Инвестицияларды тартудағы тәсілдердің өзгеруі немесе Қазақстанның инвестициялық саласы пандемия сын-тегеуріндеріне қалай бейімделуде

Қазақстанда жылдан жылға елімізге инвестициялар тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Тәуелсіздік кезеңінде әлемнің 120-дан астам елінен $330 млрд шетелдік инвестиция тартылды. Іс жүзінде барлық елдердің экономикасының дамуына жаһандық әсер еткен әлемдік пандемия инвестициялық салаға да ықпалын тигізді. Пандемия жағдайында Қазақстанға инвестициялар тарту тәсілдерін өзгерту туралы primeminister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров айтып берді.

— Алмас Айдарұлы, дағдарыстар — бұл салымдар үшін тиімді уақыт, өйткені акциялардың, бизнестің бағасы бұл уақытта әрдайым төмендейді. Дегенмен, экономикалық тұрақсыздық жағдайында банкроттық қаупі де жоғары. Инвестиция саласы қалай болып жатыр? Пандемия мен карантиндік іс-шаралар Қазақстандағы инвестициялар нарығына қалай әсер етті?

— Бүгінде әлем соңғы жүз жылдықта ең ауыр рецессиялардың бірін бастан кешуде. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша жаһандық экономика 5,2%-ға қысқарады, ХВҚ болжамдары бойынша 3%-ға қысқарады. Әлемдік нарықта көптеген компаниялардың банкроттығы байқалды, сонымен бірге қаржылық және тауарлық-шикізат нарықтарындағы қолайсыз жағдайды, елдердегі сауда қатынастарының шиеленісуі және басқа да әлеуметтік-экономикалық процестерді айтпағанда, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қаржыландыруды, бизнес үшін ынталандыру шараларын шұғыл түрде қарастыру қажет кезеңде барлық елдер бюджет бойынша қысым көруде. 

БҰҰ сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) талдаушылары тікелей инвестициялардың әлемдік ағындарының болжамдарын түзетті және жыл басында айтылған 15%-ға құлдыраудың орнына, қазір біз әлемдік ТШИ көлемінің болжанып отырған 40%-ға қысқаруы туралы айтып отырмыз.

Бірінші тоқсанда тікелей инвестициялардың жалпы ағынының төмендеуі байқалды. Бұл ретте Үкімет жұмыс істеп тұрған зауыттарға, іске асырылып жатқан жобалар мен инвесторлармен іске асыруды бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілген жобаларға теріс әсерді азайту үшін бірқатар уақытылы шаралар қабылдады.

 

— Жыл басынан бері көбіне қандай салаларға және қандай жобаларға қанша инвестиция тартылды?

— Инвестициялау туралы шешім қабылдау процесі айтарлықтай ұзақ және салаға, донор елге байланысты өзгеріп отырады, компаниялардың корпоративтік рәсімдері көп әсер етеді. Егер тікелей шетелдік инвестициялар статистикасы туралы айтар болсақ, онда Қазақстан Ұлттық Банкінің деректері бойынша 2020 жылдың бірінші тоқсанында ТШИ жалпы ағынының көлемі $3,5 млрд-тан асты, бұл ретте басым бөлігін дәстүрлі түрде тау-кен өндірісі өнеркәсібі тартты — 65%. Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 9%-ы өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі, 5%-дан астамы Көлік және қоймалау саласына тиесілі.

Бүгінгі таңда елімізде шетелдік инвесторлардың қатысуымен экономиканың шикізаттық емес салаларында: АӨК, ТМК, машина жасау және құрамдас бөліктер өндірісі, мұнай-газ химиясы және химия өнеркәсібі, ЖЭК, көлік және логистика және басқа да салаларда 200-ге жуық инвестициялық жоба іске асырылуда.

Нақты жобалар туралы айтар болсақ, 2019 жылы шетелдік инвесторлардың қатысуымен шамамен 3,5 мың жұмыс орнын құра отырып, $1,1 млрд сомасына 40 ірі жоба іске асырылды.

Биыл дағдарысқа қарамастан, шетелдік инвесторлар жалпы сомасы $2,5 млрд құрайтын 35 ірі жобаны іске қосады деп күтудеміз, оның ішінде $799 млн сомасына 12 жоба іске қосылды. Бұл немістің Linde Gas, француздың Total Еrеn және Urbasolar, жапондық Hitachi және т. б. секілді компаниялардың қатысуымен жасалған жобалар.

Іске асырылып жатқан жобалардың ішінде ең маңызды жобалардың бірі – Түркістан қаласындағы халықаралық әуежай құрылысын атап өткім келеді. Бұл тәуелсіз Қазақстанда «таза далада» жаңадан салынған алғашқы халықаралық әуежай болады. «YDA Holding» компаниясының түрік инвесторлары шамамен $206 млн инвестициялайды, 400 тұрақты жұмыс орнын құрады. Түркістан жыл сайын 1 млн-ға жуық турист қабылдайды, әуежай салынғанда олардың ағыны артады. Түркістанда сондай-ақ Rixos халықаралық қонақүйлер желісінің бес жұлдызды отелі салынуда. Оны осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Дағдарысқа қарамастан бізде жаңа жобалар пайда болуда. Шілдеде «Аллюр» мен «Татнефть» Қазақстанда жылына 3,5 млн жеңіл және жүк шиналарын бірлесіп шығаруға келісті. Өндіріс 2022 жылы іске қосылады деп күтілуде.

 

— Қазіргі дағдарыс жаһандық деңгейде көп нәрсені өзгертетіні сөзсіз. Бизнеске деген көзқарастар, экономикалық және саяси реттеу, өмір салтының өзі өзгеруде. Инвестициялық басымдықтар бағытын өзгерте ме?

— Бүгінгі деректер мен жақын болашаққа жасалған болжамдар көңіл көншітпейді. Біз қазірдің өзінде экономиканың қарқынды құлдырауын, жұмыссыздықтың өсуін және әлемнің барлық елдеріндегі инфляциялық қысымды көріп отырмыз. ЮНКТАД-тың «100 ірі ТҰК» тізіміндегі барлық компаниялар өздерінің кіріс болжамын орташа есеппен 39%-ға төмендетті. Технологиялық және фармацевтикалық ТҰК азырақ зардап шекті, ал кейбіреулері, керісінше, болжамды ұлғайту бағытында өзгертті. Тұтастай алғанда, жақын арада біз компаниялардың және олардың стратегияларының елеулі қайта топтастырылуын қадағалайтын боламыз.

«Коронакризис» жағдайында экономикалық «эгоизм» элементтері дамушы және дамыған елдер саясатында көбірек көрініс табуда. Елдер өз инвестицияларын ұстап қалуға тырысады. Бұдан өзге басқа елдерге инвестициялар шығаруды саясиландыру және реттеу мүмкін. Пандемияның алғашқы айларында өндірістік тізбектердің ыдырауының теріс әсерін барлығы қатты сезінді, бұл кезде жеткізілімнің бұзылуына байланысты «домино принципі» әр түрлі салаларды қамтып, тұтастай экономиканы әлсіретті.

Біз, өз кезегінде, дамушы ел бола отырып, қолда бар уағдаластықтардың іске асырылуын, жұмыс істеп тұрған инвесторлармен диалогты, ревизияны және инвестициялар мен бизнес үшін барынша тартымды жағдайлар жасауды қамтамасыз ете отырып, өңірдегі көшбасшылықты сақтап, орнықты деңгейді сақтап қалуға тиіспіз.

 

— Бүгінде елімізге инвестицияларды ұлғайту бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр?

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 1 қыркүйектегі Жолдауында инвестициялық саясатты іске асырудың шаралары мен басымдықтарын нақты белгілеп берді.

Қазақстан экономикасының өнеркәсіптік әлеуетін толық ашу қажет. Яғни, фокус келесі деңгейге өтіп, уақыт пен нарық талап ететін жаңа жағдайларға бейімделе отырып, экономиканы әртараптандыруға қойылады.

 Қазақстан экономикасы үшін мұнай химиясы, металлургия, автомобиль және машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен секілді базалық секторларға инвестициялар тартуға ерекше назар аударамыз. Бұл салалар айтарлықтай мультипликативтік әсерге ие, кластердің табиғи қалыптасуы үшін негіз болып табылады, бизнестің ілеспе бағыттарын дамытады, жұмыс орындарын береді.

Мәселен, Алматы қаласында жыл соңына дейін ұсақ торапты құрастырылған Hyundai маркалы автомобильдер өндірісін бастау жоспарлануда. Бірінші кезеңде жылына 30 мың бірлік өндірілетін болады, екінші кезеңде – 45 мыңға дейін. Бүгінгі таңда инвестициялардың жалпы көлемі 28 млрд теңгеден астамды құрайды. Кейіннен өндірісті жергіліктендіру 51%-ға дейін ұлғайтылады, автокомпоненттер де Қазақстанда өндірілетін болады.

Президент жаңа құралды – мемлекет пен инвестор арасындағы уағдаластықтарды тіркейтін стратегиялық инвесторлармен инвестициялар туралы келісімді енгізуді атап өтті. Бұл инвестициялық преференциялар, жеңілдікті қаржыландыру, ішінара кепілдік беру, экспорттық қолдау тетіктері, салық міндеттемелеріне қарсы есепке жатқызу жолымен өтеу, мемлекеттік, квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланушылардың кепілді сатып алуы. Қазір осындай келісімдерді жасасудың негізгі ережелері мен шарттары пысықталуда. Жеке өзім бұл құралды шаблондық емес, өте икемді инвестициялық құжатқа айналдыруды қолдаймын. Сонда коммерциялық келісімшарт мысалы бойынша, біз инвестормен оның кіру шарттарын тез арада бекіте аламыз және оның қажеттіліктерін біздің трафареттерімізге сәйкес келтіруге тырыспаймыз.

Пандемия тәсілдерді өзгертуге және инвестициялық келісімшарттарға қол қоюды толығымен онлайн-платформаға ауыстыруға мәжбүр еткенін атап өткім келеді. Жыл басынан бері www.egov.kz арқылы 300 млрд теңгеге жуық сомаға 20-дан астам инвестициялық келісімшарт жасалды.

Сонымен қатар, біз Қазақстанның шетелдік мекемелерінің инвестициялармен жұмыс істеу тәсілдерін толық қайта қарадық. Осы айларды пайдаланып, біз 66 шетелдік мекеме үшін үш жылдық инвестициялық бағдарламалар әзірледік. Бұл біз осы елден күтетін инвестиция көлемін, осы кезеңде қандай компаниялармен жұмыс жасағымыз келетінін, қандай салаларды қамтығымыз келетінін анықтайтын жоспар.

Салалық министрліктердегі әріптестерімізбен "инвестицияға тапсырысты" қайта жүктеу бойынша үлкен жұмыс атқардық. Мұның астарынан біз саланың қажеттіліктерін нақты тұжырымдауды: саланың өз инвесторын қай жерден көргісі келетінін түсінеміз.

 

— Сіздің ойыңызша, қазір ірі инвесторларды Қазақстанда не қызықтырады?

— Менің ойымша, ауыл шаруашылығына үлкен қызығушылық бар, бірақ әлеует әлі ашылған жоқ, өйткені тежеуші факторлар бар. Мысалы, заңнама тұрақтылығының жеткіліксіздігі, реттеу, субсидиялау ережелері өзгеруде және т.б. Біздің фермерлердің өзі оған әрдайым ілесе бермейді, шетелдік инвесторлар туралы не айтуға болады? Бірақ ауыл шаруашылығын құрмай, индустрияландыруды құру мүмкін емес. Бұл байланыс дәлелденді.

Мысалы, Қазақстанда ауыл шаруашылығына ЖІӨ-нің 4,4%-ы ғана келеді, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 2,8%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте салада еңбекке қабілетті халықтың 40%-ы, яғни жартысына жуығы жұмыс істейді. Сәйкессіздік айқын. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың өнімдеріне сұраныс ауыл шаруашылығындағы кірістерге тікелей байланысты болады. Ішкі сұранысты қанағаттандырып, жергілікті нарықта бәсекелесуді үйренген соң қазақстандық өнім шетелдік тұтынушылардың арасында да табысқа ие болады, яғни экспорт көлемі артады.

Әрине, ірі ойыншылар үшін тау-кен металлургия кешеніне деген қызығушылық жоғары болып қалады. Бұл жерде мен мұнай-газ секторы туралы емес, қатты пайдалы қазбалар туралы айтып отырмын. Бүгінгі таңда қатты пайдалы қазбалармен жұмыс істеуге 1000-нан астам лицензия берілді және олар жеке қолдарда. Оларды айналымға енгізу өте маңызды. Бұл тау-кен метталургиясы кешенінде әлеуетін толық көлемде іске асыра алатын жаңа инвесторлар үшін, оның ішінде оны қайта өңдеу мен дайын өнімді экспорттауда үлкен мүмкіндік.

Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндіру бойынша «ЕвроХим» ресейлік компаниясының жобасын мысалға келтірейін. Бұл кәсіпорынның өнімі ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, Ресей Федерациясына, Қытайға, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдеріне экспортталатын болады. Осы жобаны іске асыру жөніндегі келіссөздер жаңа деңгейге өтті, осы жылдың шілде айында Қазақстан мен Ресей тиісті үкіметаралық келісімге қол қойды.

Үшінші бағыт – көлік және логистика саласы, оған қызығушылық транзиттік әлеуетпен және базалық инфрақұрылымның дайындығымен қамтамасыз етіледі. Біз мультимодальді Еуразиялық көлік дәлізін іске қостық. Қазақстан арқылы енді 5 теміржол және 6 халықаралық автомобиль жолдары өтеді. Таяу жылдары барлық негізгі автомагистральдардың, теңіз порттарының құрылысы аяқталады, Еуропа мен Азия арасындағы құрлық транзиті үшін қажетті инфрақұрылымдық жағдайлар жасалды. Осының арқасында Қазақстан аумағы арқылы жүк ағыны көлемінің үдемелі өсуін байқап отырмыз.

Контейнерлік тасымалдарды мысалға келтірейін. Біз үшін бұл саланы Қытайдан Орталық Азия, Ресей, Еуропа елдеріне, сондай-ақ Иран мен Таяу Шығыс елдеріне бағыт бойынша одан әрі дамыту өзекті. Қытай – Қазақстан – Еуропа контейнерлік тасымалдары жүктерді тасымалдау бойынша ең тиімді маршрут болып табылады. Бұл ретте, егер бастапқы кезеңде вагондар Еуропадан жартылай бос болып оралса, қазір ЕО – Қазақстан – ҚХР кері бағытында контейнерлердің 70%-дан астам жүктемеленуін көріп отырмыз.

Инвесторлар Қазақстан арқылы өтетін маршруттар бәсекеге қабілетті болуы мүмкін екенін түсінеді және инфрақұрылымдық жобаларды қарастыруға дайын.

Бұл ретте транзит тек жүктерге ғана емес, сондай-ақ цифрлық деректерге де қатысты. Инфрақұрылым – инфокоммуникацияны қамтитын өте кең ұғым. Еуропа мен Азия арасындағы интернет-трафик транзитінің әлеуеті зор. Цифрлық транзитке қызмет көрсетуге бағытталған талшықты-оптикалық байланыс желілерін, халықаралық бағдар дәліздерін дер кезінде қосу және дамыту қажет. Data-орталықтарын дамыту мүмкіндіктерін жеке атап өткім келеді. Бұл үшін бізде солтүстік өңірлерде қажетті жағдайлар бар: электр энергиясының бәсекелестік құны, климат, сейсмикалық қаупінің төмендігі.

Төртінші бағыт сервистік экономиканың секторлары. Білім беру мен денсаулық сақтау бұл қызметтерге деген шексіз қажеттілікті айтпағанда зор коммерциялық тауашаға айналуда. 

 

— Қазақстанда инвестициялық қызмет саласында мемлекеттік кепілдіктер жеткілікті ме?

— Менің ойымша, инвестициялық қызметтің құқықтық инфрақұрылымы бізде қанағаттанарлық деңгейде. Ол әлемдік стандарттарға сай келеді. Іс жүзінде өңдеу өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығының барлық салалары артықшылықтармен қамтамасыз етілген.

Бірақ инвесторлар салық төлеуге, операциялық шығындарды көтеруге дайын екенін түсіну керек. Сонымен қатар, барлық ірі шетелдік инвесторлар әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары болуымен ерекшеленеді, өндіріс орындарының дамуына айтарлықтай үлес қосады. Яғни, артықшылықтардың болуы ең маңызды мәселе емес. Мәселе, әдетте, заңнаманың тұрақтылығында, өйткені бизнес-модельдің құбылмалылық тәуекелдері болды. Мемлекет басшысы да осыған назар аударды, биылғы жылдың соңына дейін тиісті өзгерістер қабылданатын болады.

Инвестиция үшін бәсекелестіктің бүкіл әлемде ұлғайып келе жатқанын ескере отырып, дамыған елдер инвестицияларды репатриациялаудың белсенді саясатын іске асыруда, біз инвесторлар үшін неғұрлым қызықты шарттарды ұсынуға тиіспіз. Президент Тоқаев жариялаған шараларды іске асыру ағымдағы дағдарыстың V-тәрізді сценарийін іске асыруға және 2024 жылдың соңына дейін ЖІӨ-нің жалпы көлемінде негізгі капиталға инвестициялар үлесін 30%-ға арттырудың бастапқы нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге ықпал ететініне сенімдімін

 

— Қазақстанға келген инвестор бірінші кезекте нені бағалап, түсінуі тиіс?

— Әдетте, инвестор бірінші кезекте өз инвестициясының қорғалу деңгейін бағалайды, ал бұл заңның үстемдігімен, институционалдық ортамен және заңнаманың тұрақтылығымен қамтамасыз етіледі. Бұл жағдайда жақсы жаққа өзгерістер тек құпталады. Біз заңнаманың барлық мағынада толық емес екенін және жетілдірілуі тиіс көп нәрсе бар екенін түсінеміз. Бұл жағдайда АХҚО-ның ағылшындық құқығы жақсы құрал болды, ол шетелдік ойыншыларға жақын және түсінікті. 

Бұдан басқа, ел басшылығы әрдайым инвесторлардың қажеттіліктеріне басымдық берді, бұл үшін барлық деңгейдегі диалог алаңдары бар: 22 жылдан бері Мемлекет басшысының төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесі, Премьер-Министрдің жанында Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Бұдан басқа, бізде дауларды сотқа дейінгі және соттан тыс реттеу құралы ретінде инвестициялық омбудсмен институты жұмыс істейді.

Бірақ ештеңе бір орында тұрмайды, әлем дамуда, жағдай өзгеруде, біз икемді болуымыз керек және оларға бейімделуден қорықпауымыз керек. Бизнес тез бейімделеді, егер біз оның қарқынына ілесе алмасақ, онда жұмыс істеп тұрған инвесторларды жоғалтып алу және жаңа инвесторларды тарта алмау қаупі бар.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу