Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 шілдедегі №866  Қаулысы

«Тұқым шаруашылығын қолдауға арналған субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 наурыздағы № 304 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Тұқым шаруашылығын қолдауға арналған субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 наурыздағы № 304 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 23,
374-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Тұқым шаруашылығын қолдауға арналған субсидиялау қағидаларында:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Осы Тұқым шаруашылығын қолдауға арналған субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Тұқым шаруашылығы туралы»
2003 жылғы 8 ақпандағы және «Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шiлдедегi Қазақстан Республикасының  заңдарына сәйкес әзірленді және тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджетте көзделген қаражат есебінен және шегінде тұқым шаруашылығын қолдауға арналған субсидияларды (бұдан әрі – бюджеттік субсидиялар) төлеу тәртібін айқындайды.»;

3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен облыстың және Астана мен Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде облыстың және Астана мен Алматы қалаларының тиісті жылға арналған бюджеттерінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

Қандай да бір аудан бөлінген қаражатты толық игермеген жағдайда, облыстың және Астана мен Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органы заңнамада белгіленген тәртіппен оларды бекітілген субсидиялау көлемі шегінде басқа аудандар арасында қайта бөлуі мүмкін.»;

10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«10. Элиттұқымшарлар және тұқым өткізушілер жүгерінің, күнбағыстың, күріштің, қант қызылшасының, мақтаның элиталық тұқымдарын және

көшеттерін отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге облыстың жергілікті атқарушы органы белгілеген шекті бағалардан аспайтын бағалар бойынша өткізеді.»;

12-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Облыстың жергілікті атқарушы органы Министрлікке бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 30 шілдеден кеш емес мерзімде, ал жылдың қорытындысы бойынша есепті жылдан кейінгі жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей бюджеттік субсидияларды пайдалану туралы жиынтық ақпарат береді.»;

14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«14. Элиталық тұқымның әрбір түрі бойынша әрбір тұқымшарға және тұқым тұтынушыға арналған субсидиялар сомасын айқындау үшін әрбір ауданда (облыстық маңызы бар қалада) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының (бұдан әрі – ауданның жергілікті атқарушы органы) шешімімен құрамына аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдерінің, тұқым шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспектордың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың өкілдігінің қызметкерлері кіретін ведомствоаралық комиссия(бұдан әрі – ВАК) құрылады.

Ауданның ауыл шаруашылығы бөлімі (бұдан әрі – бөлім) ВАК-тың жұмыс органы болып табылады.

Бөлiм осы Қағидалар қолданысқа енгізілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде облыстың жергiлiктi атқарушы органының интернет-ресурстарында және жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында бюджеттік субсидияларды алуға құжаттарды қабылдау мерзiмдерiн көрсете отырып, субсидиялауға қатысуға өтiнiмдердi қабылдаудың басталғаны, ВАК-тың жұмыс тәртiбi туралы хабарландырудың жариялануын қамтамасыз етедi.»;

31-тармақ алып тасталсын;

32-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Тұқым шаруашылығын қолдауға бөлінген субсидиялар туралы жиынтық ақпарат осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жылына бір рет, тиісті жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей облыстардың жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурстарында орналастырылады.»;

33 және 34-тармақтар алып тасталсын;

көрсетілген Қағидаларға 10-қосымшаның тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«Тұқым шаруашылығын қолдауға жергілікті бюджеттен бөлінген субсидиялар туралы жиынтық ақпарат».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі                    К. Мәсімов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу