Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №57

2020 жылғы 13-19 сәуір аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сейсенбі күні Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Асқар Мамин орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларына бюджет қаражатының уақытылы әрі сапалы игерілуін, оның ішінде олардың экономиканың нақты секторларына дейін жеткізілуін бақылауда ұстауды тапсырды. 
  • Дүйсенбі күні ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті.  Бірінші кезең аясында биылғы 20 сәуірден бастап өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындарының, сондай-ақ қызмет көрсету саласының белгілі-бір секторларының жұмысы қалпына келтіріледі. Олардың жұмыс істеуі үшін қойылатын міндетті шарт — санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау. 
  • Сейсенбі күні Мемлекеттік комиссия биылғы 20 сәуірден бастап қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізімін бекітті. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы шұғыл штабтар кәсіпорындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің нақты тізімін, олардың қызметкерлерінің нақты санын, жұмыс уақытын және жеткізілу тәсілін анықтады.
  • Жұма күні ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасының өсуіне жол бермеуді және өңірлік тұрақтандыру қорларында азық-түліктің қажетті қорын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу