ҚР Ұлттық банкі «цифрлық теңгені» енгізу бойынша пилоттық жобаны дайындап жатыр

ҚР Президентінің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта ақша-кредит саясатын іске асыру және ҚР Ұлттық банкі қызметінің қорытындысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, биылғы жылғы 1-ші жартыжылдықтың қорытындысы жалғасып жатқан пандемияның кезекті толқыны, коронавирустың жаңа штамдарының таралуы аясында, сондай-ақ соларға байланысты қаржы нарығындағы жоғары құбылмалылықпен және тауар нарықтарындағы теңгерімсіздікпен қалыптасты. Осы жағдайларда Ұлттық банк 2021 жылға айқындаған негізгі басымдықтарға сәйкес іскерлік белсенділікті қалпына келтіруге бағытталған бейімделген ақша-кредит саясатын жүргізді.

Ұлттық банктің 2021 жылғы 1-жартыжылдықтағы қызметінің негізгі қорытындысы туралы айта келе, Е. Досаев биылғы жылғы ақпанда макроэкономикалық саясатты үйлестіруді күшейту бойынша алға қойған міндеттерді іске асыру үшін Ұлттық Банк Үкіметпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен 2021-2023 жылдарға арналған келісімге қол қойғанын жеткізді.

«Жыл басынан бастап жекелеген тұтыну нарықтарындағы теңгерімсіздік нәтижесінде инфляция биылғы жылғы маусымда 7,9% болды. Орта мерзімді перспективада инфляцияны тұрақтандыру мақсатында Ұлттық банк биылғы жылғы наурызда монетарлық негіздерді күшейтуге, қаржы нарығын дамытуға және экономикада құрылымдық реформалар жүргізуге бағытталған Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын бекітті», — деді Ұлттық банк басшысы.

Макроэкономикалық орнықтылықты қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк биылғы жылғы 1-ші жартыжылдықта ішкі валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етті, Жұмыспен қамту-2021 жол картасын іске асыруға қосымша 200 млрд теңге бөлінді, Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтері бойынша оң кірістілік қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар қаржы секторын цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жалғастырылуда. Ұлттық төлем жүйесін және «цифрлық теңгені» енгізу жөніндегі пилоттық жобаны дайындау оның маңызды құрамдас бөліктері болып табылады.

Ұлттық банк төрағасы сонымен қатар вакциналаудың артуы және сыртқы конъюнктураның жақсаруы аясында әлемде және Қазақстанда іскерлік белсенділік қалпына келуде екенін атап өтті. Соның арқасында Global PMI индексі қызмет көрсету, өндіріс және жаңа қызметкерлерді жалдау салаларының өсуі есебінен 15 жылдық ең жоғары көрсеткішке дейін көтерілді. Өз кезегінде, Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі осы жылғы маусымда экономиканың барлық секторларының қалпына келуі есебінен 51,6 болып, 2019 жылғы мамырдан бастап ең жоғары көрсеткішке жетті.

«Сыртқы және ішкі нарықтардағы оң өзгерістерді ескере отырып, Ұлттық банк биылғы жылғы маусымның басында 2021 жылғы Қазақстан экономикасының өсу болжамын 3,6-3,9%-ке дейін көтерді. Осыдан кейін Еуропа Қайта құру және Даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстан экономикасының өсу болжамын да 3,0%-ға 3,6%-ға дейін жақсартты. Әлемдік және ұлттық экономиканы одан әрі қалпына келтіру үшін коронавирустың жаңа штамдарының таралуына байланысты карантин шектеулерін ықтимал күшейту негізгі тәуекелге айналды», — деді Е. Досаев.

Әлемдік тауар нарықтарындағы бағаның өсуі фискалдық ынталандырумен бірге әлемдік сұраныстың тез қалпына келуіне және тауарлар мен шикізаттың тапшылығына әкелді. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес металдар мен минералдарға, ауыл шаруашылығы шикізатына баға индекстерінің қарқынды өсуі түпкі өнімнің жаппай қымбаттауына әкеп соғады.

Биылғы маусымда ФАО азық-түлік бағаларының индексі 124,6 тармаққа дейін 2,5 пайыздық тармаққа төмендегенге дейін 12 ай бойы тұрақты өсіп, бұрынғыша 2020 жылғы ұқсас кезеңнің көрсеткішінен 34%-ға жоғары болып отыр. 

Іскерлік белсенділіктің бірден қарқын алуы көптеген елдерде экономиканы шамадан тыс қаржыландыру тәуекелін арттырады. Осыған байланысты, дамушы елдердің орталық банктері бағаның өсуі мен инфляциялық күтулерді тежеу үшін ақша-кредит талаптарын күшейте бастады. 

ҚР Ұлттық банкінің басшысы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің экономикасы да елеулі инфляциялық қысымға ұшырап жатқанын, соның салдарынан биылғы жылдың басынан бері инфляцияның орта есеппен 1,4 есе біршама жеделдеуі байқалғанын атап өтті. Осы жағдайда Орталық банктер негізі ставкаларды өсіріп, биылғы жылдың соңына дейін ақша-кредит талаптарын одан әрі қатаңдататыны туралы мәлімдеді. Қазақстанда базалық ставка 2020 жылғы шілдеден бастап 12 ай ішінде 9,0% деңгейінде сақталды.

Осы жылғы маусымда көкөніс бағасы өсуінің біршама жеделдеуі аясында азық-түлік бағасының 10,6%-ға өсуінен инфляция 7,9%-ға дейін жеделдеді. Нәтижесінде азық-түлік нарықтарындағы жиілеген теңгерімсіздіктер инфляциялық күтулерге орнықты сипат беруде, олар осы жылғы маусымда тарихи жоғары көрсеткішке – 59%-ға өсті. Респонденттердің 87%-ы азық-түлік өнімдерінің бағасы өскенін атады.

Осы орайда Ерболат Досаев бағаның күрт өсуі аясында азық-түлік инфляциясын «тоқтату» Үкімет, Ұлттық банк пен жергілікті атқарушы органдар үшін негізгі басымдық болып табылатынын айтты.

Іскерлік белсенділік пен тұтынушылық сұраныстың қалпына келуі аясында азық-түлікке жатпайтын және сервистік инфляцияның жеделдеуі қайта басталды, олар өткен жылы карантин шектелулерінен тежелген болатын. 

Баға өсуінің жеделдеуін ескере отырып, Ұлттық банк 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция белгіленген таргеттен асып, 2022 жылдың 2-ші жартысында 4-6%-дық нысаналы дәлізіне оралады деп күтуде. 

«Әлемдік тауар нарықтарында конъюнктураның жақсаруын ескере отырып, біздің болжам бойынша, 2021 жылы мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін $60 АҚШ кезінде ағымдағы шот дефицитінің -$3,6 млрд дейін 1,8 есе қысқаруы күтіледі», — деді ол. 

1-ші жартыжылдықта сыртқы нарықтардың құбылмалылығына қарамастан валюта нарығы айтарлықтай тұрақты болды. Биылғы жылғы маусымның қорытындысы бойынша теңге бағамы мұнай бағасының 8,4%-ға өсуі аясында бір АҚШ доллары үшін 424,95 теңгеге дейін 0,9%-ға нығайды. Шетел валютасына сұраныстың артуы теңгенің нығаюын тежеуде. 2-ші тоқсаннан бастап іскерлік белсенділіктің қалпына келуі, импортқа кейінге қалдырылған сұранысты іске асыру және шетелдік инвесторларға дивидендтік төлемдер есебінен сұраныстың ұлғаюы байқалады. Маусымдағы орташа күндік сауда көлемі $145 млн жетті.

«Осы факторларды ескере отырып, шетел валютасына сұраныстың өсуі және АҚШ долларының жаһандық нығаюы теңгеге елеулі қысым көрсетуді жалғастыруда», — деді Ұлттық банк төрағасы. 

Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде биылғы жылғы 1-ші жартыжылдықта мемлекеттік бағалы қағаздар аукциондарына нарықтық инвесторлардың қатысу үлесі 32,7%-дан 94,3%-ға дейін 3 есеге жуық өсті. Жергілікті және халықаралық инвесторлар қатысуының өсуі Қаржы министрлігі үшін қарыз алу құнының орташа алғанда 45 базистік тармаққа төмендеуіне ықпал етті. 

Бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарына және Ұлттық банктің ноттарына қосылуы шамамен $850 млн құрады. 

Биылғы жылғы 1-ші жартыжылдықта Ұлттық қордың активтері бюджетке 2,1 трлн теңге сомасында трансферттер бөлу есебінен $57,5 млрд дейін төмендеді. Осы уақыттағы түсім 942 млрд теңге болды. 

Биылғы 6 айдағы нарықтардың құбылмалығына қарамастан, Ұлттық қордың кірістілігі 2,5% немесе $1,5 млрд мөлшерінде қамтамасыз етілді. Оның биылғы жылдың соңына қарай $3 млрд дейін одан әрі өсуі күтілуде. 

Алтын-валюта резервтері биылғы жылғы бірінші жартыжылдықта $35,1 млрд дейін $580 млн төмендеді. Алтын портфелі алтын бағасының 7%-дан астам төмендеуі аясында, сондай-ақ опциондық стратегияларды орындау шеңберінде алтынды сатуға байланысты $1,8 млрд қысқарды.

Нәтижесінде жалпы халықаралық резервтер алтын бағасының құбылмалылығына және республикалық бюджетке трансферттерді бөлуіне байланысты $92,6 млрд құрады. 

ҚР Президентінің зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде осы құқықты 1,6 трлн теңге сомасына 360 мыңға жуық азамат пайдаланды, оның 98,5%-ы тұрғын үй мәселелерін шешуге тиесілі болды. 

«Осы алып қою қарқынының төмендеуі аясында зейнетақы активтері биылғы жылғы маусымның соңында 12,8 трлн теңгені құрап, қалпына келе бастады. Биылғы жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция 4,6% кезінде 6,1% құрады», — деді Е. Досаев.

Биылғы жылғы 5 айда депозиттер 1,6 трлн теңгеге өскен теңгедегі салымдардың артуы есебінен 24,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды, бұл валюталық салымдардың өсімінен 2 есе артық.

Жеке тұлғалардың депозиттерін долларландыру, негізінен 50 млн теңгеге дейін салымдар есебінен соңғы 12 жылдағы ең төменгі деңгейге - 34,8%-ға дейін жетті. 

Экономиканы кредиттеу биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 15,6 трлн теңгеге жетіп, 7%-дық өсіммен қалпына келтірілуде.

Кәсіпорындарға кредиттер 4,7%-ға, оның ішінде шағын бизнеске – 12,4%-ға өсті. Кәсіпорындардың теңгемен берген кредиттері бойынша орташа алынған ставка 12%-дан 11,5%-ға дейін 50 базистік тармаққа төмендеді.

2021-2022 жылдары іскерлік белсенділіктің бұрынғыша қалпына келуі экономиканы нарықтық қағидаттарда кредиттеудің одан әрі өсуіне қолайлы жағдайлар жасайды.

Биылғы жылғы 1-жартыжылдықта Ұлттық банк дағдарысқа қарсы бастамаларды белсенді түрде жүзеге асыруды жалғастырды.

1. Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша биылғы жылғы 9 шілдеде револьверлік қаржыландыру есебінен 1 трлн теңгеге жуық қарыз берілді. Бағдарламаны іске асыру мерзімі 2021 жылдың соңына дейін ұзартылды.

2. Жұмыспен қамту – 2021 жол картасы шеңберінде өткен жылы бөлінген 700 млрд теңгеге қоса Ұлттық банк биылғы жылғы маусымда қосымша 200 млрд теңге бөлуді мақұлдады.

3. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 800 млрд теңгеден астам сомаға қарыз берілді, 1,5 трлн теңгеге жуық өтінім қабылданды. 

«Қаржы секторын цифрландыру нәтижесінде карталар бойынша қолма-қол ақшасыз транзакциялар биылғы жылғы 5 айда 2,4 есе өсті, онлайн төлемдердің үлесі 82,6%-ға жетті», — деді ведомство басшысы. 

Ұлттық банк Ұлттық төлем жүйесін құру жобаларын іске асыруды жалғастыруда. Құрылатын Төлем карточкаларының банкаралық жүйесі Қазақстандағы барлық ішкі карточкалық транзакцияларды өңдеуді бір жерге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл Visa және Mastercard жүйелерімен алдын ала келісілді. 

2021 жылғы 1 желтоқсанға жоспарланған Ұлттық төлем жүйесін пилоттық режимде іске қосу төлем жүйелерінің олқылығын жоюды бастауға мүмкіндік береді және Қазақстандағы төлем нарығының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Биылғы 2-жартыжылдықта әлемде сыртқы қаржылық және тауар нарықтарындағы құбылмалылық пен белгісіздіктің, сондай-ақ жоғары инфляциялық болжамдардың сақталуы күтілуде. Осы негізгі факторлар қазақстандық экономиканы қалпына келтірудің бұдан былайғы траекториясын айқындайтын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу