Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 шілдедегі №520 Қаулысы

Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға бөлінген қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы


«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабы 
2-тармағының 16) тармақшасына, «2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2018 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 14-2-бабына сәйкес және «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы № 34 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға, төлем қызметтерін көрсету үшін комиссия төлеуге бөлінген қаражатты пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарына айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.
2. «Проблемалық кредиттер қоры» акционерлік қоғамы: 
көпбалалы отбасыларға, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлемдер алатын отбасыларға, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала кезінен мүгедектер бар отбасыларға, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға; жетім балаларға, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті өтеу үшін екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарына ақша қаражатын аударуды;
Қазақстан Республикасы азаматтарының айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша кешірілген берешегінің бір бөлігін екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарына өтеуді жүзеге асыратын ұйым болып айқындалсын. 
3. Қағидалардың орындалуына жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар (келісу бойынша):
1) бөлінген сомалардың уақтылы және нысаналы пайдаланылуын;
2) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне дейін бөлінген сомалардың пайдаланылуы туралы есептер ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                                                           А. Мамин
 

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу