Теміржол тасымалында сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөніндегі жол картасына қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Жұмағазиевтің, М. Тағымовтың теміржол тасымалдары саласындағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөніндегі жол картасына және «Ақтөбе-Нұр-Сұлтан» бағытында жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етуге қатысты сауалына жауап
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Теміржол тасымалдары саласындағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөніндегі жол картасына және «Ақтөбе-Нұр-Сұлтан» бағытында жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етуге қатысты келесіні хабарлаймын. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес теміржол тасымалдары саласында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөніндегі жол картасы шеңберінде билеттерді қайта сатуды болдырмауға және жол жүру құжаттарын сату кезінде бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретін «Күту парағы» функциясы бар «Mobius» жүйесі енгізілді. 

Сондай-ақ іс-шараларға бара жатқан ұйымдасқан жолаушылар тобы үшін өтінім беру және қайта тіркеу мерзімдері өзгертілді. Осындай өтінімдер берілген жағдайларды билет сатушы алыпсатарлар түрлі жолдармен пайдаланған. Бүгінгі күні жолаушыларды ресімдеу әрбір орынға жеке жол жүру құжаты арқылы жүргізіледі және қайта тіркеуге жатпайды. 

Сонымен бірге жолаушылар вагондары паркін жаңарту мақсатында жыл сайын мемлекеттік қолдау шаралары қабылданып, соның шеңберінде жолаушыларды тасымалдаушылар тапшылықты төмендету мақсатында қажеттіліктің бір бөлігін жабу үшін вагондарды сатып алады. 

2019 жылы жолаушылар вагондарының паркі 63 бірлікке жаңартылып толығады.  

Паркті жаңарту бойынша жоспарлы жұмыс жалғасатын болады. Жыл сайын бюджеттік кредит беру қаражаты есебінен 150 бірлік вагон сатып алу жоспарлануда, олар 2020-2025 жылдарға арналған әзірленіп жатқан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қарастырылатын болады. 

2012 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі кезеңде «Нұр-Сұлтан-АқтөбеНұр-Сұлтан» бағытында 2017-2018 жылдардың қорытындысы бойынша орташа толымдылығы 70% болатын коммерциялық жолаушылар пойызы (Тальго) жолға шықты.  

Ағымдағы жылы «Нұр-Сұлтан-Ақтөбе-Орал-Ақтөбе-Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша баламалы жолаушы поезы (Тальго) аялдама пункттерімен әр бағытта 3 құрамнан қатынай бастады. 

Осыған байланысты, коммерциялық пойыздың жұмыс істеуі (Тальго) тоқтатылды.

Жалпы, жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз ету мәселелері, оның ішінде Ақтөбе қаласына баратын жолаушыларды тасымалдау мәселесі жауапты мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында тұр. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу