А. Мамин Венгрия Премьер-Министрінің орынбасары М. Варгамен екі елдің ынтымақтастығын кеңейту перспективаларын талқылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин елімізге қазақстандық бизнес-форум мен Қазақстан – Венгрия стратегиялық кеңесінің V отырысына қатысуға келген Венгрия Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Михай Варганы қабылдады.

Тараптар сауда-экономика, қаржы-банк, инвестиция, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, АӨК, ТМК, жаңартылатын энергетика, фармацевтика, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.

Үкімет басшысы екі елдің ұлттық экономикаларын қалпына келтірудің жоғары қарқыны жағдайында Қазақстанның Венгриямен сауда-экономикалық қатынастары мен инвестициялық ынтымақтастығының даму әлеуетін атап өтті.

Қазақстан-Венгрия бизнес-форумы аясында медициналық туризм, агроөнеркәсіптік кешен, жаңартылатын энергетика, көлік және логистика, қаржы салаларында бірлескен жобаларды іске асыру бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Келіссөз барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта АХҚО-да Венгрияның «EXIM» банкінің өкілдігі жұмыс істейді, Венгрияның басқа да қаржы-банк құрылымдарымен өзара іс-қимылды кеңейту жоспарда бар.

Венгрия экономикасы – Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы ең дамыған экономикалардың бірі. 2020 жылы елдің ЖІӨ $155 млрд құрады. Еуропалық комиссия болжамы бойынша, 2020 жылы 5%-ға құлағаннан кейін, 2021 жылы экономика өсімі 6,3% құрайды.

Венгрия экономикасының жетекші салалары – машина жасау, АӨК, металлургия, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика, азық-түлік өндірісі, көлік және логистика, жеңіл және химия өнеркәсібі.

Биыл маусым айында Венгрия Қазақстанмен вакциналау паспорттарын өзара тану туралы келісім жасасқан алғашқы еуропалық ел болды. Осы жылғы қыркүйек айында Нұр-Сұлтан және Будапешт қалалары арасында тұрақты тікелей әуе қатынасы жаңартылды. Алматы қаласы мен Венгрия астанасы арасында тікелей рейстер ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Кездесуге ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев және Қазақстанның Венгриядағы елшісі Жәнібек Әбдірашов қатысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу