Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау мен өткізуге қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Бектаевтың және Ә. Құртаевтың 2019 жылғы 8 қарашадағы қазақтың әйгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау мен өткізуге қатысты депутаттық сауалына жауап. 

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын өткізу туралы

Сіздердің қазақтың әйгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау мен өткізуге қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Әйгілі палуанның 150 жылдық мерейтойы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 25 тамыздағы № 228 бұйрығымен бекітілген 2019 – 2021 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тiзбесiне енгізілген.

Жалпы алғанда, Қажымұқан Мұңайтпасұлын ұлықтауға арналған шаралар елімізде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мысалы, Мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қазақ күресінен Қ. Мұңайтпасұлын еске алуға арналған жастар арасында дәстүрлі спорттық турнирлерді жыл сайын ұйымдастырады. 2021 жылы республикалық және халықаралық турнирлерді жоғары деңгейде, сондай-ақ ұлттық спорт ойындарын, Қажымұқанға арналған көрмелер және т.б. шараларды өткізу көзделіп отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық фильм 2017 жылдан бастап көрсетілуде. Осы жылдан бастап Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі жайында «Қажымұқан» атты көркем фильм түсіріліп, ол 2021 жылдан бастап еліміздің телеарналарынан көрсетілетін болады.

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» 1992 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 18-бабы 10-1) тармақшасына сәйкес монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі жұмыстарды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүргізеді. Осылайша, Заңның аталған нормасын жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында Қ. Мұңайтпасұлына арнап 7 ескерткіш қойылған, осы жылы Ақмола облысының Степногорск қаласында да палуанға ескерткіш орнатылды.

Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу бойынша Іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды, онда халықаралық экспедициялар өткізу, кесенелер орнату, музейді жөндеу, ескерткіш пен мемориалдық тақталар орнату, Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен оның туыстарының жерленген орнын абаттандыру мәселелері бойынша шаралар қарастыру болжанған.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасын іске асыру және Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында айтылған ұлы тұлғаларды насихаттау шеңберінде келешек ұрпақтың бойында патриоттық сана-сезімдерді қалыптастыру үшін 2021 жылы барлық әкімдіктер Қ. Мұңайтпасұлын еске алуға арналған өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық, мәдени-бұқаралық шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Қазақтың белгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын мерекелеу Үкіметтің ерекше бақылауында және тиісті деңгейде аталып өтетін болады.

Жоғарыда баяндалғандардың негізінде Мәдениет және спорт министрлігі депутаттық корпусты жоспарланған мерейтой шеңберінде өткізілетін жұмыстар туралы қосымша хабардар етеді.

Қосымша

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу