А. Мамин ЕО елшілерімен экономиканың экологиялық тұрақты даму мәселелерін талқылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанның Еуропалық Одақпен инвестициялық ынтымақтастығы бойынша диалогтың 8-ші отырысын өткізді. Экономиканың экологиялық тұрақты дамуы және климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселелері қаралды.

ҚР-да аккредиттелген ЕО елшісі Кестутис Янкаускас, Финляндия елшісі Сойли Мякелайнен Буханист, Германия елшісі Моника Иверсен, Нидерланды елшісі Андре Карстенс, «Қазақстан-Германия аграрлық-саяси диалог» жобасының жетекшісі Александр Барневиц, «Qazaq-Finish Technology» Қазақстан-фин технологиялар трансфері орталығының директоры Дмитрий Жуков және т. б. баяндама жасады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.

«Жасыл экономиканы» дамыту, жаңартылатын энергия көздері, Арал теңізі өңіріндегі шөлейттенуге қарсы күрес, орман қорын кеңейту, ағаш өңдеу өнеркәсібін дамыту, органикалық өнім өндірісі мен экспорты, ауыл шаруашылығында экологиялық тыңайтқыштарды, ЕО-ның «Фермадан үстелге» стратегиясының орнықты агробизнес стандарттарын қолдану және т. б. мәселелер талқыланды.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күрес аясында өз міндеттемелерін іске асыру бойынша шараларды ұлғайтып жатқанын атап өтті. Бұл ретте күш-жігер экономиканың тұрақтылығы мен декарбонизациясын арттыруға бағытталған. Үкімет 2020 жылғы желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған БҰҰ-ның климаттық амбициялар жөніндегі Саммиті шеңберінде Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуі жөніндегі мақсатты іске асыру үшін практикалық шаралар қабылдап жатыр.

Қазір ҚР-ның 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізу доктринасы әзірленіп жатыр. Құжат қайта жаңартылатын және дәстүрлі энергетика, өнеркәсіп, ауыл және орман шаруашылығы, көлік, ТКШ және қалдықтарды кәдеге жаратуға баса назар аудара отырып, ұлттық экономиканың барлық секторларында реформаларды көздейді. Қоршаған ортаға шығарындыларды азайтуға ҚР экономикасының энергетикалық тиімділігін арттыру, электрлендіру, жерді тұрақты пайдалану және жаңартылатын энергия көздерін кең ауқымда пайдалану арқылы қол жеткізілетін болады. Көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізу доктринасын іске асыру кезінде нарық тетіктері мен жеке инвестициялардың әлеуеті барынша пайдаланылатын болады.

Үкімет басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік орман қоры жерлерінде 2 млрд ағаш және елді мекендер аумағында 15 млн ағаш отырғызу мен орман өсірудің кешенді жоспарлары, сондай-ақ 2021-2025 жылдарға арналған елді мекендерді көгалдандырудың өңірлік жоспарлары әзірленгенін атап өтті.

ҚР экономикасының орман секторын дамытудың 2025 жылға дейінгі бас жоспары іске асырылуда, онда ормандардағы күзет-қорғау шараларын күшейту, жеке орман өсіруді мемлекеттік қолдау және басқа да шаралар көзделген. Ағаш отырғызуға және өсіруге жұмсалатын шығыстардың 50%-ын өтеу арқылы елдің ағаш дайындау-ағаш өңдеу кешені субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдайлар жасалды.

Премьер-Министр Еуропалық Одақ елшілерін Қазақстанның ЕО-мен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын дамытуға жәрдемдесу бойынша одан әрі ашық және белсенді диалогқа шақырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу