Ералы Тоғжанов Жамбыл облысының жеке қосалқы шаруашылықтарын аралады

Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба бағыттарының бірі – жеке қосалқы шаруашылықтар әлеуетін пайдалану есебінен АӨК өнімін өндіру көлемін ұлғайту.

Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Байзақ ауданы Қостөбе ауылындағы жеке шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.

Жоба қатысушыларының бірі, ауыл тұрғыны Алмасхан Рахымбердиев 10 бас жылқы сатып алған, бордақылаумен айналысады. Оның айтуынша, жобаның арқасында табысы 4 есеге артқан.

Ауылдың тағы бір тұрғыны Рүстем Бакуридзе 10 сотық жерге көкөніс еккен. Бұдан бөлек, 10 бас ІҚМ, 20 бас ҰМ бағумен айналысады. Оның айтуынша, жеке табысы 50 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін өскен. Ауыл тұрғындары тұқым, минералды тыңайтқыштар сатып алуға, суармалы су тапшылығы мәселесін шешуге кооператив көмектесетінін айтты.

Олар ауыл халқын сапалы әрі экологиялық таза өніммен қамтамасыз етеді.

Жергілікті тұрғындармен кездескеннен кейін Вице-Премьер жеке қосалқы шаруашылықтарға одан әрі қолдау көрсетуді жалғастыруды тапсырды.

«Ауылда әрқашан екі қолға бір жұмыс табылады. Ең бастысы, мал шаруашылығымен, егін шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге қолдау көрсетіп, қажеттінің бәрін қамтамасыз ету керек. Осы бағытта "Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі бағдарлама" әзірленді. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындары өз табысын 4-5 есе арттыруға мүмкіндік алды», — деді Е. Тоғжанов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу