Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №79

2020 жылғы 21-27 қыркүйек аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 22 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында егін жинау жұмыстарының барысы және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралды. Бірінші мәселе бойынша Премьер-Министр әкімдер мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне қысқа мерзімде астық жинауды аяқтау және ауа райы жағдайына байланысты астық сапасының нашарлауына жол бермеу жөнінде бірқатар тапсырма берді. Екінші мәселені қарау қорытындысы бойынша А. Мамин тиісті министрліктер мен ведомстволарға отырыста айтылған ұсыныстарды пысықтауды және 2020 жылғы 1 қарашаға дейін тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тұтас жүйесін құру үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды

  • 23 қыркүйекте Премьер-Министр Ақмола облысы Аршалы ауданының Қостомар ауылында болып, онда 1-ші іске қосу кешенінің жұмыс барысымен және «Астана EXPO-2017» жел электр станциясының 2-ші іске қосу кешені құрылысының аяқталуымен танысты.

  • 24 қыркүйекте, бейсенбі күні, Премьер-Министр жұмыс сапарымен Түркістан облысында болып қайтты. Жұмыс сапары аясында А. Мамин «Хамит» және «Vita» балық өсіру шаруашылықтарына барып, ҚР балық шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап көрді, Қазақстанның балық саласын дамыту жөнінде семинар-кеңес өткізді және Шардара су қоймасы бөгетінің күрделі жөндеу және аттас СЭС жаңғырту барысымен танысты. Мақтаарал ауданында Үкімет басшысы халықпен кездесулер өткізіп, Өргебас және Фирдоуси ауылдарындағы су тасқынынан қираған үйлерді қалпына келтіру, сондай-ақ Мырзакент кентінде Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің отбасылары үшін жаңа шағын аудан салу жұмыстарының барысымен танысты.

  • 27 қыркүйекте Премьер-Министр жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды. «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС зауытында Үкімет басшысына машина жасау саласындағы бірлескен қазақстандық-ресейлік жобалар таныстырылды. Асқар Мамин мен Татарстан Президенті Рустам Минниханов автомобиль жасауда бірлескен үш жобаны іске асыру бойынша бірқатар келісімдерге қол қойды, шойын құймасы және жүк техникасына арналған компоненттер шығаратын зауыттар салу үшін тас қою рәсіміне қатысты. Премьер-Министр өзбек компаниясы «UzAuto» ЖШС және ресейлік «КАМАЗ» ЖАҚ және «Татнефть» ЖАҚ кәсіпорындарымен екіжақты келіссөздер жүргізді. Бірқатар қорытынды құжаттарға, соның ішінде автомобиль шиналарын өндіру жөніндегі жобаны Қарағанды облысында іске асыру туралы инвестициялық меморандумға қол қойылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу