ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы бірқатар кездесулер өткізді

Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды. 

Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Ұлттық әл-ауқат қорының 2019 жылға арналған даму қорытындылары туралы ақпарат ұсынылды.

А. Есімов Қор компаниялары тобының таза кірісі 1,2 трлн теңгені құрап, бұл жоспарланған көрсеткіштен 38 пайызға артық екенін хабарлады. Қарыз жүктемесі  2017 жылдан бері 1 трлн теңгеге, ал сыртқы қарыз 5,1 млрд АҚШ долларына азайған.

Сондай-ақ, Қор компанияларының қаржылық жағдайын одан әрі жақсарту, портфельді компаниялардың IPO-ға шығуы және жекешелендіру жоспарын іске асыру жөніндегі шараларға ерекше назар аударылды.

Кездесу соңында Елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.

Елбасы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады. Кездесу барысында Ғ. Пірматов Қазақстанның Тұңғыш Президентіне 2019 жылғы компания қызметінің қорытындылары мен 2020 жылға арналған даму жоспарлары туралы баяндады.

«2019 жылға арналған барлық өндірістік және қаржылық көрсеткіштер орындалды. 2020 жылға арналған даму стратегиясы мен басымдықтар айқындалды. Компания екі жыл қатарынан тек ең ірі өндіруші ғана емес, әлемдегі ең ірі уран сатушы атанып отыр», - деді Ғ. Пірматов.

Сонымен қатар, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы компанияның еңбекті қорғау, қоршаған ортаны қорғау және корпоративтік басқаруға ерекше көңіл бөлетіндігін хабарлады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу