Парламент Мәжілісі депутаттарының Экономикалық еркіндік актісін әзірлеуге қатысты сауалы

Биылғы 26 мамырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Ақ Жол» ҚДП фракциясының мүшелері А. Перуашев, А. Әбілдаев, Е. Барлыбаев, Б. Дүйсембинов, С. Ерубаев, Д. Еспаева, А. Жұмабаев, Қ. Иса, А. Линник, Е. Өмірғали, М. Раманқұлов, А. Сембинов экономикалық еркіндік актісін әзірлеуге қатысты депутаттық сауал жолдады.

ҚР Премьер-Министрі


Cіздердің Экономикалық еркіндік актісін әзірлеуге қатысты сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Икемді және ұтқыр сектор бола тұрып, шағын және орта бизнес (бұдан әрі – ШОБ) экономиканы дамытуда, оның ішінде жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады.

2021 жылғы 1 қаңтарда ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны 3,4 млн жуық адамды құрады. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында 2025 жылға қарай ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санын 4 млн адамға дейін арттыру міндеті қойылған.

Осыған байланысты Үкімет ШОБ-қа қолдау көрсетуге бағытталған шараларға ерекше көңіл бөледі.

Осылайша, ШОБ-қа қолдау көрсету үшін салықтық ынталандыру шаралары ұсынылды, кредиттеу кеңейтілді және бизнесті жүргізу жағдайларын одан әрі жақсарту бойынша шаралар қабылдануда.

2020 жылы мемлекеттік бюджеттен Бизнестің жол картасы – 2025 бағдарламасын қолдау құралдарын іске асыру үшін 95,5 млрд теңге бөлінді.

Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі 2021 жылға арналған кешенді жоспар өзектілендірілді, онда 60-тан астам қолдау шаралары көзделген.

Анықтама ретінде: Бұл шаралар неғұрлым зардап шеккен экономика салаларындағы бизнесті мүлік салығын төлеуден босатуды ұзартуды, 2021 жылғы 1 шілдеге дейін мемлекеттік мүлік объектілері және квазимемлекеттік сектор мүлкі бойынша жалдау төлемдерін төлеуден босатуды, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларға және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қол жеткізуді жеңілдетуге бағытталған шараларды және басқа да шараларды қамтиды.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы салық режимдерін қолданатын шағын және микрокәсіпкерлік субъектілері үшін 3 жылға табыс салығын (жеке табыс, әлеуметтік және бірыңғай жер салығы) төлеуден босату қолданылады.

Бұдан басқа, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бару арқылы тексерулер жүргізуге үшжылдық мораторий қолданылады.

Неғұрлым көп зардап шеккен экономиканың салаларында ШОБ-қа қолдау көрсету үшін Үкімет бизнесті салықтық ынталандыру бойынша бірқатар шаралар қабылдады.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап алынған кірістің 3% мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режимі енгізілді. Бұл режим экономиканың зардап шеккен салаларына қолданылады.

2021 жылғы 1 сәуірден бастап 2021 жылғы 1 шілдеге дейін зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан салықтарды төлеу мерзімі кейінге қалдырылатын болады. Бұл норма шамамен 500 мың ШОБ субъектісіне қатысты болады.

2021 жылғы 1 шілдеден бастап өңдеу өнеркәсібінде жаңадан құрылған компаниялар үшін 70% мөлшерінде ҚҚС бойынша қосымша есепке алу құқығы берілетін болады.

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап өндірісті дамытуға қайта инвестицияланатын табысты КТС-тен босату жоспарлануда. Бұл шара кәсіпорынның жеке капиталына қайта инвестициялауға ынталандырады.

Қабылданған шараларды ескере отырып, ШОБ-ты дамытуда оң серпін байқалады. Мәселен, 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 1 372 369 субъектіні құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9%-ға артық.

Бизнесті тұрақты дамыту үшін Үкімет үнемі маңызды реттеушілік реформаларды жүзеге асырып отырады.

Атап айтқанда, Ұлттық экономика министрлігі Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуде, онда бизнестің өсуі мен акселерациясы үшін одан әрі қолайлы экожүйе құру үшін, оның ішінде ынталандыру мен жеңілдіктер жүйесін ұсыну, сондай-ақ бизнеске реттеушілік жүктемені азайту арқылы қажетті шаралар мен құралдар көзделеді.

Инвестициялар тартуды ынталандыру мақсатында инвестициялық преференциялар түрінде ерекше жағдайлар ұсынатын «Стратегиялық инвесторларға арналған инвестициялар туралы келісім» (бұдан әрі – Келісім) жаңа инвестициялық құралы заңнамалық түрде енгізілгенін қосымша атап өтеміз.

Анықтама ретінде:

  • КТС-ті 10 жылдан аспайтын мерзімге 0%-ға дейін азайту;

  • жер салығын 10 жылдан аспайтын мерзімге 0%-ға дейін азайту;

  • мүлік салығын 8 жылдан аспайтын мерзімге 0%-ға дейін азайту.

Келісім инвестициялар экономиканың басым секторларында 7,5 млн АЕК[1]тен жоғары сомасы бар ірі жобалар бойынша жасалады.

Келісім шарттары Қазақстан Республикасы заңнамасының өзгеруіне қарамастан, қол қойылған күнінен бастап 25 жыл ішінде қолданысын сақтайды.

2014 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде республикадағы бизнес-ахуалды жақсарту үшін бірқатар түбегейлі реформалар жүргізілді.

2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан «Doing Business» халықаралық рейтингінде 25 орынға көтерілді (2014 жылы 76-орын).

Анықтама ретінде: «Doing Business» халықаралық жариялау рейтингінің 2020 жыл бойынша нәтижелерін ағымдағы жылдың соңында жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта, Үкіметтің мақсаты Қазақстанның 2025 жылға қарай Doing Business рейтингіндегі негізгі 20 үздік елдің қатарына кіру болып табылады.

Бұған қоса, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында берілген тапсырмасын орындау үшін Үкімет «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Осы жоба шеңберінде өнімді жұмыспен қамту, креативті индустрия, бәсекелестік, ішкі сауда және туризм белсенді дамитын болады.

Тұтастай алғанда, кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені төмендету, кәсіпкерліктің өсуі мен дамуы үшін мүмкіндіктерді кеңейту және реттеушілік кедергілерді жою арқылы мемлекеттің экономикадағы рөлін қысқарту арқылы кәсіпкерлік белсенділікті арттыру қамтамасыз етілетін болады.

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша жобаның негізгі нәтижелері мен көрсеткіштері:

  1. Жұмыссыздық деңгейін 5%-дан 4,7%-ға дейін төмендету
  2. Халықтың нақты ақшалай табыстарының 27,1%-ға өсуі
  3. Шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі үлесін 35%-ға дейін жеткізу
  4. Креативті индустриялардың ЖІӨ-ге үлесін 4-%-ға дейін ұлғайту
  5. Жалпы кредиттік қоржыны 3,7 трлн теңге болатын 130 мың ШОК жобасын қолдау.
  6. Ішкі туристік ағынды 8 млн. адамға дейін ұлғайту
  7. Туристік келу ағынын 3 млн. адамға дейін ұлғайту
  8. Мемлекеттің экономикадағы үлесін 14% - ға дейін жеткізу болады.

Бұл ретте экономиканың осы салаларында 700 000-нан астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

2021 жылғы 1 шілдеде осы жобаны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында қарау жоспарлануда.

Бұдан басқа, 2021 жылғы 17 маусымда Парламент Мәжілісіне кәсіпкерлік қызмет саласында Реттеушілік саясатты енгізу мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасы енгізілді.

Заң жобасы бизнеске жүктемені түбегейлі төмендетуге, «жаңадан» оңтайлы және тиімді реттеу жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Заң жобасында мынадай негізгі новеллалар:

  1. кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимыл жасау қағидаттарын жетілдіру;

  2. кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің жаңа мақсаттары мен міндеттерін айқындау;

  3. реттегіш құралдарды қалыптастыру шарттарын айқындау;

  4. бір жаңа талапты енгізу кезінде қолданыстағы екі талаптың күшін жоюды көздейтін «1 in 2 out» қағидатын енгізу;

  5. реттеушілік апелляция институтын енгізу;

  6. Эксперименттік құқықтық режимді енгізу;

  7. Кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптардың тізілімін енгізу;

  8. мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру;

  9. кәсіпкерлік субъектілерінің есептіліктерін автоматтандыру және есептілікті ұсыну Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тікелей көзделген жағдайларда ғана енгізіледі деген талапты бекіту;

  10. жаңа міндеттер жүктейтін, олардың жауапкершілігін белгілейтін, күшейтетін немесе жағдайын нашарлататын НҚА-ның кері күшін қолдану мүмкіндігін болдырмау;

  11. халықаралық шарттар жасалған жағдайда кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің және ҰКП-ның сараптамалық қорытындыларын алу қажеттілігі туралы талапты енгізу көзделген.

Бұл шаралар жиынтығында ел экономикасындағы ШОБ үлесін 2025 жылы қазіргі 30%-дан 35%-ға дейін жеткізу бойынша елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары шеңберінде қойылған стратегиялық міндетке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Үкімет қабылдаған және қабылдайтын ШОБ-ты қолдау жөніндегі кешенді шараларды, сондай-ақ бизнес-ахуалды жақсартуға бағытталған тұрақты реформаларды ескере отырып, қазіргі уақытта жекелеген Экономикалық еркіндіктің жекелеген актісін әзірлеуді орынсыз деп санаймыз.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу