Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 03 шілдедегі №472 Қаулысы

«Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 762 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы


Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 762  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 63, 404-құжат) қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткізу қағидаларында:
1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«1-тарау. Жалпы ережелер»;
3-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) заңнамалық акт – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң, конституциялық заң, кодекс, шоғырландырылған заң, заң, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Мәжiлiсiнің қаулылары; 
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Конкурс мынадай заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын беру мақсатында өткізіледі:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдар;
2) Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары; 
3) Қазақстан Республикасының кодекстері;
4) Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары, Қазақстан Республикасының заңдары;
5) Қазақстан Республикасы Парламентінің қаулылары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Мәжілісінің қаулылары.»;
2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«2-тарау. Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу тәртiбi»;
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу туралы хабарландыру (бұдан әрі – хабарландыру) конкурсты өткізілгенге дейін күнтізбелік отыз күн бұрын орналастырылады.
Хабарландыру мынадай мәлiметтердi қамтиды:
конкурсты ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жерi;
конкурс өткiзілетін уақыты, күнi және орны;
осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алу конкурсына қатысуға өтінімдер (бұдан әрі – өтінім) қабылданатын, конкурс туралы қосымша ақпарат берілетін мерзімдері мен орны, сондай-ақ өтiнiмдерi бар конверттер ашылатын орны, күнi және уақыты;
тираж бен мерзімділік бойынша конкурсқа қатысушыға қойылатын талаптар;
конкурстық өтiнiмдi жасау тiлiне қойылатын талаптар.»;
8, 9, 10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген мерзiмдi баспа басылымы хабарландыру жарияланған күннен кейін он жұмыс күні ішінде конкурсты ұйымдастырушыға баспа басылымдарын шығарудың тиражы мен мерзімділігін растайтын баспахана анықтамасымен қоса өтінімді мөрленген конвертте ұсынады. 
9. Хабарландыруда көрсетілген өтінімдерді қабылдау мерзімі өткеннен кейін келіп түскен өтінімдер қабылданбайды.
10. Конкурстық комиссия өтiнiмдері бар конверттердi конкурс өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлген күнi, уақытта және орында конкурсқа қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысуымен ашады.
Конверттi ашу кезiнде конкурстық комиссия мүшелерi алынған құжаттардың әр бетiн дәйектеуді жүзеге асырады.
Осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген құжаттар болмаған жағдайда өтінім қарауға жіберілмейді.
 11. Конкурстық комиссия хабарландыруда көрсетілген конкурс талаптарына сәйкес келетін мерзімді баспа басылымдарын айқындау мақсатында конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарайды.
Өтінім хабарландыруда көрсетілген конкурс талаптарына сәйкес келмеген жағдайда конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдер ашылған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей хаттамаға міндетті қосымша болып табылатын жазбаша негіздемемен өтінімдерді кері қайтарады.»;
12-тармақ алып тасталсын;
3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«3-тарау. Конкурстық комиссияның және жұмыс органның жұмыс тәртiбi»;
22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: 
«22. Комиссияның жұмыс органы: 
1) осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес өтінімдерді белгіленген мерзімде қабылдайды;
2) өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін келіп түскен өтінімдерді қарамай қайтарады;
3) қажет болған жағдайда, ұсынылатын өтiнiмдерді қарауға және сараптаманы жүзеге асыруға қатысу үшiн тәуелсiз сарапшыларды және (немесе) өзге де мамандарды (консультанттарды) тартады;
4) конкурсқа қатысушыларды конкурстың шарттарымен таныстырады; 
5) конкурсқа қатысушыларға конкурстың өткізілуіне қатысты қосымша ақпарат береді.»;
4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«4-тарау. Конкурстың нәтижелерін жарамсыз деп тану»;
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«23. Барлық қатысушылар хабарландыруда көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген немесе мерзімді баспа басылымдарынан өтінімдер болмаған жағдайда, конкурс өткізілмеді деп танылады.
Конкурс өткізілмеді деп танылған жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы он жұмыс күні ішінде конкурсты қайта жүзеге асырады.»;
осы қаулыға қосымшаға сәйкес қосымшамен толықтырылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі                                                                                                                   А. Мамин      

                              
Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу