Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы №1019 Қаулысы

«Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 маусымдағы № 645 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1.  «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 маусымдағы № 645 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 41, 531-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу қағидасында:

9, 10, 11 және 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«9. Заңды тұлғалар аккредиттеу алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

1) осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

2) рейтингтік парақ;

3) ұйым жарғысының нотариат растаған көшірмесі, ұйымды заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

4) соңғы 5 жыл ішіндегі рейтингтік парақта көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері.

Егер субъект қызметінің кезеңі 5 жылдан аспаса, онда қызметінің бүкіл кезеңіндегі растайтын құжаттардың көшірмелері ұсынылады.

10. Жеке тұлғалар аккредиттеу алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

1) осы Қағидаға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

2) мыналардың: жеке куәліктің, жоғары білім туралы дипломның; магистр дипломының және (немесе) ғылыми дәрежені (ғылым кандидаты, ғылым докторы), философия докторының (PhD) дәрежесін, бейіні бойынша доктор дәрежесін беру туралы дипломның және (немесе) қауымдастырылған профессор (доцент) немесе профессор ғылыми атағын беру туралы аттестаттың (дипломның) нотариат растаған көшірмелері (шетелдік білім беру ұйымдары берген білімі туралы құжаттар  Қазақстан Республикасының аумағында  білім саласындағы заңнамаға сәйкес танылады);

3) соңғы 5 жылда жарияланған ғылыми мақалалар: техникалық және жаратылыстану ғылымдары үшін 1 халықаралық патент немесе Clarivate Analytics компаниясының  Journal Citation Reports  деректері бойынша нөлдік емес импакт-факторы бар халықаралық рецензияланатын ғылыми журналда, немесе  Scopus деректер  базасында ғылыми салалардың  ең болмағанда біреуі бойынша CiteScore бойынша кемінде 35 процентиль көрсеткіші бар басылымдарда 1 (бір) мақала, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар үшін Clarivate Analytics компаниясының  Journal Citation Reports  деректері бойынша нөлдік емес импакт-факторы бар немесе Web of Science Core Collection деректер базасында (Arts and Humanities Citation Index, Science Citation Index Expanded, Social Sciences Citation Index бөлімінде) 1 (бір) мақала, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған ғылыми журналда 3 (үш) мақала.

11. Осы Қағиданың 9, 10-тармақтарында көрсетілген құжаттарды қарау қорытындысы бойынша уәкілетті орган ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді:

1) заңды тұлғаларға күнтізбелік жиырма бес күннен аспайтын мерзім ішінде қабылдайды.

Бұл ретте заңды тұлғалардың қызметін бағалау уәкілетті орган бекітетін қызметті бағалау әдістемесіне сәйкес жүргізіледі;

2) жеке тұлғаларға күнтізбелік жеті күннен аспайтын мерзім ішінде қабылдайды.

Жеке тұлғалар аккредиттелген жағдайда уәкілетті орган олардың деректерін осы тармақшада көрсетілген мерзімде аккредиттелген тұлғалардың тізбесіне енгізеді.

12. Аккредиттеуге өтініш қабылдаудан мына жағдайларда бас тартылады:

1) осы Қағиданың 9 немесе 10-тармақтарына сәйкес талап етілген барлық құжаттар ұсынылмаса;

2)  ұсынылған құжаттарда күмәнді немесе толық емес мәліметтер болса, сондай-ақ мерзімі өтіп кеткен болса.

Аккредиттеуден мына жағдайда бас тартылады:

1) уәкілетті орган бекітетін қызметті бағалау әдістемесіне сәйкес берілетін субъектінің рейтингтік парағының әр блогы бойынша ең төменгі (шекті) мәнінен төмен балл алғанда.»;

15 және 16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«15. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты және (немесе) заңды тұлғаның атауы өзгерген жағдайда, аккредиттелген субъектілер уәкілетті органға  жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты және (немесе) заңды тұлғаның атауы  өзгергенін растайтын құжаттармен қоса аккредиттеу туралы куәлікті қайта ресімдеу туралы өтініш береді.

Уәкілетті орган тиісті жазбаша өтініш берілген күннен бастап  жеке тұлғаларға күнтізбелік бес күннен кешіктірмей, заңды тұлғаларға күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей аккредиттеу туралы куәлікті қайта ресімдейді.

Бұл ретте бұрын берілген аккредиттеу туралы куәліктің күші жойылды деп танылады және уәкілетті орган аккредиттелген субъектілердің деректер базасына тиісті ақпаратты енгізеді.

16. Аккредиттеу туралы куәлік жоғалған жағдайда уәкілетті орган аккредиттелген субъектінің жазбаша өтініші бойынша күнтізбелік он күнге дейінгі мерзімде аккредиттеу туралы куәліктің телнұсқасын береді.»;

көрсетілген Қағидаға 1, 2, 3 және 4-қосымшалар осы қаулыға 1, 2, 3 және  4-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                                                                     А. Мамин

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу