А. Мамин ауыл аумақтарын дамытудың кешенді және бірыңғай тәсілін қамтамасыз етуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылу барысы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баяндама жасады.

2019 жылы басталған «Ауыл – Ел бесігі» жобасының негізгі мақсаты – ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғырту, оларды жаңа өңірлік стандарттарға дейін жеткізу. 6,9 млн адам немесе ауыл халқының 89%-ы тұратын 3561 перспективалы ауыл іріктеп алынды.

2019-2020 жылдары ТКШ, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде, сондай-ақ Жұмыспен қамтудың Жол картасын,  «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын ескере отырып, сомасы 618 млрд теңге болатын 12 мың жоба іске асырылды.

Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Алматы, Қызылорда және Атырау облыстары жобаларды іске асырудың төмен қарқынын көрсетіп отыр.

Алдағы 5 жылда «Ауыл – Ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғайды, ал барлық қаржы көздерін ескере отырып, ауылдарды жаңғыртуға 1,3 трлн теңге жоспарланған.

2025 жылы ауылдық жерлерде сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз етуге қол жеткізіледі, 10 мың км кентішілік жолдардың жай-күйі жақсартылады, 12 мың км инженерлік желілер, бірнеше мыңдаған әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынады және жөнделеді, 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылады. 

АӨК саласында 4,5 трлн теңге сомасына 1 мыңға жуық жоба іске асырылады. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады, қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспорты 2 есе артады. 1 млн ауыл тұрғыны өз табысын арттырады, ауыл шаруашылығында 500 мың жұмыс орны құрылады.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасының іс-шараларын іске асыру ауыл халқының өмір сүру сапасын едәуір жақсартады және ауылдарды дамытуға жаңа серпін береді», —  деді А. Мамин.

Үкімет басшысы ауылдық аумақтарды дамытудың кешенді және бірыңғай тәсілін, 2025 жылға қарай нысаналы индикаторларға қол жеткізуді, сондай-ақ ауылдық жерлерде кредит қаражатына қажеттіліктің ұлғаюын ескере отырып, АӨК-ні тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу