Қазақстанда соңғы екі аптада ауру деңгейі 17%-ға төмендеді — ҚР ДСМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды.

Денсаулық сақтау министрі А. Цой хабарлағандай, әлемде 240 млн-нан астам адам КВИ жұқтырған, тәулігіне 300 мыңға жуық жағдай тіркеледі. 4,9 млн астам адам қайтыс болды. ДДСҰ Еуропалық аймағының мәліметтері бойынша, соңғы екі аптада 54 елдің 33-інде аурудың өсуі байқалды.

Соңғы 14 күнде аурудың ең көп өсу деңгейі Польшада байқалды, онда сырқаттану деңгейі 122%-дан астам өсті, Грузияда — 98%, Украинада — 69%, Венгрияда — 50%-дан астам, Арменияда — 40%-дан астам, Ресейде — 30%, Түркия, Австрия және Германия, Қырғызстан, Беларусь елдерінде 2%-дан 10%-ға дейін өсіп отыр.

Сырқаттану деңгейінің төмендеуі ДДСҰ-ның Еуроаймағында 21 елде байқалады, оның ішінде Израильде 61%, Испанияда 43%, Швейцарияда 39%, Черногорияда 24%, Италияда 22%, Францияда 16%, Әзербайжанда 7% деңгейінде тіркеліп отыр.

Қазақстанда соңғы екі аптада сырқаттану 17%-ға төмендеді.

Жалпы, Қазақстанда соңғы екі айда сырқаттанушылық 3,8 есеге, ал өлім-жітім 3,6 есеге төмендеді.

«Бүгінгі таңда “жасыл аймақта” 6 өңір бар: Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе облыстары және Шымкент қаласы. Қазақстан Республикасы және 5 өңір “сары аймақта” орналасқан. “Қызыл аймақта” 6 өңір (Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) қалып отыр. Репродуктивтілік саны – 0,97», — деді А. Цой.

Соңғы айда тәуліктік сырқаттану 2,1 есеге, ауыр және өте ауыр жағдайлардың саны 1,6 есеге азайды.

Сондай-ақ стационарлық емделудегі науқастар санының 1,4 есеге (18 қыркүйектегі жағдай бойынша 13 мыңнан 18 қазандағы жағдай бойынша 9,1 мың адамға дейін) азаюы, амбулаторлық емделудегі науқастар саны 1,3 есеге (57 мыңнан 43 мың науқасқа дейін) төмендегені байқалады.

Қазақстан бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсек-орындардың жүктелу деңгейі 56%-дан 34%-ға дейін, реанимациялық төсек-орындардың жүктелуі 45%-дан 29%-ға дейін төмендегені байқалады. Резервте 20 мыңға жуық төсек-орын бар.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты уақытша инфекциялық нысандарды жабу жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл 25 тамыз бен 18 қазан аралығында барлық өңірде 103 нысан (30 881 инфекциялық төсек-орын) жабылды.

Сонымен қатар, халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жалғасуда. Вакцинация жоспары қайта қаралды және бүгінгі күні шамамен 11,4 млн адамды құрайды.

«Вакцинаның бірінші компонентімен 8 млн-нан астам адам егілді, екпе алуға тиісті халық санының 70,7%-ын немесе халық санының 42,7%ы-н құрады, екінші компонентпен 7,1 млн-нан астам адам егілді, екпе алуға тиісті халықтың 63%-ын немесе халық санының 38%-ын қамтыды», — деп хабарлады ведомство басшысы.

Тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда шамамен 1 млн 380 мың адам немесе тиісті халықтың 54,5% егілді.

Вакциналаумен республикалық көрсеткіштен жоғары қамту 7 өңірде байқалады, оның ішінде Түркістан облысында екпе алуға жататын халықтың 85%-ы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақмола және Қызылорда облыстарында 60%-дан астамы, Алматы қаласында және Шығыс Қазақстан облысында 55%-дан астамы қамтылған.

Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын, сондай-ақ вакциналауға жататын контингенттің 70%-дан астамының қамтылуын ескере отырып, ВАК-та 2021 жылғы 20 қазаннан төмендегілерге бастап рұқсат беру туралы шешім қабылданды:

  • келушілер COVID-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсын алғаны туралы құжатты немесе ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексерудің теріс нәтижесі бар және мерзімі нәтижесі берілген күннен бастап 3 тәуліктен аспаған құжатты ұсынған жағдайда медициналық-әлеуметтік объектілердің (қарттар, мүгедектер үйлері, балалар үйлері және басқалар) пациенттеріне бару мүмкіндігі;
  • түнгі клубтардың қызметі тек «жасыл» мәртебесі бар тұлғалар үшін 50%-ға дейінгі толымдылықпен іске асады, бірақ:
  1. «жасыл аймақта» 100 адамнан артық емес;
  2. «сары аймақта» 70 адамнан артық емес;
  3. «қызыл аймақта» 50 адамнан артық емес.
  • «ASHYQ» жобасына қатысатын бизнес объектілерінің жұмыс уақытын ұзарту:
  1. «жасыл аймақта» сағат 03-00-ге дейін, «ASHYQ» жобасының көшбасшылары үшін сағат 05-00-ге дейін;
  2. «сары аймақта» сағат 01-00-ге дейін, «ASHYQ» жобасының көшбасшылары үшін сағат 03-00-ге дейін.


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу