Үкімет отырысында «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асырудың қортындысы қаралды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асырудың қортындысы қаралды.

Премьер–Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дайындалған «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын орындау барысында 2013 жылы 6,8 млн. шаршы метр тұрғын үй іске қосылғанын атап көрсетті. Бұл 2012 жылғы көрсеткіштен жоғары. Сонымен қатар бірқатар өңірлерде бюджет қаржысын толық игермей, жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша кестеден қалып қою жайы байқалады,-деді Үкімет басшысы.

Бағдарламаның орындалу барысы туралы баяндаған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев, республикалық бюджет қаржысына салынып жатқан тұрғын үй құрылыстары, тұрғын үй құрылыс жинақ желісі арқылы жүзеге асырылып жатқан құрылыстар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылыстарына тоқталды.

Министрдің сөзіне қарағанда, 2013 жылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысы үшін 27,5 млрд. теңге мақсатты трансферттер, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы тұрғызылып жатқан тұрғын үйлерге республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға 29,4 млрд. теңге несие қаржысы бөлініп, тұрғын үй құрылыстары жүріп жатқан аудандардағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылыстарына 40,1 млрд. теңге мақсатты трансферттер қарастырылды.

Министр, тұтастай алғанда, республика бойынша бюджет қаржысын игерудің жақсарып келе жатқандығын және тұрғын үйлерді уақытында іске қосуды қамтамасыз етуде оң беталыстың барлығын атай келе, кейбір аймақтардағы жалға берілетін тұрғын үйлер мен инженерлік желілер құрылыстарына бөлінген қаржының игерілмеуіне байланысты, келісім-шартта мұндай жағдайда біржақты тәртіппен қаржыны алу туралы бап қосылатынын айтты. Б.Жәмішев сондай-ақ құрылыстың өзіндік құнын төмендету мәселесін шешу бөлігі бойынша Бағдарламаға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы туралы хабарлады.

Министр айтқандай, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы 2020 жылға қарай 10 млн.шаршы метрге дейін жеткізілетін құрылыс ауқымын жыл сайын ұлғайтып отыруды қарастырады. Ағымдағы жылы барлық қаржыландыру көздері арқылы 6,9 млн. шаршы метр тұрғын үй салу көзделген».

Бұл мәселе бойынша сондай-ақ Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі А.Рау, Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі С.Ескендіров, Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев, басқарма басшылары: Қазақстан тұрғын үй құрылысы корпорациясы Р.Хұсайынов, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» А.Жұмағұлов, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік Қоры Б.Палымбетов есеп берді.

Отырысты түйіндей келе, Премьер-Министр «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіші жаман емес екенін атап өтті. Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша 6 млн. 850 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Мұнымен қатар, С.Ахметов барлық жүйелік проблемаларды шешу және Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысы бойынша, 2020 жылға қарай оны 10 млн. шаршы метрге дейін жеткізу туралы тапсырмасының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету қажет»- деп есептейді.

С.Ахметовтің айтуынша, «бұл бағдарламаны орындау экономиканың басқа да салалары үшін мультипликативті тиімділік беріп, біздің құрылыс индустриясын жетектейтін болады». 2013 жылы 7 қазіргі заманғы ҮҚК іске қосылды, биыл 8 зауытты іске қосукүтіліп отыр. Осыған орай, әкімдерге ӨДМ-мен бірлесіп кәсіпорындарды алдағы 2-3 жылға жүктеу тапсырылды. «Осындай міндет тұр және осынау бағдарламаны сіздер әрбір зауыт бойынша қамтамасыз етуге тиіссіздер»,-деді С.Ахметов.

Үкімет басшысы әкімдерге жоспарланған тұрғын үйлердің сыртында өткен жылы өткізілмеген тұрғын үйлерді сөзсіз іске қосуды қамтамасыз етуді, бөлінген қаржыны игеру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Өңірлік даму министрлігі үстіміздегі жылы Бағдарламаны жүзеге асыруға қатаң бақылауды қамтамасыз етуді, облыстар, Астана мен Алматы әкімшіліктерімен бірлесіп осы жылы тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша меморандумдар жасауы қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу