Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №50

2020 жылғы 24-29 ақпан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 25 ақпанда ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2020 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы және бизнес ахуалды жақсарту шаралары қаралды. Үкімет басшысы республикалық маңызы бар автотрассалар мен темір жолдардағы су тасқынын болдырмау үшін тәулік бойы бақылау жасауды ұйымдастыруды, су өткізу құбырлары арқылы тасқын суларды өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Премьер-Министр тиісті штабтар құруды, күштер мен құралдардың, оның ішінде халықты хабардар ету жүйелерінің орын алуы мүмкін төтенше жағдайларға толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Бизнес ахуалды жақсарту мәселелері бойынша Үкімет басшысы осы жылдың 1 шілдесіне дейін «бір терезе» қағидаты негізінде кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларын алу рәсімдерін жеңілдететін «Бизнеске арналған Үкімет» жобасын іске асыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды. 

  • Дүйсенбіде ҚР Премьер-Министрі биылғы ақпан айынан бастап өз міндеттерін атқаруға кіріскен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының төрағасы Михаил Мясниковичті қабылдады. Тараптар 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық бағыттары жобасының әзірлену барысын, ЕАЭО аясында техникалық реттеудің бірыңғай базасын жетілдіруді, сондай-ақ ЕЭК жұмысының регламентін сақтау мәселелерін талқылады.

  • 25-26 ақпанда А. Мамин жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасына барып қайтты. Ташкент қаласында ҚР Премьер-Министрі Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиеевпен кездесті. Келіссөз барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың ауқымды мәселелері талқыланды. Үргеніш қаласында А. Мамин ӨР Премьер-Министрі А. Ариповпен келіссөз өткізді және Қазақстан мен Өзбекстанның Аймақаралық ынтымақтастығының ІІ форумына қатысты. Форум соңында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы 52 құжатқа қол қойылды. 

  • 27 ақпанда Атырау облысына жұмыс сапары аясында А. Мамин Қазақстан Республикасында балық шаруашылығы саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, Атырау бекіре балық өсіру зауытына, «Амангелді атындағы» ЖШС, «Caspian Royal Fish» кәсіпорындарына барды, онда өңірдегі балық шаруашылығының дамуымен танысты. Премьер-Министр сонымен қатар мұнай-газ саласы үшін жабдықтар мен құрауыштарды өндіретін кәсіпорындар — «Каспий Плюс», «International Pipeline Structure Solutions Caspian», «Caspian Contractors Trust Atyrau» ЖШС-ына барып, ҚР балық шаруашылығы саласындағы жетістіктер көрмесін аралап көрді. Жұмыс сапарының соңында Үкімет басшысы Қашаған кен орнында ілеспе газ өңдеу зауытын салу мәселесі жөнінде кеңес өткізді.

  • Жұма күні А. Мамин отандық тауар өндірушілерді қолдау тақырыбына арналған «Samruk Business Forum» пленарлық сессиясына қатысты. Форум аясында Премьер-Министр цифрлық технологиялар, машина жасау, химия, жиһаз, тоқыма, аяқ киім, өнеркәсіп, электр энергетикасы мен мұнай-газ жабдықтары салаларындағы отандық тауар өндірушілердің өнімдері көрмесімен танысты, сондай-ақ «Үздік сервистік компания», «Сенімді жеткізуші» және т. б. аталымдар бойынша жетекші отандық компанияларды марапаттау салтанаты өтті. 

  • Осы күні «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті, онда екі еншілес компанияны қайта ұйымдастыру, алтыншы облигация бағдарламасын шығару туралы шешім қабылданды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу