Мәжілісте халық үшін байланыстың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі заңнамалық шаралардың кешенді пакеті мақұлданды

ҚР Парламент Мәжілісі екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін әзірленген заң жобасы байланыс инфрақұрылымын дамытуға, перспективалы телекоммуникациялық және цифрлық технологияларды тарту үшін қолайлы заңнамалық жағдайларды қалыптастыруға, сондай-ақ инновациялық экожүйені одан әрі жетілдіруге бағытталған. Құжат – желілерді дамытуды ынталандыру және халық үшін байланыс қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі заңнамалық шаралардың кешенді пакеті.

Онда жергілікті атқарушы органдардың антенна-діңгек құрылыстарын және (немесе) ұялы немесе спутниктік байланыс жабдықтары үшін тіректерді салуға орындар беру көзделген. Республикалық және негізгі облыстық автожолдарды сапалы байланыспен қамту үшін автомобиль жолдарын дамытуды жоспарлау, реконструкциялау және жөндеу кезінде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу мүмкіндігі бекітіледі.

Бұдан басқа мемлекет меншігіндегі электр беру әуе желілерінің тіректерін бірлесіп пайдалану, оның ішінде байланыс операторларының оларды тиісті жағдайда ұстау жөніндегі міндетін белгілей отырып, байланыс желілерін жүргізу үшін мүмкіндіктер кеңейтілуде. Ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп объектілерінде цифрлық технологияларды енгізу үшін байланыс қызметтерін субсидиялау мүмкіндігі салынған.

Заңда виртуалды операторлардың жұмысында рұқсат беру тәртібі де қарастырылған. Геостационарлық емес спутниктік жүйелерді (StarLink, OneWeb) қолдана отырып, байланыс желілерін пайдалану бойынша екі жылға дейінгі мерзімге пилоттық жоба енгізілуде. Осы жобаның құқықтық және техникалық режимдерін байланыс саласындағы уәкілетті орган және Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындайтын болады. Оны іске асыру шалғайдағы елді мекендердегі әлеуметтік объектілерді интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар байланыс операторлары төтенше жағдай туындаған кезде халықты жедел ақпараттандыру үшін хабарламаларды тарату технологиясының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ байланыс саласындағы уәкілетті органның мүгедектігі бар тұлғаларға жеңілдігі бар тарифтер ұсыну бойынша байланыс операторларының қосымша міндеттемелерін белгілеу құқығы қарастырылған.

Заң жобасы жерлердің, ормандар мен су қорының жай-күйіне, сондай-ақ ҚР Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы талаптарының сақталуына қашықтан бақылау жүргізу кезінде жерді барлаудың ғарыштық деректерін пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл табиғи ресурстарды пайдалануға мемлекеттік бақылаудың тиімділігін күшейтуге және табиғатты адал пайдаланушыларға әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша инновацияларды мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну үшін ұлттық инновациялық жүйені іске қосу көзделеді. Сонымен қатар құжат еліміздің инновациялық дамуына қатысу үшін салалық технологиялық құзыреттілік орталықтарының мәртебесін арттырады.

Жалпы, заң жобасы азаматтарға сапалы әрі қолжетімді байланыс қызметтерін ұсынуға, инновациялық белсенділіктің артуына және елімізге келешегі бар цифрлық технологияларды тартуға ықпал етеді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова екі ратификациялық заң жобасын таныстырды. Олардың қатарында зияткерлік меншік құқығының сауда аспектілері туралы келісімге толықтыру енгізу туралы хаттама да бар. Оның шеңберінде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше кез келген ел міндетті лицензиялар бойынша өндірілген өнімді экспорттай алады. Алайда, мұндай дәрі-дәрмек өндірісі коммерциялық мақсатта емес, қоғамдық денсаулық сақтау мақсатында жүзеге асырылады.

Ұсынылған тағы бір құжат – ТМД-ға мүше мемлекеттердің санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оған ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісім. Оның маңызды тұстарының бірі – мамандандырылған эпидемияға қарсы жасақтар әрекетінің жылдамдығы, ТМД елдерінің аумақтарында санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдай кезінде олардың мемлекеттік шекарадан өтуі қажет болған жағдайда ұзаққа созылатын рәсімдерді болдырмау.

#Заң жобалары #Цифрландыру

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу