Қоныс аударушыларды жайластыру мәселелеріне қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Бақтиярұлының, С. Бектұрғановтың, Б. Жұмағұловтың, Н. Жүсіптің, С. Ершовтың, Н. Төреғалиевтің, Р. Әкімовтың, Д. Әділбековтың және Е. Мұқаевтың Ақмола облысы Красный Яр ауылында қоныс аударушыларды жайластыру жөніндегі проблемалық мәселелерге қатысты 2019 жылғы 21 қарашадағы № 15-13-375 депутаттық сауалына жауап. 

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің Ақмола облысы Красный Яр ауылында қоныс аударушыларды жайластыру жөніндегі проблемалық мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймын. 

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Республикасы этникалық қазақтардың елге ерікті түрде оралуын ынталандыру саясатын жүргізуде. 

2009 – 2011 жылдар кезеңінде «Нұрлы көш» бағдарламасы (Үкіметтің 2008 жылғы 2 желтоқсандағы № 1126 Қаулысы) іске асырылды. 

Оның мақсаты этникалық қазақтарды тарихи отанында ұтымды орналастыру, олардың жайғасуына және кірігуіне жәрдемдесу болып табылады. 

Бағдарлама 6 облыста іске асырылған (Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы). Мониторинг нәтижелері бойынша осы облыстарда Бағдарлама бойынша 2604 үй мен 1016 пәтер салынды. 

2010 жылы Көкшетау қаласының Красный Яр ауылының «Нұрлы Көш» шағын ауданында (бұдан әрі – шағын аудан) 276 отбасы үшін 138 екі пәтерлі тұрғын үй салынды. 

Сондай-ақ, 2010-2011 жылдар аралығында электрмен жабдықтаудың сыртқы инженерлік желілері салынды, 2012 жылы 138 үйге жөндеу жүргізілді, ал 2016 жылы 84 пәтерді жылыту жұмыстары жүргізілді. 

Қазіргі уақытта шағын ауданда Монғолиядан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ресейден, Қытайдан, Тәжікстаннан, Түрікменстаннан келген 274 отандасымыз (1057 адам) тұрады (оның ішінде 42 отбасы ағымдағы жылы 41 млн.теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алды, тағы 35 отбасына 1,8 млн. теңгеге материалдық көмек көрсетілді). Қазіргі уақытта олардың барлығы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады. 

Үкімет 2009 – 2011 жылдары республикалық бюджеттен қаражат бөліп, кейіннен оларды Бағдарламаға қатысушылар қайтарғанын атап өткен жөн. Бұл ретте жалға берілетін тұрғын үй «Қазақстанның тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның депозиттік кредит беру бағдарламасы арқылы тиімді шарттарда берілді, ол бойынша тұрғын үй құнының 50%-ін жинаған кезде қатысушыларға жеңілдікті 5%-дық мөлшерлеме бойынша пәтерді сатып алу мүмкіндігі берілді. 

Тұрғын үй құрылыс жинақтары бойынша барлық шарттар аталған бағдарламаның 215 қатысушысымен жасалған, оның ішінде тек 2 қатысушы ғана өз міндеттемелерін адал орындап, тұрғын үйдің меншік иелері болды, ал қалған қатысушылар жалға берілетін тұрғын үйде тұрып жатыр және бұл ретте шарттардың талаптарын орындамайды. 

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар шағын ауданды әлеуметтікэкономикалық дамыту жұмыстарын жүргізуде. Ұзындығы 1,8 км асфальтбетон төселген жолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 280 орындық балабақша салу жоспарланып, тиісті құжаттама әзірленуде.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2020 жылға арналған республикалық бюджеттен ауылдың әлеуметтік және инженерлік-көліктік инфрақұрылым объектілерін күрделі және ағымдағы жөндеуге 854,3 млн.теңге бөлінді. 

Бүгінгі таңда орталық және жергілікті атқарушы органдар осы шағын ауданның тыныс-тіршілігін жақсарту және одан әрі экономикалық дамыту, бұрынғы репатрианттарды тиісінше орналастыру үшін қажетті шаралар қабылдауда. 

Сонымен бірге, Сіз көтерген мәселелерді жан-жақты қарау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, сауалда көрсетілген фактілерге кешенді тексеру жүргізу, оларға қағидатты баға беру және нәтижелері бойынша Сіздің мекенжайыңызға тиісті ақпарат жіберу тапсырылды. 

Жалпы оралмандардың, ішкі қоныс аударушылардың қоныс аудару мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу