Шардара су қоймасын қайта жаңарту және гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қ. Ержан және Ф. Қаратаевтың 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №ДС-141 Шардара су қоймасын қайта жаңарту және гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Шардара су қоймасын қайта жаңарту және гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне қатысты сіздердің сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Шардара су қоймасы ирригациялық, энергетикалық және ауыз су мұқтаждарына арналған ағынды көпжылдық реттеуді жүзеге асыратын бірыңғай кешен болып табылады.

Осы құрылысжай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы №933 қаулысына сәйкес ерекше стратегиялық маңызы бар мәртебесі бар объектісіне жатады.

Стратегиялық объекті жұмысының сенімділігі мен тұрақтылығын арттыру мақсатында 2010 жылы Шардара су қоймасына көпфакторлы зерттеу жүргізілді.

Көпфакторлы зерттеу қорытындысының нәтижесі бойынша Шардара және Арнасай бөгеттерінде, сондай-ақ Қызылқұм магистральдық каналында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды.

2017 жылы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жобасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құны 8,6 млрд. теңге болатын жобаны іске асыру 2019 жылы басталды. Қазіргі уақытта жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары 40 пайызға орындалды және оларды 2021 жылы аяқтау жоспарлануда.

Сонымен қатар, «Шардара ГЭС» АҚ өтінішіне байланысты уәкілетті мемлекеттік орган жоба бойынша қосымша іздестірулер жүргізуді жоспарланды. Іздестіру нәтижелері «Шардара ГЭС» АҚ өкілдерімен талқыланып және жобаны одан әрі іске асыру бойынша тиісті шешімдер қабылданады.

Жалпы алғанда жобаны одан әрі іске асыру барлық мүдделі тараптардың бірыңғай келісілген позициясы шеңберінде жүзеге асырылады және уәкілетті мемлекеттік органның тұрақты бақылауында болады.

Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі меншік нысанына қарамастан (республикалық, коммуналдық, жеке) барлық гидротехникалық құрылысжайларға жоспарлы тексеру жүргізеді.

Тексеру барысында бөгеттердің қауіпсіздігі саласындағы талаптардың бұзылуы анықталған кезде гидротехникалық құрылысжайлардың меншік иелеріне қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.

Жалпы алғанда, су шаруашылығы құрылысжайларының барлық меншік иелерінің Қазақстан Республикасы су заңнамасының талаптарын сақтауын, оның ішінде су шаруашылығы жүйелері мен құрылысжайларының тиісті техникалық жай-күйін қамтамасыз етуді, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін бақылау тұрақты негізде жүзеге асырылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу