Құрметті журналистер!

Қазақстан Республикасының ағымдағы жылғы 5 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және экономика өсуінің 2014 жылға арналған индикаторларына қол жеткізілуі туралы баяндауға рұқсат етіңіздер.

Есепті кезеңде Қазақстан экономикасы әлемдік экономиканың біркелкі дамымауы жағдайында дамыды.

Біріншіден, Еуроодақ экономикасының жандануы аясында дамыған елдерде экономикалық белсенділік байқалды. Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Еуроаймақтың жалпы ішкі өнімінің өсуі 1,4%-ды құрады, ал 2013 жылдың тиісті кезеңінде ол 0,7%-ға төмендеген болатын.

Екіншіден, дамушы елдердің экономикасында өсу қарқынының бәсеңдеуі байқалды. Мәселен, ағымдағы жылғы бірінші тоқсанда Қытай экономикасының өсімі 7,5%-ды құрады, бұл 2013 жылғы тиісті кезеңдегі 7,7%-дық өсімнен төмен. Ресей экономикасы ағымдағы жылғы қаңтар-сәуірде РФ Экономикалық даму министрлігінің бағалауы бойынша 1,0%-ға өскен.

Үшіншіден, дамушы елдердің экономикасы АҚШ-тың «сан жағынан жұмсарту» бағдарламасын қысқарту аясында осы елдердің экономикасынан капиталдың дамыған елдерге кетуіне байланысты жаңа қауіп-қатерге тап болды. Бұл өз кезегінде дамушы елдердің ұлттық валюталарына қысымды күшейтуге әкелді.

Әлемдік экономикадағы қалыптасқан үрдістер елдегі экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуіне әкелді. Мәселен, елдің экономикасы ағымдағы жылғы қаңтар-мамырда 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға өсті.

Ағымдағы жылғы ақпанда теңге бағамын түзетудің нәтижесінде елде инфляциялық процестердің күшейгені байқалып отыр. Жылдың басынан бастап инфляция 4,5%-ды құрады бұл 2013 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 2,1 пайыздық тармаққа жоғары.

Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі инфляцияға негізгі үлесті қосты, өткен жылғы тиісті кезеңдегі 1,5%-ға өсумен салыстырғанда 5,1% -ға өсті. Бұл ретте азық-түлік емес тауарлардың бағасы 4,4%-ға, ақылы қызметтердің бағасы – 3,9%-ға өсті.

Инфляциялық процестерді жеделдету халықтың нақты табыстарының бәсеңдеуіне әкелді. Ағымдағы жылғы қаңтар-сәуірде халықтың жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыстары нақты мәнінде 3,1%-ға өсті, ал нақты еңбекақы – 2,7%-ға өсті, бұл ішкі сұраныстың төмендеуіне ықпал етті.

Бұдан басқа, елде инвестициялық белсенділіктің бәсеңдеуі байқалып отыр. Мәселен, 2013 жылғы 5 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар 8,3%-ға өскен болса, онда осы жылдың тиісті кезеңінде ол тек 2,9%-ға ғана өсті.

Сонымен қатар, металдар бағасының индексінің 10%-ға төмендеуіне қарамастан, теңге бағамын түзету Қазақстанның сыртқы сауда көрсеткіштеріне оң әсерін тигізді. Бұл ретте, Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы ағымдағы жылғы қаңтар-мамырда барреліне 108,2 АҚШ долларын құрады.

Металдар бағасы төмендеуінің негізгі себептерінің бірі Қытайдың экономикалық қарқындарының бәсеңдеуі және өндірістік белсенділігі өсуінің әлсіреуі болып табылады.

Ағымдағы жылғы бірінші тоқсанда тауарлар экспорты 22,6 млрд. долларды құрады және 2013 жылғы тиісті кезеңдегі 1,6% көлеміндегі қысқарумен салыстырғанда 11,0%-ға өсті.

Бұл ретте, Кеден одағы елдеріне тауарлар экспорты 1,2 млрд. долларды құрады және 27,9%-ға қысқарды,бұл Кеден одағы елдері экономикасының жалпы бәсеңдеуімен байланысты.

Теңге бағамын түзетудің нәтижесінде импортталатын тауарларға бағаның қымбаттауы импорт көлемінің 11,7%-ға қысқаруына ықпал етті. Импорттың жалпы көлемінде азық-түлік тауарлары импортының 6,2%-ға, мұнай өнімдерінің – 9,6%-ға, табиғи газдың – 8,5%-ға, машиналар мен құрал-жабдықтардың - 4,0%-ға қысқарғаны байқалып отыр.

Кеден одағы елдерінен тауарлар импорты 19,8%-ға қысқарды және 2,9 млрд. долларды құрады. Басқа елдерден импорт 2,7%-ға қысқарды және 5 млрд. долларды құрады.

Жалпы елдің сыртқы сауда айналымы 3,7%-ға өсті және 31,1 млрд. АҚШ долларын құрады.

Импорттың қысқаруы және экспорттың өсуі нәтижесінде ағымдағы операциялар шотының профициті 2013 жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 2,5 есеге өсті және
5,5 млрд. долларды құрады.

Бағамдық саясаттың өзгеруі жалпы халықаралық резервтердің өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өткен жөн. Ағымдағы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жылдың басымен салыстырғанда, олар 11,5%-ға ұлғайды және 27,6 млрд. долларды құрады. Ұлттық қордың активтерді 7,1%-ға өсті және 75,8 млрд. АҚШ долларын құрады.

Енді экономика салалары өсуінің қол жеткізілген нысаналы индикаторларына тоқталуға рұқсат етіңіздер.

Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында насаналы жылдық мәні 6,0% болған кезде ЖІӨ өсуінің нысаналы индикаторына қол жеткізбеу 1,9 пайыздық тармақты құрады.

Тауарлар өндірісінің нақты көлем индексі 100,8% деңгейінде қалыптасып, жоспарланған деңгейден 2,0 пайыздық тармаққа төмен болды. Қызметтер көрсетудің нақты көлем индексі 104,8%-ды құрады және жоспарланған деңгейден 3,7 пайыздық тармаққа теріс ауытқу болды. Осылайша, тауарлар өндірісінің ЖІӨ өсіміндегі үлесі 0,3 пайыздық тармақты, қызметтер көрсету – 2,5 пайыздық тармақты, салықтар - 1,2 пайыздық тармақты құрады.

Жалпы алғанда тауарлар өндірісі бойынша қол жеткізілмеу Қашағанда мұнайды өнеркәсіптік өндіруді іске асырудың кейінге қалтырылуымен, отандық химия өнімдерінің сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуімен, Жезқазған мыс балқыту зауытының реконструкцияға тоқтауымен, сондай-ақ металдардың бірқатар тауарлық топтарына сыртқы баға коньюктурасының жағымсыз болуымен байланысты.

Қызмет көрсетудегі көптеген сервистік компаниялар өнеркәсіптік салалардағы жүйе құраушы кәсіпорындармен тығыз байланысты және оларға тәуелді болғандықтан өсуге қол жеткізбеу өнеркәсіптегі төмен өсу қарқындарымен байланысты.

  1. 1.Өнеркәсіп салалары бойынша

Өнеркәсіптің нақты көлем индексі 100,1%-ды құрады, бұл 102,7% нысаналы көрсеткіштен 2,6 пайыздық тармаққа төмен. Оның ішінде кен өндіру өнеркәсібінің нақты көлем индексі 100,1% деңгейінде қалыптасты, нысаналы 101,6% индикатордан 1,5 пайыздық тармаққа ауытқыды. Өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі 100,1%-ды құрады, жоспарланған 104,0% деңгейден 3,9 пайыздық тармаққа төмен.

Кен өндіру өнеркәсібінде көмір және лигнит, сондай-ақ мұнай өндіру бойынша жоспарлы көрсеткіштерге айтарлықтай қол жеткізбеу байқалады 7,7 пайыздық тармаққа және 2,1 пайыздық тармаққа тиісінше.

Көмір және лигнит бойынша қол жеткізбеу Қазақстанның және Ресей Федерациясының энергия өндіретін кәсіпорындарының көмірді тұтынуының төмендеуімен негізделеді.

Мұнай өндіру бйынша жоспардың орындалмауы геологиялық себептермен және газды кәдеге жарату бойынша бағдарламалармен байланысты шектеулерге байланысты.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсудің төмендігі негізінен мұнайды қайта өңдеудегі, химиядағы және металургиядағы нысаналы индикаторларға қол жеткізбеулермен байланысты.

        Мұанайды қайта өңдеудің өсуі 100,4%-ды құрады, нысаналы индикаторы 102,5% болатын.

        Химия өнеркәсібіндегі өндірістің нақты көлем индексі 89,5% деңгейінде қалыптасты, нысаналы индикатор 105,0% деңгейінде жоспарланған. Бұл Еуроодақ Қазақстаннан экспортталатын өнімдерге баж салығын орта есеппен 5,0%-ға ұлғайтқандықтан, Еуроодақ елдерінің нарықтарында бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуімен байланысты.

        Металургияда нақты көлем индексі 95,0%-ды құрады, жоспарланған кезде 102,6% болатын. Қара металургияда 112,7% деңгейінде өндірістің айтарлықтай өсуі байқалып отыр нысаналы индикаторы 104,9% болатын. Сонымен қатар түсті металургияда 85,1%-ға дейін өндірістің қысқаруы байқалып отыр, жоспарланған индикатор 104,0% болатын. Бұл Жезқазған мыс балқыту зауытының реконструкцияға тоқтауына байланысты болды.

        2.     Ауыл шаруашылығы бойынша

        Ауыл шаруашылығы жалпы өнімі өндірісінің нақты көлем индексі 103,4%-ды құрады, бұл 103,9% нысаналы индикатордан 0,5 пайыздық тармаққа төмен.

        3.     Құрылыс саласы бойынша

        Атқарылған құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексінің көлемі 104,1%-ды құрады, бұл 102,5% нысаналы индикатордан 1,6 пайыздық тармаққа артық.

        4.     Қызмет көрсету салалары бойынша

        Қызмет көрсетулер бөлінісінде нысаналы индикатордың орындалуы көлік және қоймалау, сондай-ақ ақпарат және байланыс салаларында ғана байқалып отыр. Сауда бойынша нысаналы индикаторға қол жеткізбеу жоспардағы 111,8%-дың орнына2,3 пайыздық тармақты құрады.

Қызмет көрсету саласында нысаналы индикаторларғы ең көп қол жеткізбеу жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар 10,2 пайыздық тармақ, тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету – 7,4 пайыздық тармақ және кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет көрсету – 6,9 пайыздық тармақ деңгейін көрсетіп отыр.

Ағымдағы жылғы алғашқы бес айда дамудың ішкі және сыртқы үрдістері ескеріле отырып, Қазақстанның негізгі тәуекелдері:

1. Елдегі өнеркәсіп өндірісі өсуінің серпінінің төменділігі.

2. Инвестициялық белсенділік қарқынының төмендігі мен жалғасып жатқан капиталдың репатриациясы, бұл экономиканы әртараптандыру саясатына теріс әсер ететін болады.

3. Инфляцияның өсу қарқынының жоғарылығы.

4. Ағымдағы жылдың басынан бастап 2,5 пайыздық тармаққа өсіп және 33,7%-ды құрап отырған «жұмыс жасамайтын» қарыздар деңгейінің жоғарылығы, бұл экономиканың нақты секторын кредиттеуді тежейді.

5. Украинадағы дағдарыс пен Ресей экономикасының елеулі бәсеңдеуі, бұл Кеден одағының бүкіл аумағында экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуі ықтималдылығын алдын ала айқындап отыр.

Экономиканың өсуін бекітілген параметрлерде қамтамасыз ету мақсатында жылдың соңына дейін мынадай міндеттерді іске асыру қажет.

Бірінші. Экономиканың жоспарланған өсуін қамтамасыз ету

Мемлекеттік органдар салалардағы өнім шығарылымының өткен жылдың деңгейінен төмендеуіне жол бермеу бойынша түбегейлі шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ, өсу серпінінің оң үрдістері байқалып отырған салаларда өсу қарқынын ұлғайту мүмкіндігін қарастыру.

Бұдан басқа, ағымдағы жыл 2010-2014 жылдарға арналған ҮИИДМБ іске асыруды аяқтау жылы болып табылады.

Осыған байланысты 10 мың жұмыс орнын құра отырып 2014 жылға жоспарланған сомасы 500 млрд. теңге болатын бүкіл 100 жобаны уақтылы іске қосуды қамтамасыз ету қажет.

Екінші. Елдегі экономикалық белсенділікті қосымша ынталандыру

Экономиканың өсуін қосымша ынталандыру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде 2014 жылға 500 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 100 млрд. теңге ШОБ-ты екінші деңгейлі банктер арқылы қолдауға және кредиттеуге бағытталған. 2014 жылғы 9 маусымдағы жағдай бойынша ШОБ субъектілерінің өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы сомасы 35,0 млрд. теңге 116 жобаны ЕДБ мақұлдады, оның ішінде 6,6 млрд. теңгеге 56 жоба қаржыландырылды.

Индустриялық-инновациялық бағдарламасын іске асыруға 150 млрд. теңге бағытталатын болады. Осыған байланысты қаржыландыру үшін индустриялық жобалардың тізбесін қысқа мерзімде қалыптастыру және бекіту қажет.

Үшінші. Монетарлық және монетарлық емес құралдар арқылы инфляцияны жоспарланған 6,8% дәлізінде қамтамасыз ету

Бұл ретте инфляциялық процестерді монетарлық құралдар арқылы төмендету, экономиканың өтімділігін жеткілікті қамтамасыз етілуін ескере отырып жүргізілуі тиіс.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында негізгі азық-түлік тауарлары тапшылығын болдырмау үшін тұрақтандыру қорларын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету қажет.

Осы шаралармен қатар базарларда бағалық келісімнің жолын кесу, жанар-жағар май материалдары тапшылығына жол бермеу, сауда инфрақұрылымын дамыту, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Бұдан басқа, жүйелі негізде экономикадағы монополизммен күрес жүргізу және нарықтық институттарды дамыту қажет.

Төртінші. Банк секторын сауықтыру

«Проблемалы несиелер қоры» АҚ 250 млрд. теңгеге капиталдандыруды және салық салу бойынша қабылданған шараларды ескере отырып 2014 жылдың соңына дейін экономиканы кредиттеу жандануы қажет.

Бесінші. Украинадағы жағдайға және Ресейдегі экономикалық өсудің бәсеңдеуіне байланысты тәуекелдердің ену мүмкіндігін нивелирлеу

Украинадағы дағдарыс аясында РФ Экономикалық даму министрлігі ағымдағы жылғы мамырда өзінің ЖІӨ өсу болжамын бұрынғы 2,5%-ға қарағанда 0,5%-ға дейін төмендеу жағына қарай қайта қарастырды. Ресейдегі экономикалық белсенділіктің нашарлауы Қазақстаннан Ресейге экспорт ағымына қазірдің өзінде теріс әсер етіп отыр, олар ағымдағы жылғы бірінші тоқсанда айтарлықтай қысқарды.

Ресейден Қазақстанға жағымсыз серпіннің ауысуын азайту үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдарға қосымша алдын ала шараларды пысықтау қажет.

Бұдан басқа, тауарлар мен қызмет көрсетудің ішкі нарығын кеңейту және тереңдету бойынша жұмысты күшейту қажет.

Сондай-ақ, Ресей мен Украина арасында шиеленістің күшеюіне байланысты екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық өзара сауданың едәуір азаюына әкелетіндіктен Ресей нарығында Украинаның сауда тауашаларын алу бойынша жұмысты жандандыру қажет.

Жарияланды: 17 маусым 2014

Архив

Маусым
2014
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту