Қазақстанда «Омикрон» КВИ штаммының жаңа нұсқасының пайда болуына байланысты бірқатар шектеулер енгізіледі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы туралы баяндады.

Әлемде КВИ-дің 261 млн астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 300 мыңнан астам жағдай тіркелуде. 5 млн-нан астам адам қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірінде сырқаттанудың өсу тенденциясы әлі де жалғасуда.

Республикада ПТР тесттің оң нәтижесімен коронавирус инфекциясының 971 541 жағдайы, және ПТР теріс нәтижесімен 82 550 жағдайы тіркелген, науқастардың 95%-дан астамы емделіп шықты. Жалпы республика бойынша вирустың репродуктивтік саны 0,91 құрайды және тамыз айымен салыстырғанда 1,2 есе төмендеу байқалады.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі М. Шоранов хабарлағандай, бүгінгі таңда «қызыл аймақта» Солтүстік Қазақстан облысы қалып отыр. 5 өңір – (Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Павлодар және Нұр-Сұлтан қаласы) «сары аймақта» тұр. Қазақстан Республикасы және қалған 11 өңір «жасыл аймақта» орналасқан.

«Жалпы Қазақстанда соңғы айда сырқаттанушылық 2,8 есеге, стационарлық науқастар 1,5 есеге, амбулаториялық науқастар 2 есеге төмендеді. Республика бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектер жүктемесі 56%-дан 29%-ға дейін, реанимациялық төсектер жүктемесі 45%-дан 23%-ға дейін төмендеді. Резервте 30 мыңнан астам төсек-орын бар», — деді М. Шоранов.

Емдеуді жалғастырушылар саны азайды, соңғы үш айда науқастар саны 4,2 есе азайды. Халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жұмыстары жалғасуда.

«1-ші компонентпен 8,7 млн-нан астам адам егілді, вакциналауға тиісті халықтың 76,6%-ы немесе жалпы халықтың 46,2%-ы қамтылды. Екінші компонентпен тиісті халықтың 70,8%-ын немесе жалпы халық санының 42,7%-ын қамти отырып, 8 млн астам адам егілді», — деді денсаулық сақтау бірінші вице-министрі.

Қазақстанға Comirnaty (Pfizer) вакцинасының 645 мың дозасы келіп түсті. Бүгінгі күні 62 707 бала және 17 015 жүкті және бала емізетін әйелдер егілді. Вакцинаны жеткізу апта сайын жалғасуда.

«22 қарашадан бастап республикада халықты КВИ-ға қарсы ревакциналау жұмыстары басталды. Ревакциналаумен бірінші кезеңде халықтың осал топтары (медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің және жабық балалар мекемелерінің персоналы мен контингенті, күш құрылымдарының қызметкерлері), 60 жастан асқан адамдар, өз бетінше тексеруден өткен және КВИ-ге қарсы антиденелерге теріс нәтижесі бар адамдар қамтылады. Екінші кезеңде: вакцинаның екі дозасын толық алған адамдар. Бүгінгі күні ревакциналанған адамдардың саны 9 412 адам құрады», — деді М. Шоранов.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, коронавирус инфекциясының «Омикрон» штамының жаңа нұсқасының пайда болуын ескере отырып, оны республика аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссияда биылғы 3 желтоқсаннан бастап мынадай шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданды:

  1. Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Онтүстік Африка, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуін шектеу.

  2. «Омикрон» нұсқасынан туындаған КВИ жағдайлары анықталған елдерден, бүгінгі күні бұл елдер – Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египет. Осы елдерден келетін адамдар үшін вакцинациясы бар-жоғына қарамастан міндетті ПТР тестілеудің бар болуын енгізу. 

  3. «Омикрон»-нан туындаған КВИ жағдайлары анықталған елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге үй карантиніне оқшаулануы тиіс. 

  4. Бельгияда Египеттен келген адамнан «Омикрон» штаммынан КВИ жағдайының анықталғанын және Египеттен келетін жолаушылар санын (қараша 13 мыңнан астам адам) ескере отырып, Египетпен әуе қатынасын тоқтата тұру.

  5. ҚР-да таралған короновирус инфекциясы штамдарын секвенерлеу жұмыстарын жалғастыру.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирустың жаңа штаммының табылуы әлемнің көптеген елдерінде алаңдаушылық тудырып отырғанын атап өтті.

Бірқатар Еуропа елдері, Сингапур және Израил қатаң шектеу шараларын қабылдады (Израилде әуе қатынастары шектелуде, Еуропа елдері «Омикрон» анықталған елдерден келген адамдарды 14-күндік карантиндік оқшаулау тәртібін енгізді).

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала деректеріне сәйкес жаңа штамм «Дельта» нұсқасынан да қауіпті, әрі тез таралады.

«Сондықтан жаңа штаммның еліміздің аумағына енуінің алдын алуға бағытталған шараларды қолдауды сұраймыз. Ұсынылған шектеу шаралары ведомствоаралық комиссия отырысында қаралып, мақұлданды», — деді Е. Тоғжанов.

Сонымен қатар биыл маусымдық тұмау мен жедел респираторлық вирустардың таралу жиілігі 2019 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артып отыр. 

«Осыны және әлемдегі жағдайды ескере отырып, барлық әкімдерден санитарлық талаптардың орындалуына бақылауды күшейтуді сұраймыз. Біріншіден, қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтық пен маска тағу режимін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары күшейтілуі тиіс. Бұл ретте мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру қажет. Екіншіден, коронавирусқа қарсы вакцина алу мен ревакциналауға шақыру бойынша ақпараттық жұмысты күшейткен маңызды. Азаматтардың вакцина алуы үшін қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс. Үшіншіден, әкімдіктер өңірдегі инфекцияның таралу деңгейіне күнделікті талдау жүргізіп отыруы қажет», — деп түйіндеді Е. Тоғжанов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу