Электрондық үкімет порталында жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Әзірлеушілер жаңа электрондық қызметтер, мобильдік қосымшалар, алғашқы SMS-сервистерді іске қосты. Олардың айтуынша, алдағы уақытта банктер клиенттерден қағаз жүзіндегі анықтама талап етпейтін болады. Инвестиция және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев ҚазАқпаратқа берген эксклюзивті сұхбатында қазақстандықтардың өмір сүруін жеңілдету барысында жасалған жұмыстары жайлы тарқата айтып берді.

- Асқар Қуанышұлы, 12 сәуірде порталға 9 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол бірнеше кезеңдерден өтті. Басында қарапайым сайт болса, кейіннен оны өте қымбат сайт деген әңгімелер тарады. Содан соң бірнеше алғашқы қызметтер пайда бола бастады, артынша қызметтерді электрондық форматқа ауыстырғысы келмейтін мемлекеттік органдармен проблема орын алды... Қазіргі жағдайда қай дәрежедеміз?

  - Сіз портал кезеңдерін өте қисынды жіктеп шықтыңыз (күледі). Біз әдетте, портал төрт негізгі кезеңнен өтті деп айтып жүрміз. Ақпараттық порталдан интеграциялыққа дейін. Алайда,  жалпы алғанда, сіздің айтқандарыңыздың жаны бар. Тек айта кету керек, электрондық үкімет құру жұмысы сәл ертерек, Мемлекет басшысы 2004 жылы халыққа Жолдауында тиісті тапсырма бергеннен кейін басталды. Біз инфрақұрылымы мен заңнамалық базасын әзірледік те, 2006 жылы порталды іске қостық. Алғашқы жылдары порталда шынымен электрондық қызметтер болған жоқ, тек ақпараттық қызметтер болатын, сондықтан қарапайым сайт мемлекетке неге осынша қымбатқа түседі деген сұрақтар туындады. Бұл уақытта   ақпараттық инфрақұрылым құру бойынша қыруар жұмыстар атқарылып жатқан еді. Ол кезде халық бұдан бейхабар болатын: дерекқор, ақпараттық жүйелер, тізілімдер құрылып, толықтырылды. Бұл дайындық кезеңі еді, онсыз ХҚКО жұмысын реттеп, электрондық қызметтерді іске қосу мүмкін емес-тін. Егер қазіргі жағдайы туралы айтар болсақ - портал арқылы 93 млн. астам қызмет көрсетілді. Қазір алдымызға қойған міндетіміз - мобильдік үкіметке көшу. Осы салада көш бастап тұрған Корея, Сингапур, Эстония сияқты елдер де осы мәселемен белсенді айналысуда.

- Мобильді үкімет нені көздейді?

- Бұл мемлекеттік қызметті тек компьютер арқылы ғана емес, сонымен бірге кез келген ұялы телефон, смартфонда СМС көмегімен, мобильдік қосымшалар, қысқа мәтіндік командалар (USSD) және т.б. арқылы алу мүмкіндігі. Бір сөзбен айтқанда, мемқызмет алу үрдістері барынша жеңілдей түседі.

- Жақын арада қандай қызметтер іске қосылады?

- Қазірдің өзінде смартфон иелері Egov.kz (Play Market және AppStore-де) жаңа мобильдік қосымшасын пайдалана алады, ол арқылы 50-ден астам сервис қызметтері қолжетімді. Сондай-ақ қазақстандықтар, айтып өткенімдей, СМС арқылы қызмет алып, электрондық қолтаңбаны (ЭЦҚ) телефонның SIM-картасына жаза алады және көптеген қызықты, ең бастысы көптен күткен мүмкіндіктерге қол жеткізе алады. Мысалы, банктер клиенттері туралы анықтаманы өздері ала алады. Яғни, несие ресімдеу үшін мекенжай туралы, зейнетақы аударымдары жайлы және т.б. анықтамалар жинаудың қажеті болмайды.

- Демек, банктің кез келген қызметкері жүйе арқылы мен жайлы ақпаратты ала алады ғой. Ал жеке деректер жайлы заң нормалары қалай жүзеге аспақ?

- Иә, банктерде мұндай мүмкіндіктер болады. Сервисті әзірлеп те қойдық. Олар бұл мәліметтерді тек клиенттің рұқсатымен ғана ала алады. Яғни, сіз банкке келсеңіз, оператор қандай анықтамалар  керек екендігін, сонымен бірге оны өздері ала алатындығы жайлы хабардар етеді. Бұл үшін ол сіздің ЖСН енгізіп, жүйеге өтініш жібереді. Электрондық үкімет порталындағы сіздің жеке кабинетіңізге осындай банк осындай ақпарат сұратып отыр деген хабарлама келеді. Тиісінше, сіз оған ақпаратты алуға рұқсат бере аласыз немесе бас тартасыз. Егер сіз мобильді үкіметке тіркелетін болсаңыз, сізге телефонға СМС хабарлама келеді, жауап хабарлама арқылы сіз деректеріңізді алуға рұқсат бере аласыз.

Жарияланды: 13 сәуір 2015

Архив

Сәуір
2015
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту