«Дипломмен ауылға» жобасын іске асыруға қатысты сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Б. Орынбеков, Н. Бекенов, О. Булавкина, Ғ. Дүйсембаев, С. Дүйсембінов, С. Карплюк, Н. Қылышбаев, Ә. Нұралиев, Ж. Нұрғалиевтің 2020 жылғы 27 қарашадағы №16-13-252 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің «Дипломмен ауылға» жобасын (бұдан әрі – Жоба) іске асыруға қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Елбасының 2007 жылғы 5 наурыздағы тапсырмасына сәйкес Жобаны іске асыру ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген әлеуметтік сала мамандарын қолдауға бағытталған. Әлеуметтік саладағы білікті мамандардың тапшылығы және ауылдық жерлерде көрсетілетін білім беру, медициналық және өзге де әлеуметтік қызметтер сапасының қанағаттанғысыз болуы аталған тапсырмаға негіз болды.

Жоба шеңберінде ұсынылатын әлеуметтік қолдау шаралары «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 8-тармағымен регламенттелген. Аталған баптың күші тек ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған және қалалық елді мекендерге қолданылмайды.

Аудандық маңызы бар қалаларға келетін мамандарға Жоба шеңберінде қарастырылған әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну ауылдық жерден мамандардың кетуіне және кадрлар тапшылығының одан әрі ұлғаюына, сондайақ бюджет шығындарының айтарлықтай өсуіне әкеледі.

Анықтама: 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде тұрғын үйге бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға жыл сайын 20 млрд. теңге жоспарланған, бұл ретте өңірлердің қажеттілігі шамамен 27 млрд теңгені құрайды.

Осы жылдан бастап Жобаға ауылдық (кенттік) округ әкімдіктерінің аппараттарында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер енгізілді, бұл тиісінше мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтады.

Аудандық маңызы бар кейбір қалалардың халық саны, экономика құрылымы бойынша ауылдық елді мекендерден ерекшеленбейтінін ескере отырып, олардың мәртебесін өзгерту қажеттілігі туындайды. Республика көлемінде халық саны бойынша өз мәртебесіне сәйкес келмейтін 13 қала бар (Ақмола – 3, Ақтөбе – 2, ШҚО – 2, Қарағанды – 1, Қызылорда – 1, Маңғыстау – 1, СҚО – 3).

Қазіргі уақытта ҚР Парламенті «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiкаумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңын мақұлдады, ол Мемлекет басшысының қол қоюына енгізілді. Осы Заң шеңберінде елді мекендердің мәртебесін өзгерту тәртібі көзделген.

Бұл ретте қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар қалаларда жұмыс істейтін кейбір мамандарға жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау шараларын көрсете алады. Мысалы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 12-бабы 1-тармағының 1) және 11) тармақшаларына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары ауылдық және қалалық елді мекендерге жұмыс істеу үшін жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін айқындайды, сондай-ақ әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну, осы саладағы жас мамандарды ұстап қалу және жұмыспен өтеу мониторингін жүзеге асырады. Кодекстің 272-бабының 1-тармағына сәйкес әлеуметтік қолдау шараларына тұрғын үй беру, жәрдемақы төлеу, коммуналдық шығыстарды өтеу және өзге де шаралар жатады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде Үкімет ауылдық аумақтар мен шағын қалалар бойынша ұлттық жобаны (бұдан әрі – Ұлттық жоба) пысықтауда.

Ұлттық жобада әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды кешенді жаңғырту, шағын кредит беруді қоса алғанда, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, қала құраушы кәсіпорындарды қолдау, шағын қалалардағы тұрғын үй құрылысы, нәтижелі жұмыспен қамтуды қолдау және шағын қалаларға қоныс аударуға жәрдемдесу және басқа да іс-шаралар көзделеді.

Көрсетілген шаралар экономиканың жаңа секторларын дамытуға, шағын қалалардан халықтың көші-қон ағынын азайтуға, шағын қалалар халқының өмір сүру сапасы мен әл-ауқаты деңгейінің өсуіне ықпал ететін болады, сондай-ақ аталған кешенді шаралар осы елді мекендердің кадрлық әлеуетін күшейтуге де мүмкіндік береді.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде аудандық маңызы бар қалаларға жұмыс істеу және тұру үшін келетін мамандар үшін әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мәселесі Ұлттық жобаны пысықтау барысында қаралатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу