ҚР Үкіметі отырысында Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысы қаралды

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Үкімет отырысы барысында Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысы туралы баяндады.  

Н. Білісбеков бағдарламаны іске асыру кезеңінде профилактикалық жұмыстарда оң өзгерістер байқалып, толеранттық діни түсінік  пен радикалдық идеологияға деген иммунитет нығайып жатқанын айтты. Білім беру мекемелерінде діни экстремизмнің алдын алу шаралары күшейтілген. Интернет порталдар арқылы, әсіресе E-Islam арқылы дінге қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сотталған радикалдармен Ақниет оңалту орталығы жұмыс жүргізеді. 

Аталған деректер бойынша, 2016 жылы дәстүрлі емес діни ағымдағылардың шамамен 32%-ы атаулы профилактикалық шаралармен қамтылды. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жылдары барлығы шамамен 90% қамтылды.

Мақсатты бағытталған жұмыстар нәтижесінде салафиттер қауымдастығының 70 көшбасшысы мен белсендісінің қазақстандық қоғам құндылықтарына оң ниеті қалыптастырылды. Еліміздің  91 азаматының халықаралық террористік ұйымдардың әскери іс-қимылдарына қатысу үшін шетелге шығу ниеті іске аспай қалды, оған шектеу қойылды.  

Есептік кезеңінде ел аумағында 12 террористік және өзге де зорлық-зомбылық, экстремистік акциялардың жүзеге асырылуына жол берілмеді. Террористік және діни-экстремистік қылмыстары үшін барлығы 123 радикал айыпталды. 

Сондай-ақ ол қойылған міндеттерді орындау аясында күш құрылымдарының техникалық және ұйымдастырушылық әлеуеті арттырылатынын атап өтті. Террористік іс-қимыл тұрғысынан осал нысандардың қауіпсіздігін арттыруға жағдайлар жасалған. Өңірлік штабтардың террористік қауіптерге орай шұғыл әрекет етуге әзірліктері арттырылған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу