2021 жылдың 9 айында экономиканың барлық секторында оң өсу динамикасы сақталды — Ә. Ерғалиев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және биыл тоғыз айдағы республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Елдегі экономикалық жағдай, бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерінің қазіргі жай-күйі туралы ҚР ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев және ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.

Биыл қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан экономикасының өсу көрсеткіші 3,4%-ға дейін жеделдеді

«Аталған есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша қызмет көрсету секторындағы динамиканың жандануы, нақты сектордағы өсу қарқынының сақталуы, сауда балансының оң сальдосының нығаюы, өндіруші емес секторлардағы жоғары инвестициялық белсенділік байқалып отыр», — деді Ә. Ерғалиев.

Осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде нақты сектордағы өсім 3,5%-ды құрады. Қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділік 2,9%-ға дейін өсті. Салалар арасында ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетіп отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында да оң өсім байқалады

Экономикалық өсудің маңызды факторы ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту болып отыр. Министрдің сөзінше, соның ішінде өндіруші емес салаларға қомақты инвестициялар тарту байқалады.

«Биыл тоғыз айда тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 15,1%-ды құрады. Инвестиция құрылыс саласында 1,3 есеге, өңдеу өнеркәсібінде 80,6%-ға, саудада 37,8%-ға, ауыл шаруашылығында 36,7%-ға, ақпарат және байланыста 14,3%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында 18,9%-ға және қаржы саласында 15,6%-ға өсті», — деді Ә. Ерғалиев.

Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады.

Биыл қаңтар-тамызда сыртқы саудадағы тауар айналымы $62,8 млрд-ты құрап, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш $37,5 млрд-ты құрады. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 23,2%-ға өсіп, $12,1 млрд-қа дейін жетті. Тауарлар импорты $25,4 млрд-ты құрады.

Жалпы, оң сауда балансы өткен айға қарағанда $1,7 млрд-қа өсіп, $12,1 млрд-ты құрады.

Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Министрдің мәліметінше, биыл қаңтар-қыркүйекте сала бойынша өндіріс көлемі 5,7%-ға өсті.

«14 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы және Қостанай облыстарында байқалады. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 38,1%, машина жасау 22,8%, оның ішінде автомобиль жасау 31,6%, вагондар мен локомотивтер өндірісі 50,5%, сондай-ақ құрылыс материалдары 10,1%, пластмасса бұйымдары 31,4%, дайын металл бұйымдары 17,2%, киім 14% және жиһаз 14,9% деңгейінде серпінді өсуді көрсетіп отыр», — деді Ә. Ерғалиев.

Министрдің айтуынша, өткен 9 ай бойынша орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7%-ға өсіп, құрылыс саласы жоғары қарқын көрсетті. Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы қаласында, сондай-ақ Маңғыстау және Ақмола облыстарында байқалуда.

Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жалпы алғанда оң динамика сақталып отыр. Есепті кезеңде 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіштің өсуі 8%-ды құрады. Оң динамика 14 өңір бойынша тіркелді, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады.

Ауыл шаруашылығында өсім 1,4%-ды құрады. Саладағы өндірістің оң өсуі 14 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары көрсетті.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай келесідей қалыптасты.

Барлық көрсеткіш бойынша оң өсу 5 өңірде – Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент қалаларында байқалады.

6 көрсеткіш бойынша 7 өңірде өсу байқалады. Олар: Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қ.

4 өңірде 5 көрсеткіш бойынша өсу тіркелді. Батыс Қазақстан облысында 4 көрсеткіш бойынша өсу байқалады.

Баяндама соңында Ә. Ерғалиев қазіргі уақытта орталық және жергілікті атқарушы органдарға күш-жігер шоғырландыру қажет болатын бірқатар шараны ұсынды:

  1. Сапалы инвестицияларды тарту мен сүйемелдеу бойынша мемлекеттік басқарудың барлық сатыларында белсенді және мақсатты жұмыс жүргізу.
  2. Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласында жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз ету.
  3. Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін тиімді жүзеге асырылуын ерекше бақылау.
  4. Халықты вакциналау және кәсіпкерлікті қолдау шараларын тиімді жүзеге асыру.
  5. Шикізаттық емес экспортқа кешенді түрде қолдау көрсету.

«Жоғарыда аталған шараларды іске асыру еліміздің тұрақты және сапалы экономикалық өсуіне мүмкіндік береді», — деп қорытындылады Ә. Ерғалиев.

Трансферттерді есепке алмағанда, мемлекеттік бюджетке кірістер 7 трлн 912 млрд теңге сомасында түсті немесе жоспар 104%-ға орындалды

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржыны орындаудың негізгі көрсеткіштері туралы баяндады.

Республикалық бюджетке (трансферттерді есепке алмағанда) 5,1 трлн теңге кіріс түсті немесе жоспар 100,1%-ға атқарылды.

«Жалпы, кірістер бойынша жоспар 7 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар 22 млрд теңгеге атқарылды, салықтық емес түсімдер  17 млрд теңгеге  атқарылмады», — деп баяндады Е. Жамаубаев.

Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салыққа және ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына тиесілі.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы 672 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 66,4%-ға ұлғаюына байланысты. Пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салық бойынша жоспарды асыра орындауға 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда биылғы 9 айда негізгі экспорттық позицияларға бағаның орташа есеппен 28%-ға өсуі әсер етті. Ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалуына «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша өткізу айналымының 19,3%-ға ұлғаюы себеп болды.

Сонымен қатар, министрдің сөзінше, импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар орындалмады. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда осы жылдың 8 айында үшінші елдерден импорт көлемінің 8,3%-ға немесе 1,3 млрд долларға төмендеуіне байланысты болды.

«Жергілікті бюджеттердің кірістері, трансферттерді есепке алмағанда, 111,8%-ға атқарылды және 2 трлн 820 млрд теңгені құрады. Жоспар 298 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 242 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды», — деді Е. Жамаубаев.

Республикалық бюджеттің шығыстары 99,8%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,7%-ға атқарылды.

«Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейлерінде атқарылу проценті жоғары», — деді Е. Жамаубаев.

Республикалық бюджет бойынша сомасы 11 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 19 млрд теңгені құрады, оның ішінде 6 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 13 млрд теңге.

Игерілмеудің негізгі себептері:

  • төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілген;
  • орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы;
  • қазынашылық органдарына төлем шоттарын кеш ұсыну;
  • сотта мемлекет мүддесін қорғау жөніндегі талап-арыз жұмыстарын жүргізу.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,9 трлн теңгені құрады. Министрдің айтуынша, биыл өңірлерге 2,5 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. 1 қазанға оларға 1 трлн 525 млрд теңге бөлінген. Оның 99,5%-ы игерілді.

Атқарылмағаны – 7 млрд теңге, оның ішінде үнемделгені – 3 млрд теңге, игерілмегені - 4 млрд теңге. Биыл 9 айдың ішінде камералдық бақылаумен 5,7 трлн теңгеге 675 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды.

Тексеру қорытындылары бойынша 32,4 мың рәсім бойынша бұзушылықтар анықталып, оларды жою туралы жіберілген хабарламаның 98%-ы мемлекеттік аудит объектілерімен орындалды. 2 542 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 1 трлн 671 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 155 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Тауарларды жеткізумен, қызметтерді көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепте көрсету жолымен 123 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 2 мыңнан аса ұсыным берілді.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 733 объектіні сату көзделген. Министрдің сөзінше, есепті кезеңде сомасы 50 млрд теңгеге 149 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 120 объект сатылымға қойылды. 7 объекті таратылуға жіберілді. Алдағы уақытта 397 объектіні өткізу керек.


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу