бұзылуына қарсы әрекет ете алатындай мәртебе енгізу қажет», — деді ол.

Сонымен қатар, министрлікте инспекторға бизнеске бірден айыппұл салуға құқық беруге болмайды деп санайды.

«Ол тәртіп бұзушылықты жою туралы ұйғарым жазып, мерзімін белгілеуі тиіс және егер жұмыс беруші ұйғарымды орындамаса, осыдан кейін ғана әкімшілік жауапкершілікке алынуы керек, бұл сыбайлас жемқорлық жағдайын болдырмайды», — деп түйіндеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу